«АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫ САЙЛАУ НАУҚАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ҚЫЗМЕТІН ДЕ ПАЙДАЛАНАДЫ

скачанные файлы

Біз сайлау науқанында дәстүрлі БАҚ-тың ғана емес, әлеуметтік желілердің де қызметін пайдаланамыз деді «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев «Srategy2050.kz АА» берген сұхбатында.

«Сайлауға дайындық өзіміз бекіткен жұмыс кестесіне сай өтуде. Съезд делегаттарының сайлау бойынша аймақтарда конференциялар аяқталуға жақын, ал партия съезі 3 ақпанда өтеді. Біздің филиалдар өз кандидаттарын жергілікті мәслихаттарға, съезде Мәжіліске ұсынатын тізімді бекітеді», – деді ол. «Ақ жол» демократиялық партиясы өзінің бұрынғы берік бағытында елдегі экономикалық жағдайға басты назар аударып, шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті Азат Перуашев. «Біз ешқандай шоу жасамаймыз, себебі қазір әрбір тиынның құны жоғары», – деді партия төрағасы. Оның айтуынша, сайлау науқанында дәстүрлі БАҚ-тың ғана емес, әлеуметтік желілердің де қызметі пайдаланылады. Айта кетейік, 20 қаңтарда Елбасы Бесінші шақырылған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және депутаттардың кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Қаулыға қол қойғаны белгілі. Соған сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының сайлауы 2016 жылғы 21 наурызға белгіленді.

Индира ҚАУМЕТОВА

qazaquni.kz, "Қазақ үні"газеті