Жыл бойы жан-жүрегімізден өткіздік...

Міне, тағы бір күнтізбелік жылды да аяқтадық. 2015 жылдың Қазақ елі үшін жеміссіз болмағаны анық. Елдің ең басты жеңісі – биылғы сәуірде ҚР Президенті кезектен тыс сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаушылардың 97,75 пайызы қолдап дауыс бергені болар. Иә, бұқаралық ақпарат құралдары айдай әлемге жар салып жазғанындай, бұл жолы Қазақ елі мәңгілік елдікке бастайтын даму жолы үшін дауыс берді. наз Сондай-ақ, биыл Елбасы «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарын жасады. Бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. Жоспардың негізгі мақсаты – «Аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды. Жыл соңындағы басты оқиға­ның бірі – Қазақстан Республика­сының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Әлем елдерін жайлаған дағдарыс кезеңінде бұл жолдаудың мәні де, маңызы да айрықша болды. Яғни, елді адастырмай, түзу жолмен жүруге бағыттайтын нақты қадам деп танылды. Қой жылы, сондай-ақ, Қазақ халқы үшін тарихи мерекелердің барынша мән-маңызымен әрі сән-салтанатымен тойлануымен айшықталды. Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығының өте жоғары дәрежеде аталып өтілуі ел есінде ерекше сақталары сөзсіз. Бұған да қоса, 2015 жылы 27-қыр­күйекте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қазақ тілінде баяндама жасағаны тарихи оқиға ретінде бағаланғаны анық. Осы күні қазақ тілінің әлемге танылуы Елбасымыздың ерен ерлігі екенін айтуға тиіспіз. айдынЕлді елеңдеткен дүбірлі оқиғаның бірі – 2015 жылы қыркүйектің 2-і күні Байқоңыр ғарыш айлағынан Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М» кемесімен Халықаралық Ғарыш Стансасына сапар шекті. Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Айдын Ақанұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді... Елдің рухани өмірінде орын алған мәдени, әдеби шаралардың да бірқатары шырқау биіктерден көрінгендігі даусыз. Мысалы «Ақ жол» демократиялық партиясы ұйымдастырған Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ел мен Ер» атты халықаралық жыр мүшәйрасы ұлттық рухты асқақтатты. мушайра Аталмыш жиын барысында «Ақ жол» партиясының арнайы «Қазақ хандығына 550 жыл» медалімен жазушы-драматург, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков, ақын, Тәуелсіз «Тарлан-Платина» сыйлығы лауреаты Исраил Сапарбай, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы, ғалым, Ұлттық Ғылым академиясы академигі Өмірзақ Айтбайұлы бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері марапатталды. Марапатталушылар арасынан өз әріптестеріміздің көрінуі де мерейімізді асырғанын жасырмаймыз. Бір өкініштісі, төрткүл дүниені шарпыған қаржылық дағдарыстар бізді де бірталай абдыратты-ау. 2015 жылдың тамыз айында 188 теңгеден сатылған 1 АҚШ доллары қазіргі таңда 326 теңгеден асып жығылуда. Сөйтіп, Қазақстан қор биржасында күрделі өзгеріс орын алды. Осылайша еркіндік алған төл теңгеміздің «еңсесі» түсті. доллар_тенге Биылғы жылы Ұлттық банк басшылы­ғынан Қайрат Келімбетов кетіп, оның орнына Данияр Ақышев тағайындалды. Қара­ша халық Ақышев келгенде қандай да бір оң өзгерістер бастала ма деп дәмеленгені де өтірік емес. Бірақ бұл үміт ақталмады. Теңгенің еркін айналымға жіберілуі өз кезегінде азық-түлік ба­ғасының біршама қымбаттауына әкелді. Дегенмен, қарап отырсақ, небір тағдыр теперішін көріп, «мың өліп, мың тірілген» қазақты мұңайтқан тұрмыс қиыншылығы да емес, бірақатар аяулы ұл-қыздарынан айырылуы секілді. Өмір ауаны бір арнада тұрмасы анық. Дүние – керуен деген де сол шығар... Сексен бір жасында жүрек талмасынан қайтыс болған Герольд Бельгер қазаққа тумаса да туғаннан артық еңбек сіңірген азаматтарымыздың бірі еді. Иә, дарынды жазушы, көрнекті көсемсөзші, аудармашы, эссеші Герольд Карлұлы қазақ, неміс, орыс тілдерінде алпыс кітап жазған, дарынды қаламгер еді. Ол қазақ халқының ұлттық ерекшелігін насихаттап, ұлттық мүддесін қорғап жүруімен «ең соңғы қазақ» атанған ардақтымыз болатын. Сонымен бірге, биыл қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ару қызы, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының лауреаты, Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын, сазгер, әнші Тұрсынай Оразбаева және алмас қылыштай жарқылдап жүретін қоғам қайраткері, қаламы ұшқыр журналист, дарынды жазушы Дидахмет Әшімханұлы дүниеден өтті. Биыл сексен тоғыз жасқа қараған шағында қазақ әдебиетінің абызы, ғалым, ҚР Еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының және Халықаралық Айтматов академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері Тұрсынбек Кәкішев өмірден озды. Иә, елдің сөзін айта алатын Ерлеріміз кетті арамыздан. Алтайдың ақиығы Социалистік Еңбек Ері, ғалым, шежіреші, бөлек бітім иесі Бошай Кітапбаевтың өмірден өтуі тек шығысқазақстандықтарды ғана емес, қалың қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Әдебиеттегі қарымды қаламгерлер­мен қатар, қоғамда өзіндік орны бар бірқатар атпал тұлғалар арамыздан алыстап кетті. Осы жылы қазақ жұрты заң ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Нәрікбаевпен, Республикамыздың бұрынғы Премьер-министрі Нұрлан Балғымбаевпен қоштасты. Қазақ елі әлемдік деңгейдегі дархан дарын иесі, Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев, белгілі майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаевтардан да көз жазып қалды. Сондай-ақ, көрнекті қаламгер, атақты аудармашы, білікті баспагер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрмахан Оразбекті ақтық сапарға аттандырып салдық... 8b9fba74Осылайша, бір қуаныш, бір қайғы дейтіндейін, қазақ жұрты қысқа ғана бір жыл ішінде көңіл қанаттандыратын аса шадыманды да, көкірек жара күрсінтетін азалы сәттерді де бастан кешіріпті. Міне, біз қазір ғана Қазақ елінің экономикалық-саяси, әлеуметтік-мәдени, рухани өмірі салаларына айтарлықтай еңбек сіңірген адамдарын саралап, Жыл адамдарын іріктеп үлгердік. Егер еліміздің жан-жақты даму бағытында лайықты тер төккен бұқаралық ақпарат құралдарын да екшей бастаса, кейбір басылымдар мен радио-телевизия арналарының алдыңғы лектен көрінері сөзсіз. Республикалық «Қазақ үні» газеті де мемлекет өміріндегі оқиғалардың қай-қайсына да лайықты үн қосып, елмен бірге мұңайып, жұртпен қатар қуанды. Бейнелеп айтқанда, әр оқиғаны жан-жүрегінен өткізді. Және биыл шыға бастағаннан бергі он бес жыл бойы ылғи ұлт тағдырына қатысты сөзді қаузап келе жатқан басылым бұдан былайғы уақытта да туған халқының жанынан табыла бермекші. Біз осы орайда өзіміздің тұрақты оқырмандарымызды келе жатқан жаңа еңбек жылымен құттықтаймыз! Күнтізбелік жаңа жыл әлемдік өркениет кеңістігіне еркін шыға бастаған жас мемлекетіміз үшін қуаныштарға толы болсын!

Гүлмира САДЫҚОВА

"Қазақ үні" газеті