Сүнниттер мен шииттер: текетірес немен бітеді?

sure Араб әлеміндегі жағдай ушығып барады. Осыдан тура он бес жыл бұрын басталған «Араб көктемі» әлі де «гүлденіп» тұр. Бұған 2014 жылы «Ислам мемлекеті» деген атты жамылған содырлар қосылды. Осылардың Таяу Шығысты қанға бөктіруі аздай, енді оған Исламның қос тармағы – сүнниттер мен шииттер арасындағы тартыс тағы бар. Естеріңізге салсақ, саудтықтар терроризмге қатысы бар деген қырық жеті адамды өлім жазасына кескен еді. Олардың ішінде шииттердің діни тұлғасы Нимр әл-Нимр бар болатын. Эр-Риядтың жазуынша бұлардың бәрі «Аль-Каида» ұйымымен ауыз жаласқандар. Демек, лаңкестерді өлімге кесу заңдылық. Осыдан кейін-ақ Иран мен Сауд Арабиясы арасында келіспеушілік басталды. Қысқасы, қаңтардың 2-і күні Сауд Арабиясыдағы шииттер азшылығының өкілі, шейх Нимр әл-Нимрге өлім жазасы берілгені жарияланған соң Теһранда ашулы топ Сауд Арабиясы елшілігіне шабуылдаған еді. Наразылар елшілікке тас лақтырып, ғимаратқа өрт қоюға әрекет жасаған. Нимр әл-Нимрдің қазасы Эр-Рияд пен Теһран арасындағы онсыз да күрделі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи шейх әл-Нимрді өлтіргендерге «Алланың жазасы болады» деген мәлімдеме жасады. Өз кезегінде Эр-Рияд Теһранмен дипломатиялық байланысты үзетінін жария етті. Сондай-ақ Иранмен әуе және сауда қатынастарын тоқтатты. Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Адель әл-Жубер «Reuters-ке» берген сұхбатында «Сауд Арабиясы террорист санайтын шииттердің діни тұлғасы Нимр әл-Нимрге өлім жазасын бергеннен кейін басталған шиеленіске Теһран жауапты» деп мәлімдеді. Министрдің сөзіне қара­ғанда, Эр-Рияд «Иран агрессиясына» жауап береді. Ол Теһранды Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы елдерге содырлар жіберді, терактілер ұйымдастырды» деп айыптады. Сонымен қатар министр Сауд Арабиясының қақтығысты ушықтыруға ынтасы жоқ екенін айтты. «Біз Иран саясатына жауап ретінде ғана әрекет етіп жатырмыз» дейді ол. Алайда министр Иран азаматтарына қажылық кезінде Мекке мен Мәдинаға келуге тыйым салынбайтынын мәлімдеді. Дегенмен, Эр-Рияд 3-қаңтар күні Сауд Арабиясы аумағындағы Иран дипломаттарына елді тастап шығуға қырық сегіз сағат уақыт берген еді. Өз елшілігіне жасалған шабуылдан кейін Эр-Рияд Теһрандағы дипломаттарын елге шақырып алған-ды. Сауд Арабиясы Иранмен байланысын үзгеннен кейін Парсы шығанағы елдерінен Иранға қарсы коалиция құра бастады. Бұдан бұрын Иранмен дипломатиялық байланысын Судан мен Бахрейн үзген болатын. Бұған Біріккен Араб әмірліктері қосылған-ды. Дегенмен, АҚШ пен Ресей Эр-Рияд пен Теһранды бітімгершілікке шақыруда. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Теһран мен Эр-Рияд арасындағы шиеленісті шешу мәселесін телефон арқылы Иран сыртқы істер министрі Жавад Зарифпен және Сауд Арабиясы басшыларымен талқылады. Дегенмен, Исламның қос тармағы сүнниттер мен шииттер арасындағы текетірес немен бітеді? Әзірге белгісіз. Осыған орай, Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф Иран мен Сауд Арабиясы араздасып қалғанына «қатты қынжылатынын» мәлімдеген еді. Ол «екі халықты татуласуға» ша­қырған болатын. Исламабадта Сауд Арабиясы сыртқы істер министрімен кездескеннен кейін Шариф «екі ел арасы ушығып кеткеніне Пәкістанның алаңдайтынын» айтып, Теһрандағы Сауд Арабиясы елшілігіне жасалған шабуылды айыптады. Мұны премьер кеңсесі хабарлады. Хабарламада премьердің мұсылман бірлігі үшін екі елді достыққа шақырғаны жазылған. Пәкістанның Иранмен шектесетіні, әрі бұл елде шииттердің аз тұратыны мәлім. Пәкістан өз ішінде екі қауым (сүнниттер мен шииттер) арасында қақтығыс шығып кетуінен қатты қауіптенеді. Мұнан бөлек, Пәкістан Иранмен де, Сауд Арабиясымен де сауда қатынастарын тереңдеткісі, әсіресе, мұнай-газ ресурстарына қол жеткізгісі келеді. Қазір Пәкістанға Ираннан газ құбыры тартылып жатыр. Иран санкциялары алынған соң құбыр іске қосылады деп жоспарланған. Бірақ Шариф Сауд Арабиясымен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ол 2000-жылдары қуғында жүргенде осы елде тұрған еді. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы мен Иранның арасындағы саяси шиеленіс мұнай бағасының көтерілуіне алып келді деп хабарлаған болатын РИА Новости. The «Wall Street Journal» мәліметінше мұнай бағасы 3 пайыз көтерілді. Соңғы мәліметтер бойынша, WTI маркалы мұнайдың баррелі Нью-Йорк тауар биржасында 38,32 долларға дейін қымбаттаған. Сонымен қатар, Brent маркалы мұнайдың ақпанға арналған фьючерсі Лондон сауда биржасы барысында 3-желтоқсан күні кешкі саудада 38,50 доллар межесіне жетті. «Бұл Сауд Арабиясы мен Иран арасында өршіген саяси шиеленістен кейін пайда болды. Осы шиеленістің өршуі мұнай бағасының таяу келешегіне оң ықпал етеді» деді Nomura Holdings басшысы Гордон Кван. Оның айтуынша, егер шиеленіс күшейе түссе және мұнай бағасы өсе берсе ол АҚШ пен Ресей сынды өндірісі жоғары елдерге мұнай өңдеуді арттыруға себепші болады. Тақырыпқа орай

