Әбіш Кекілбаев: Тізгін ұстағандар алысты екен деп, халықты алыстырып қоймайық

Біздер бүгінгі тәуелсіздік заманына жеткенге дейінгі бабаларымыздың ғасырлар бойы өз халқының тағдырын ойлап, сол жолда талай мәуесі қырқылғанымен, тамыры үзілмеген азатшыл рухымызға қарыздармыз.

Олай болса өткенннің қай кезеңіне де әділ қарайық. Шамасы келмегенді істемеді деп, шамасы келіп істегенді жоққа шығармайық. Халқымызды әу бастан алауыз етіп көрсетпейік. Билік жолындағы күрес әр кезде болған. Тізгін ұстағандар алысты екен деп, олардың қол астындағы халықты алыстырып қоймайық.

Расына келсек, қазіргі алауыздық пен әкімгерлік ел басқару жүйесі аяққа тапталған кезде шықты. Қазақ даласында 1824 жылы хандық билік, 1868 жылы сұлтандық билік жойылды. Сол арқылы қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айырылды. Оған басқа топырақта қалыптасқан бюрократиялық билеу жүйесі күшпен телінді. Елден гөрі өз басын, ұлттан гөрі ағайынын көбірек қамтып, ақылдан гөрі айла-шарғыны көбірек малданатын пысықайлардың «партияшыл», «топшыл» күресі етек жайды. Ру-ру болып, ата-ата болып билікке таласу да содан шықты.

Сондай кикілжіңді тілге тиек ету үшін: «Анау ауылдан шыққандар шетінен сұңғыла, мынау ауылдан шыққандар шетінен миғұла» деп бірін-бірі көзге шұқитын әдет пайда болды. Көзі тірі жүргенімізді былай қойып, баяғы да сүйегі қурап қалған бабаларымызды әрі итеріп, бері жығатын болып бара жатырмыз. Бүгінгі ұсақтығымызды соларға теліп, адамды қойып рулы елді жөргектен қағынған қып көрсетуге машықтана бастадық.

Бір заманда бірдей әрекет қылғандардың бірін ақтап, біреуін қаралау үрдіске айналды. Бүкіл елдің басына түскен зауалды біреудің басына тели салу, тарих берген талайды өзіміздей екінші біреуден көру етек жайды. Тіпті басқаны қойып, баршамыздың басымызға түсіп, баршамыз әлі арылып болмаған отаршылық зауалының өзін бір-біріміздің бетімізге шіркеу салу үшін тілге тиек ететіндер бар.

Отаршылық – тек біздің ғана емес, адамзаттың көбінің басына түскен тақсірет. Одан құтылу үшін бір-бірін әрі итеріп, бері жығатын әуре-сарсаң емес, ортақ жолындағы ынтымақ керек. Ондай ынтымақ бір-бірімізден мін іздеу жолымен емес, әрқайсымыздың көкейтесті мүддемізді бірдей елеп, бірдей ескеру жолымен орнайды. Төле, Қазыбек, Әйтеке есімдерінің әлі күнге ауыздан түспейтіні де сондықтан. Олар замандастарына сүйек сындырысып, жаға жыртысуды емес, бірі жең, бірі жаға, бірі іні, бірі аға болуды, өзара теңдік арқылы елдікке, елдік арқылы өзгелермен теңдікке жетуді үйреткендіктерінде.

Жазушының 1992 жылы жазған «Әйтеке би» атты еңбегінен үзінді