Бердібек Сапарбаев: Хромтаудан 2 миллион теңге таба алмай отырсың ба?

Сөзін саптай алмаған Хромтау ауданы əкімі Аязбай Османғалиевтың Сапарбаевтың алдында берекесі кетті. Облыс əкімі “Жолдас, əкім” деген сайын құлағын қасып құтылды.

saparbaev3Бүгін Ақтөбе облысының əкімі Бердібек Сапарбаев Хромтау халқымен кездесті. Əкімнің есебін, халықтың сауалын тыңдады. Аудан əкімі Аязбай Османғалиев есебін судыратып оқып шыққанымен, жауап беретін кезде абдырап қалды.

“Жұмыс істедім, барлығы істелді” деп аптығып кеткен аудан əкімін “Аязбай, тұра тұршы” деп Сапарбаевтың өзі əрең тоқтатты.

“Ауданда неге тамақ бағасы өседі? Ақтөбедегі ең қымбат нан Хромтауда.  Неге нан қымбат, неге ұн қымбат?”,- деген Сапарбаевтың сауалынан аудан əкімі шошып кетті.

“Бағаны тұрақты ұстап отырмын, қымбат емес. Қайда қымбат? Дүкендерге барып қарауыңызға болады”, – дегенімен аймақ басшысының келесі сауалынан кейін жер шұқып қалды.

– Ұн бағасы биыл қанша?

– 80 теңге.

– Былтыр қанша болды?

– 50 теңге…Енді… 40 теңгеге…

Осы қысқаша диалогтың өзі ауыл тұрмысы мен əкім есебінің айырмасын ашып берді. Сапарбаев осы уақытқа дейін ауданда тұқымның дайын емес екендігін де біліп қойды. Əкімге тағы да таяқ тиді.

Тұрғындар тұрмысы аудан əкімінің есебіндей болмай шықты. Өткен жылы облыста ең жоғары көрсеткішке ие болған мектептің апаттық жағдайда тұрғанын ұстаздардың өзі жайып салды. Мұны естіген Бердібек Машбекұлы “Аудан əкімінің баяндауынша, Хромтауда апаттық жағдайдағы мектеп жоқ болатын”,  – деп таң қалды. Енді облыс басшысы 45 жылдық тарихы бар білім ордасының жайын тексертуге арнайы комиссия құратын болды.

“Ауданға спорт мектебі керек” деген спортшыларға  жауап беремін деген Аязби мырза тағы састы. Сасқаны сол “спорт кешенінің сметалық жобасын дайындау үшін 2 млн теңге берсеңіз”, – деді.

Оған ашуланған Сапарбаев “Бір 200 миллион болса екен, Хромтаудан 2 миллион теңгені таба алмай отырсың ба?”, – деп орынсыз сауалын бетіне басты. Аязбай мырзаның “моно” қаланың не екенін түсіндіре алмауының өзі Машбекұлының көңілін қалдырды.

Облыстағы экономикасы ілгері, шағын кəсіпорындары бар ауданның шырайын шығармай отырған əкімнің əрекетіне Бердібек мырза бас шайқап кетті.

Сапарбаев Ақтөбеге алғаш келіп, аудандарды аралаған кезде де Аязби Османғалиев жақсы баға алмаған болатын. Хромтау ауданының ауылдарын аралап жүргенінде халқы “Аязби дегенді танымаймыз, көріп тұрғанымыз осы” деп масқаралаған.

Сонда Сапарбаев “Аязбай, əкім болғаныңа қанша болды?”, – деп сұраған. “6 жыл”, – деп Аязбай Османғалиев ауызын толтырып айтты. Сол кезде облыс басшысы хромтаулық əкімнің сөзін “бұйырса” деп сөйлеу керектігін айтып, түзеткен болатын.

Сапарбаев осы аптада Шалқар, Шұбарқұдық, Қандыағаш қалаларын аралайтын болады.

Дерек көзі: Нұр.кз