Сенаторлар ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ 150 жылдығын МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ атап өтуді сұрады

Бөлісу:

220px-Әлихан_Бөкейхан_портреті

 04.02.2016 ж. ҚР Парламенті Сенатының отырысында Мұрат Бақтиярұлы бастаған бір топ депутаттардың Қазақстан Республикасының     Премьер-Министрінің орынбасары   Д.Н. Назарбаеваға жолдаған депутаттық саулының мәтінін ұсынамыз.

Депутаттық сауал арқылы халық қалаулылары Үкіметтен Алашорда көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту шараларын қарастыруды сұрады.

Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!

Биыл отаршылық заманда өз ұлтының мүддесін қорғап, ел тәуелсіздігі жолында саяси құрбан болған Алашорда басшысы, халқының аяулы ұлы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толғалы отыр. Былтырғы жылдың 2-18 қараша аралығында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының               38-сессиясы «Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысу туралы» Атқарушы кеңестің ұсынысын бекітті.

Қазақ халқының аяулы ұлы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында, яғни халықаралық деңгейде аталып өтетілетіндігін Әлихан Бөкейхановтың әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға ретінде мойындалғандығы деп білеміз.

Әлихан Бөкейханов Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым – ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттенушы, аудармашы, әрі дарынды публицист. Алаштың даңқты перзенті Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақ көсемсөзінің бастауында тұрды, қазақ баспасөзінің қалыптасуында да айрықша қызмет атқарды. Әлихан Бөкейханов «Алаш» сөзін алғаш рет саяси айналымға алып келіп, Алаш партиясын, Алашорда өкіметін тарих сахнасына «Алаш» атауымен шығарған қайраткер. Ол жетекшісі болған Алаш партиясы – бүкіл Ресейдің саяси кеңістігінде белсенді қызмет атқарған 50-ден астам партияның ішінде алдыңғы 8-орынан бой көрсеткен беделді ұлттық ұйымға айналды. Өкінішке қарай, еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылда Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен саяси қызметі толыққанды насихатталған жоқ.

Биылғы жылы өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын кеңінен атап өткелі отырған елімізде Алаш қайраткері, ұлт көшбасшысы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның (Бөкейхановтың) 150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту үшін Үкіметтен келесідей шаралардың өтуіне ықпал жасауын сұраймыз:

  1. Алаш көшбасшысының мерейтойын мемлекеттік дәрежеде атап өтуді ұйымдастыру үшін арнайы комиссия құрып, мерейтойды мемлекеттік дәрежеде, халықаралық деңгейде атап өту.
  2. 2016 жылды «Әлихан Бөкейханов жылы» деп жариялау мүмкіндіктерін қарастыру.
  3. Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының біріне, мектептерге Әлихан Бөкейхановтың есімін беру.
  4. Астана қаласының сол жағалауының үлкен даңғылдарының біріне Әлихан Бөкейхановтың есімін беру және онда Алаш көшбасшысының ескерткішін орнату шараларын қолға алу.
  5. Әлихан Бөкейхановтың туған жерінде мемориалдық кешен орнату.
  6. Алатау шыңдарының біріне Әлихан есімін беру.
  7. Мәскеудегі Донской қорымында жатқан Әлиханның топырағын Астанадағы Ұлттық пантеонға қайта жерлеу шараларын ұйымдастыру.
  8. Қарағанды қаласындағы орталық даңғылдардың біріне Ә.Бөкейханов есімін беру шараларын ойластыру.
  9. Әлихан Бөкейхановтың көптомдық шығармаларын және оның өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты архивтік-тарихи құжаттар жинағын шығару.
  10. Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі және ғылыми-публистикалық шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу шараларын ұйымдастыру.
  11. Алаш көшбасшысының игі істерін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында мемлекеттік тапсырыс бойынша оның өмірі мен шығармашылығына, қоғамдық қызметіне қатысты фильм түсіру шарасын ұйымдастыру.
  12. Теле-радио арналардан Ә.Н. Бөкейханов және алаш қайраткерлерінің қоғамдық қызметі туралы тарихи-танымдық бағдарламалар циклын ұйымдастыру.
  13. Астана және Алматы қалаларында облыс орталықтары мен аудандарда және жергілікті жерлерде салтанатты жиындар, «Әлихан тағлымы» оқуларын, сабақтарын, дәрістерін өткізуді ұйымдастыру.
  14. Мерейтойға арналған халықаралық айтыс және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізу, Астана мен Алматыда, облыс орталықтарында және Алаш қозғалысына қатысы бар басқа да қалаларда «Алаш аллеясын» ашу қажет.

Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!

Алаш идеясы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік ел болу мұратымен ұштасып жатыр. Елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға ықпал етері де сөзсіз. Бұл-тарихи ақиқат! Ендігі арада тәуелсіз еліміздің бүгінгі және келер ұрпақтары да тәуелсіздік пен азаттық жолына өз ғұмырларын арнаған тұлғаларымызды әспеттеп, оларды ардақтап та құрметтеп  өтуіміз керек. Осы жайды ескере отырып, Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның  мерейтойын мемлекеттік тұрғыдан атап өтудің кең ауқымды шараларын жүзеге асыруды ұйымдастыруды осы бастан қолға алғанды жөн деп санаймыз.

 

                                 Құрметпен,                                                    М. БАҚТИЯРҰЛЫ

                                                                                                           Қ. АЙТАХАНОВ

                                                                                                           Н. ОРАЗАЛИН

                                                                                                           Ж. ЕРҒАЛИЕВ

                                                                                                          Е. МҰҚАЕВ

                                                                                                          Р. ӘКІМОВ

                                                                                                          С. ЕҢСЕГЕНОВ

                                                                                                          Е. АСТАЕВ

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. Махамбет 5 Ақпан, 2016 12:05 Жауап

    Бәрекелді! «Ақ жолдың» бастамасын қолдаған сенаторларға рахмет. Алаш көсемін қалай ардақтасақ та жарасады

Пікір немесе жауап жазу