Әр қазақтың туған бауырындай еді...

1 Белгілі актер, Қазақстанның Халық артисі Құдайберген Сұлтанбаев өмірден озғалы да бес жыл өтіпті. Қаншама драмалық образдар сомдап, көптеген кинофильмге түскен азамат 1995-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депу­таты болды. Ол сондай-ақ дарынды қылқалам шебері-тін. Бірақ осынау сан қырлы талант иесі ел жадында көбінесе «Тамаша» тарланы ретінде сақталғандай. Өнерпаз ағамен алғаш 1993 жылы кездескен екенбіз. Түрлі бағытта ұзақ тілдескен сәттер бар. Сол әңгіменің бір парасы сәл кейінірек «Біз білмейтін Құдайберген» атты кітапқа кірді. Алайда сол кезеңдерде ыңғайсыз көрінді ме екен, кейбір сұрақтар актердің өз өтініші бойынша сызылып кеткен еді. 2 – Соңғы рет қашан жыла­дыңыз? – Сәбира Майқанова апамыз дүниеден озғанда қатты жыладым-ау деймін. Қазақтың маңдайына біткен Фаина Раневскаясы еді ғой. Ерте жесір қалса да күйеуден күйеуге шығып шалқақтамай, отағасының түтінін түзу түтетіп өткен ана-ды. Ол кісіні шын мәніндегі театрдың да, өнердің де анасы деуге болады. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бетің бар, жүзің бар демейтін мінезді, кесек тұлға-тын. Мерейтойын да жасамай кетті. Еңбек Ері атағын бере ме деп едік, ол үміт те ақталмады. Сол кісі қайтыс болғанда көз жасыма ерік бере алмадым. Қаншама асыл азаматтар өтті өмірден. Асқар, Жұматайлар өтті... «Құдайдың да көзі жақсыға түседі» деген, ылғи жақсы, абзал адамдар ерте кетіп жатады. Есіме түседі, Қазақ циркі тұңғыш ашылғанда бір жылап ем. Қуанғаннан жыладым. Қазақтың жігіттері желмен жарыса жүйткіген сәйгүліктердің құлағында ойнап, дүбірлетіп шыға-шыға келгенде қатты толқыдым. Қазір қазақ өнерінде ондай айшықты құбылыстар жоқ. Тегінде, жыламайтын актер актер емес. Біз де кішігірім экстрасенспіз. Кейде рөліңе ішкі қобалжуды, бастан өткен жағдайды саласың. Жан әлемің неғұрлым таза болса, соғұрлым тез толқисың, көзіңе жас тез кептеледі. Рөлдерді бір сарында ойнайтын қатты актерлер бо­лады. Олар бас пайдасын, өзінің тар деңгейлі жұмысын ғана білгендіктен, белгілі шеңберден шыға алмай, шынайылыққа жете алмай жатады. Есі шығып қуанғанын, рахаттанып күлгенін де көрмейсің өздерінің. Біз болсақ әріптесіміз дүкеннен бірдеңе сатып алдым десе де елпілдеп қуанып қаламыз. Кейде сондай мінезіме күлкім келеді өзімнің. – Ашуланшақ емессіз бе? – Ашу бар. Жоқ емес. Жиі ашу­ланбаймын бірақ. Мен негізі үндемей, көбіне іштен тынатын­дардың қатарына жататын болуым керек. Ашулансам дірілдеп, қалшылдап, қатты ашуланамын. Тәрізі, ішке ұзақ жиналған реніш бір сәтте бұрқ етіп шығатын сияқты. Өз-өзімді тежей аламын, әрине. Кейде жоқтан өзгеге бұлқан-талқан болатыным бар. Ондай қызық мінезімді артынан аңғарып күліп отырамын. Өкпелейтін жерде өкпелемей, өкпе­лемейтін жерде өкпелеп жүремін. Эмоцияға берілесің, күйге­лектенесің. Кегім жоқ, әйтеуір. Реніш­ті тез ұмытамын. Кекшіл адам сахнада ештеңе бітіре алмайды. Үнемі цемент жұқандай қатып-семіп, кақиып жүретіп бетонбет адам об­раз жасай ала ма. Негізінде, әртіс­тер бала мінезді, ақкөңіл келеді. Ана сүтімен бітетін қасиет ол. Ашулан­байтын