Аян Жұмашев, Шешен Басшысы кеңесшісі: УАХАБИЛЕР - ИСЛАМНЫҢ АТЫН ЖАМЫЛУШЫЛАР

«ШЕШЕНСТАНДА УАХАБИЛЕРДІ ЖОЙҒАНДЫҚТАН ҚАЗІР СОҒЫС ЖОҚ»

 
Image 1Cену қиын шығар, алайда осы бір қазақ жігіті, расымен де, Шешен Республикасы басшысының кеңесшісі. Аян ЖҰМАШЕВ (суретте) үш жылдан бері Грозныйда тұрады және Шешенстан басшысының тапсырмасымен республикалық «Жас қадыровшылар» балалар-жасөспірімдер қозғалысының жұмысын қалыптастырып жатыр. Ол өзінің тікелей басшысын «аға» деп атап, Қадыровты саяси пірі санайды екен. «ЖАС ҰЛАНҒА» БАСҚАЛАР КӨҢІЛ АУДАРДЫ Бухгалтерлік мамандықты меңгерген, қазір Шешен Республикасының мемлекеттік қайраткері, 25 жастағы Ақтөбенің тумасы Шешен үкіметі мүшелерімен қоян-қолтық жұмыс жасайды, елдің мектепте білім беру жүйесі түгелімен оның штатына кіреді, ол сол елде жасөспірімдер қозғалысының жетекшісі ретінде танылып та үлгерді – Аян Шешен Республикасына сіңірген еңбегі үшін медалімен марапатталды. Біз онымен Атыраудағы туыстарына келген сапарында әңгімелестік. - Мен балалармен қалай жұмыс жасау керектігін білемін, кез келгенін керек бағытқа түсіре аламын, мен Қазақстанда осындай жұмыспен айналыстым, - дейді Аян. – 16 жасымнан бастап «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының еріктілер бағдарламасында жұмыс жасадым. «Жастар президентпен бірге» президенттік бағдарламасына қатыстым. Бұл елбасының көмекшілері деп айтуға болатын жас талантты қыз-жігіттер жұмыс жасайтын бағдарлама еді. Біз жастар қозғалысының жобаларын, бағдарламаларын жаздық. Мен осы ұйымда мектеп бағытындағы жұмыстармен айналыстым. 2011 жылы біз президентке (Н. Назарбаев) Қазақстанда «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымын құру керектігін жеткіздік. 2013 жылы ол бізді қолдады. Мен осы шараның ұйымдастырушысы болдым. Біз 1,5 миллион доллар бөлуге қол жеткіздік, мұның қаншалықты қиын болғанын білмейсіздер, маған «бұл ешкімге керек емес, барлығы зая кетеді» деушілер де болды. Алайда сол кездегі белгілі саясаткерлер маған қолдау көрсетті, маған сенді, біз бір де бір тиын далаға кетпейді деген келісімге келдік. «Жас ұланға» ақша бөлінген бойда қаржылық тұрғыда мүдделі адамдар пайда болды. - Сосын сізді шеттету басталды ма? - Иә, осы сәтте көптеген адамдарды, соның ішінде жобаның авторы мені де шеттету басталды. Мен жетекші болуым керек еді, алайда мені орынбасар етіп сайлап, сызбаларға қатысып, кеңсе қаламын сатып алуға 100 мың доллар бөлген сметаны бекітуімді сұрады. Мен бұлай жасауға болмайтынын, бұл ақшаларды балаларды дамытуға жұмсап, босқа жоймау керектігін айттым. Мен қол қойған жоқпын, осыдан кейін бірнеше белгілі адам қатысқан үлкен жанжал болып, өзім кетіп қалдым. Өйткені, бұл ақшалар үшін заң алдында да, адамгершілік тұрғысынан да жауап беруге тура келетінін білдім. Кейін білгенімдей, кейінгі жылдары қаржы полициясы қылмыстық іс көтеріп, тергеу жүргізіліпті. - Орныңызға кім келді? - Назира Бұлдырықова. - Қайдан? - Ол ҚазМУ-дің студенттер кеңесінің жетекшісі еді, сол кезде онда Бақытжан Жұмағұлов ректор болды. Ал «Жас ұлан» құрылғанда білім министрі Жұмағұлов еді. Сызбасы түсінікті болар? «УАХАБИЛЕР – МҰСЫЛМАН ЕМЕС» - Сіз тәрбие туралы трактаттың авторысыз, сол кезде нешеде болдыңыз: 22-23 жаста ма? - Мен 13 жасымда ғылыми ізденісімді бастап, Семей полигонының зардаптарына арналған «Адамдар тағдырындағы ядролық іздер» тақырыбында алғашқы жобамды қорғадым. Осы жобамен «Еуразия жұлдызында» (балалар мен жастардың халықаралық байқауы – З.