Достай Раманқұлов Нобель сыйлығын алған жоқ, үлес алды…

3648
8
Бөлісу:

 

Осыған дейін Qazaquni.kz  ұлттық порталында («Қазақ үні» газетінде емес) «Нобель сыйлығын алған тұңғыш қазақ» атты мақала жарық көрген болатын. Аталмыш мақала өзге ақпарат көзінен сілтеме арқылы алынып, қалың оқырманға ұсынылған еді. Демек, бірден мәселенің мән-жайын ашу үшін, біздің портал мақала үшін жауап бермейтінін айта кетуіміз орынды. Себебі, келтірілген деректер мен мағлұматтар толықтай өзге ақпарат құралынан алынған. Қазақ ғалымы Достай Раманқұловтың Нобель сыйлығын алғаны туралы дақпырт тек біздің сайтта ғана емес, біраздан бері белгілі мемлекеттік ресми газеттерден бастап, бірқатар басылымдарда жарияланды. Ал, анығында ғалым аталмыш сыйлықты алды ма, жоқ па деген сауалдар әлі күнге нақты жауабын алған жоқ. Журналист Жақсыбай Самрат осы мақаламызға қарсы жауабын неге екені белгісіз, өзге сайттарға жіберіпті. Еліміздің бас газетінде істейтін, тәжірибелі деген, жас емес, жасамыс  журналистің  жауап мақаланы ең алдымен мақала шыққан  ақпарат құралына жіберу керектігі туралы қарапайым қағиданы  білмегеніне таңымыз бар?  Дегенмен, тақырыпқа байланысты болғасын,  шындыққа жету жолындағы бір қадам болар деген үмітпен жариялап отырмыз. Бағасын оқырман қауым берер деп білеміз.

«Қазақ Үні» ұлттық порталы

Салмақты сөйлейтін, ойлы дүние айта алатын басылымның бірі болған соң «Қазақ үні» газетінің сайтын қарап отыратын әдетіміз бар. Осы сайт 5 желтоқсандағы санында «НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫМЕН МАРАПАТТАЛҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ» деген мақала берді.

Сайт деректі көп адам біле қоймайтын басқа бір сайттан алыпты. (Жарнама болып кетпес үшін оның дерегін жазбадық). Осы сайт қазақ азаматы Достай Раманқұловтың 2005 жылы МАГАТЭ-де істеп жүргенде Нобель сыйлығын алғанын жазыпты. Тіпті, үзіп-жұлып бір кездерде басқа басылымдар да осылай жазған екен.

Егер бұл оқиға шын болса, ендігі төбеміз көкке жеткендей қуанып, Достайдың атын аспанға шығарар едік қой. Өйткені, Нобель сыйлығын алу деген… адамзаттың мойындауы дегенді ұқтыратын ерекше атақ. Мәселе тіпті оның ақшасының көптігінде де емес, атағында!  nobel. dostai

Енді мына жаңсақ ақпараттың жайын айтып көрейік. Нобель сыйлығын алушыларды жыл сайын тұтас институттар мен академиялар анықтайды. Сыйлыққа ұсынылған жүздеген еңбектердің арасынан физиология мен медицина саласынан лауреат болатын еңбекті Каролин институты, әдебиет саласының лауреатын Швед академиясы, физика мен химия салаларының лауреатын Шведтің корольдық ғылым академиясы, ал әлемдік бейбітшілік сыйлығының лауреатын Норвегияның Нобель комитеті анықтайды. (Бұрын швед пен норвегтік уния бір болып, 1905 жылы ғана бөлінген. Сондықтан Нобель сыйлығының бір саласы бойынша лауреатты белгілеу норвегтіктердің үлесіне тиген).

Тіпті бұл ұйымдар өздері де анықтамайды, тек олар жауапты деп саналады. Ал лауреатты анықтайтын әр саланың білікті мамандарынан тұратын халықаралық комитеттер. 1969 жылдан бері Швеция банкісінің бастамасымен экономика саласы бойынша да сыйлық беру белгіленді. Осыдан кейін Нобель сыйлығының қоры номинациялар санын көбейтпеу туралы арнайы шешім қабылдады. Айта кететін жайт, Альфред Нобельден қалған байлық бүгінгі бағаммен 250 млн. долларға тең болған. Ал сыйлықтар осынша қаражаттың құнды қағаздарға салған өсімінің есебінен төленеді. Сондықтан ол жыл сайын өзгеріп тұрады. Бірақ осы уақытқа дейін 1 млн. АҚШ доллары көлемінен түсіп көрген емес.

Енді 2005 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы туралы айтайық. Осы жылдың желтоқсан айында Норвегияның астанасы Осло қаласында халықаралық МАГАТЭ ұйымына және оның басшысы Мұхаммед әл Барадейге ядролық қуатты әскери мақсатқа жұмсауға қарсы жасаған әрекеттері үшін Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілді. Сөйтіп, бір сыйлық ұйым мен оның төрағасына бөліп тапсырылды. Ұйымның атынан сыйлықты Басқарушылар кеңесінің сол кездегі төрағасы Юкия Амано (Жапония) қабылдады. Ал Мұхаммед әл Барадей (суретте) өзіне тиесілі бөлікті өзі қабылдап, төсіне Нобель сыйлығының алтын белгісін қадатты. Сөйтіп, 2005 жылғы Нобельдің Бейбітшілік сыйлығына МАГАТЭ ұйымы мен оның сол кездегі төрағасы Мұхаммед әл Барадей ие болды деп алтын әріптермен нобелдік кітапқа жазылды.