адамдарды да білемін. Біреуге көршісі: – Ана адамды қызметінен алып тастапты ғой. Дұрыс болды, – десе: – Е, дұрыс бопты, – дейді. Іле-шала келген басқа біреу: – Сол кісіні қызметтен бекер алды, – десе, мынау: – Жөн айтасың, бекер алды, – дейді. Сонда әйелі: – Әй, сен ананы да қостайсың, мынаны да қостайсың, қай сөзіңе сенуге болады? Өз пікірің жоқ па?! – десе: – Сенікі де жөн. Сен де дұрыс айтасың, – депті. Miнe, мұндай адамдар ашуланбайды. Осылайша ешкімде шаруасы жоқ, ақырын жылжып, бүтін күйінде өтеді өмірден. Ал, біз... Адам болған соң ашуланасың. Басыласың артынан. Қалай енді... – Төбелеске қалайсыз? – Қарап отырсам, мен дүлей қара күштердің өз намысымды ғана емес, өзгелердің де ар-абыройын таптамауын қалап өсіппін. Ылғи әділет жағында жүруші ем. Шалдың бетінен қақпаған кенжесімін ғой, аздаған асаулығым да бар еді. Мектепте жүргенде «тентек Коля» деген қосымша атым да болған. Біздің ауылда «Ақ шәпкі» деген бұзықтар тобы өмір сүрді. Есіңде бар ма, баяғыда ақ бәйкеден тіккен үшсомдық жылы ақ қалпақтар мода-тын. Әлгілер бас-басына соның бір-біреуін жапырайта киіп алып көшеде жүреді де, тапа-тал түсте жас демейді, кәрі демейді, көзіне көрінген адамды қан қақсатып тонайды немесе соққыға жығады. Бүгінгі тілмен айтқанда, со кездің рэкет-сымақтары. Шалдардың сақалын күзеп кетеді. – Давай, ақша әкел! – дейді ғой. – Ақша жоқ, – десе: – Үй-й, сақалыңды! – деп пы­шақ­­пен бір-ақ орады екен. Ол кезде баламыз. Сонда да әлгі­лердің әрекетін естіп зығырда­ным қайнайтын. Боксшы боламыз деп, қапқа құм толтырып қойып талай ұрғыладық. Робин Гуд болуды армандаған жоқпын, бірақ көкейімде әлсіздерді қорғау тілегі тұратын. Институтта жүргенде бір оңба­ған­ды сабағаным есімде. Барып тұрған нақұрыс еді. Не, сөз ұқпай, әбден титығыма тиіп жүретін. Бір күні жарылдым. Қай-қайдағы жындарың жиналады ғой ондайда... Жалпы, жақсы мағынасында, төбелеске дайын тұру керек. Жан-жағымыз анталаған жау. Ұрпағымыз әлжуаз болмаса дейсің. Өз ұлымды да бөлменің гүліне ұқсатып өсіргім келмейді. Тірліктің ыстық-суығына шыңдалмаса ғұмыр бойы қиналуға тура келеді. Біз суға да ағып кете жаздадық, таяқты да жедік, шайканың да арасына түсіп кеттік... Көресіні көріп өсіппіз. Бертін келе басылдық қой. Көтеріңкілікке дағдыландық. Өнер өзгертті бізді. Тазалады. Қазір көркемсурет көрмелерінің бір де біреуін бос жібермеймін. Әр суретшінің туындысын көріп ойланасың, толғанасың, жан дүниең тұна түседі. – Арақ-шараппен, темекімен «татулығыңыз» қай дәрежеде? – «Арақтың дәмін білмеймін. Татып көрмегем. Ол жағынан періштемін»... демеймін. Жастау кезде іштік. Қазір де бөтен емеспіз. Онда да айтулы шараларда, ыстық қауышуларда тиіп-қашып жүретініміз болмаса, салынған нәрсем емес. Өйткені, көтере алмаймын. Ауырасың. Араққа тым үйір болсаң там-тұмдап жинаған абырой-беделден мезетте-ақ айырылуың мүмкін. Қолдағы бір құты мұнай сияқты, сүрініп кетіп, төгесің де аласың. Ондай бола жаздаған кездеріміз де болды жастық дәуренде. Арақ не істетпейді. Шылым шекпеймін. Сон-оу баяғыда, алтыншы-жетінші класта жүргенімде әкем байғұс мені тезірек