Б) жеңіске жеттім. Мен баланы үйде қалай тәрбиелеу керектігі туралы жазбаймын, бұл - ата-ананың шаруасы. Мен патриот, адамгершілігі мол, спортшы, зияткер, шығармашыл жас қазақстандықты қалай тәрбиелеу керектігі туралы жаздым, адам дүниеге осы қасиеттермен келмейді ғой. Ең бастысы, мемлекеттік қолдау болып, белгілі бір алаңдар жасалуы керек... Осының барлығы, дәлірек айтсақ, жастармен жұмыс жасау механизмі, азаматты қалай тәрбиелеу керектігі менің кітабымда жазылған. Бір мысал келтірейік. Барлығымызға белгілі бір іс-шара – «Күзгі балды» алайық. Қазақстанның кез келген мектебіне барыңыз, 20 жыл бұрын сізде де осылай болғанын көресіз. - Тұрақтылық, дәстүрлерді сақтау шығар. - Қазіргі балалар басқа ғой. 21 ғасыр, модернизация. Күштер де, әсер ету шаралары да өзгеше. Жауларымыз осыны пайдаланып жатыр. Осы Атырауда да, Ақтөбеде де діни экстремизм мәселесі бар. Адам санасын жаулау үшін түрлі бейнежазбалар, мәтіндер, жобалар, идеялар таратады. Мемлекетте бұл үшін кім жауап береді? Үлкен ғаламдық оқиғалар болып жатыр, осылармен бірге балалар да күн сайын өзгеріп отырады. Мен осы бірнеше жылда уахабизмнің қандай зұлматтар әкелетінін көрдім, мұның қаншалықты қауіпті екенін адамдар әлі түсінбей жүр. - Шешенстандағы жағдайды айтасыз ба? - Шешенстанда естіген оқиғаларым туралы айтам. Уахабишіл-экстремистер – ақылдан адасқан адамдар, оларға адамның өмірі, мақсаты, жоспары түкке тұрмайды. Оларды бұл мүлдем қызықтырмайды. Бұл адамдардың санасын улайтын жалған миссионерлер. Мысалы, сен кедейсің бе, бай адамдар бар, соларды өлтіріп, байлығын тартып алуың керек. - Дегенмен, құран бір емес пе, олар оны өздерінше тәпсірлей ме? - Иә, бұл - үлкен күнә, Алланың алдына барғанда осының барлығы үшін жауап береді, өйткені, Құранда бәрі анық жазылған, әр сөз өз орнында тұр. - Алайда уахабилер барлығын Алланың атымен жасайды ғой. - Олар өздерін қалай атаса да, олар мұсылман емес. Мұсылмандар ондай болмайды. Бұлар исламның атын жамылушылар. ДАИШ-ті алайық, мен бұларды шәйтан деп есептеймін. Әлемнің бар шәйтаны бір жерге жиналған. «БАСТЫСЫ, ҚАЗІР ШЕШЕНСТАНДА СОҒЫС ЖОҚ» - Шешенстанда уахабизм мәселесі күрделі ме? - Жоқ, оларды түбегейлі жойды. - Күшпен бе? Image 0 - Олармен енді қалай күресуге болады? Алайда тек қана күшпен емес. Бірінші кезекте халықты сауықтырды. Діни қайраткерлерді, ресми діни ұстанымды дамытты, ненің дұрыс, ненің бұрыстығын түсіндіру үшін мешіттерге адамдар жинай бастады. Бұл уақытта халықтың өзі соғыстан шаршаған еді, қалай екенін өз көздерімен көрді. Хаттаб, Басаев сияқты белгісіз жақтан келген жансыздар елді бүлдіріп, адамдардың ажалынан үлкен ақша жасады... Тек бұл елдерді – Қазақстан мен Шешенстанды салыстыруға болмайды, бұл халықтар бір-біріне мүлдем ұқсамайды, тағдырлары да әр түрлі. Бұл уақытқа дейін Шешенстан халқы екі соғысты басынан өткізді. 