Тарихи тұлғаның ішкі және сыртқы саясаты

14b Путиннің Батыс альянсына қарсы қырғиқабақ соғыс жариялағаны мәлім. Ол тарихқа «Екінші дүниежүзілік қырғиқабақ соғысы» деген атаумен кіргені де аян. Бұл туралы біз жазған да едік. Ресей басшысы өзін әлем тарихында Черчиль, Рузвельтпен қатар қойғанды жөн көретіндей. Батыс елдер баспасөзі жылма-жыл оны өз журналдарының ең беделді саясаткері ретінде бағалағаны өзіне ұнайтын секілді. Путиннің 2007 жылғы Мюнхен қаласында айтқан сөзі әлемді бір шошытты. Иә, Путиннің сол уәжі тек 1946 Уинстон Черчильдің АҚШ-тың шағын қаласы Фултонда айтқан сөзімен пара-пар еді. Онда Черчиль алғаш рет қырғиқабақ соғыс туралы мәлімдеген болатын. Орыс көшбасшысы өз елі мен Батыс бұқаралық ақпарат құралдарына арнап сол ойларды кейінірек тәптіштеп бірнеше рет айтып та берді. Мәселенки, ол Валдай форумындағы сөзінде АҚШ-ты және оның геосаясатын аяусыз сынап, осыдан былай ешбір маңызды саяси әрекет Ресейсіз шешілмеуі керек деді. Батыс елдері Ресей алдында кінәлі, біздің геосаяси мүдделермен санаспауға жол берілмейді деді... Путиннің ашына сөйлеу себебі – Батыс елдері альянсы Ресейге бұлар Украинаның Қырым түбегін басып алып, сол мемлекеттің шығыс өлкелерінде гибридтік, әскери операцияларын бастағаны үшін экономикалық санкциялар салып үлгерген-ді. Путиннің сонау сөзі мен саясаты жергілікті әрбір Ресей тұрғынының жүрегіне жол тапты. Қарапайым орыстың рухын көтерді. Қашанғы Батыс елдерінің айтқанын істеп, солардың алдында тізерлеп отыруға тиістіміз; жетеді, бұдан былай өз мүддемізді батыл қорғайтын боламыз деген байлам жасалды. Иә, Ресей серкесінің Батысқа қарсы асқақ сөйлеуінің бірнеше қисыны бар еді. Батыс дәрменсіз. Батыс тым бейбітшіл және ымырашыл. Ресей секілді аса қуатты әскери ядролық қаруы бар мемлекетке қарсы шараларға бара қоймайды. Оның алдында Ресей Днестр жағалауын Молдовадан бөліп алып, Қарабақты Әзірбай­жаннан Арменияға тартып әпергенде Батыс альянсы салқынқандық байқатқан. Ресейге тек ескерту жасаумен ғана тынған. Ал осы ел 2008 жылы Грузияға шабуыл жасады. Батыс альянсы тағы да шағын мемлекетке айтарлықтай араша бола алмап еді. Батыс елдер альянсы Ресейдің газы мен мұнайына тәуелді-тін. Сондықтан, Ресеймен есептеспесе жарамас деп, Молдова, Әзірбайжан, Грузия территориялық тұтастығы конфронтациясынан тартынды. Бірақ Ресейдің ұлыдержавалық құлқыны кеңейе берді. Орыс халқы да Путин экспансиянизмін қолдады. Бұдан соң орыс милитаризмі Украинаға ауыз салды. Бірақ Украинаның жөні бөлек еді. Батыс экономикалық және дипломатиялық қолдау жасады да, бұлар Қырым мен Донецк және Луганскіден айырылғанымен, басқыншыға жал күдірейтіп қарсы шықты. Сөйтіп, Ресей империяшылдарының «Новороссия» жоспары және «Орыс әлемі» ойлары іске аспай, қаңтарылуға мәжбүр болды. Қазір де Украинадағы «гибридтік соғыс» пәлендей сәтті болмай тұр, Батыс елдерінің санкциялары Ресейді қысып барады... Қош. Путин өзін дарынды тактик, бірақ нашар стратег ретінде көрсетті. Ал біз, қазақ дипломатиясы шебер қырынан көрінген соң, әйтеуір, аман қалдық. Ал Ресейдің ішкі жағдайы нашарлай түскенін көріп, біліп отырмыз. Ең алдымен Ресей Еуразиялық экономикалық одақтастарына валюта және тауар экспансиясын жасамақшы. Ресей рублінің құлдырауы Ресей тауарларының Қазақстан мен Белоруссия нарықтарында қамтамасыз етпек-тін. Бұл саясат Қазақстанға Ресей тауар экспансиясын 1998 және 2009 жылдары жасаған болатын, солайша, біз өз тауар өндірушілерімізді бәсеңдеткен едік. Былтыр төл валютамыздың бағамын 85% төмендетуге мәжбүр болдық. Бұл жағдай қолайсыз болса да өз тауар өндірушілеріміздің үдесінен шықты. Сол сияқты теңгенін бағамын қисынсыз ұстап тұру барлық ұлттық қордағы қаржының таусылуына әкелетіні де анық-ты. Қазақ елінің өткен жылдардағы сыртқы және ішкі саясаты негізінен дұрыс болғанға ұқсайды. Кемшін тұсын айтсақ, ДСҰ-на тым кеш кіру, экономикалық реформаларды кешеуілдету (құрылымдық реформаларды меңзейміз), сот реформасы жергілікті жерді басқару жүйесін оңтайландыру мәселелерінде жатқандай. Жүзеге асқан ҚР Азаматтық кодексі, мемлекеттік секторды қысқарту қажеттігін Елбасының өзі талай мәрте айтты. Қазақстан саясатының басты мақсаты – ел егемендігін сақтау, экономи­калық дағдарыс кезінде тұрмыс деңгейін мейлінше төмендетпеу. Ресеймен конфронтацияға