Зибакалам Мофрад, Теһран университеті саясаттану факультетінің профессоры: – Иранда алғаш рет реакция ретінде жиналған жұрт Сауд Арабиясы елшілігіне шабуыл жасады. Бірақ енді ирандықтардың көпшілігі мұны айыптап отыр, өйткені баршаның назары елшілік ғимаратының өртенуіне ауып, шейх Нимр Бакр әл-Нимрдың жазаланғаны елеусіз қалды. Болған жағдай өкінішті-ақ, себебі, бұл аймақтағы шиит-суннит жанжалын шиеленістіре түседі. Сонымен қатар, Иран өлім жазасы үшін қатал кек алатынын мәлімдеді, бірақ, менің ойымша, бұл іс жүзінде Сауд Арабиясына қатысты қандай да бір әскери іс-қимыл болады деген сөз емес. Осыдан екі айға жуық уақыт бұрын қажылық орын алған адам нөпірінен бірнеше жүздеген ирандық қаза тапқанда Ирандағылардың көбі, соның ішінде «Ислам революциясының сақшылары» да мұны кешірмейтіндерін, өш қайтаруды ескерткенін есте ұстаған жөн. Бірақ іс жүзінде ештеңе де болған жоқ. Бұл жолы да Иранның қолынан келетіні шамалы деп айтар едім. Иран, сонымен қатар, Сауд Арабиясымен қарым-қатынастың үзілуінен зардап шегуі мүмкін, өйткені іс жүзіндегі дипломатиялық қарым-қатынас болмаса, оның қолында Эр-Риядқа қысым жасау тетіктері болмайды. Иранның басқа араб мемлекеттерімен қарым-қатынасы да онша тұрақты емес, осылайша оның әсер ету ауқымы шектеулі әрі өз пікірін білдіру мүмкіндіктері тым аз. Халыққа, қарапайым ирандық­тарға келсек, Сауд Арабиясы елшілігіне шабуыл жасағандарға интернетте сын айтып жатқандарды көптеп көріп отырмын. Кейбір тәуелсіз газеттер да бұл оқыс оқиғаны сынға алды.

