Гүлшара Әбдіқалықова: БҮГІНГІ ПАРЛАМЕНТАРИЗМ ҰЛЫ ДАЛА ҚҰРЫЛТАЙЛАРЫНАН БАСТАУ АЛАДЫ

_MG_1841 копия Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Парламент Мәжілісі және Түркі академиясы халықаралық ұйымы бірлесіп, «Ұлы Даладағы мемлекеттілік және парламентаризм» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырды. Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілі­сінің төрағасы Қабиболла Жақыпов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Әзірбайжан Милли Меджлисінің төр-ағасы Октай Асадов, Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісі төрағасының орынбасары Ахмет Айдын, Мажарстан Парламентінің вице-спикері Марта Матраи және депутаттар, халықаралық ұйымдардың басшылары, елшілер мен көрнекті ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференция басталмас бұрын көпшілікке Халықаралық Түркі академиясы ұйымы тарапынан көне түркілердің «Шивээт улаан» ғұрыптық кешеніндегі (Моңғолия) ру-тайпалардың белгілері қашалған таңба тастың ғылыми көшірмесі таныстырылды. «Мәңгітас» деп аталатын бұл көшірме-таңбатастың биіктігі 2 метрден асады. Оның елордаға әкелінуіне Халықаралық Түркі академиясы ұйымы мұрындық болыпты. «Мәңгітастың» ашылу рәсімінде бірінші кезекте белгiлi түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбеков мінберге көтерілді. Ғалым өз сөзінде тастың орнаты­луының түбi бiр түркi әлемi үшiн маңыздылығын айта келіп, түркітілдес елдердің ынтымағы, бірлігі жөніндегі ой-толғамдарын жеткізді. Сондай-ақ, ол кешегі бабалар өміріне терең бойлап, арғы-бергі тарихымызды тануда осындай игі істердің пайдасы зор екенін атап өтті. Тағы бір айта кетер жайт, күні бүгінге дейін «Мәңгітастағы» таң-балар жөнінде арнайы ғылыми зерттеулер жарияланбапты. Соған байланысты, Түркі академиясы биылғы жылдың қыркүйек айында Моңғолияға ғылыми сапар жасап, нәтижесінде көне түркі тайпаларының тамғасы қашалған ұстын тастың рельефтік бейнелерін әкелген. Осы эстампаж қысқа уақыт аралығында қалпына келтіріліп, «Мәңгі Тастың» ғылыми көшірмесі дайындалған. Түркі академиясының ғалымдары бүгін-де «Мәңгі Тастағы» таңбаларды зерттеп, қай тайпаларға тиесілі екенін анықтау үстінде. Көкшіл түсті жанартау жынысты тұнбатастан жасалған ескерткіштің биіктігі – 2,24 метр, ені – 0,82, қалыңдығы – 0,24 метр. Кешеннің шығыс бөлігінде, ортасында төртбұрыш тесігі бар тастұғырдың үстіне орналасты-рылған. Тегіс бетінде 60-қа жуық тайпаның және тайпалық одақтардың таңбалары бәдізделген. «Мәңгі Тас» ескерткішінің таныстырылымынан кейін халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Оны Қа­зақ­стан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов ашты. «Бүгінгі жиын барлығымыз үшін өте өзекті. Біз тариxтан Ұлы Даламыздың бүкіл түркі xалықтары үшін түпмекен, атажұрт болғанын білеміз. Біз Қазақ xандығы құрылғанына 550 жыл толғанын атап өттік. 1465 жылы Керей мен Жәнібек xандар алғашқы xандықтың іргетасын қалады және Қазақ мемлекеттілігінің тариxы сол кезден басталады. Осындайда ерекше атап өтерлігі, тамыры тереңде жатқан дала демократиясы әу бастан-ақ қазақ қоғамының түп-тамыры болған. Елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты ең маңызды мәселелер бүкілxалықтық жиналыс, құрылтайларда талқыланатын болған. Заңнама негіздері қазақ xалқының өзіндік ежелгі xалық өкілдері институтында дайындалып отырған. Бұл дәстүр Қасым xанның кезінен басталып, XVIII ғасырдағы Тәуке xанның «Жеті Жарғысына» дейін жалғасын тапқан заңдар жинағы болатын. Ол – екі ғасыр бойы қазақ xалқының өзіндік конституциясы ретінде кеңінен қолданылған заң. Қазақ xалқының демократиялық дәстүрі еліміздің жаңа тариxында Қазақстан Республикасының Конституциясын одан әрі дамытты. Ұлы Дала елінің бай мәдениетін сақтай білген, өз тариxын құрмет тұтатын, бейбіт әрі өзара ын-тымақта өмір кешетін xалық Мәңгілік Ел xалқының алтын бесігіне айналды», – деді Қ.Жақыпов. Сондай-ақ, ол бүгінде мемле­ке­тіміздің нығайып, серпінді түрде дамып келе жатқанын айта келіп, «Біздің еліміз xа­лық­аралық қоғамдастықтың беделді әрі дамыған мүшесі. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы xалықаралық бастамалары жалпы жұртқа жақсы таныс. Ұлы Дала елінің «Мәңгілік Ел» идеясы мемлекетіміздің берік сеніміне айналды. Бүгінгі таңда Қазақстан Ұлы Даланың мәңгілік елі болып орнады. Халқымызда «өткенін ұмытқан елдің болашағы жоқ» деген сөз бар. Біз барлығымыз бір бәйтеректің бұтақтары екенімізді ұмытпауымыз керек», – деді. Сөзінің соңында Мәжіліс төрағасы көне дәуірдің бірегей ескерткіші – «Мәңгі Тастың» ғылыми көшірмесінің Астанаға қойылғанында үлкен мән бар екенін, бұл композиция тариxи тамырымыздың ортақтығына айқын дәлел болатынын, Түркі елдерінің жарқын болашағына барар жолда өз ортақ шежіремізді сақтап қалуымыздың маңыз­дылығын атап өтті. Мемлекеттік хатшы Г.