Светқали Нұржан: № 2 АҚЫН

Келіп ем бөтен әлемнен Алматы деген қалаға. Өркениетке жаңа енген Бәрі таң – бозым-балаға.
Бәрі де болды-ау өлеңнен, Сыйғызбай қуған далаға. Әуелі, «ақын» дегеннен Тап келдім Шәкизадаға. Жырымды тыңдап со бойда, Қарады тіктеп еңсені: «Өлеңің жақсы! – Алайда Оздырман, – деді, – мен сені! «Бақыттың жолы тым ғажап, Бақыт құр оңай қона ма?! – Шәкеңді білген бұл қазақ, Сәкеңді білмей бола ма?!»* Бәйгіде жүйрік озад та, – Көңіліңе алма сен, бала, Бүгінгі таңда қазақта Бірінші шәйір – мен ғана!..» Қарадым оған шошымай, Шын сөздей ұғып, абайлап. Ақындар жұрты осылай Сөйлейтін шығар деп ойлап. Кеттік қой, сөйтіп, үйреніп Алматы сынды баққа да. Ақынды көрсем, именіп, Оқыдым өлең сақтана. Кісінеп жүрген құла тай Қылаңдарға еріп тойынды. «Мықтысың, – деді Жұматай, – Әрине, менен кейінгі...» «Әрине», – дедім мен де оған, – Аға айтса, иланбайық па?! Содан соң қанат қомдаған Жолықтым Иран-Ғайыпқа. Қойыннан дәптер суырдым, Ир-ағам, сірә, тік кісі: «Біздерден соңғы буынның Боларсың, – деді, – мықтысы». Бәрі де тауға бара бар – Тездетіп тезге салды да, Соңынан ертті ағалар, Шығармай бірі алдына. Сұлу түн, пәк кеш, серуен күн Өшкен жоқ... Әлі есімде. «Қара өлең» атты керуеннің Келем мен еріп көшінде. Елге де кейде барамыз, Бәйгі де бар ғой – той барда. Сұрайды кейбір ағамыз: «Жүрсің, – деп, – бала, қай маңда?» Уақыт кейін ұқтырар, – Жауабын жөндеп берем кеп: «Алдымда көп қой мықтылар, Екінші болып келем», – деп. Інінің қолдап талабын, Ағалар анау қыр кезген: «Жарайды соның, қарағым, Аман жүр, – дейді, – тіл-көзден!..» Шайырлар қайран, жаны – өлең, Жазбаған жырды жылымшы – Уақыт сызған мәреден Өтсе екен бәрі – бірінші! Тұрса екен аман Ұлы Елім, Не бір сой туар далам кең! – Солардың тілеп тілегін, Екінші болып қалам мен!.. - *Бұл шумақ сол жерде ақынның өз аузынан шықты. 27.01.10 ж.
Фото Бағашара Тұрсынбайұлы.