«Е-е, ҚҰДАЙ, ҚАЗАҚТЫҢ ПЕЙІЛІН АЛА КӨРМЕШІ!»

 

Бүгінде  тойға барсаң көретінің - әйелдердің дастархандағы жылы-жұмсақты, ішімдікті той бітпей жатып сыпырып-сиырып салып алып жатқанын көресің...

toi ...Бұдан 41 жыл бұрын. Әкем екеуміз үйде шәй ішіп, әңгімелесіп отырмыз. Сөздің неден шыққаны есімде жоқ, әкем: -Қазаққа үлкен ауыртпашылық келе жатыр... – деді. Мен кесемді жайлап жерге қойдым. Сосын әкемнің бетіне қарадым. Ол кісінің ойланбай сөйлемейтінін білемін ғой. -Аға, - дедім (кемпірдің баласымын), – бұндай ойды неден түйдіңіз? -Адамдардың пейілі тарылып барады, - деді әкем. – Адамдар мына кең заманды тарылтып жүр. -Ал, оны неден байқадыңыз? -Бүгін Тәжікүлдің асында ауылдың әйелдері қалған сорпа-суанға таласып жатыр. Бұл – жақсы емес! Ет те, палау да бәріне жетеді ғой. Рас айтып отыр. Ол кез – мамырақан заман, кешке таман екі тайқазан, ертесіне екі тайқазан тамақ берілетін кез... Ал, бүгінгде не көп той көп, сол тойға барсаң көретінің - әйелдердің дастархандағы жылы-жұмсақты, ішімдікті той бітпей жатып сыпырып-сиырып салып алып жатқанын көресің. Тіпті, сенімен бір үстел басында отырғандар өздері қайтатын болса болды, қасындағылар қала ма, қалмай ма, онымен жұмысы жоқ, етті де, тауықты да, конфетті де, тіпті коньяк-арақты да сала бастайды. Кей жерде (Алматыда, әсіресе) тойдың аяғына таман жаппай пакет таратылады ғой, оны да күтпейді! Жарайды, тойда «осындай қызықшылыққа жетейік» деген тілекпен әкетеді дейік, масқара болғанда, біреудің, әсіресе жас кеткендердің, жетісі, қырқы, асы сияқты жиындарда да сол ғой. Ойпырмай, не болып барамыз? 25 жылда қазақтың жаман жағының бәрі жер бетіне шығып, жақсы жағынан осы «малымды алсаң ал, пейілімді алма!» дейтін дархан, кең пейілі ғана қалып еді, одан айрылсақ не боламыз? Пейілімізді тарылтқан үстіне тарылта берсек, қиыншылықтан қашан құтыламыз? Адами тұрғыдан да («пейілінен тапты»), діни тұрғыдан да («әр халықтың өзінің пейіліне қарай басшы беріледі», «әр қауым өзі түзелмей, Алла оларды түземейді») бұның аяғы жақсылыққа апарып соқпасы анық қой. Бұл жағымсыз әдет жақсыдан да, жаманнан да бірінші орынды бермейтін (мен өзім «жер жәннаты, ел жәннаты» атайтын) сүйікті Шымкентімізде ғана ма?..-десем, барлық облыста да солай екен... Қайта Оңтүстікке кейіндеу келгенге ұқсайды... Өмірзақ АҚЖІГІТ, qazaquni.kz