Орал АҚШОЛАҚОВ: ҰТҚЫР ПАЙДАЛАНА АЛСАҚ, ҮРІМ-БҰТАҒЫМЫЗҒА ЖЕТЕТІН МҰНАЙЫМЫЗ БАР

ы «Қазақстан Республикасы көмірсутегі әлеуетін ғылыми негіздеу» атты ұжымдық ғылыми жұмыс Қазақстан Республикасы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын иеленгені мәлім болды. Ұжымдық жұмыстың авторлары алты адамнан тұрады. Олар: Қ.Сәтбаев атын­дағы ҚазҰТУ-дың Мұнай-газ геология­сы кафедрасының меңгерушісі, геоло­гия-минерология ғылымдарының док­торы, профессор Герой Жолтаев, «Ем­бі­МұнайГаз» АҚ бас директоры, геология-минерология ғылымдарының кандидаты Құрманғазы Есқазиев, «Геокен» ғылы­ми-өндірістік орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары, геология-минерология ғылымдарының кандидаты Петр Коврижных, «Мери­диан Петро­леум» ЖШС президенті, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықов, «ҚазМұнай­Газ» өндіру және бұрғылау технология­лары ғылыми-зерттеу инсти­туты» ЖШС бас директорының игеру және бұрғылау жөніндегі орынбасары, техника ғылым­дарының докторы Ев­гений Огай және «АкАй ­Консалтинг» ЖШС бас дирек­торы­ның орынбасары, геология-ми­не­ро­ло­гия ғылымдарының кандидаты Орал Ақшолақов. Бізге осынау үлкен қуанышқа кенелген зерттеушілердің соңғы­сымен тілдесудің сәті түскен еді. – Орал Ақшолақұлы, қуа­ныш­тарыңызға ортақпыз. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жана берсін! Енді осынау ұжымдық жұмыстарыңыздың маңызын түсінгіміз келеді... – Бұл еңбекте негізінен, республикамыздағы мұнай-газға бай шөгінді бассейндердің, көмірсутегі ресурстарының қоры мен бүгінгі деңгейі ғылыми тұрғыда сарапталды. Бұрын бөлек-бөлек бассейндерді қарасақ, бұл жолы Қазақстанда мұнай мен газға байланысты он бес шөгінді бассейн бар екенін анықтадық. Бұл тұрғыда геологиялық, геофизикалық, биохимиялық, гравикалық, ғарыштық әдістермен алынған ақпараттарды саралай келе, бүкіл Қазақстан бойынша, мұнайдың болжамдық қорын есептеп шықтық. Зерттеу нәтижесінде мұнайдың көлемі бұрынғыға қарағанда екі-үш есеге мол екендігіне көз жеткіздік. – Ал, кейбір мамандар қазақ еліндегі мұнайдың 25-30 жылда бітетіндігін айтып дабыл қағып жүр ғой... – Иә, кейбір БАҚ-да әлгіндей пессимистік тұрғыдағы пікірлердің кең етек жайып кеткені жасырын емес. Әйтсе де ешбір ғылыми негізсіз Қазақстан мұнайы 25-30 жылда бітеді деп кесіп айту қисынға келіңкіремейді. Сондықтан, біз Қазақстан мұнайының хал-ахуалын ғылыми тұрғыда сараптауға тырыстық. Қазақстан мұнайына 2009 жылы 110 жыл толғаны белгілі. 110 жылдың ішінде біздің шығарған өнімдеріміз 4 млрд. 600 млн. тоннаны қамтыпты. Ал қазіргі есептеуіміз бойынша шығарылатын қорымыздың көлемі 76 млрд. тоннаға жетіп отыр. Бұл – бүгінгі бұрғылау технологиясы бойынша 7 мың метр тереңдікпен қазылады деп есептегендегі көрсеткіш. Егер осы жоспарға сәйкес жұмыс істелсе, Қазақстан мұнай өндіру жөнінен әлемдегі ең ірі он мемлекеттің қатарынан көріне алады. Демек, біздің мұнай қорымыз қазіргі өмір сүріп жатқан халқымыздың шөберелеріне дейін жететіндігін айғақтайды. Бірақ бұл «мұнайдан өзге қуат көздерін іздестірудің қажеті жоқ» деген сөз емес. Мұнайды отын немесе жанармай ретінде ғана қолдану алтынды отқа жаққанмен бірдей. Сондықтан, біз еліміздің экономикалық, әлеу­меттік, саяси дамуының басты тетігі ретінде осынау бағалы өнімді ең озық технологиялармен тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырдық. Осындай қолайлы әдістерді қолдансақ, біздің елде мәңгіге жететұғын мұнай бар деуге негіз мол. – Аталмыш ғылыми еңбектің не­гізінде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың оң бағасын алған тарихымыздағы тұңғыш рет Қазақстанның мұнай-газ бассей­нінің Атласы даярланған еді. Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз... – Шыны керек, біздің елде бұған дейін мұнай-газ бассейнінің Атласы болған жоқ. Тек ғана бұрын ашылған мұнай-газ кешендерінің анықтамалық кітапшасы ғана болды. Оның өзі де толық емес-тін. Елімізде алғаш рет жасалған мұнай-газ бассейнінің Атласында Қазақстан бойынша 15 шөгінді бассейннің тұтас сараптамалары, мінездемелері және кескіндері берілді. Сол шөгінді бассейндердің ішінде әрбір ауданның болашағы туралы да нақты мәліметтер келтірілді. Осынау құнды зерттеу жұмысы мемлекет тарапынан да қолдау тапты. Бұл тұрғыда атқарылуға тиісті жұмыстар да белгіленді. Аталмыш Атласта көрсетілген қорлар бойынша геологиялық барлау жұмыстарын күшейту керектігі баса айтылды. Осы мә­селеге көптеп көңіл аударыл­ғанда ғана әрі қарай даму болады. Өйтпегенде, бүгінгі қолда бардан айырылып қалумыз да мүмкін. Бұл ғылыми еңбектің өзектілігі сол – Қазақстанның мұнай-газ бассейнінің бір Атласқа кіргізілуі еліміздің шөгінді бассейндері туралы көп мәлімет береді. Осы тұста айта кетуге тиісті мәселе, бұл сөз жүзінде немесе жай ғана жарнама үшін жасалған дүние емес, ұзақ уақытты әрі ауқымды зерттеуді қажет еткен сүбелі ғылыми еңбек. Әсіресе, еліміздің мұнай-газ саласында қызмет етіп жүрген әрбір маманға таптырмас құрал. Сондай-ақ, бұл Атласқа қарай отырып шетелдік инвесторлардың біздің елге деген қызығушылықтары арта түсетіні сөзсіз. – «Қазақ­стан Республи­ка­сындағы көмірсутегі қорын ғылыми тұрғыда саралау» атты ғылыми еңбектің қазақ геология ғылымына берері не? Толығырақ тоқталып өтсеңіз... – Бұл еңбекте, біріншіден, біздің елдің қорындағы барлық геологиялық-геофизикалық материалдары толығымен сараланып, осы бағыттағы мәселелерді шешудің негізгі жолдары ұсынылды. Екіншіден, көмірсутегі қорының әлеуеті нақты анықталды. Еңбектің ерекшелігі сол, мұндағы ақпа­рат­тар сейсмобарлау, аэро­магнитті түсірілімдер мен бұр­ғылау жұмыстарының жаңа материалдары негізінде бекітілді. Бұл ғылыми жұмыста елі­міздегі қордаланған геоло­гиялық мәсе­лелерді шешудің тиімді жолдары да ұсынылды. Зерттеу нәтижесінде елімізде көмірсутегінің үш есе көп екендігі ғылыми негізде дәлел­денді. Бұл дегеніңіз тартылатын инвестиция көлемінің ұл­ғаюына жол ашады. Қазіргі таңда Қазақстан мұнай-газ өндіру бойынша жиырма, ал көмір­сутек өндіру бойынша он бес үздік елдің қатарына енгендігі белгілі. Аталмыш ғылыми еңбекке сүйене отырып, жұмысты жалғастыра берсек, ең ірі мұнай өндіруші жетекші мемлекеттердің қатарынан көрінетініміз анық. Осынау жұмыстың және бір қыры – геоло­гиялық-геофизикалық зерттеулер кешенінің жаңа әдісін пайдаланудың арқасында заман талабына сай жоғары деңгейлі технологияларға сүйену негізделді. Қазіргі таңда аталмыш еңбек бойынша жасалған ұйғарымдар отандық геологиялық барлау өндірісінде кеңінен қолданылып жүр. Бүгінде еңбек авторларының жасаған ұсыныстары бойынша Каспий