ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ӘЛЕГІ

bek-air Ішкі тасымалмен айналысатын әуе компаниялары IOSA сертификатына қарсы шығып отыр. Азаматтық авиация комитеті мен отандық әуе тасымалдаушылар арасынан тағы да ала мысық жүгіріп өтті. Оған комитет 2016 жылдың бірінші қаңтарынан әуе тасымалдаушыларға IOSA халықаралық сертификатын міндеттеп, оны алып үлгермеген тасымалдаушыларды «қара тізімге» тіркеуі себеп болды. «Бек Эйр» әуе компаниясы қазір тек ішкі тасымалмен айналысады. Компания басшылығының сөзінше, бұл қызмет түрі үшін аталмыш рұқсаттың қажеті шамалы. «Ал егерде жаңа талапты міндетті түрде енгізу қажет болса, тәртіп бәріне бірдей болуы тиіс», – дейді компания директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов. Азаматтық авиация комитетінің «қара тізіміне» «Бек Эйрмен» қатар «Жезқазған Эйр» және «Жетісу» әуе компаниясы да енді. Инвестициялар және даму министрлігі таратқан мәлімдемеде аталмыш тасымалдаушылар тиісті сертификатты алмаған күнде олардың қызметін басқа әуе компаниялары жүзеге асырады делінген. «Жетісу» әуе компаниясының президенті Қалтай Дөнсебаевтың айтуынша, IOSA – қоғамдық ұйым және ол барлық мемлекеттерде бірдей жүрмейді. ИКАО халықаралық авиациялық ұйымы аталмыш сертификатты тек ұсыныс ретінде берсе, біздің азаматтық авиация комитеті оны шарт ретінде қабылдап отыр. Соған қарағанда ірі компаниялардың мүддесін қорғау басымырақ жатқан секілді.

Зейнолла АБАЖАНОВ

"Қазақ үні" газеті