АЛМАТЫДАҒЫ ФУРМАНОВ КӨШЕСІН ӨЗГЕРТУ ҰСЫНЫЛДЫ

B991310D-EC75-4375-8273-7BD3B0152282_mw1024_n_s

Алматы қаласында 2 мыңға жуық көше бар. Көбісі бұрын кеңестік саясатқа байланысты түрліше аталды. Тәуелсіздік алғаннан кейін жоғымызды түгендеп, жыртығымызды жамай бастаған тұста көше атауларын қазақшаландыру ісі қолға алынды. ҚР Президентінің 2011 және 2012 жылдардағы Жарлығына сәйкес, Алматы облысынан қала аумағына қосылған елді-мекендерде атауы жоқ 100-ден астам көше пайда болды. Ал Тәуелсіздік жылдары қала аумағында 158 көшенің аты өзгертіліп, 458 көшеге жаңадан атау берілді.

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Алматы қаласы әкімдігінің 2013 жылғы 30 мамырдағы «Алматы қаласының ономастика комиссиясы» қаулысы бекітілді.

«Алматы қаласының көшелері» анықтамалығында көше атаулары әліпбилік қатарға негізделіп жасалды. Жеке тұлғалардың аты-жөні толық жазылды. Қазақ тарихында маңызды орын алатын хан, би, батыр, шешендердің есімдері, геонимдердің ескі атаулары тарихи мәліметтер арқылы көрсетілді. Көше атауларының тарихы құжаттар арқылы беріліп, қалаға жергілікті атқарушы органдардың қандай негізде шешім шығарып, атау берілгені сараланды.

Осылайша қаламыздың кейпі қазақтікіне ұқсап, өз отанымызда жүргенімізді сезіне бастадық. Десек те әтеген-ай дейтін дүниелер де жоқ емес.

bJYd4U4q2aLj45g6B5U5cjlsRf5ufR

Мәселеге тура көшсек. Алматыда атауы өзгермеген көшенінің бірі һәм бірегейі – Фурманов көшесі. Халық арасында бұл көшенің атауы неге өзгермегенін әлі күнге түсіне алмай жүргендер көп. Ленин атамыздан бастап, Виноградов, Калинин секілді көшелер қазақшаланғанда бұ көшенің көзге ілінбегені қалай? Ресми деректерге сүйенсек, бұл көшеге орыс жазушысы, Чапаевтың 25-атқыштар дивизиясының комиссары Дмитрий Андреевич Фурмановтың есімі 1956 жылы берілген екен. Арада тура алпыс жыл өтсе де, өңін өзгертпейтін не қылған мықтылық деп таң қаласың.

Орталықтағы көрікті көшенің «Елбасыға сақталып отырғаны» туралы сыбыс көп. 2011 жылы Маса.кз сайтында өзін тәуелсіз журналист деп көрсеткен Қуандық Ешімет есімді азамат Алматы қаласындағы Фурманов көшесінің атауын Назарбаев деп өзгерту туралы үндеу жариялады.

Осы көшенің атын өзгерту жөнінде баспасөз бетінде бірнеше рет көтерілген бастамаға орай, 2012 жылдың маусым айында қала әкімі Ахметжан Есімов «Фурманов көшесінің аты өзгертілмейтінін» айтты.

Бұл мәселеге қатысты қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов: «Фурманов көшесінің атауы болашақта өзгертіледі. Мемлекет басшысы көшені өз атымен атауға рұқсат бермеді. Ұсыныс болды, бірақ ол бізге тыйым салды. Екінші жағынан, бейтарап түрде – Тұңғыш Президент көшесі деуге болады, алайда біз одан да тартынып отырмыз», — деген болатын (2012 жыл).

Қоғам белсенділері Фурманов көшесінің атын өзгерту туралы әртүрлі ұсыныс жасады. Мәселен, 2014 жылы «Ақ жол» ҚДП төрағасының кеңесшісі Мақсат Жақау: «Алматы қаласының орталығындағы өзгермейтін аты-шулы үкіметтік жол – Фурманов көшесінің атына – «Алашорда» атауын беру керек.  Өйткені барлық елдердің басшылары жүретін президенттік даңғылды осылай атасақ, абыройымыз асып-тасымамай ма? Барынша тарихи-маңызы жойылған “Путь к большевизму” кітабының авторы, революционер Фурманов Дмитрий Андреевичті осы қазақ соншама несіне кұрметтейді? Оның қасында тәуелсіз ұлттың жасампаз жолына ұмтылған «Алашорда» феномені өшпес жаңғыру мұрасы емес пе?! Сол себепті де принциптік тұрғыда тоғыз жолдың торабындағы, қаржы һәм мәдени орталық Алматының қақ ортасында «Алашорда» даңғылы болуы шарт», — деді.

«Жас Алаш» газеті болса Алматыдағы ең үлкен көшелердің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының атымен өзгертілуі керек деген бастама көтерді. «Кезінде Алматы «коммунистерден» арылтып, қала көшелеріне қазақтың батыр ұлдарының, би-шешендерінің атын беру жолында үлкен қызмет атқарған Заманбек Нұрқаділовке Достық даңғылын бергеніміз әділдік болады. Қаладағы аты өзгермей қалған жалғыз көше – Фурманов. Бұл көше «Алтынбек Сәрсенбайұлы көшесі деп атауға әбден алайық», — дейді «Сәрсенбайұлы кім, Фурманов кім?» атты мақалада.

Танымал айтыскер Бауыржан Халиолла да бір айтыста:

«Тағы айтамын осы көше хақында, Қақпақ болу қиын енді ақынға! Жоқ, ол көше болу керек меніңше, Заманбек пен Алтынбектің атында!» деп жырлаған еді.

2015 жылы белгілі жазушы Герольд Бельгер дүние салғаннан кейін, Facebook қолданушысы Damir Almerekov оның есімін Алматыдағы Фурманов көшесіне беру жайлы ұсыныс айтты. Алайда желі қолданушыларының арасында көшені Бельгердің атымен аталатынына күмәнданушылардың қатары көп болды.

Қалай десек те Фурманов көшесін өзгертетін кез келген секілді. Биыл — Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы. Алашорда көсемінің мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өту туралы шешім қабылданғаны баршаға аян. Олай болса, Фурманов көшесін Әлихан атымен алмастыруға орайлы сәт туындап тұрған секілді. Ә. Н. Бөкейхан – ХХ ғасыр басындағы даңқты мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы, идеологы, саяси көсемі, Қазақтың автономиялық Алаш мемлекетін құрушы, оның басшысы әрі премьер-министрі. Қай жағынан алып қарсақ та бәріміз үшін бұл көшенің қазақшаланғаны керек.

Айта кетсек, Фурманов көшесі Жетісу, Алмалы, Бостандық аудандарында орналасқан. Райымбек даңғылынан басталып, Таулы қыраттағы Қажымұқан көшесіне дейін созылып жатыр. Төле би, Тимирязев Мәметов, Молдағұлов, Мақатаев, Қазыбек би, Бөгенбай батыр, Жамбыл, Шевченко, Құрманғазы, Сәтбаев атындағы көшелермен қиылысады. Бұрынғы атауы — Лепсі (Лепсинская) көшесі. Көшенің ұзындығы — 6050 метр. Көше бойында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғимараты, Алматы қаласы Әкімдігі, «Универсам», «Алтын» «Гаухар», «Мұхит», «Рамстор» сауда орталықтары орналасқан.

qazaquni.kz