ПОЛИЦИЯ ПРОКУРАТУРА НҰСҚАУЫН ҚҰЛАҚҚА ІЛМЕЙДІ. НЕГЕ?

policiya-28 Маңғыстау облысы, Қарақия ауданындағы Балықшы ауылында 2014 жылдың 16-қарашасында 11-сынып оқушысы Әбдірахым Асқанбаевтың мезгілсіз қаза табуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 112-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалады. Бұл – адамның өзін-өзі асып өлтіруіне апару мәжбүрлеу деген сөз. Міне, содан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, іс әлі оң шешімін тапқан жоқ. «Тапқан жоқ» дейтін себебіміз, қаза болған баланың әкесі Иса Құлтумаев тергеу ісіне риза емес. – Біріншіден, – дейді осы іс бойынша жәбірленуші жақтың өтініші бойынша арнайы Ақтауға барып зерттеген, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» респуб­ликалық қоғамдық қорының Оң­түстік Қазақстан облыстық бөлімінің өкілі, заңгер Жаңабек Әбішев, – түнгі сағат 12-лерде жолдастарым шақырды деп шығып кеткен бала түнде келмеген соң, оның әкесі таңертең іздеуге шығады. Баласының екі сыныптасын өзінің автокөлігіне мінгізіп алып, үшінші баланың үйіне келеді. Оған келетін себебі, бұл бала сыныпта «атаман» болған, мектепте оқып жүріп үйленіп қойған, әкесі бұрын полицияда қызмет істеген, бұзықтау бала екен. Иса содан күдіктенеді. Көліктің ішінде отырған Иса біруақытта маңдайшадағы айнадан жіберген екі баланың алдындағы үйден емес, көліктің арт жағынан келе жатқанын көреді. Балалар оны қараусыз қалған, бітпеген гаражға ертіп барады. Иса сол жерде баласының асылып тұрғанын көреді... Баланың аяғының астында бір ғана бетон кесегі жалпағынан жатқан. Бала осыны тікесінен қойып, соған шыққан дейік. Соның өзінде, көзге түрткісіз қараңғыда, тығыздалған шөп бууға арналған синтетикалық жіпті төбедегі қол зорға жететін трубадан өткізу – өте қиын іс. Ең бастысы, баланың екі қолы мойнындағы жіптің арасында болады. Аяғының астындағы бетон блокты құлатып жібергеніне қарап, марқұм өлгісі келмей жанталасқан дейік. Бірақ, ол жағдайда бала мойнындағы жіптің арасына қолын сыйғыза алмайды ғой! Екіншіден, бүгінгі заманда мектеп оқушыларының арасындағы албырт сезім жыныстық қатынасқа ұласып жататыны, жылына қай облыста қанша оқушы қыздың жүкті болатыны баспасөз бетінде жарыса жарияланып жүргені жасырын емес. Иса баласы оқыған мектептегі оқушылардың көбісі жоғары оқу орнына түсіп, терең білім алайын деген ойы жоқ екенін, қайта «ендігі мектепте үйлену кезегі кімдікі» деп, «бөтелке» ойнау секілді келеңсіздіктерді естігенін, ал өз баласының, оның ұнатып жүрген қызының да оқуға деген ынтасы болғанын айтады (әлгі қыз, шынында да, өткен жылы оқуға түседі...). Иса баласының ұялы телефонында «ақша алып шық» деген хабарламаны оқиды. Оны әлгі өзі күдіктенген бала жіберген екен. Тек телефонды полицейлер алып кеткеннен кейін жаңағы хабарлама жойылып кетеді... Иса осыған өкінеді. Үшіншіден, күдікті бала тергеушіге «мен екі досыммен бірге іздесіп, Әбдірахымның өлген жерінде барып көрдім» деп түсінік берген. Ал, Иса ол бала барған жоқ деп отыр. Иса тынбай шағымданады. Шағымданатын жөні де бар. Және оны облыстық прокурордың бірінші