СЫБЫЗҒЫСЫН ЕРТІСТЕН СУАРҒАН КҮЙШІ

  Иә, қазақ айтады, қобыздың ішегінен қайғы-мұңның лебі еседі. Ал, сыбызғы десе сырбаз сыр, сағыныш сазы жетеді құлағыңа. Қазақтың сайын сахарасының самал желі әуелі бетіңді шарпығандай, сосын екпіні сәл-пәл үдеп, қамыс басын уілдете тербеп тұрғандай. Айдын шымырлап, аққу сұңқылдағандай. Сол сәтте адам жүрегінде сағыныштың тамыздығы тұтанады. Недеген керемет әуен десеңізші!

Кәлек ҚұмақайұлыӘйгілі сазгер Еркеғали Рахмадиев ағамыз музыка танушы Талғат Мұқышовтың 2005 жылы баспадан шыққан “Сыбызғы сазы” атты кітабына жазған алғы сөзінде “өкінішке орай, атақты сыбызғышылар өмірден ерте озып, соңында шәкірттері қалмағандықтан Қазақстанда сыбызғы өнері XX ғасырдың соңғы ширегінде ұмыт бола бастады”, - деп жазады.

“Сыбызғы сазы” - тіпті, еліміз көлемінде сыбызғышылық өнер жайлы шыққан алғашқы жеке кітап. Кітап Монғолиядағы Баян-Өлгий қазақтарының сыбызғы күйлеріне арналған. Оның да жөні бар. Жоғарыда айтқанымыздай елімізде ұмыт бола бастаса да Монғолия қазақтары ата мұрамыз сыбызғыны күні бүгінге дейін көзінің қарашығындай сақтап, сақтап қана қоймай дамытып келген. Содықтан Монғолия қазақтары десе өнер зерттушілерінің ойына сыбызғы оралады. Ал, сыбызғы десе Монғолия қазақтарының көз алдына атақты сыбызғышы Кәлек Құмақайұлы елестейді. Өйткені Баян-Өлгийде сыбызғы атты бабалар мұрасын осы заманға жеткізген Байсал, Кәбетай, Жұмайхан, Тотай, Нағашыбай сынды небір майталман сыбызғышылар ХХ ғасырдың 70-90-жылдары арасында дүниеден озды. Кәлек - сол қарттардан қалған, бұрынғы сыбызғышы бабаларымыздың алдын көріп, жолын қуған соңғы тұяқ десек те болады. Әйткенмен, ол ондаған шәкірт тәрбиелеп, сыбызғы өнерін өлтірмей бүгінге жеткізді. Кәлек ақсақалдың атының айрықша аталуының тағы бір сыры ол өмірінің қырық жылға жуық уақытын Баян-Өлгий аймағының музыкалы драма театрында өкізіп, сыбызғы сазын сахнада әуелеткен жалғыз кәсби музыкант.

Ол 1930 жылы Баян-Өлгий аймағының Алтай сұмынында дүниеге келген. Сыбызғыны сегіз жасынан бастап әкесі Құмақайдан үйренеді. Бұл ауылда сыбызғы өнері жеті аталарынан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып үзілмей келеді. Кәлектің ұлы әкесі Делдал Сасанұлы Алтай, Қобда өңіріне аты әйгілі сыбызғышы, батыр, қамшыгер адам болған. Оның сыбызғысының үні қозыкөш жерден естілетін деген аңыз бар. Көршілес уранхайлардың жеріне өтіп кеткен жылқысын сыбызғы үнімен қайтарып алады екен. Бірде Делдалдың барымташылар қуып бара жатқан жеті аты иесінің сыбызғы үнін естігенде ұрыларға қайыру бермей, қайта қашып келген. Сонда тартқан күйі “Жеті атым” аталып кетіпті.

Кәлектің әкесі Құмақай 1944 жылы атақты Оспан батыр бастаған Алтай қазақтарының көтерілісін қолдауға барған Монғолия партизандарының құрамында болып, бір алқалы жиында аты Алтай өңіріне әйгілі Құрыш деген сыбызғышымен күй сайысына түседі. Ел жерін сағынып жүрген Құмақай өз жанынан “Сағыныш” атты күй шығарып тартып, қарсыласын жеңіп бәйгеге тігілген қасқыр ішікті иемденеді.