ержетсін деп үйге «Беломор-Канал», «Север», «Прибой», «Прима» сияқты темекілерді әкеліп тізіп қойып: – Тарт, үйрен азаматтарша! – деуші еді. Тезірек есейсін, қызығын ертерек көрейін деген тілектен ғой. Бәрібір қызықпаппын сол әдетке. Сонда шылымқор бір қулар жиі келіп: – Ой, Тәкеңнің баласының темекісінен тартайықшы бір! – деп көк түтінді бұрқыратып, әкемді мәз қылып кететін. – Ит пен қасқырдың қайсы­сын жақсы көресіз? – Ит – үйде, бөрі – түзде, әр басқа тірлік кешкенмен екеуінің шыққан түбі бір емес пе. Баяғыда бүкіл ит жиылып, құрылтай ашып: – Әй, иттер, бұдан былай иттікті қояйық! – деген екен дейді. Не десе де, ит иттігін, қасқыр қасқыр­­лығын қоя алмайды. Жеті қазынаның бірі саналған иттің артықшылығы – иесіне адал. Қазақтың «Жаман жолдастан жақсы ит артық» дей­тіні содан. Және «Есігі қабаған емес» деген сөзіміз бар. Бұрынғының иті де үйге мейман келсе қуанып, арсалаңдап ке­туші еді. Соған байланысты айтылса керек. Зерттеушілерге сенсек, қазақ­тың тазысы неміс овчаркасынан да ақылды келеді екен. Бірақ заманның азуымен бірге оның да тұқымы тозды. Жазушыларымыздың ит та­қырыбына көп баруында ғасырлар бойы құмай тазы жүгіртіп, қыран бүркіт салған қазақтың салқар сақарадағы мамыражай, ерекше сәнді тірлігіне деген сағыныш басым жататын сияқты. Техникалык прогресс пен өркениет сол өмір-салтымызды күрт өзгертіп жібергенмен, ежелгі дәстүрлерден ажырағысы келмей қалада да ит асырап, құс ұстап отырған ағайындарды білемін. Әйткенмен, мынандай биік үйлерде олардың күйі болмайды. Әсіресе, текті тазы тұқымдары қала тірлігінің қамауына төзе алмайды. Талайының құса болып өлгенін көрдік. Олар да адамдар сияқты жерді, кеңістікті аңсайды... Бірде Шәмші ағамыз қасына ерген қолпаштаушылары бар, қызыңқырап, дәурігіңкіреп бір үйдің дуалына кірсе, алдарынан ырылдап қабаған ит шыға келеді. Қатты қорқып, есі шыққан жолдастары тұс-тұсқа қашыпты. Сәлден соң бір қараса Шәмшекең: – Әй, ит! Сен де ит, мен де ит. Нағып танымайсың туысың­ды?! – деп әлгі хайуанмен шүйірке­лес­кендей, жайбарақат тұр дейді. Ит те құйрығын бұлғаңдатып, жуасып қалыпты. Сонда серіктері ың­ғайсызданып: – Ойпырай, Шәке, ұят болды-ау сізді тастай қашқанымыз. Жан шіркін де тәтті ғой, – дегенде Шәмшіағаң: – Өй, мені қойшы! Мынау ұялып тұр сендердің иттіктеріңе! – депті. Сол айтқандай, иттік біздің де маңайымызда жетеді. Қасқыр дегенің де өздеріне ғана тән бұл­жы­мас тағылық қағидаларын сақтайтын айлакер, ақылды жыртқыш қой. Тірліктеріне кейде таңғаласың. Қазір адамның қасқырлары көбейіп кетті қоғамда. Солардан сақтасын де... 1 – Халыққа кең танымалды­ғыңыз өзіңізге бөгет жасамай ма? – Елге кең танымалмын деу қиын. Орыстілділер біле қоймайды мені. Қазақ білер, бәлкім. Ал, танымалдықтың пайдасы болмаса зияны жоқ. Әйтсе де, отыратын жерде отырмайтын, жүретін жерде жүрмейтін кездер болады. Қонақүйдің жанында, ресторанның ішінде көп жүрсең әңгімеге ілігесің. Айтқыштар үш есе қылып айтады және. – Ойбай, Құдайбергенді көрдім, арықта құлап жатыр екен... Мейрамханада отыр екен, удай мас. Сөйлей алмайды... Қонақүйде айғай-шу болып жатыр екен. Қақ ортасында Құдайберген жүр, – дейді. Гастрольге барғанда да көбіне бір бөлмені алып жатамын. Келген біреулер есікті тоқпақтап-тоқ­пақтап кетеді. Олармен жүз­дес­пейін демейсің немесе менсінбегендік емес, жұмыстан шаршайсың. Есік қағатындардың айтатын тілегі біреу: – Жүрші, жүз грамм арақ ішейікші! – дейді. Концерттен кейінгі «концерт» қиын. Банкет болады. «Дастарханнан үлкен ешкім жоқ» – шаршасаң да отырасың. Әркім жарты сағаттан тост сөйлейді. Тамақ түнгі үш-төрттерде келеді. Қажисың. Ертеңіне тағы шығуың керек сахнаға. Быт-шыт бо­лып жүресің. Ағайын шаршағаныңды байқаса, е-е, түнімен ішкен ғой дей салады. Ол концерттерден шыққан соң үй иелеріне екі-үш өлең айтып беруің керек. Отағасы: – Бағана мына жеңгең тамақ әзірлеймін деп концертке бара алмай қалып еді, бір-екі ән салып бермейсің бе?! – деп қолқаласа бас тартпайсың. Танымалдықтың осындай ғана бір қиындықтары болады. Ал, «халыққа белгілі болуды жек көремін» деушілерге сенбеймін. Әшейін көлгірлік қой. Пенде баласы болған соң даңқтан кім қашады. Алайда, өзім танымалдықты пайдаланып біреуге алақан жайып, есік кағып көрген емеспін. Үйдегі жеңгең кейде: – Бармайсың, сұрамайсың, өйт­пейсің, бүйтпейсің, – деп ренжиді. Сонда мен еңбегімді сатуым керек пе! Біреудің правосын алып беру, мейманханаға орналастыру... ондайға жоқпын. Кейбіреулер «Тамашаның» билетін де нақ менің қолымнан алғысы келеді. Ал, біздің әйелдеріміздің өзі оныншы қатардан бері қарай өмірі отырып көрген емес. Алдыңғы орындар дөкейлер мен пысықтардан артылмайды. Танымалдықтың пайдасы мен бөгеті деген осы. – Сіздей атақты жақынға жа­ма­­ғайын да жаман қарамай­тын шығар? – Иә, кейбір: «Сен аха-ха, охо-хомен-ақ табыс тауып, рахатқа батып жүрсің ғой» дейтін туыста­рым бар. Біздің еңбегімізді өте оңай, жеңіл көреді. Әйеліме: «Ой, саған күнде тамаша емес пе. Құдай­бер­генің жаныңда. Күлкіден езу жиғызбайтын» дейді. Қайдағы. Менің «Анау жоқ, мынау жоқ» деп күнде ескертумен отырғанымды қай­дан білсін. Жалпы алғанда, ел қатарлы құбатөбел тірлік біздікі. Қатардан кем қалмауды ойлаймыз біз де... – Сізді көргенде-ақ елдің езуіне күлкі үйірілетін сияқты. Соның сыры неде екен? – Бізді көрсе бір жеріміз ашық тұр­ғандай күле жөнелетін іні-қарын­дастарымды күнде жолықтырамын. Көбінде мәдениет жоқ. – Аға-ай, сіз «Тамашада» ойнайсыз бә-ә? –дейді тілін бұрап. – Шырағым, біз ойнайық деп емес, ойландырайық деп жүрміз, – десең: – Ойба-ай, шөйлейді ей! – дейді саусағып шошайтып. Маймыл көргендей болады ғой деймін. Сол хайуандардың өзі жұмыссыз қалған сияқты біз тұрғанда... Кейде ондайда өнерім тек күлуге жаратылған ба деп намыстанамын. – Маңайыңызда қыз-қырқын көп жүреді. Тез ғашық болып қала­тын әдетіңіз жоқ па? Зайыбыңыз қыз­ғаншақ емес шығар? – Іссапарларда кейбіреу жігітшілік, серілік кұруға бейім. болады. Менің ондайға қырым жоқ. Сондықтан, біздейлерді «однолюб» дейді. Кейде біреулерге қалжыңдағың келсе, о жазғаның не қарындасың, не балдызың болып шығады. Өзіңе: – Ағай, сізді олай деп ойламап ек! – деп мораль оқи бастайды. Содан бірдеңені бүлдіріп алмай тыныш құтылайын деп, тіліңді