2001 жылы ел басына Шешен Республикасының алғашқы президенті, Ресей Қаһарманы Ахмат қажы Қадыров (Рамзанның әкесі) келді. Ол тек саясаткер емес, діни қайраткер, мүфти еді. Федералдық күштер де тартылды, ол Ресей президенті Путинмен жақсы қарым-қатынаста болды, ол оның жақын досы еді, олар бір-біріне сенді. Ахмат қажы Қадыров тәртіп орнатуға сөз берді. Расымен де, бүгінгі Шешенстанды үлгі тұтуға болады. Қандай құралдардың қолданылғаны маңызды емес, ең бастысы, бүгін Шешенстанда соғыс жоқ, адамдар толыққанды өмір сүріп жатыр: тіршілігін де жасайды, құдайға да құлшылығы толық, еркін жүріп-тұрады... Қазір оның ұлы Рамзан Қадыров өңірде бейбіт өмір орнатты, бірде-бір шәйтан Грозныйға келіп, бір нәрсе істей алмайды, қорқады. - Бізде уахабизм діни қозғалыс ретінде белсенді дамып жатыр және ең алдымен жастардың санасын улауда. - Жастар оларға ермес үшін ата-аналар балаларының немен шұғылданып жүргендерін білуі керек, телефондарын, уатсаптарын қарап, қадағалауы керек... - Артына түсіп, жазбаларын оқу керек пе? Сенім, жасөспірімнің жеке кеңістікке деген құқығын қайда қоямыз? - Артына түспеңіз. Әрбір ата-ана өз баласын қадағалауы керек, бұл тек солардың ісі. Қазір балалар виртуалдық ойындар ойнағанды ұнатады. Өз ойыныңызды жасауға тырысу керек, баланы қызықтырып, өз бағалау жүйеңізді енгізіп, сыйлықтар ойлап тапқан жөн. Кейде симметриялық жауап та көмектеседі – жасөспірімдер көбіне өзімшіл, менмен, талапшыл болып келеді. Олардың өз қылықтарын өздеріне қайталап, өздерін сырттан көруге мүмкіндік беріп, содан кейін ашық сөйлесу қажет. Баланы дамыту үшін кітап пен кино қаһармандарын үлгі етіп тәрбиелеуге арналған өз бағдарламаңызды жасауға да болады. Бірге оқып, шынайы оқиғаларға құрылған көркем және деректі фильмдер қарап, талқылап, түсіндіру керек. - Сіз осы кеңестеріңізді жоғары оқу орнының әдістемелік құралдарынан аласыз ба? Айтпақшы, сіз педагогика ғылымдары бойынша кандидаттық жұмыс жазып жатыр екенсіз ғой. - Жоқ, бұл менің жеке басымдағы тәжірибе - әкем осылай тәрбиелеген. Әкесі полковник, анасы подполковник болған отбасында өстім. Бізде бәрі нақты бөлініп тұратын: мынау – міндетті, ал мынаны жасағаның абзал.   «КЕЛЕСІ КҮНІ ТАҢДА МАҒАН ТЕЛЕФОН СОҚТЫ» - Оқырмандарды жалықтырып жіберген болармыз, одан да сіз айналасына жағымсыз әсер қалдыратын немесе ешкімге ұқсамайтын осы бір ерекше саясаткердің командасындағы күрт көтерілген мансабыңыз туралы айтыңызшы. Лауазымыңызға әлеуметтік желі арқылы қол жеткізгеніңіз рас па? Рамзан Қадыровтың бетшесіне жазылуыңызға не себеп болды? - Мен оның инстаграммдағы бетшесіне жазылдым. Өйткені, мені оның тұлғасы қызықтырды және мен бала күнімнен шешендердің ортасында өстім, олар маған өз халқының тарихын айтатын, барлығы да отандарына қайтуды армандайтын еді. Бізде адамдардың көпшілігі шетелге кетіп, көп ақша табуды ойлайды, өзімізден басқа жерлер жұмақтай көрінеді. Ал шешендерде басқаша: «ақша тауып, еліме оралып, үй саламын» деген мақсат қояды. - Сіздер әлеуметтік желіде алдымен «дос» болдыңыздар ма, әлде сіз бірден өз