орынбасары Досекенов те өзінің хатында қуаттап отыр. Тергеушілер сол күні өлген баланың телефонынан оның өзі кімге және оған кім телефон соқты, оған қанша хабарлама келді, ол өзі кімге хабарлама жазды, міне, осының бәрі провайдер компанияның мәліметтер базасынан алып, зерттелуі тиіс еді, ол істелмеген. «Жәбірленушіні ұсынысы міндетті түрде қаралуы тиіс» деп көрсетілген заңда да. Екіншіден, асылып өлген баланың екі қолының бірдей қалайша жіпке оралып қалғаны анықталуы керек дейді прокуратура. Оның солай екені фотосуретте анық көрініп тұр. Бірақ, баланың жіпке асылып тұрған кейпі түсірілмеген. Неге екені белгісіз, прокуратура да бұл сұрақты қоймайды... Үшіншіден, мәйітті жуған кезде баланың басынан аққан қан тоқтамаған екен, молда «қан тоқтамай жаназа шығаруға болмайды, қанын тоқтатыңдар» депті. Өлген баланың басынан қан неге ағып тұрды? Паталог-анатом оның басын тілген бе? Тіліп, тіккен бе? Бұл жайлы жазу жоқ, анықталмаған күйі қалған. Тек сарапшы ғана «доғал зат баланың басын сындырып кеткен» деп жазыпты. Доғал зат қалай сындыра алады? Баланың басын доғал таспен бір ұрса, ол есінен танып қалмай ма? Есінен танып қалған адамды асып қою қиын іс пе?.. Прокуратура «молдадан, сүйек жууға кірген адамдардан сұрап, осы мәселені анықтаңдар» деп нұсқау беріп тұрған күннің өзінде де тергеушілер К.Сырзалиев пен кейін одан қабылдап алған Р.Сатханов молда мен мәйітті жууға кірген адамдардан түсінік алмаған. Екінші жағынан, маңғыстаулық прокуратура да өзінің тікелей қызметтік міндетін толық атқармайды, тергеу ісіндегі кем­шіліктерді жөндеу жайлы жазады-дағы, өз нұсқауының орындалу-орындалмауын қадағаламайды! Қадағалау органы бола тұра! Берген нұсқауы орындалмайтын, ең бастысы, оны өзі қадағаламайтын болса, мұндай масыл органның кімге керегі бар? Тергеуші мектеп оқушыларынан түсініктеме алған. Бірақ, түсініктемелердің бәрінің мәтіні ...бірдей! Іс жүзінде олай болуы мүмкін емес қой. Демек, тергеу көзбояушылыққа айналып кеткен. Адам өлімі – ең ауыр қылмыс! Ондай тергеуді ең мықты мамандар жүргізуі тиіс. Ал, мынадай деңгейде адам өлімін тексеру – бұл адам баласының құқығын қорғауды мазаққа айналдыру деген сөз. Мен Исадан «бір жылдан бері бітпейтін бұл неткен тергеу» деп сұрасам, «сарапшы өз қорытындысын уақтылы жібермеді» дейді. Ал, сарапшы өз кезегінде «сендер маған қосымша мәліметтерді бермедіңдер» деп ақталатын көрінеді. Ол қандай қосымша мәліметтер?.. Иса екінші рет сараптама жүргіздірген кезде, ол да бірінші сараптаманың қорытындысын қайталаған. Және «баланың асылып өлуіне доғал заттың сыдыруының қатысы жоқ» деп жазады. Сарапшының бұлай жазуға хақысы жоқ! Міне, осындай жауапсыздық­тардың салдарынан дүмбілез ғана тергеу жүргізген полиция прокуратура нұсқауын орындаудың орнына «бұл істе қылмыс құрамы табылмады» деп, оны қысқартып тастап отыр. Білікті заңгер сөзіне біздің әзір алып-қосарымыз жоқ. Алдағы нөмірде осы олқылықтарды жою жолында облыстық ішкі істер департаменті мен прокуратура қандай әрекет жасап жатыр екен, сол туралы хабардар ететін боламыз.

Өмірзақ АҚЖІГІТ

"Қазақ үні" газеті