тістей қоясың. Жасымыз келіп, ақыл тоқтататын заман да жетті. – Жабырқайтын сәттеріңіз көп пе? – Бейғам уақыттың кеткені рас. Бұрын да жайраңдай бермеуші ем. Ойсыздау, жеңіл тірлікке бейім, жатыпішер біреулер тым көңілді келетін шығар. Тегінде, масыл адамдар да қоғам­ның белгілі әлеуметтік тобына жатпай ма. Паразитизм табиғи биологиялық құбы­лыс болса, арамызда қамсыз-мұң­сыз, арамтамақ ағайындардың жүруі де өмір заңдылығы сияқты. Ең өкініштісі, ондайлар өнер әлемінде де, театрларда да тайраңдап жүреді... Баяғыда екі бүрге: «Әй, не істейміз? Үйге жаяу аяңдаймыз ба, жоқ, иттің үстімен барамыз ба?» деп кеңесіп отыр дейді. Сол сияқты, біздің де маңайымызда масылдар баршылық. Кілең көңілді жүретіндер осылар білем. Не рөл ойнамайды. Бағатын ба­ла-шаға жоқ. Қырыққа келсе де бойдақ. Анадан ішеді, мынадан ішеді. Уайым-қайғыны қайдан білсін. Уақыттары көп болғаннан кейін өздерінше сері. Төрт құбыласы түгел. Мәрт. «Оу, кеше сені телевизордан көрдік қой!» деп анау да, мынау да сыйлайды. «Жақсы жігіт» дейді. Соған мәз. Жақсы жігіт деген мамандық бола ма!.. Бұлар бірде-бір образ жасамаса да театрдың штатын толтырып отыр. Айнала беріп карта ойнайды. Және сахнаға ұдайы ішіп шығады. Оны көрген ел не демейді. Солай... Басқа да жабыр­қайтын жайлар баршылық қой. Менің де бауырларым, балдыздарым бар. Келіп-кетіп, біреуі ана жұмысын, біреуі мына жұмысын тапсырып жатады. «Аға, көке» деп барасың әлдекімдерге. Ол сенің тауыңды шақпай тілегіңді орындай қойса жақсы. – Заман қиындап кетті, бәлен-бәштүген, аспан құлағалы тұр, – деп шығарып салады. Кейде: – Шіркін-ай, ана мұңсыз жүретін жігіттердің уақыттарын маған берсе ғой! – деп қиялдаймын. Жазатын нәрселерім бар. Кезінде отыратын мүмкіндік болмады. Алматыға келгелі отыз пәтер ауыстырыппын. Жүрдік сабылып. Қазір жағдай бар, ой көп, уақыт тапшы. Екі қолды қайда жеткізе бересің. Көңілді жүрудің қиындығы содан. Әрине, өне бойы қабағынан қар жауып тұрады екен деп түсініп қалма. Күлуге де уақыт табылып тұрады. – Демек, өзіңізді өмірде жолы болғыш адамдардың қатарына қоспайсыз ғой. –Жоғарыдағы әңгімеден де аңғарған шығарсың, жолым ауырлау. Meн қатарластарымның бәрі аларларын алып, атақ-лауазымға іліккеннен кейін ғана олар жеткен мәреге үш-төрт жылдан соң барып жетіп жатамын. Жоғары оқу орнына жүріңкіреп келіп түскеннен бе, көп жетістіктен ылғи кештеу қала беремін. Және ылтың-жылтыңым жоқ, саяқ өскен үркек жылқыдай шаршы топқа шабандаңқырап барып кіремін. Бір жігіттер бар, өмірде де жолы болғыш, өнерге де өте кездейсоқ келгенімен, үлестің бәрін алып үлгеріп, жалғанды жалпағынан басып жүреді. Бірақ өмір тәжіри­бесінен байқағаным – жеңіл келген дүние жеңіл кетеді екен. Сам­ғауға жаралмаған бақаны төбеге шығарсаң басы айналып құлап өледі. Басыңа біреудің қолымен қондырған «бақ» та баянсыз келмей ме. Сондықтан, шырқау биігіңе, данқ тұғырына қиындықпен болса да өз қанатыңның күшімен көтері­лгенің дұрыс сияқты. Сонда ғана көп жәйттің қадір-қасиетін білесің. – Құдеке, сіз жеңіл жанрда қалдыңыз ғой. Біз болсақ класси­каға ертерек кетіп қал­дық! — деп көкесінің көме­гімен