сұрақтарыңызды қойдыңыз ба? - Мен Рамзан Ахматұлына бірден «Сіз шешендерді патриоттыққа қалай тәрбиелейсіз?» деген сұрақ қойдым. Ол телефон нөмірімді жіберуді өтінді. Мен жібердім, ол маған телефон соғып, жарты сағаттай әр түрлі тақырыпта әңгімелестік, ол сұрағыма жауап беріп, өз елі туралы айтты. Маған да сұрақтар қойды, содан кейін «біз неге телефонмен сөйлесіп отырмыз, сен маған қонаққа келе аласың, кез келген уақытта күтемін» деді. Мен «бара аламын» дедім, алайда қазақтар сияқты «бір күні келерсің» деген шығар деп ойладым... Таңертең маған телефон соғып: «сізді республика басшысы күтіп отыр, бір аптаға келе аласыз ба, Мәскеуден күтеміз», - деді. Сол жерден мені Шешенстанға жіберді. Кездестік, сөйлестік, әр түрлі тақырыптарды талқыладық. Ол жастар ісі жөніндегі министр мен білім министрін өзіне шақырып, олармен бірге республиканы аралап, көрген-білгендеріммен бөлісуді өтінді. «Кемшіліктерді көбірек қара, жетістіктерді өзім де білемін», - деді. Келгеннен кейін тағы да сөйлесіп, идеялармен бөлістік, осы елге алғаш келген сәтте оған сыйлаған кітабым туралы пікірін айтты. Еліне балалар мен жасөспірімдер ұйымы керек екендігі туралы ойланып жүргенін жеткізді. - Рамзан сізге осы ұйымды ұйымдастыруды ұсынды ма? - Иә, мен сол елде қалып, осы жобаның жетекшісі болдым. Бүгінде бұл үлкен қозғалысқа айналды. Республикалық штабтың өзінде әбден іріктелген 300 үздік оқушы жұмыс жасайды. Күн сайын жаңа идеялар пайда болып, жүздеген іс-шаралар, акциялар өткізіледі... Инстаграммды күнде жаңартып отырамыз. Республика басшысы теледидардан сөйлеп, идеяларын айтады, ал келесі күні барлық мектептерде қолдау шаралары өтеді. Бірнеше айдың ішінде тазалық күндері, сенбіліктер, түрлі саяхаттар, зияткерлік және спорттық олимпиадалар сияқты 600-ден аса іс-шара өтті... Ұйымның қатарында 50 000-нан аса жасөспірім бар. Болашақта мен осы жерде болмасам да, осы балалардың ғылыми қызметкерлер, президент аппаратының білікті мамандары, үздік бизнесмендер болғанын қалаймын... «ШЕШЕНСТАНДА ОТБАСЫ АБЫРОЙЫ ДӘСТҮРІН ҚАТТЫ ҰСТАЙДЫ» - Сізге жалақыны Шешенстан үкіметі, білім беру министрлігі төлей ме, әлде Қадыровтың өзі бере ме? - Маған әкеліп береді. - Көп пе? - Өзім ризамын. Көп ақша табу мақсатым емес, бұл – тек жетістікке жету құралы. Жеткілікті. Мен өзім жақсы көретін, қолымнан келетін іспен айналысып жатырмын. - Сіз қайда тұрасыз? - Пәтерде. - Сізге жалдап беріп отыр ма? - Жоқ, оны маған ол (Рамзан Қадыров) сыйға тартты. Қаланың ортасында, зәулім үйде, үлкен – 100 шаршы метрдің үстінде. - Көлік бар ма? - Иә, қызметтік. - Жеке көлік сыйлаған жоқ па? - Неге керек, қызметтік көлігім бар. Мен қымбат сыйлық қабылдай алмаймын, тәрбием сондай. - Бүгінде Шешенстан қалай, Грозный қалпына келтірілді ме, қауіпсіз бе? - Бәрі қалпына келтірілді: әр ауылда, әр қалада, тіпті, таулы аудандардағы үйлерге жолдар, жарық, су, газ қайта тартылды. Толықтай қауіпсіз, сізді қарсы алады, қазақтарға ықыластары ерекше - әр шешен отбасының Қазақстанмен байланысты тарихы бар. Өте жылы, жақын қарым-қатынас. - Экономика қалай дамып жатыр? Шешенстанға Мәскеуден үлкен қаржы құйылып