түспеу... Ал Ресейге келсек, онда реформа жасалар түрі жоқ. Олар барлық көршілерімен араз. Дегенмен, социологиялық зерттеулерге сенсек, орыс елінің 95 пайызы мемлекет басшысын қолдайтын көрінеді. Солай бола тұра, былтыр бұларда бірқатар әлеуметтік және экономикалық наразылықтар байқалды. Инфляция мен рубльдің құлауы қарапайым орыс қалтасын орталады. Енді шетелдік тауарларды алу мейлінше қымбаттайды. Кедейлер саны көбейді. Олар, көбінесе, тиісті айлығын ала алмай жүрген мұғалімдер мен дәрігерлер. Бірқатар өлкелерде бюджетке қарайтын қызметкерлердің жағдайы тым ауыр. Орталық бюджет өздерінің шығындарын ұлттық қордан алып отыр, бірақ резервтік және ұлттық қор да орталанып келеді. 2017 жылы бұл қорлар таусылуы ықтимал. Сол сияқты, алыс сапарларға шығып, ауыр жүк тасушы автомобиль жүргізушілері де ереуілге шыққан. Себебі, қосымша жол салығы салынды. Ал олардың бейбіт шерулері, негізінен, жеңіспен аяталып келеді... Ресейдің бірқатар ұлттық республикаларында да наразылық көріністері төбе көрсетіп қояды. Әсіресе, ашық реніш білдіріп отырған – Татарстан мен Шешенстан. Олар өз өлкелік экономикалық егемендігін республикалық саяси-мәдени тәуелсіздікке айналдырып келеді. Басқа этностар «біз – ұлтпыз» деп орысты демографиялық жолмен тықсыра түскені де жасырын емес. Мәселенки, күні ертеңдері Тувада орыс қалмайтын түрі бар. Сол секілді Якутияда да орыс үлесі құлдырап барады. Жастар арасында ұлтаралық жұдырықтасу көріністерін бейнеинтернет арқылы тарататын көрінеді; ал оларға жазылған түсініктемелер төбе шашыңызды тік тұрғызады. Жергілікті татар ұлтшылдарының талабы: ана тілін қорғау әрекеттері, республикалық Президент статус атауын сақтап қалу. Түркиямен мәдени және бизнестік байланыстарға шек қоймау талабы да актуалды. Саха елінде ұлтшылдық бағыттағы экологиялық қозғалыс күшейіп келеді, якуттердің үлесін басшылар корпусы арасында көтеру идеясы көп көтеріледі; Бурятияда орыстарды көшіріп әкелу саясатына қарсылық басым. Мәскеу бұрын бас қатырмай, жергілікті халықпен санаспай, әкімшілік жолмен барлық мәселелерді оңай шешетін-ді. Қазір бұлай жасау біртіндеп қиындап барады. Азшылық ұлт өкілдері көшеге шығып ереуілдеуі ғажап емес. Бейбіт түрінде дамитын ұлт-азаттық қозғалысы пайда болуда. Бұрын аз ұлттар элитасы ұлттық талаптардан аулақ жүретін; енді ұлттық элита өз талаптарын «ерттеп мінген» сияқты. Ресей саяси элитасының бір тобы өздерінің шетелдерге шығуына қатысты шектеулерге наразы. Олар әзірше билікке батыл талап қойған жоқ. Дегенмен, кү­шейіп тұрған қарсылық түрлері бар. Олар: – Рекреациялық наразылық. Бүгінгі таңда орыстар Мысыр еліне, Түркияға бара алмайтын болды. 2000-жылдары Ресей турфирмалары жер шарында апармайтын жері, орыстың демалып, сайрандамаған орны жоқ сияқты еді. Бәрінен де орыс көп шарлайтын мемлекеттер – Түркия мен Египет. Енді бұл ба­ғыттар орыс үшін жабық. Туристік фирмалар шығынға ұшырағандықтан орыс ренжулі; – Тұтынушылық наразылық. Соңғы жылдары орыс жемеген тағам қалмаған сияқты. Енді Батыс елдерде өндірілетін сырлар, атлантикалық селдь, тағы да басқа тауарлар ғайып болды. Ресей баспасөзі «перестройкаға», яғни, «қайта құру» мен «жариялылыққа» тағы бет алды. КСРО тұсындағы «перестройка» мен «жариялылық», негізінен, екі-ақ баспасөзден басталған-ды. Бұлар: «Огонек» журналы мен «Московские новости» газеті. Бүгінгі таңда – «Эхо Москвы» радиосы, «Дождь» телеарнасы, «Собеседник», «Сноб.ру», «Слон.ру» сияқты өзге де бірқатар сыни көзқарастағы басылымдар көп. Олар Ресейдегі жағдайды шынайы түрде ашық көрсетеді. Билік болса бұларды қадағалай алмай келеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Путин баяғы Горбачевтің басқа бір түрі. Әйтеуір, ол бүгінгінің Сталині емес. Горбачев байғұс өзі демократ, өзі «имперщик» еді, Путин де сол күйге түсіп келеді, ақпараттық қоғамда ақпаратты тыю мүмкін болмай тұр... Ресейдегі баспасөз саласын сараласақ «перестройка», яғни, «қайта құру» мен «жариялылық» басталды демекпіз. Біздің пайымдауымызша, бұл үрдіс 10-17 айда шыңына жетеді. Ресейде бұл бағыт саяси дағдарыс пен елдің келесі ыдырауымен аяқталады. Қазақ елі болса тағы да тыныс алып, демократиялық зайырлы мемлекет құруға және бір мүмкіндік алады.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы

"Қазақ үні" газеті