Жыр жампозы Ілияс

808728_352362275_______________________________ Ілиястың әкесі Жансүгір ауыл арасында айрықша зерек­тігімен көзге түскен жан екен. Негізінен, ұсталықпен айналысыпты. Маңайдағылар мал мен үй шаруашылығына қажетті бұйымдарды, таға, ер-тұрман әбзелдерін түгелдей дерлік осы Жәкеңе жасатады. Осы өнерінің арқасында азын-аулақ мал жинап, бірте-бірте орта шаруаға айналған. Кеңес өкіметіне дейінгі кезеңде өз заманына лайық орта шаруасы бар Жансүгір үш әйелін – бәйбішесі мен екі тоқалын да шамасынша қалыңмал төлеп үйленген көрінеді. Бәйбішесінен Ілияс туған. Қалған әйелдерінен де перзент сүйген. Ілияс анасынан тоғыз жасында айырылады. Сол тұста арабша хат танитын сауатты адам ретінде Шығыс ақындарының өлеңдерін жақсы білген Жансүгір Ілиястың ақындық дарынын ерте танып-біліп, дарынды ұлдың қалам ұштауына тікелей ықпал етеді... Ілияс Жансүгіровтің Фатима есімді екі әйелі болған. Алғашқы қосағы – әнші Фатима Төребаева. Екін­ші жары – өзінің досы Біләл Сү­леевтің бұрыңғы әйелі Фатима Ғабитова. Ілиястың тұңғыш ұлы – Саят Фатима Төребаевадан туған. Ілекең Алматы қаласындағы Төлебаев көшесінің бойынан шағын үй сатып алып, бірінші қосағы екеуі ұл-қыздары Саят пен Сайра бар, сонда тұрыпты. Жансүгір алғашқы келінін өте жақсы көреді. Сол кездегі жұмысшы мектебін бітірген Фатима жанға жайлы даусымен ән салғанда көпшілік сүйсіне қол соғады екен. Сол кездегі замандастарының ай­туын­ша, Жәкең «өте әдепті, өнерлі адам» деп көркіне дарыны сай келінін аса жоғары баға­лай­ды. Кейіннен ұлы Фатимамен ажырасқан соң Жансүгір ақса­қал ауы­лына кетеді де, қанша шақыр­ғанына қарамастан, басқа отбасын құрған ұлының үйіне қайта оралмайды... *** Бұл күндері жасы ұлғайған Саят Жансүгіровтің атақты әке шығармашылығына мүлде жаңаша қарауға тырысатынын байқаймыз. – Біз әлі күнге дейін «Ілиястану» деген зерттеулік, ғылыми тақырыптың шетін ғана білеміз, – дейді Сәкең. – Ілияс туралы мұрағатта жатқан дүниелер көп. Мен өзім Қазақстан Республикалық мұрағаттарын ақтарып жүріп бір қолжазба таптым. Онда Ілиясты зерттеуші замандасым: «Бұл қоймада Ілияс ағамыздың көптеген «балалары» жылап, бізді жарыққа шығарыңдар дегендей жүрегіңді ауыртады» деп жазыпты. Расында, әкемнің өмірінде көпшілік зерттеушілер біле бермейтін қараңғы тұстары, әлі ашылмаған жаңа парақтары бар... Әлбетте, туған әкенің жан сырын төл перзентінен артық сезіну қиын. Сондықтан, біз де Ілекең ғұ­мырының көпшілікке беймәлім қыр­ларынан сыр тартып, Саят ағадан: – Ілияс әкеміздің де бірнеше мәрте үйленгенінен хабардармыз. Сіздің ойыңызша, о кісі қай әйелін көбірек жақсы көрді екен? – деп сұрап қалдық. – Шынымды айтайын, әкем төрт әйелінің қайсысын көбірек жақсы көрді, кімді жан-тәнімен сүйді, ол жағын білмейді екем. Мүмкін, ата-аналарының қарсылы­ғымен еріксіз айырылысып кеткен, шағын ауылдағы ең сүйкімді қыз, алғашқы бала махаббаты Жәмішті, ес біліп, ержете келе жүрек қалауы­мен қосылған, Ілиястың өзі жазған пьесаның басты рольдерін шағын ауыл сахнасында орындап жүріп, бір-біріне ессіз ғашық болып қал­ған, кейіннен қатал тағдыр қоспай, баласын босана алмай дү­ниеден өткен Аманшаны, табиғи әсем даусымен баураған әнші қыз Фатима Төребаеваны немесе досы Біләл Сүлеевтің жан жары, қылықты Фатима Ғабитова сияқты кербез қыз-келіншектің бәрін де кезінде жан-жүрегімен ұнатқан болар. Жалпы, менің осы ойыма Азат Сүлеев (Біләл Сүлеевтің ұлы) те қосылатын. Сонда бір-бірімізге әзілдеп: «Біз де әкеміз сияқты аналарымыздың бәрін жақсы көреміз...» дейтінбіз. Шындық осында шығар, расында, перзенті болған соң әкемізді де, анамызды да жанымыздай жақсы көретініміз ақиқат. Әкем әйелдері мен балалары түгіл, барлық қазақ елін сүйген, сол жолда жанын құрбан етуге даяр болған адам еді. – Асыл әке бейнесі жү­регіңізде дүркін-дүркін жаңғы­рығып тұратын шығар? – Иә, әкеммен бір кездескенім әлі күнге дейін есімде. 