жатыр деген әңгімелер бар. - Бұл жалған, аңыз әңгіме, белгілі бір федералдық көмек бар, алайда басқа өңірлерден аз да емес, көп те емес, бірдей бөлінеді. Бұл елдің өз өндірісі, бизнесі бар, орта және шағын бизнеске, ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына үлкен көңіл бөлінеді, сүт және қалбыр зауыттары бар... Шикізат өндіру бар. - Шешенстанда заңнамалар ішінара қолданылатын өте бай адамдардың есірген балалары бар ма? - Жоқ, бұл елде өте бай да, өте кедей де адамдар бар, алайда отбасылық абырой дәстүрі қатты қалыптасқан. Мысалы, егер бала бір нәрсе бүлдірсе, бұл туралы әлеуметтік желіден басқалар, бірінші кезекте президент естісе, бүкіл отбасы масқара болады, ал бұл – ең сорақы нәрсе. Сондай-ақ, арақ ішілмейді, заң бойынша алкогольдік ішімдіктерді таңғы 8-ден 10-ға дейін сатуға болады, алайда елге арақ әкелінбейді. Неге екенін білмедім, сұраныс жоқ шығар. Қорқор да жоқ. - Ғаламторда қыз алып қашқан немесе ресейлік заңнамаларға қайшы келетін өте жас қызға үйлену тойларына байланысты дау-жанжалдар жиі шығып жатады. - Жиі емес қой. Өткен жылы бір рет болды. Алып қашу жоқ – миллион рубль айыппұл төлейді. Егер қалыңдық еркінен тыс алып кетті деп шағымданса... - Ал олар шағымдана ма? - Неге шағымданбасқа, бұл демократиялық қоғам. - Ал, егер әкесінің шешімі болса... - Онда тұрған не бар, әкесі жамандық ойламайтын шығар. - Қыз қаламайды, жасы 17-де. - Онда тұрған не бар, жігіт 47 жаста, дер шағы, АІІБ бастығы, несі бар? Сіздер шешендердің салт-дәстүрлерін түсінулеріңіз керек, бейнежазбада қыз жерге қарап тұр, бұл елде әйел адамға қуанышын көрсетуге болмайды, ұят болады. Қалыңдық өз тойында селкілдеп билеп жүретін біздің тойлардай деп ойлайсыз ба? Мен мұндайға қарай алмаймын, қалыңдық жігіттен бетер қуанып жүр! - Шешенстанда көп әйел алуға рұқсат берілген бе? - Тағы айтамын, бұл әр адамның жеке ісі. Әркім әр түрлі. Жасырын көңілдес әйелге барған дұрыс па?! Ал Шешенстанда, мысалы, балалар үйі ешқашан болған емес. Мен өзімнің жеке пікірімді айтсам, Алла тағала бізге 4 рет үйленуге рұқсат берді. Үйленген жақсы ғой, алайда барлық әйеліңе тең қарауың керек. Жәй ғана үйлене салсаң, құдайдың жазасы дайын ғой. - Рамзан Қадыровтың неше әйелі бар? - Оның Медни Қадырова деген әйелі бар, 9 баланың анасы, қалған сұрақтарға мен жауап бере алмаймын. - Белгілі журналист Тина Канделаки де оның кеңесшісі және медиаға қатысты кеңестер береді деген сөз рас па? - Жоқ, олар тек дос адамдар. Әлеуметтік желілердегі барлық аккаунттарды өзі жүргізеді, ешкім ол үшін ештеңе жазбайды. - Үлкен бизнесмен, ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың күйеу баласы Кеңес Рақышевтың Рамзан Қадыровпен жақсы таныс екені белгілі. Кейбір адамдар сізді соның ағайыны деп жатады. - Мен оны танимын және бізді Рамзан Ахматұлы таныстырды. Кеңес Рақышев көптен бері Қадыровтың досы және бауыры. Ал, Рамзан Ахматұлының бауырлары – менің бауырларым. Қалғандарының барлығы – жалған ақпарат. «РАМЗАН ӨТЕ ТАҚУА АДАМ» - Қызметіңізге не кіреді, күніңізді қалай өткізесіз? - Жұрттың бәрімен бірдей, ұйқыдан тұрамын, мектептерді аралаймын, қараймын. - Кімге