КІМГЕ ДАУЫС БЕРЕМІЗ?

1716
16
Бөлісу:

1

Орталық сайлау комиссиясының отырысында Елбасы Жарлығына сәйкес ҚР Парламент Мәжілісінің кезекті сайлауы 20-наурызда өтетіні атап көрсетіліп, тиісті қаулы қабылданды. Аталмыш мерзім Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңына сәйкес белгіленіп отыр.

Қазір аяқ жүрмей, ауыз жүретін заман. Ел ішіне гу-гу әңгіме тарап, «ой, Парламент пен Сенат тарайды екен, алдағы уақытта бір палаталы парламент болады» десті біреулер. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамас», осы әңгіменің «жібін» сетінеткен де Ақүйге жақын жүрген ағайындардың өзі болуы мүмкін.
Әйтпесе, қара басымен, тіршілік қамымен қара жұмыста жүргендер өсек айтпақ түгілі өзек жалғайтын нан мен коммуналдық бағалардың қымбаттағанына алаңдап, құны түскен төл теңгені әлсіреткен долларға жәутеңдеп қалғаны рас. «Тарайды» деген сөздің шеті шыққанда-ақ саққұлақ жорналшылар «Сағынайдың» асына сауын айтқандай бірінен-бірі іліп әкетіп, құлақтарына жын сыбырлаған құмалақшыдай «тарайтыны рас» деп сәуегейлік жасаған-ды. Міне, араға көп уақыт салмай-ақ, солардың жорамалы дөп келді. Өз лауазымдарынан өздері бас тартқан халық қалаулылары ұтылмайды, қомақты қаражатпен қалта томпайтады. Өйткені, «Қазақстан Парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда: «Парламент депутатына оның қызмет мерзімі біткенде, қызметтен өз еркімен кеткенде және Парламенттің немесе Парламент Мәжілісінің таратылуы кезінде жұмысқа орналасқанға дейін орташа айлық жалақы көлемінде үш ай бойы жәрдемақы төленіп тұрады» делінген. Демек, депутаттардың өтінішін Елбасы қанағаттандырып тарату туралы шешімге қол қойылатын болса, жаңа Парламент сайлауына дейін экс-депутаттардың мұртын балта шаппайды. Шамамен 500 мың теңге көлемінде айлық алып келген халық қалаулылары әрқайсысы бір миллионнан өтемақы алады. Бұлардың арасында халықтың арасында ұялмай жүзі жарқырап шығатындар да, қараңғыда жүгірген қарсақ құсап көптен бойын тасалап, мақау баланың күйін кешіп, сүтке тойған қозыдай бүйірі томпиып жүргендерін де білеміз. Буынып-түйініп, төркініне кеткен келіншектей, бір-бірімен қоштасқан мәжілісшілердің қырық пайызы зейнет жасынан асып кеткендеріне қарамастан жаңа сайлау өтсе жылы орнынан дәмелі екенін де емеурінмен білдіріп, көгілдір экранда көсіліп қалды. Тіпті, коммунистердің көсемі Косарев мырза сексенге таяп қалса да, алдағы додаға түсіп, Парламенттегі санымызды көбейтсек деп қос алақанын ысқылап отыр.
Енді, «Ат қостым, ат айдаушы айда деймін» дегендей, тағы бір қызу науқан басталмақ. Бірақ, жаңа Парламент құрамында қандай партиялар болады? Бүгінгі күні «Нұр Отан», «Ақ жол», Коммунистер бастаған барлығы жеті партия бар. Сынға түсе қалғанның өзінде бұлардың қаншасы парламенттен орынтақ алуы мүмкін? Міне, көпшілікті де осы сауалдардың мазалайтыны анық.
«Партия қайда болса, жеңіс сонда» деп, кеңестік кезеңде ұрандатқандай, алда сайлау бола қалса билік партиясынан басқа қай партия мол дауыс жинап, Парламенттегі орынды бөліседі. Қараша қауымды ақпарат құралдарында қызықтыратын да осы мәселе.
Қазақтың марқасқасы Бейімбет Майлин айтқандай: «Ой қайдан келесің оттан келем, оттан емес-ау соттан келем» дегендей, «Қайда барасың десе сайлауға барам, бір партияның белбеуін бекемдеп байлауға барам» дейтін күн де жақындап қалды.
Сіз қай партияны жақтайсыз, өзіңіз білерсіз, ал менің көңілге түйіп қойған өз партиям бар….

А.ДІНИСЛАМ

«Қазақ үні» газеті

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 16 пікір жазылған

  1. Алматы 26 Қаңтар, 2016 14:42 Жауап

    Азат Перуашев айтты емес пе ол ақшалардан бас тартамыз деп? Менің ше барлық депутаттардың атынан айтты

  2. мұғалім 26 Қаңтар, 2016 14:44 Жауап

    Нақтысына келгенде, Депутаттар бас тартқан бұл өтемақыдан, қазіргі дағдарысқа байланысты шығар

  3. Агата 26 Қаңтар, 2016 14:56 Жауап

    Бұл сайлауда бізге, жас мамандар қажет, қазіргі 21 ғасыр заманын қыр сырын түсінетін адамдар қажет

  4. Мұрат 26 Қаңтар, 2016 15:21 Жауап

    Әр Қазақстанның азаматы сайлауда өз ойын білдіріп ұнаған үміткеріне дауыс беруі тиіс.

  5. Гулім 26 Қаңтар, 2016 15:22 Жауап

    Меніңше Парламентке жаңаша ойлау жүйесін меңгерген, мемлекетшіл және кәсіби мамандар келуі керек.

  6. Бейбіт 26 Қаңтар, 2016 15:23 Жауап

    Меніңше депутаттар құрамын жаңарту қазіргі таңда уақыт қажеттілігі болып тұр. Дағдарыстан аман- есен шығып, реформаларды тезірек жүзеге асыру үшін, жақын арада депутаттарымызды сайлап алғанымыз дұрыс.

  7. Рахия 27 Қаңтар, 2016 15:15 Жауап

    Қай партияны сайлайтынын халық шешеді. Ел үшін еміреніп қызмет ететін азаматқа дауыс беремін өз басым.

  8. Марал 27 Қаңтар, 2016 15:16 Жауап

    Сайлаудың маңызы зор. Бұл елдің ішкі саяси додасының қаншалықты екенін көрсетеді.

  9. Динара 27 Қаңтар, 2016 15:17 Жауап

    Бүгінгі күнге дейін халықтың оң бағасын алып жүрген азаматтар баршылық. Олар депутат болуға әбден лайық. Өз басым келесі Парламенттен сондай жас әрі позитивті азаматтарды көргім келеді.

  10. үсен 27 Қаңтар, 2016 15:17 Жауап

    Нұр Отан Партиясы нағыз халықтың партиясы. Осы уақытқа дейін алдына келген тұрғындардың барлықтарының өтініштеріне жауап беріп келеді.

  11. Еділ 27 Қаңтар, 2016 17:45 Жауап

    «Ақ жолдан» басқа партиялар Алаш ісі түгіл Алаш деп айтуға да қорқады. «Ақ жолға» дауыс береміз.

  12. алаш 3 Наурыз, 2016 19:57 Жауап

    Билык озгермей ел когермейди.соган козим жетти.Ата турик,Ли куан ю,Дэн сяо пин сиякты реформаторлар биликке келмей ештене озгермейди.оз калтасын ойлайтын адамдардан не кайран кутуге болады.

Пікір немесе жауап жазу

6 + жеті =