Бар оқиға осы. Ал біздің журналистер осы сыйлықты сол кезде МАГАТЭ-де қызмет ететін Достай Раманқұлов та алды деп жазып жүр. Қазір халықаралық ұйымдарда қызмет істейтін қазақ жігіттері мен қыздары толып жатыр. Достай да соның бірі. Ол МАГАТЭ-ге берілген сыйлықтан басқалармен бірге үлес алуы мүмкін, алайда бұл Нобель сыйлығының иегері болды деген сөз емес. Сондықтан оны «қазақтан шыққан тұңғыш Нобель сыйлығының лауреаты» деу орынсыз.

МАГАТЭ мен М.Ә.Барадейдің есімдері осы жылы 200 үміткердің арасынан таңдап алынған. Тартыстың қаншалықты қиын болғанын осыдан-ақ аңғарамыз. Сондықтан бүйрегіміз бұрып тұрса да, қол жеткізуі өте қиын сыйлықты өз қандасымызға қанша телісекте қисынға келмейді.

Жақсыбай САМРАТ

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 8 пікір жазылған

  1. Қайсар 16 Желтоқсан, 2015 02:44 Жауап

    Анығына жету керек. Достайға хабарласып, диплмы болса, көшірмесін жариялауға болады ғой.

  2. Махамбет 16 Желтоқсан, 2015 02:44 Жауап

    Самратов не деп сандырақтап отыр? Онда мына мақаланы қай газет жазды екен? Оқиық: «…Жа­қын­да халықаралық атом қуа­ты жөніндегі агенттікке (МАГАТЭ) Бейбітшілік жө­нін­дегі Нобель сыйлығы берілді. Ұйымның көп жылғы жұмысы бағаланды. Солай болғанда да сол жұмысты ат­қар­ған адамдар ғой. Адамдар болғанда да, оның ішінде сү-белі үлес қосқандары болады, ол әркез атап көрсетіледі. Сол МАГАТЭ-нің бүкіл әлем таныған басшысы – Бас директор Мохаммад Бара­дейдің қызметі әлемге бел­гілі. Бұрындары да бірнеше рет сол Нобель сыйлығына үміткерлер қатарында Бара­дейдің аты аталып жүрді. Бірақ, сыйлық беретін коми­тет бір адамның емес, бүкіл ұйымның жұмысын атап өтуді жөн көріп, сыйлықты МАГАТЭ-ге берді. Демек, бұл сол ұйымның басқа қызметкерлерінің де еңбегі бағаланды деген сөз. Баға­лан­ғанда, аттары аталып, сыйлық ұсынылды. Соның бірі – Достай Раманқұлов.
    Венада тұратын бауыры­мызға телефон шалып, лау­реат болғанымен құттық­тадық.» http://egemen.kz/old/?act=readnews&id=162 Бұл Самратов еңбек ететін «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақала.( №90-93 (25939) 12. 03,2010) Сонда Самратов айтқан «қазір Интернетте жауапсыз жаңалықтар, өтірік деректер шықса болды, оның тегін тексермей, кейбір сенімді деген ақпарат құралдарының өзі көшіріп баса беретін болды. Сөйтіп, халықпен бірге өзі де оп-оңай алданып жататын» «жазғыштарға» ең алдымен өзі жұмыс істейтін «Егемен Қазақстан» жататын болды ғой… «Соқыр десең құтылсайшы Құнанбайдан» деп Балта ақынның быт-шытын шығарған Шөже ақынның сөзін біздің СамратОВ оқымаған болып тұр ғой… Мүмкін, өз газетіндегі Достай Раманқұловты «лауреат» деп құттықтаған мақаланы да оқымаған, өзі айтқан интернетті қарамаған да болып тұр ғой…Сонда ол не оқыған?

  3. Сәду 16 Желтоқсан, 2015 02:53 Жауап

    Өзгені кінәлаймын деп, өз газетін «подставить» еткен Самратовқа енді «Егеменнен» орын жоқ шығар…

  4. Курстас 16 Желтоқсан, 2015 02:57 Жауап

    «Білмеген у ішеді» деген осы Жақсыбай. Баяғыда студент кезіңде осылай үнемі шалалықпен ұятқа қалып жүретін әдетің әлі қалмапты ғой…

  5. Қыңыр қыз 16 Желтоқсан, 2015 18:36 Жауап

    Алмаса енді алар, Сүгірбай жөн айтады: «жақсы сөз жарым ырыс. Жақсылықты қазақтан қызғанасыңдар ма?
    «

Пікір немесе жауап жазу

он сегіз − екі =