өскен базбір бауырдың бүгінгі жайы өзіме мәлім. – Әртістік сенің не теңің?! Артыңа қарамайсың ба! – деп сағымды сындырмақ болған ағайымның да әуселесі аян. Қазір де мені «менсінбейді». Мейлі дейсің. Мұның бәрін сұрағыңның ығы­ты­на қарай айтып отырмын. Әйтпесе әкетіп бара жатқан қызғанышым, күндестігім жоқ ешкімге. «Қарға жемтігін буырына басып жейді, ақсұңқар жан-жағына шашып жейді» дегендей, әркімнің өз өресі, жеке жолы, өзгеше ой-өрісі, өзіндік принциптері болады. Баяғыда өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ақылгөй бір ағасы Оспанханды көшенің ортасына тоқтатып тұрғызып қойып: – Сен ғой тәп-тәуір жігітсің. Елдің айтуынша, талантты дейді сені. Бірақ көбірек қышқылдатып жүресің. Coныңды қой! – деп арақтың зияны туралы, оны ішкен адамның тозаққа түсетіні жөнінде тура жарты күн ақыл айтыпты. Осекең әлгіні әбден тыңдап болып: – Болдыңыз ба, аға?! – дейді. – Иә, болдым... Сонда Осекең: – Онда, аға, өз жұмағыңызға өзіңіз бара берсеңізші. Менің тозағымда неңіз бар! – деген екен. Сол айтқандай, әркімнің маң­да­йы­на жазылған бақ-талайы әрқи­лы ғой. Әлдекім­дерді күндеу­ден аулақпын. – Келешекке белгілеген жоспар­ла­рыңыз көп шығар? – Кино төңірегінде армандарым бар. Бір ойым, келешекте қыс­қа метражды фильмдер түсіру. Шебер қол­мен ұқсата білсең, халық арасында материал көп. Мәселенки, жұлдыздар жамыраған түнгі ауыл. Күнделікті жұмыстан шаршап, есінеп, қымтанып жатқалы жатқан дүкеншіге ішіп алған біреу телефон соғады: – Уа-а, ку-ке-е, дүкеніңді аш-шы!– деп. Дүкенші шарт ашуланады. – Ей, есуас, мен неге ашамын дүкенді! Түннің ортасы болды емес пе! Таңертең сегізде кел, пожалыста, ашамын. Ал, қазір үніңді өшір. Давай, құры! Содан таңғы алтыда телефон тағы шырылдайды. – Оу-у-у, аш-шаңшы дүкенді! Мастықтан тілі байланып сөйлей алмай тұр. Тәтті ұйқысы бұзылған дүкенші аузы көпіре түтігіп, ананы жетпіс бір әкеден құлатып боқтамай ма. – Өй, иттің ғана баласы! Есің дұрыс па өзіңнің! Ұйқы бермедің ғой. Саған арақ па керегі өзі? Таңертең кел. Төбеңнен құйып, аузы-басыңа зәкөс­кені тығып, үнінді өшірейін. Кет, жоғал! – Оу-у-у... Арақ та, зәкөске де жетеді мұнда-а,– дейді анау. – Мен сенің дүкеніңнің ішінде отырмын ғой. Далаға шығарсаңшы! Ең болмаса дәрет сындырайын да... Сөйтсе, күндіз қаңғалақтап жүріп бір бұрышқа құлап қалды ма, дүкен ішінде қалып қойған біреу ғой ол. Мән-жайды сонда ғана түсінген дүкенші алақ-жұлақ, жалаңаяқ-жалаңбас, бір буда кілтін ала салып, көйлек-дамбалшаң дүкеніне қарай шабады. Осы көріністерді дамытып, жарты сағаттық фильм жасауға болады ғой. Мұндай бағыттағы әңгімелер жеткілікті. Тағы бір арман – жеке минитеатр ашсам деймін. Көкейде қордаланған ойлар бар. Творчество заңдылығы сол – өнердегі жеке мәнеріңді, айшықты қолтаңбаңды қалдыруың керек. Кеңес театрларында талай жыл салтанат құрған теңгермешілікті жоюға болатынын дәлелдегің келеді. Режиссерлер мені: «Әй, бұл эпизодты қатырады» деп ұсақ-түйекке сала беріпті. Жасыратыны жоқ, кейде ашық ренжуші едім. Маң­қа жі­гіттер мен сақау қыздардың аяғының астына «кірпіш» төсеп, «орындық» қойып, басты