«КӘРІ ҚҰДАМЫЗДЫ» ҚАШАН ДҰРЫС ҚАРСЫ АЛАМЫЗ?

2544
15
Бөлісу:

сохр

ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА КӨПТЕГЕН ҚАЛАЛАРЫМЫЗ ДАЙЫН БОЛМАЙ ШЫҚТЫ

Халыққа қашанда үлкен сын болып келген қыс маусымы да аяқталуға жақын. Еліміздің оңтүстік аймақтарынан басқа бөліктерінде ауа райы боранды болып, биылғы қыс қазақстандықтарға әдеттегідей көптеген әбігершілік әкелді. Өйткені көптеген қалаларымыз бен елдімекендеріміз Абай атамыз айтқандай «кәрі құдамызды» лайықты қарсы алуға дайын болмады.

Қалың қардың астында қалып, орталықпен байланысы апталап үзілген ауылдарды айтпаған күннің өзінде, көптеген қалаларымыз да мазасыз маусымды басынан өткеруде. Тұрақты тазаланбайтын жолдарда қар құрсауында қалған көліктер мен адамдарды құтқаруға қаншама күш жұмсалды. Батыстағы ең алып қаламыз Ақтөбенің қақ ортасында су құбыры жарылып ондаған үйлерді қақаған қыста су басты. Астықты алқаптың төріндегі Қостанай қаласында да дәп осындай себеппен 30-40 шақты көпқабатты үйлердің тұрғындары бір жұмадай тіршілік нәрінен қағылып, мектеп, аурухана, балабақшалар да сусыз қалды. Әбден ескірген құбырларды жамаудың өзі қиынға соқты. Бұл еліміздің көптеген қалаларында жылда тұрақты түрде қайталанатын көрініс. Ондай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Жергілікті шенеуніктер «Бұйыртса, осы қыстан аман шықсақ, келесі жылы қатырамыз!» деп уәде бергенмен, жаз шығып жайланған соң оның бәрін ұмытып кетеді. Атақты мысалшы Крыловтың Абай атамыз қазақшаға аударған кейіпкері шегірткедей ала жаздай ыршып жүріп ән салып, қыстың қалай келіп қалғанын аңғармайтын сияқты біздің жергілікті жердегі басшылар. Сосын қыста бүрсеңдеуді бастайды. Жоқ, шырылдайтын шегіртке-шенеуніктер емес, қатардағы қарапайым халық көреді бар қиындықты. Шегірткедей шерменде күйге түсіп шырылдап қалғандарды қыста құтқара қоятын қамқор құмырсқа қайдан табылсын? Ауызсумен, жылумен қарық қылуға тиісті кәсіпорындардан пайда шамалы. Олар «қызметі» үшін бағаны өсіріп, халыққа қол жаюдан басқа ештеңені білмейді. Ақшаны дер кезінде төлемегендердің жарығын өшіріп, суын тоқтатып, сотқа сүйреуге келгенде «қызметтің» көкесін көрсетеді. Мысалы, Қарағандыдағы Саран қаласының жұрты «Төрт жылдан бері жоқ жылуға ақша төлеп келеміз» деп шулап жатыр. Баспанасында бүрсеңдегендер он градустан жоғарыламайтын температураға айына жиырма бес мың теңге төлейді. Бірақ, заң бойынша қайта есептеу жүргізуге тиісті биліктегілер мен қалта қамын ойлаған кәсіпкерлер халықтың қаржысын қайтаруға құлықсыз. Міне, біздің қысқы маусымға деген дайындығымыз!
Басқаны қойып, бюджет қоржынының бүйірі ортаймайтын Алматы қаласының да шекесі қызып тұрғаны шамалы. Жыл сайын ауыстыруға миллиардтаған қаржы бөлсе де ескі құбырлары атылып, көшелерде қолдан жасалған субұрқақтарды тамашалаумен келеді тұрғындары. Оңтүстік астанада биыл қыс жайлы болды. Қыс бойы бір-ақ рет жақында болған суық пен жауған қалың қардың өзі Алматыны есінен тандырып тастады. Көшедегі қалың қарды дер кезінде тазалауға осыған міндетті мекемелердің шамасы жетпеді. Тайғақ жолда жүздеген жол апаттары орын алып жүргізушілер шығынға батты. Тұз аралас арнайы құраманы тек көше қиылысына ғана төгіп ақша үнемдеген кәсіпорындардың ол шығынмен жұмысы жоқ. Әділіне келгенде шығынның бәрін сол кәсіпорындардың мойнына ілу керек еді. Олардың жұмысын қадағалап, көше тазалығын үнемі бақылауда ұстайтын билікті көрмедік. Жол бойында тәртіп сақтауға тиісті шенділер айыппұл жинаумен әлек. Өйткені «жоспар» орындау керек. Ал онсыз да тар көшедегі қозғалысқа кедергі жасаған, жол шетін жаулап алып, қозғалтқыш майын сатушыларды көздері көрмейді. Әлде оның бәрі өздері ашқан бизнестің бір түрі ме? Олай болса әңгіме басқа…
Жыл сайын бізде жаз шыға қысқа дайындық басталады. Қара күзге таман жер-жерлерден бұрқырап есептер келіп түсіп жатады. Сол есептерге қарасақ қалаларымыз қысқа сақадай сай боп тұрады. Ал қыс басталғанда тағы да жылдағы көрініс қайталанады. Сонда біздің басшылар кімді алдап жатыр?..