Ханан Разек, «Би-би-си» қызметінің тілшісі: – Бірнеше саясаттанушымен сұхбаттасқанымда олардың барлығы бұл жанжалдың қатты ушығып кетуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Солардың бірі жоспарда соғыс болмаса да, ол кездейсоқта, бір тарап немесе олардың одақтастарының бірі шалыс қадам жасаса тұтанып кетуі ықтимал деді. Бұл жанжалдың ушығуы ғана емес, оның бүкіл аймаққа, ең алдымен Сирия мен Йеменге тигізетін салдары алаңдаушылық туғызады. Осы айда бұл екі елдегі жағдай бойынша бейбіт келіссөз өтуге тиіс, ал енді оның болатын-болмайтыны және болған жағдайда табыспен аяқталатыны не басқаша сипат алатыны түсініксіз болып отыр. Болып жатқан жағдайға Сауд Арабиясында түрлі реакция туындады. Ал көпшілікті құрайтын сунниттер биліктің шешімін қолдап отыр. Әлеуметтік желілерге, әсіресе, Сауд Арабиясында кеңінен пайдаланылатын «Твиттерге» қарасақ, жұрттың көбі король отбасына мақтау сөз айтып, оның қабылдаған шешімі үшін алғыс айтып жатыр. Олар мұны дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім деп санайды. Дегенмен, аймақта соғыс басталып кетуі мүмкін деп қауіптеніп отырғандар да бар. Ресми саясатқа келсек, ирандық дипломаттар 5-қаңтарға дейін Сауд Арабиясынан кетуге тиіс болған. Эр-Рияд сыртқы істер министрі оларға жиналып кетуге екі тәулік уақыт берді. Кейбір басқа елдер бұған ниеттестік танытты. Айталық, Бахрейн және Судан Иранмен дипломатиялық байланысты үзетіндері туралы шешімге келсе Біріккен Араб Әмірліктері Ирандағы дипломатиялық өкілдігін қысқартпақ. Белгілі болғандай, Кувейт те Ирандағы өз елшісін кері шақырып алатынын мәлімдеді. Кристиан Коатс Ульрихсен, Лондондағы Чатэм-хаус Корольдік халықаралық қатынастар институтының ғылыми қызметкері: – Қазіргі текетірес 1980-жылдарда болған жанжал сияқты өте қауіпті. Сол кездерде екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас тұңғыш рет 1988 жылдан 1991 жылға дейін уақытша тоқтап қалған еді. Бұл жағдай 1979 жылғы Иран революциясы мен сегіз жылға жалғасқан 1980-1988 жылдардағы Иран-Ирак соғысын қамтыған дау-дамайлы онжылдықтан кейін орын алған болатын. Бұл соғыс кезінде Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттерінің ынтымақ­тастық кеңесінің басқа мүшелері Саддам Хусейнді қолдап, өздерінің кемелеріне Иран тарапынан шабуыл жасалғанынан зардап шеккен еді, ал 1984 жылы Сауд Арабиясының әуе-әскери күштері Сауд Арабиясының әуе кеңістігін бұзды деп Иранның жойғыш ұшағын атып түсірді. Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы басқа араб елдері Иранның революциядан кейінгі үкіметінің және шейіттердің арасында соғысқұмарлық көңіл-күйдің артуының, 1981 жылы Бахрейнде ұйымдастырылып іске аспай қалған төңкерістің және содан кейін төрт жыл өткен соң сәтсіздікке ұшыраса да Кувейт әміріне қарсы қастандық жасалуының арасында байланыс бар деп есептейді. Қазіргі жанжал кезінде осынау тікелей майдандасқан жағдайлар болмаса да бұл шиеленістің 1980-жылдардағыдай қаупі зор. Мұның үш себебі бар. Ең алдымен, бұл көптеген жылдарға жалғасқан, Таяу Шығысты сунниттер мен шииттердің мүдделеріне қарай тереңінен екі жарып бөлген әрі Иран мен Парсы шығанағындағы оның көршілерінің арасында тұңғиық сенімсіздік ахуалын туғызған сектанттық саясаттың салдары.

Сейілбек АСАН

"Қазақ үні" газеті