Астанада жоғалған студентті азаптаған видео анықталды

Із-түссіз жоғалған астаналық студент азаптап өлтірілген. 23 жастағы Ерасыл Әубәкіровты бір апта бойы іздеген полицейлер оның мүрдесін көмілген жерінен тапты, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ерасыл Әубәкіровты азаптап жатқан сәт бейнеленген видео пайда болды

СКРИНШОТ КТК АРНАСЫНАН

Медицина университетінің 6-шы курс студентін қаскөйлер өлтірмес бұрын әбден қинаған екен. Кейін марқұмның денесінен құтылу үшін аяқ-қолын байлап, көміп тастапты. Ерасылды еріктілерге дейін іздеген болатын. Әзірге қанды-қылмыстың жай-жапсары белгісіз. Полицейлер тек үш күдіктінің ұсталғанын айтты. Кейбір мәлімет бойынша, біреуі тіпті прокуратурада істеген. Ғаламторда Ерасылды күдіктілердің бірі қинап жатқан сәт бейнеленген таспа түсті. Аяқ-қолы арқанмен байланып, басына пакет оралған мәйітті полицейлер қаланың шетінен тапты. Бірнеше күн бойы қар астында көмілген студент, азапталып өлтірілген. Қазір осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 3 адам қамауда отыр. Олардың Ерасылды көкала қойдай қып сабап жатқаны таспада анық көрінеді.
Ерасыл Әубәкіровты азаптап жатқан сәт бейнеленген видео пайда болды

СКРИНШОТ КТК АРНАСЫНАН

Видеоны Ақтаудан келген кісілердің 22 жастағы ұлы түсірген. Айтуларынша, Нұржан есімді жігіт осы жантүршігерлік оқиғаның куәгері. Кезінде тіпті ұлдары күдіктілермен бірге прокуратурада жұмыс істеген көрінеді. Сол таныстары баласының куәлігін алып коттедж жалдаған екен. Ал, Ерасылды сонда азаптап жатқанын куәлігін қайтып алуға барған Нұржан кездейсоқ көріп қалыпты.Енді көз жасы көл болған ана баласының куәгерден қылмыскерге айналып кетерінен қорқады. Оның үстіне басты күдіктінің бірінің ата-анасы Өскемендегі ауқатты отбасылар екен. "Бір адамды байлап қойған екен. Сосын ұлым суретке түсіріп алған да қашқан менің балам. Қашқан далаға. Сосын мұны ұстай алмай қашып кетеді", - дейді Сәуле Сатыбалдина. Бірақ ізін жасырған Нұржан тек 2 күннен кейін ғана полицейлерге хабар берген. Полиция еш ойланбастан оның өзін қамап тастайды. Ал, жаға ұстатарлық жәйт жалдамалы коттедждердің бірінде болыпты. Марқұмның достары, курстастары мен ұстаздары қазір төбелерін жай түскендей болып отыр. Ерасыл білім алған Медициналық университеттітің кіре берісіне оның суреті қойылып, жұрт гүл шоқтарын қалдырып жатыр. "Жалпы медицина мамандығын үздік бітірген. Қызыл дипломға. Интернатураны өте жақсы оқып стипендия алатын. Барлық шараларға қатысып, өзін үнемі алға қарай сүйреп жүрген ең үздік студент еді", - деді Астана Медицина университетінің жастар ісі бойынша деканы Алтынбек Нұрмаханов. Үздік студент, болашақ хирург, асаба, шоумен. Небары 23 жастағы Ерасыл не ақ халат киіп науқас емдеп үлгермеді. Әнші боламын деген арманы да асқақ еді дейді достары. Әзірге қанды қылмысқа не себеп болғаны белгісіз. Бұған дейін айтылғандай, марқұмда ешқандай қарыз болмаған деп отыр достары. Полицейлер де мән-жайды ашып айтпады. Ал, қайғыдан қан жұтқан марқұмның туыстары ұлдарының мәйітін туған жері Өскеменге алып кетті. Үйдің жалғыз перзенті жексенбі күні жер қойнына тапсырылады.
Дереккөз: КТК арнасы