1934-35 жылдары біз шешем екеуміз әкейдің шақыруымен Оңтүстіктен (Түркістан, Келес, Сарыағаштан) Алматыға келдік. Әкем мені көргенде көңілі тасып: «Балам, балапаным!» деп, айналып-толғанып, қос қолымен құшақтап алып, көкке көтерді. Менің атымды Саят деп әкем қойыпты. Өзі саятқа шығып, аң қағуға құмар адам көрінеді. Кейін осы есім көп қойылатын болды. Бір сүйінерлігі, анам екеуі айырылысып кеткенімен, кездескен шақтарда сағынысқан жандардай жылы сөйлесетін. Бірақ бұлар неге ажырасты, мен үшін әлі жұмбақ... – Ілекеңмен бұдан кейін кездеспедіңіздер ме?.. – Кездесіп тұрдық қой. Тіпті, әкеммен жиі жолығып жүрдік десем де артық емес. Анамның дауысы, расында да, өте жақсы еді. Сол кездегі Қазақ мемлекеттік филармониясында әншілік қызмет атқарды. Шешемді іздеп жұмыстарына барғанда, белгілі әншілер Күләш Байсейітова, Жамал Омарова сынды әріптестерін көргенімді де ұмытпаппын. Сәл кейінірек Ибади Тәуекелов деген артиске күйеуге шықты. Бірақ оны да сол кездегі НКВД ұстап, халық жауы ретінде «келмес алыс сапарға» аттандырған. Қазір, кейде әке-шешемді ойлап, өмірлерінің қиын, өте аянышты жағдайда өткеніне өкінемін. Тіпті, қамығып жылаймын да. Бірақ, олардың өзіме, менің ұрпақтарыма жарқын өмір сыйлағандарын ойлап, сабырға келемін. Іштей рахметімді айтамын. – Әке тұлғасы көзіңізге қандай кейіпте елестейді? – Әкем зор тұлғалы, балуан денелі кісі болатын. Қонақтар келгенде отбасындағы кішігірім отырыстарда домбыра тартып, жанға жайлы қоңыр даусымен ән тербейтін. Қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы адам-ды. Қазір «халық әні» аталып жүрген жекелеген ән мәтіндерін де, әуенін де өзі шығарған. Осыларды нақышына келтіріп орындағанда барша жұрт сілтідей тынып, құдіретті ән кімді де болсын баурап алатын. – Сонда о кісінің сазгерлік те өнері болғаны ғой?.. – Қалың жұрт әкемнің ақындық өнерін білгенмен, сазгерлік, әншілік, күйшілік өнерін біле бермейді. Бала күнімде «Шилі өзен, қамыс-ай, бізді ойлай жүр, таныс-ай!» деп қоңыр даусымен ән тебіренткенінде бала болсам да сүйсіне тыңдайтынмын. Әйтеуір, «Байтал түгіл – бас қайғы» заманда әкемнің тек ақындық өнермен ғана емес, сазгерлікпен де айналысқанына таңғалам. Тегі, бұ кісі барлық жағынан да аса дарынды адам екен... – Атаңыз, Жансүгір ақсақал есіңізде ме? – Осы Алматыда әке-шешем, қарындасым және атам бәріміз бірге тұрғанбыз. Үлкен әкем көбіне үйде қалып, бізге бас-көз болатын. Жәкең ұсталық өнерін жоғары бағалаған кісі. Мені кеудесіне қысып, шапанына орап алып, үй маңайында серуендеп жүріп, далада шашылған тағаларды жинап, таяғына іліп алып, қораға кіріп келеді екен. Сонда Ілияс әкесіне жаны ашып: «Көке, не баланы, не тағаны жерге қойып қойсаңызшы» дегенде атам бірден суырып салып: «Мені ешбір қинамайды басқадай мұң, баланы да, тағаны да тастамаймын» деп тақпақтай жауап беріпті. Сонда әкем: «Пәлі! Сөз тапқанға қолқа жоқ, сіздікі дұрыс, көке!» деп күліп жіберіпті. – «Ата-анамның ажырасу сыры әлі күнге дейін жұмбақ» деп қалдыңыз. Дегенмен, істің кейбір себептерінен хабардар шығарсыз? – Әкем ол кезде Қазақ КСР Жазушылар одағының төрағасы болып жұмыс істейді екен. Күні бойы жұмыста, жиі-жиі қызмет бабымен іссапарға барады. Сондай уақыттары анам Фатимаға досы Біләл Сүлеевтің әйелі Фатима Ғабитоваға ғашық болып қалғанын айтып, жан сырын ашып ақылдасып, сөйлеседі. Басқа әйелдер болса айлакерлігімен алдап-арбап, күйеуін басқа әйелге жібермеуге тырысар еді, ал табиғатында тура мінезді шешем сол мінезіне басып: «Жолыңа бөгет