бағынасыз, тікелей жұмыс берушіңіз Шешен республикасының басшысы ма? Егер көңіліңізге бір нәрсе ұнамаса, тікелей соған барасыз ба? - Неге, менің әкімшілік ресурстарым бар ғой. Мен жергілікті орындарға тапсырма беремін. Рамзан Ахметұлымен қарым-қатынасымыз «жұмыс беруші-қызметкер» ретінде емес. Мен оның кіші інісімін, мен оған көп қарыздармын, сондықтан маған сеніп тапсырған істерін тыңғылықты орындауға міндеттімін. Оның өзінің күн тәртібі бар, қолы көп босай бермейді, алайда шұғыл мәселелер болса, кез келген уақытта резиденциясына, үкімет үйіне, үйіне бара беруіме болады... біз кемінде аптасына бір рет кездесеміз, алайда бұл көбіне жеке әңгімелер. Егер мен оны үнемі мазалай берсем, мені осы орынға тағайындаудың қажеті не еді? Теледидардан бір шенеуніктің президентке: «Нұрсұлтан Әбішұлы, өз сөзіңізді айтыңыз, мен бәрін жасаймын», - дегеніне қараудың өзі күлкілі болды. Кешіріңіз, сізді тағайындау арқылы ол өз сөзін айтты ғой. Ұйықтап жатырсың ба, ауырып, шаршадың ба – маңызды емес. Сол шахтың, падишахтың, ханның, президенттің тапсырмасын орындаудан ажал ғана тоқтата алады... жаратқан иеміз айтқандай: басшыңның бар болуы - бұл Алланың қалауы, біз оған бағынуымыз керек. - Қадыров ұйымдастырушы ретінде қандай адам? - Діндар, нақты істерді сүйеді, мәселені кейінге қалдырмай, сол бойда шешеді. - Ютубтағы бейнежазбадағыдай оның Қадыровтың атына сыни пікір айтқан әйелдің күйеуіне отбасыңа «қарамайсың» деп ұрысқаны сияқты ма? - А, ана оқиға ма? Мен мұндай ұсақ-түйекке мән бермеймін, нақты есімде жоқ, алайда бұл әйелдің өткен жылы газ тартып беру туралы өтініш жазып, Рамзанның тапсырмасымен үйіне газ тартылғандығын білемін. Алайда әйел де, оның күйеуі де жұмыс жасайды екен. Кейін бұл әйелдің тағы көңілі бұзылып: «неге ол спортшылар мен әншілерге көлік сыйлайды, одан да коммуналдық шығындарды төлесе қайтеді» деп мәлімдеді. Оның жағып отырған газының ақшасын өңір басшысы неге төлеуі керек?! Ал, сыйлық алған адамдар халықаралық аренада ел намысын қорғайды. Осындай сыйлықтарды Қазақстанда да береді емес пе? Риза емес адамдар қашан да болады, жұрттың бәрі бақытты бола алмайды ғой, асханалық оппозиция барлық жерде бар. - Қадыров сын-пікірлерге қалай қарайды? - Қалыпты. - Яғни, егер бір нәрсе айтқыңыз келсе, бетіне тікелей айта аласыз ба? - Ол менің ағам ғой, ол менен үлкен. Мен оны үлгі тұтамын, мен оған адал қызмет етемін. Ол менің алғашқы ұстазым, мен сөйлеу, өзімді ұстау мәнеріне дейін содан үйрендім. Ол мені табысты болуға, істі қалай жүргізу керектігін, адамдармен қалай сөйлесу керектігін, басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас жасауды үйретті. - Ата-анаңыз сізді одан қызғанбай ма? - Жоқ, анам, тіпті, «мен сені Рамзан үшін туғандаймын» деген, - деп жымиды Аян бірінші рет. Ол өз болашағын жаратқанға тапсырыпты: «Бәрі бір Алланың қолында!». - Сіз фаталиссіз бе? - Мен діндар адаммын, - дейді Аян. Алайда бір жылдан кейін өзін қайдан көруге болады деген менің сұрағыма былай деп жауап берді: - Бұл сұрақты маған емес, Рамзан Ахматұлына қойғаныңыз дұрыс болар. Әңгімелескен Зульфия БАЙНЕКЕЕВА "Ақ Жайық" газеті