Шымкентте «Оңтүстік» футбол академиясы ашылды

1606
0
Бөлісу:

02-12-2015-academy 01АСТАНА. 2 желтоқсан. Кеше Шымкентте Қазақстан футбол федерациясының «Оңтүстік» академиясы салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы Федерацияның баспасөз қызметі хабарлады.

Академияның ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды, Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов, ҚФФ вице-президенттері Сейілда Байшақов пен Бағлан Ергешев, ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин, ҚФФ Атқарушы комитетінің мүшесі Бауыржан Әбдубайытов, қазақ футболының ардагерлері Бақтияр Байсейітов, Вахид Масудов, Дмитрий Огай, Асқар Қожабергенов, Нұркен Мәзбаев, Олег Воскобойников, Руслан Балтиев, Қазақстнның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Махамбет Сапарбаев, Испания елшілігінің Қазақстандағы консулы Адриан Ромеро, сонымен қатар, қазақ футболының жұлдыздары Самат Смақов, Фархадбек Ырысметов, Давид Лория, Әли Әлиев, Азат Нұрғалиев және Ғафуржан Сүйімбаев қатысты.

Салтанатты шарада ҚФФ президенті қатысушыларды Тұңғыш Президент күнімен және академияның ашылуымен құттықтап: «Академия жұмысын маусым айында жас футболшыларды іріктеуден бастады. 10-14 жас аралығындағы 600-ден астам баланың ішінен 65 үздігі іріктелініп алынды. Испаниядан келген мамандар қаңтар айында еліміздің оңтүстік өңіріндегі дарынды балаларды тағы да қарап шығады. 2004 жылғы балалардың тобы ашылады. Тұңғыш Президент күні осындай академияның ашылуы Елбасының жас футболшыларға, қазақ футболының болашақ жұлдыздарына жасаған тартуы. Академия мен футбол орталықтарын ашу арқылы еліміздің жасөспірімдер, жастар және ұлттық құраманың ойыншыларын дайындаймыз. Біздің міндет – Қазақстанды футбол алпауытына айналдыру», – деді.

Ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін «Оңтүстік» академиясының жоғары тобы қазақ футболының жұлдыздарымен жолдастық матч өткізді. Ойын 0:0 есебімен тең аяқталды.

Айта кетейік, «Оңтүстік» футбол академиясы мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің әріптестігі аясында Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен ашылды. Академияның үш құрылтайшысы бар. «БИІК» футбол базасы футбол инфрақұрылымы мен қонақүйін ұсынса, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі академияны жартылай қаржыландырады. Ал Қазақстан футбол федерациясы жаттықтырушылар, спорттық жабдықтар және киімдермен қамтамасыз етеді.

Еламан Қоңыр.

«Егемен Қазақстан»

Дерек, сурет: Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі.

02-12-2015-academy 02

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

бес × 2 =