геройларды қолдан жасап жатқанда қалай күйінбессің. Бә­рі­нен бұрын қасиетті өнерге қиянат қой ол. – Өнер адамы кемелденген сайын уақыт қадірін жіті сезінуі де заңдылық, білем... – Жасым елуге келіп қалды. Сонда да базбір ағаларым мені әлі бала санайды. Қолбала болып жүре беруім керек сияқты. Олардың тілегімен өмір сүрсем, алпысқа келгенде «молодой специалист» болатын шығармын. Жетпісте «болашағынан үміт бар» атанармыз. Ал одан кейін барсың ба, жоқсың ба!.. Расында, біреулердің нұсқауы­мен, қақпақылмен қашанғы жүресің. Манада айттым ба, теңгермешіліктің, бас-басына би болған кісіліктің салдарынан өнердің құны мүлдем түсті. Қазір ұялмағанның бәрі әнші, бәрі күйші, бәрі сазгер, бәрі ақын, я жазушы. Оны қойып үлкен театрларда белгісіз бір жастардың шығармашылық кештерін өткізу үрдіске айналды. Алдымен халыққа еңбегіңді сіңіру керек емес пе. Аянбай тер төксең, даңқтың өзі келмей ме аяңдап. Ақшаның күшінен бе, ненің ықпалынан екенін білмеймін, осындай дүрмек көбейіп кеткеннен кейін халық алтын мен жездің айырмасын білуден қалады-ау деймін. Кейбір өлкеге барсаң мұрындарын шүйіріп, қадіріңді түсіреді. Көзді бақырайтып қойып: – Ой, өз ауылымыздың «Тамашасы» сіздердікінен артық. Біздің Сылқымбикелер ән салғанда Бибігүл, Розаларың жолда қалады! – дегенде осынша тоғышарлыққа таңданып, тіл-жақтан айырыла жаздайсың. Үлкен өнердің намысы сондайда қиналтады. – Иә, артистік өнерді көпшілігі­міз­дің оңай көретініміз жасырын емес. – Кейде бізге сахнада бірнеше күрделі қызметті қатар атқаруға тура келеді. Мәселен – конферансьенің міндеті. Негізінде, бұл сөз шеберлігінен мүлдем бөлек жанр. Өте қиын. Бір мезгілде сезімтал саясатшы, тәжірибелі артист, тапқыр режиссер бола білу керек. Ал қазіргі кейбір конферансьелер кәсіби мәдениетті былай қой­ғанда, мүлдем сауатсыз. Тілді бұрап сөй­леу­шілер көбейіп кетті. – Сиздердін алдаргызга жулдуз Дюсенкуль Сарсенбина чыгад. Карси алициздар! – деп тұрады. Бұл не?! Шынын айту керек, мұндай әртістер драма театрларында да қаптап жүр. Олар, тіпті, Қарагөзді, Ақ­тоқтыны ойнайды. Түңіліп оты­расың. Содан соң кейбір әріптестеріміз көрерменнің көңілінен тез шыға қоюға ұмтылып, орындап тұрған рөлінде орынсыз орысша қосып немесе бұралқы сөз жамап жіберіп жатады. Сахна – қасиетті орда. Онда ойыңа келген былғанышты жасай беруге болмайды. Мың жерден еуропаланған, жүз жерден демократтанған болсаң да қазақтың жазылмаған заңдары шеңберінен, ізеттен, ибадан аттау – ұят. Және үлкендерге, орта буынға, жастарға арналып әр басқа айтылатын сөз жігін тамыршыдай тап баса білгенің жақсы. Әр аудиторияның өз тілі бар. Соған сәйкес сөзді әрқалай саптау – үлкен өнер. Қазақ тұспалдап сөйлеуді ұнататын халық. Осыны есте ұстаған жөн. – Қол жұмысқа ыңғайыңыз қалай? Шеге қаға аласыз ба? – Шегенің «көкесін» қағамын десем сенесің бе? Үйдегі ұсақ-түйек, күрделі жөндеулерді түгел өзім жасаймын. Онда балта шабушы, ағаш шебері, сылақшы, сантехник, электрик – бәрі бір өзім. Және өзгенің ісіне көңілім толмайды. Барлығын өз талғамыммен орындаймын. Гастрольге шыққанда ел базар араласа, мен шаруашылық