Әбдiқа­лықова «Ұлы Дала» ұғымы­ның мән-маңызына тоқ­тала келіп, оның аясының өте кең екеніне назар аударды. «Ұлы Жiбек жолы бойына өрке­ниеттердi тоғыстырып, адам­заттық құндылықтарды үйлестiруде Ұлы Дала елi ежелден iзгiлiк пен парасаттың үлгiсi болған. Таяуда Астанада өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бiздiң қасиеттi жерiмiздi ықылым замандардан «Ұлы Дала» деп, бабаларымызды «Ұлы Даланың ұрпақтары» деп атағанын айтты. Бiз солардың жалғасымыз, «Ұлы Даланың» мұрагерлерiмiз, бұл бiздiң тағдырымыз, бұл бiздiң таңдауымыз деп ерекше атап өттi Елбасы. «Ұлы Дала» деген ұғымның аясы кең, мазмұны терең, дәрежесi биiк. Оның аясына бүкiл түркi әлемi сыйып кетедi», – дедi Мемлекеттiк хатшы. Сонымен қатар Г.Әбдіқа­лықова кезінде Ұлы Далада бабаларымыз өткізген құрылтайларды қазіргі парламентаризмнің бастау көзі деп тану керектігіне тоқталды. «Ұлы Даладағы құрылтайларда дала билері мен бектері ел тыныштығы мен татулығын қамтамасыз ететін қуатты заңдар бекіткен. Бұл ұлы құрылтайларды қазіргі парламентаризмнің бастау көзі деуге болады. Көне түркілер мемлекет қарамағын­дағы халықтың құқығы мен бос­тандығын заң арқылы қамтамасыз еткені белгілі», – деді спикер. Бұған қоса, Мемлекеттік хатшы Елбасының бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы секілді интеграциялық құрылымдардың түркі әлемінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол «Мәңгі Тас» ескерткішінің маңызына тоқтала келе, оның бауырлас халықтарды береке-бірлікке шақыратын рәміз екенін сөз етті. «Мәңгі Тастың» осыдан 14 ғасыр бұрын ұлы түркі билеушісі Құтлық қағанның құрметіне қойылуы баршамызға мақтаныш, өнеге. Дала құрылтайына, хан кеңесіне жиналған іргелі тайпалар «Мәңгі Тасқа» бірлік пен достықты қастерлеуді ант етіп, өз таңбасын қашап қалдыруы бүгінге жеткен ұран», – деді ол. Жиында Әзірбайжан Милли Меджлисінің төрағасы Октай Асадов, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі Төрағасының орынбасары Ахмет Айдын, Мажарстан Парламентінің вице-спикері Марта Матраи, Қырғызстан мен Өзбекстан өкілдері және өзге де ғалымдар сөз сөйледі. Олардың барлығы да аталған халықаралық конференцияның маңыздылығы, түркітілдес елдерді бір-біріне жақындастырудағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ізгі бастамалары, Қазақстанның бүгінгі жетістіктері тұрғысында кеңінен әңгіме өрбітті. Айта кетейік, түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылдың 21-қарашасында құрылған. Бұл Парламенттік Ассамблеяның негізгі мақсаты – парламенттік дипломатия, заң­наманы үндестіру арқылы елдер арасындағы саяси үнқатысудың дамуына және тарихи, мәдени, сондай-ақ, басқа өңірлердің түркітілдес халықтары мен елдері арасындағы өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастықтың нығаюына үлес қосу. Қазіргі таңда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі жұмыс істеуде. Оның құрамында Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғызстан бар. Ал тәуліктің екінші жартысында өткен ТүркПа Кеңесі отырысында ТүркПА төрағалығы Әзірбайжаннан ресми түрде Қазақстанға өтті. Отырысты ашқан Милли Меджлис төрағасы Октай Асадов Әзірбайжанның төрағалығы барысында түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолында көптеген шаралар ат-қарылғанын, жалпы, Әзірбайжан төрағалығының табысты өткенін жеткізді. Сонымен қатар, отырыс барысында Бас хатшылықпен келісе отырып арнайы дайындалған ТүркПа-ның алғашқы марапат медальдары белгіленгені айтылды. О.Асадовтың атынан аталған ұйым қызметінің дамуы жо­лындағы сіңірген еңбегі үшін медалімен Қазақстан Парла­менті Мәжілісінің төрағасы Қ.Жақыпов, Қырғызстан Жогорку Кенешінің спикері Асылбек Жээнбеков, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Исмет Кахраман ма-рапатталды. Әзірбайжан Милли Медж­лисінің төрағасы Октай Асадовтан ТүркПА төрағалығын қабылдап алған Парламент Мәжілісінің төрағасы Қ.Жақыпов Әзербайжан тарапына жемісті қызметі үшін алғысын жеткізе келіп, Октай Асадовқа түркітілдес елдер ынтымақтастығын күшейтуге қосқан үлесі үшін ТүркПА медалін табыс етті.

Сейілбек АСАН

"Қазақ үні" газеті