Зейнолла АБАЖАНОВ

«Қазақ үні» газеті

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 15 пікір жазылған

  1. Талғат 16 Ақпан, 2016 17:22 Жауап

    Қысқа дайындық қағаз жүзінде ғана. Өтірік есеп береді. Ал оған бөлінген ақша қайда кетіп жатыр?

  2. Нұрбай 16 Ақпан, 2016 17:41 Жауап

    Ақшаның қайда кеткені белгілі. Ал, ар-ұят деген қайда? Жұртты қыста суықта қатырып, жазда сусыз қалдырғандарды қатаң жазалау керек.

  3. Жарас 18 Ақпан, 2016 09:54 Жауап

    Бір депутатымыз монаполистер өздеріне қымбат көлік, кеңселеріне жиһаз сатып алып жатқанын, ал жүйелер ескіріп кетсе де оны ауыстыруға құлықсыз деп қатаң сынаған-ды. сол депутат дұрыс айтады.

  4. Сенбек 22 Ақпан, 2016 15:34 Жауап

    Халықтың өз ақшасына дұрыс қызмет көрсетпеген соң не айтуға болады. мүлдем ақша төлемей қою керек. Отырсын саусақтарын сорып….

  5. Нұрбай 24 Ақпан, 2016 17:48 Жауап

    Депутаттарға да сенім аз. Менің міндетім айту деп отыра береді. Сол айтқан сөзінен неге нәтиже шығармайды. Сатып алған көліктерін тәркілеп, сотқа беру керек монополистерді.

  6. жастілек 24 Ақпан, 2016 18:27 Жауап

    меніңше Сапарбаев сияқты әкімдердің, тойымсыз кәсіпкерлердің өздерін суыққа қалдырып, су, жарықтарын қиып тастау керек, бітті!

  7. Болат 26 Ақпан, 2016 15:27 Жауап

    Біздің Семейде осы жылу беретіндердің дұрыс жұмыс істегенін көрмеппіз. Ал ақшаны талап еткенде тайлы-тұйяғымен келіп мазаңды алады.

  8. албан 28 Ақпан, 2016 14:42 Жауап

    Қазір үнемдеу керек деп барлық жерде жылуды дұрыс бермейді. бірақ ақшасын уақытында алғанды жақсы көреді

  9. Қуат 28 Ақпан, 2016 14:44 Жауап

    Сенің бүрсеңдегенің кімге керек? Олардың ойы ақшада. Бәрін қыста шешіндіріп шыбықпен айдацу қажет. Сауап болады.

  10. Тұрлықожа 28 Ақпан, 2016 14:47 Жауап

    айтып ауыз ауыртың керег қанша? Үндемей пештің қуысында қалың кмініп алып отыра бер, ха-ха-ха…

  11. жанат 29 Ақпан, 2016 18:56 Жауап

    Әңгіменің ашығына келсек, ешкімнің жұмыс істегісі келмейді. Көмір өзімізде жетіп артылады. Құбырлар да жетерлік. Ауыстыруға ақша да бөлініп жатыр. Енді не керек оларға.

  12. Ұлан 29 Ақпан, 2016 19:40 Жауап

    Береке мен бірлік, ар мен ұят жоқ жерде осындай көріністер орын алады. Сондықтан қалтасын ғанойлайтын монаполистерді сотқа сүйреп, иттей етіп отырсаң олар түзелетін болады.

  13. Қуат 29 Ақпан, 2016 19:44 Жауап

    қаланың басшысын сотқа беру керек. Осындай суықта тұрғындарын тоңдыруға жеткізгені үшін.

Пікір немесе жауап жазу