маңы ойпатында алғаш рет жоғары деңгейдегі аэромагнитті түсірілім жасалды. Мұның негізінде тереңдіктегі карбонатты коллекторлардың дамуы негізделіп, анықталды. Аталмыш ғылыми еңбек бойынша «ҚР Мұнай-газ кешендері» атты бірнеше томдық кітап шығаруды жоспарлап отырмыз. Кітапта келтірілетін тың деректер осы жолда білім алып жүрген студенттерге ғана емес, педагогтарға да берері мол дүние болмақ. – Отандық ғалымдардың ғана емес, әлем ғалымдарының қызығу­шылығын туғызған осынау ғылыми жұмыстың басты жаңалығы қандай? – «Қазақстан Республикасы көмірсутегі әлеуетін ғылыми негіздеу» атты ғылыми еңбектің жаңалығы – бұл жұмыста отандық мұнай өндіру саласында космостық әдістердің қолданылуын жүзеге асыру жолдары қарастырылды. Қазіргі таңда осы ұсыныс тереңдете зерттелу үстінде. Мәселен, өткен ғасырдың 70 жылдарына дейін «4 мың метр тереңдіктен арықарай мұнай болмайды» деген ұғым кең тараған-ды. Бірақ қазіргі таңда 7 мың метр тереңдіктен арыға мұнай алынып жатқандығы өздеріңізге де белгілі. Бүгінде біз ғарыштық зерттеулерге сүйене отырып 15 мың метр тереңдікке дейін мұнай алуға болады деген тоқтамға келіп отырмыз. Ол үшін әрине, мұнайды іздеу әдістерін, бұрғылау технологиясын одан әрі күшейте түсуіміз керек. Бір қызығы, тереңдеген сайын шоғырланған мұнайдың қорлары ұлғая түседі. Демек, әлгінде Қазақстан мұнайының шығарылатын қорының көлемі 76 млрд. тонна десек, жоғарыда атап өткен жоспарымыз жүзеге асса, бұл көрсеткіш бірнеше есе артатыны анық. Қазіргі кезде бұл тұрғыда тың жобалар жасалу үстінде. Мұның барлығы әрине, қаншама жылдар бойғы ізденістің нәтижесінде туған ғылыми еңбектің аясында жүзеге асатын шаралар. «Қазақстан Республикасы көмірсутегі әлеуетін негіздеу» ғылыми жұмысының зерт­­теу нәтижелері былтырғы жылы Қазақ­стан мен Ресей Федерациясы Президенттерінің қол­дауына ие болғаны белгілі. Жоғарыда келтірілген ұсыныс­тар Каспий маңы ойпатында аса терең бұрғылау жұмыстарын жүргізуге арналған «Еуразия» инновациялық жобасының негізі ретінде жүзеге аспақ. Лебіз Ғаппар Ерғалиев, Қ.Сәтбаев атын­да­ғы геологиялық ғылымдар инс­ти­туты­ның аумақтық геология тобының же­­текшісі, геология-минерология ғы­­лым­­­дарының докторы, профессор:  – Бұл ғылыми жұмыс – дер кезінде өмірге келген, ғылыми, әлеуметтік және өндірістік маңызға ие тамаша еңбек. Ғылыми еңбектің тұжырымдарына сүй­е­не отырып, аз уақыт ішінде елімізде мұнай мен газдың жаңа кеніштерін ашуға мүмкіндік бар. Өйткені, көмірсутегі қоры еліміздің экономикалық тұрғыда тұрақтылығы мен дамуының кепілі бола алады. Базар Есқожа, мұнайшы-геолог, геология-минерология ғылымдарының кандидаты: – 2015 жыл қорытындысы бойынша еліміздің бір топ маң­дайалды геолог-барлаушылары Мемлекеттік сыйлық иегерлері болып аталды. Бұл – бүкіл отан­дық геолог мамандарының еңбегіне берілген зор баға деп қабылдауымыз керек. Орал Ақшолақұлы аралас­қан бұл тұжырымдама үлкен ғалым­дардың қажырлы еңбе­гінің нәтижесі. Сонымен қатар, еліміздің жарқын болашағы мен мол мүмкіндігін көрсететін бірден-бір ғылыми еңбек. Ең бастысы, «Осы біздер қан­шама уақыттан бері мұнай өндірудеміз, ал біздің болашақ ұрпаққа мұнай қоры жеткілікті ме?» деген сұрақтың жауабы дер едім.

Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ

"Қазақ үні" газеті