дүкендеріне тартамын. Құрал-сайман жинаймын. Балғаның, араның, сүргінің, бұрғының, қашаудың, тістеуіктің, тескіштің, егеудің... түр-түрінен коллекция жиналған шығар. Жеңгең кейде: «Темір-терсекті қашанғы жиясың!» деп ренжіңкіреп те жатады. Шеберге бәрі керек. Таяуда төбелерді гипспен оюладым, балкон жаптым, паркет қидым... Жалпы, рахат табамын мұндай жұмыстан. Демалып қаласың. Шығармашылыққа да көмек. Мәтінді жаныңа қойып қоясың да, шұқылап шаруаңды істей бересің. Енді Еркебұланға суретпен айналысатын шағын шеберхана жасап беруді ойлап жүрмін. Өзімнің де қылқаламды қолға алып тұратын кездерім болады. Бірталай достық әзілдерім республикалық газет-журналдарға шыққан. Бұл да үлкен шеберлікті, тапқырлықты, ұшқыр юмор сезімін талап ететін өнер. Кейбір кәсіпқой жігіттердің достық әзіл деп ұсынып жүргендері көбінесе карикатура техникасына келеді. Мен алдымен кейіпкердің характерін зерттеп аламын да, кескінді жедел, үш-төрт сызықпен ғана бейнелеуге тырысамын. Көп штрих пайдаланудан қашамын. Ол үшін, әрине, қолды ұзақ жаттықтыру керек. Тегінде әуескерліктің мәні терең. Жұмыс үстінде негізгі іске қажетті ойлар туады. Қанаттанасың. Қолдан келетін басқа өнерге келсек... Ән саламын домбырамен. Көбіне ғибраты терең терме толғауды, Қазанғап күйлері мен Нұртуған жырларын ұнатамын. Гитара шертетінім бар. Бір таңырқайтыным, кейбіреулер даусы болмаса да қырылдап сахнадан түспейді-ей. Менде бірсыдырғы дауыс бар, сонда да шамаға караймын. Әзілдеп болса да: «Қайрат Байбосыновтар тұрғанда ән салу қара жерге кіргенмен бірдей» деймін ғой. Айтқан соң биік деңгейде, жақсылап айту керек. Ептеп сырнай тартатыным бар. Бала кезімізде ауылда бір ғана гармонь болды. Соның әуені естілсе іздеп барып тұрушы едім. Қазір жасалғанына елу бес жыл болған неміс аккордеоны тұр үйде. Бір досым сыйлап еді. Соны ермек қыламын қол боста... – Біз сөзіңізде ұшқыш болуды армандағаныңызды айтыпсыз. – Ұшқыш болуға талаптанғаным рас. Бала біткен армандайтын шығар оны. Мен де әрекеттендім. Мектепте самолет моделін жасау үйірмесіне қатысқанмын. Мақтау қағаздарын да алдым. Үйде де ағаштан, томардан «Ил», «ТУ» ұшақтарының талай үлгілерін әзірлегенмін. Бізге Ақтөбе жақын. Онда ұшқыш­тар училищесі бар. Жан-жақты дайындалып-ақ бардым. Қырсық­қанда, медициналық комиссия денсау­лығың жарамайды деп өткізбеді. Қазір ойласам, барлық сынағына да жарайтын едім. Онда да саясат басқада екен. Ұлттарды процентке бөліп оқыту дәстүрі «салтанат құрып» тұрды емес пе. Сөйтіп тауым шағылып, елге оралдым. Бір қылжақбас ағамыз: «Ұшып-ұшып, содан ішіп-ішіп... кеттік қой» деп отырушы еді. Солайша, менің де ұшқыштық асқақ арманым жер болды. Қазір самолетке отырып, сапарға шыққан сайын сол кездер ойыма оралады. Георгий Данелияның «Мимино» кинофильмін көрген шығарсың. Сонда терең ой, ұтқыр идея бар. Қанша жерден ұшқыш, ғарышкер болып кетсең де туған жеріңнен табан үзу қиын. Қазір аса өкінетіні жоқ, өнер көгінде самғап жүрміз. Мұнда да қалтқысыз қызмет ету арқылы туған халқыңның шексіз сүйіспеншілігіне бөленуге болатын секілді. ­­­­Құлтөлеу МҰҚАШ "Қазақ үні" газеті