болмайын, қайтейін, тағдырдың басқа салғанына көнермін» деп, сабырлы мінез танытып, күйеуін киім-кешегін жиып, басқа әйелге шығарып салады... – Анаңыз бен Ілекеңнің жас айырмашылықтары қаншалықты еді? – Әкем 1894 жылы туған, анам 1912 жылғы... Есептей беріңіз... Демек, шешем әкемнен он сегіз жастай кіші. Мүмкін, сол жастығынан да да әкемнің айтқанына көне берген шығар. Міне, мен осылайша тағдыр талқысымен әкемнен сегіз жасымда тірідей айырылған екем. – Анаңыз Фатима ертерек қайтыс болды деп естиміз... – Иә, о кісі «Социалистік Қазақстан» газетінде корректор болып жұмыс істеп жүргенде «Ұлы Сталин» деген сөз «Улы Сталин» болып, қате жазылып кетіп, НКВД-ның қудалауына түседі. «Қасақана істедің» деп пәле салған ғой. Содан айықпас дертке шалдығып, өкпе ауруының ашық түрінен жастай көз жұмады. Анамды қазіргі Райымбек даңғылының бойына жерлеген. Кеңес үкіметі тұсында анамның зиратын да басқа молалармен бірге тып-типыл тегістеп, үстінен автостанция салып тастады. Сондықтан, аяулы анамның басына барып, гүл шоғын қойып, еске де түсіре алмадым. Зиратының үстімен ерсілі-қарсылы машиналар ағылып жатса қайтіп тәу етерсің! Міне, қазақтың беткеұстар қаймақтарын халық жауы деп көзін жойғанымен қоймай, атеистік көзқарас кесірінен өлі аруақтарды қадірлеуге жарамады. – Сіз де тағдыр тауқыметін ерте көрген екенсіз-ау, аға. – Сол кездегі сыңарезу саясат ата-анадан тым ерте айырып, жетімдік тақсыретін көп тарттым. Бірақ, бағыма қарай, жақсы адамдар жолығып, менің жоғары білім алып, халқыма қызмет жасауыма мүмкіндік туды. Орта мектептің соңғы сыныптарында оқып жүргенімде шешемнің жиені, ағайынымыз Тұрғыт Османұлы талантты композитор Нұрғиса Тілендиев басқаратын «Отырар сазы» ұлттық аспаптар оркестріне жұмысқа орналастырған болатын. Сабақтан шыға сала оркестрге барып, жұмыс істеп жүрдім. Бірде сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне сөзжұмбақ ұйымдастырып, соңында «Саят Ілиясұлы Жансүгіров» деген аты-жөнім жарияланған болатын. Соны көріп: «Ойбай-ау, Ілияс ағамның артынан ерген асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Саятым тірі екенсің ғой!» деп әкемнің жиені Болат Тәшенов ағам (ол кісі Дінмұхамед Қонаевпен бірге оқыған) мені бас салып қапсыра құшақтап, шашымнан аялай сипап, бетімнен сүйді. «Кезінде Ілияс ағам бізге қамқор болып, оқытып еді, сол жақсылығын қайтарып, мен сені Мәскеудегі Түсті металлдар және алтын институтына оқуға жіберейін. Бірақ, әкең туралы ештеме айтушы болма, халық жауының баласы деп есіңді шығарар» деп ақылын айтты. Сөйтіп, мен Мәскеудегі Түсті металлдар және алтын институтын бітіріп, жоғары білімді тау-кен инженері болып оралып, еңбек жолымды бастадым. Ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шықтым. Қазір мұражайдағы әкемнің өлең, поэмаларын орыс тіліне тәржімалап, перзенттік парызымды өтеп, еңбек етудемін. *** Ақынның аққан жұлдыздай қысқа өмірінде ұланғайыр мұра қалдырып үлгергеніне еріксіз қайран қаласыз. Өйткені, ақын туған елін, туған жерін шексіз сүйетін, бар ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған, бірақ сол кездегі сұрқай саясат кесірінен мезгілінен бұрын көз жұмып, қайран ақынның аз ғана ғұмырында артында қалдырған шығармалары оқырман жүрегіне жетіп, қазақ әдебиеті тарихында биік тұғырға көтерілгені – бақытымыз. Оның «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Күй», «Күйші», Құлагер», «Көбік шашқан», «Исатай» поэмалары мен өлеңдері өзіндік нақышымен оқушысын баурап алатын бірегей туындылар екені анық. Әсіресе, «Құлагер» поэмасы қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған ерекше шығарма.

Бақыт МЕРЕКЕНОВА, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі