ЖЫЛ АДАМЫ – 2015
2015 ж. 29 желтоқсан
18827
8
"ҚАЗАҚ ҮНІ" ГАЗЕТІ МЕН "ҚАЗАҚ ҮНІ" ПОРТАЛЫНЫҢ ЖЫЛ АДАМДАРЫ
«Қазақ үні» газеті мен «qazaquni.kz» cайтының 2015 жылғы Жыл адамдары сараланды. Сарапшылар алқасы биылғы 22-қараша мен 27-желтоқсан аралығындағы қоңырау шалу, смс, электронды пошта арқылы және «qazaquni.kz» cайтындағы мыңдаған оқырманның ұсыныс-пікірлеріне сүйене отырып, бірнеше номинация бойынша Жыл адамдарын анықтады. «Қазақ үні» газеті мен «qazaquni.kz» cайты барша халықты күнтізбелік жаңа жылдарымен құттықтай отырып, келелі табыс тілейді! Сонымен, «Қазақ үні» газетінің 2015 жылғы Жыл адамдарымен таныс болыңыздар!
Жыл саясаткері – Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Республикасы Президенті дүниежүзілік дағдарыс кезеңінде одан шығудың жолдарын көрсеткен ішкі экономикалық саладағы бағдарламалар мен реформаларды ұсынып, сыртқы саясатта бейбітшілік бағытын берік ұстанып, терроризмге қарсы барлық елдердің бірігіп күресу керектігін ұсынып, әскери қақтығыстарды келіссөздер арқылы шешуді қолдап келеді. Жыл министрі – Иманғали Тасмағамбетов. Қорғаныс министрлігіне басшылыққа келгелі аталмыш салада темірдей тәртіп орнатып, жан-жақты әскери дайындыққа бірінші кезектегі басымдық берді. Түрлі бағыттағы әскери бөлімшелер жаңа заманауи техникалармен жабдықталып, қорғаныс қабылетіміз нығая түсті. Жыл сенаторы – Қуаныш Айтаханов. Парламенттің жоғарғы палатасындағы отырыстарда халықтың әлеуметтік жағдайларына, жерді пайдалану мен бюджеттік қаржыны тиімді игеруге қатысты өткір ойларын білдіріп, депутаттық сауалдар жолдап, белсенділік танытты. Жыл депутаты – Нұртай Сабильянов. Мәжіліс депутаттарының ішінде нағыз ұлт жанашыры, халық перзенті ретінде аталатын есім – Нұртай Сабильянов. Ұлттық мүдде қорғаушысы, тіл жанашыры, руханият жақтаушысы Нұртай Салихұлы экономика, саяси, әлеуметтік мәселелерде де жиі үн қатып, министрлерге депутаттық сауал жолдап, оларды тығырыққа тіреп жүр. Жыл әкімі – Бердібек Сапарбаев. Қай қызметте болмасын тынымсыз еңбек ететін Бердібек Сапарбаев сан салалы Ақтөбе аймағына әкім болып барған соң да сол бағытынан тайған жоқ. Аз уақытта аймақтың ауылдарына дейін аралап шығып, орын алған кемшіліктерді шұғыл түзетуге кірісті. Жыл қайраткері – Азат Перуашев. Мәжіліс депутаты ретінде ұтымды ұсыныстарымен көрініп, өзі басқарған «Ақ жол» партиясының бағдарламасына сәйкес Алаш арыстарының есімдерін қайта жаңғырту жолында айрықша қажырлылық танытып келеді. Жыл ғалымы – Сұлтан-Хан Аққұлы. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Алаш» институтының директоры Сұлтан-Хан Аққұлы. Алаш тақырыбын зерттеп жүрген ғалым ұлт тұлғасы Әлихан Бөкейхан мұралары мен Алашорда мемлекетінің құрылуына байланысты бірнеше іргелі ғылыми еңбектердің авторы. «Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының 9 томдық жинағы» жұмысы үшін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды. Жыл ректоры – Ғалымқайыр Мұтанов. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов университет басшылығы қызметінде жүріп білім беру саласында тәжірибе жүргізу мен білімгерлермен алмасуда және заманауи халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыруда әлемнің ең ірі 400-ден астам халықаралық жоғарғы оқу орындарымен ынтымақтастық орнатуға атсалысты. Жыл кәсіпкері – Анарбек Орман. «Ақ жол» ҚДП Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы әрі белгілі кәсіпкер, Жергілікті бизнес-қауымдастықтың көшбасшыларының бірі. Жыл жазушысы – Тынымбай Нұрмағамбетов. Биыл жетпіс жасқа толған көрнекті қаламгер Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Алаш тарихының ақиқаты» атты әдеби байқауда «Какаду» әңгімесі үшін бас жүлдені иеленді. Жыл ақыны – Исраил Сапарбай. «Махаббат шайыры» атанған ақын сазгер, драматург, аудармашы, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Исраил Сапарбайдың биылғы жылы бағындырған биіктері көп болды. Ақынның «Бір тамшы көздің жасындай», «Өкінбеймін, шақырмаймын, жыламан…» және «Өзімді саған сыйладым» атты кітаптары жарық көрді. Жыл драматургі – Серік Асылбекұлы. Жазушылығы, ғалымдығымен қатар, соңғы жылдары сахналық туындыларымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген драматургтердің бірі – Серік Асылбекұлы. Алматыдағы М.Әуезов, Ғ.Мүсiрепов атындағы академиялық драма театрларының сахналарында қойылып жүрген «Желтоқсан желi», «Империядағы кеш», «Рәбиғаның махаббаты», «Күзгi романс» пьесалары сәтті сахналанды. Жыл режиссері – Досхан Жолжақсынов. «Құнанбай» фильмінің режиссері әрі бас кейіпкер Құнанбайды ойнаған Қазақстан Республикасының Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Жыл актері – Бекжан Тұрыс. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты. 6-желтоқсан күні 50 жасқа толған театрдың талантты артисі Бекжан Тұрыс ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын сергек ойлы азаматтардың бірі ретінде «Ұлым, саған айтам» атты мерейтойлық моноспектакль өткізіп, баласы Мағжан екеуі мәртебелі көрерменіне мағыналы кеш сыйлады. Жыл сазгері – Тұрсынғазы Рахым. Саңлақ сазгер, әйгілі әнші көпшілікке танымал «Сәби болғым келеді», «Қазағым-ай», «Ғашықпын», «Дәриға, домбырамды берші маған», «Мен сені сағынғанда» т.б. әңдердің авторы. Тұрсынғазы Рахым «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығы бірлесіп тағайындаған «Қазақ хандығына 550 жыл» медалімен марапатталды. Жыл дәрігері – Алмат Қодасбаев. Алматы қалалық кардиологиялық орталығының директоры, жоғары санатты кардио-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты. Қазақстанда жиі кездесетін жүрек, қан тамыр ауруының алдын алып, дер кезінде ем қолданып, халыққа жоғары сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіп келеді. Жыл журналисі – Берік Бейсенұлы. Журналистиканың «еңбекторысы» атанған Республикалық «Айқын» басылымы бас редакторының бірінші орынбасары. Белгілі журналистің жақын арада жарық көрген «Қалам мен ғалам» кітабы қазіргі қоғамның өткір мәселелерін қозғағандықтан талғамы биік оқырманның көңілінен шыға білді. Жыл спортшысы – Алмас Өтешов пен Қанат Ислам. Алмас Өтешов биыл Хьюстонда өткен ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл атаққа ол осымен екінші рет ие болып отыр. Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген қазақстандық боксшылардың бірі Қанат Ислам 2012 жылы кәсіпқой боксқа бет бұрғалы 3 жыл көлемінде 19 кездесу өткізіп, оның барлығында жеңіске жетті. Он алты кездесуде отандасымыз қарсыластарын нокаутқа жіберіп, мерзімінен бұрын аяқтаған.АЛМАС ӨТЕШОВ
ҚАНАТ ИСЛАМ
Жыл суретшісі – Мақсат Бексұлтан. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мақсат Бексұлтан Астанадағы «Тәуелсіздік» сарайында өзінің үлкен көрмесін өткізді. Көптеген туындыларының ішінде мамандар қылқалам шеберінің 11 жыл бойы салған «Аңырақай шайқасы» картинасын қазақ бейнелеу өнерінің тарихында ерекше маңызға ие деп бағалады. Жыл әншісі – Қайрат нұртас пен Димаш Құдайбергенов. Қайрат Нұртас – Қазақстанның эстрадалық әншісі. Бүгінгі таңдағы қазақ тілінде ән айтатын әншілердің ішіндегі ең танымалы. Тыңдармандар мен әріптестерінің арасында көптеген табынушылары бар. Жуырда «Астана-Арена» стадионында Қайрат Нұртастың сахнадағы 10 жылдығына арналған «Мен ғашықпын...» атты шоу-концерті өтті. «Славянский базар-2015» эстрада әндері орындаушыларының XXIV халықаралық конкурсында Қазақстанның намысын қорғаған Димаш Құдайбергенов қатысушылар арасында жеңімпаз атанды.ҚАЙРАТ НҰРТАС
ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ
Жыл диаспора үздігі – Кәріс диаспорасы. Көпұлтты Қазақстан халықтарының бұл өкілі биылғы жылы өткен атаулы мерекелерде өзінің белсенділігімен көріне білді. Шымкент қаласында қазақтың ұлттық тағамын дайындауда бірінші орынға ие болды.
Жыл датасы – Қазақ хандығының 550 жылдығының жоғары дәрежеде аталып өтілуі.
Жыл жетістігі – Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда ұйымына кіруі. Жыл шешімі – Париждегі ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің 196-шы сессиясында 2016-2017 жылдары Ұйымның қатысуымен қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту туралы шешімнің шыққандығы.