Кәлек ауылдағы жеті жылдық мектепті бітірген соң ата кәсібі малшылықпен айналысады. Өнерлі бозбала ретінде ауылдағы той-томалақтарда сыбызғы тартып, елге танылады. 1958 жылы жаңадан ашылған Баян-Өлгий аймағының қазақ музыкалы драма театрына шақырылып, халық аспаптар оркестріне сыбызғышы болады. Дарынды сыбызғышының музыкалық білім алуына сол жылдары театрға Қазақстаннан келіп қызмет еткен Хабидолла Тастанов, Мәлғаждар Әубәкіров сияқты өнер шеберлерінің көп көмегі тиеді. М.Әубакіровтің нотаға түсіруінде “Жорға аю”, “Арбиян қоңыр” күйлерін оркестрдің сүйемелдеуімен сыбызғыда жеке орындады.

Кәкеңнің бұдан кейінгі өмірі зейнеткерлікке шыққанша театр саханасында өтті. Атының барында емес, атағының арқасында, “желіп жүріп”, ел көрді, жер таныды. Әуелі ел астанасы Ұланбатыр қаласында өткен Баян-Өлгий аймағының өнер-мәдениат он күндігінде сыбызғымен үндес көмей әуенін қастерлейтін монғолдардың құлақ құрышын қандырды. Ел көлеміндегі 18 аймақты аралап, күллі монғолиялықтарға танымал болды. Тыва АССР-і, Таулы Алтай, Қырғызстан, Польша, Германия, Чехославакия, Мәскеу саханаларында өнер көрсетті.

Асылды асыл таниды. Бабалардың қасиетті мұрасы сан түрлі көне музыка аспаптарын ел арасынан іздеп тауып, үнін қайта жаңғыртқан әйгілі музыка зерттеушісі Болат Сарыбаев сонау Монғолиядағы Кәлек ағамызға да жолығып, орындаған күйлерін үнтаспаға жазып алып, сыбызғының түрі, оны жасау жолдарын үйренеді. Кәкеңді Алматыға шақыртып, фестивалдарға қатыстырады. Атажұртынан жырақтап қалып, бір көруге зар болғанда сыбызғыдан сағыныш сазын төгетін, бәлкім, сол сағыныш әсерінен осы бір киелі аспапты сақтай да білген, ұрпағына үйретіп баптай да білген Монғолиядағы қандастарының мұңлы үнін қара шаңырақ Қазақстанға алғаш жеткізді.

Әйгілі сыбызғышы жайлы Талғат Мұқышов былай деп жазады: “Кәлек Құмақайұлы - Баян-Өлгийдегі сыбызғы дәстүрінің бірегей мұрагері. Оны сыбызғы өнерінің шежіресі десе де болғандай. Өйткені сыбызғының көпшілікке белгісіз күйлерін орындаумен қатар күйлердің шығу тарихына байланысты аңыз-әңгімелерді де жақсы білетін өнер иесі. Ол әр күйді орындар алдында күйдің шығуы жайындағы аңызын айтып отырады”.

Қарт сыбызғышы тек орындаушы ғана емес өз жанынан “Арман”, “Бақыт құшағында”, “Шопан сазы” қатарлы көптеген күй шығарған белгілі сазгер. Ерен еңбегі бағаланып, “Монғолияның еңбек сіңірген қайраткері” атағына ие болды, орден медальдармен марапаттады.

Кәлек атамыз заман түзелген тұста алғашқылардың бірі болып, аруақты атажұртына біржолата қоныс аударып, Зайсан өңірінен тұрақ тапты. Қасиетті қара сыбызғысын қасиетті Қара Ертістің суымен суарды. Мұнда келгелі де талай өнер бәсеклеріне қатысты. Ондаған шәкірт тәрбиелеп, ұмытыла бастаған киелі өнерді жаңғыртуға зор үлес қосты. Қарт күйші бүгіндері сексеннің сеңгіріне жақындаса да қолынан сыбызғысын тастаған жоқ. “Қазақстан” телеарнасы ұйымдастырған “Күй керуені” сайысына қатысып, “Алтын қобыз” сыйлығын иеленді. Отаны қазақ еліне жүзге тарта сыбызғы күйлерін жеткізіп, мәдени қорымызды байытуға баға жетпес үлес қосқан атақты сыбызғышы бүгіндері зайыбы Сақып әже екеуі өздері тәрбиелеп өсірген тоғыз баланың қызығын көріп, Зайсан ауданының Біржан ауылында бақытты тұрмыс кешіп жатыр.

Бодаухан Тоқанұлының архивінен

qazaquni.kz