МҰРАЖАЙҒА БАРУДЫ ӘДЕТ ЕТ, ЖАС ДОС!

1630
0
Бөлісу:

Сіз өз өлкеңіздегі мұражайда болып көрдіңіз бе? Өз тарихыңызды білесіз бе? Егер уақыт тауып, өз қалаңыздағы немесе өлкеңіздегі мұражайға баратын болсаңыз, еш өкінбейтін боласыз. Себебі, сіз сол жерден еліміздің тарихы мен мәдениетін, дамуын тамашалай аласыз. Ол жердегі бір ғана экспонат бізге жәй ғана мата немесе темірдей көрінгенмен, бірнеше ғасырды сөйлететін құнды жәдігер екен.

Мен тұрып жатырған шағын қала Форт-Шевченко қаласы көне Ақкетік – нағыз аспан астындағы ашық мұражай. Мен сол жерде туылып, сол жерде өмір сүріп жатқаныма қуанамын. Табиғаты өте әдемі. Теңіз, жоталы тау жоғарысында кезіндегі бекініс қалдықтары қорған күйінде сақталған. Сондай-ақ, менің туған жерімде Укарин халқының жазушысы, суретшісі Тарас Шевченко айдауда болған. Біздің қала саябағында Тарас еккен тал мен оның қазған құдығы бар.

Ал аспан астындағы мұражай қалада мұражай кешендері болмауы мүмкін емес. Анамның айтуы бойынша 3 мұражай бар екен. Мұрын жырау мұражайы және Тарас Шевченко мұражайы. Ал ең бастысы аудандық этнографиялық өлкетану мұражайын айтуымыз керек. Мен ол жерге осыдан бір жыл бұрын барып тамашалаған едім. Мұражайдан өлкемізде өмір сүріп жатырған ұлттар мәдениеті мен өлкеміз туралы ақпарат алуға болады.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» тақырыбындағы ғылыми жұмысымды жазу барысында бесік туралы ақпарат алу үшін қараша айында Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайына арнайы бардым. Анам мені мұражайға апарып ақпарат алуыма көмектесті. Сол мұражайда жұмыс жасайтын Раушан деген апай алдымен маған бесік туралы кітаптардан көшірме жасауға кеңес берді. Ол этнографиялық сөздік энциклопедиясының 1 томын, неміс ғалымының Р.Карутц еңбегін ұсынды. Сонымен қатар мұражайдың этнография залындағы экспозиция киіз үйі ішіндегі жетібайлық шебер Кетеев Жақсылықтың жасаған бесігінің жанында суретке түсуге рұқсат етті.

Мұражайдың табиғат, мұнай өндірісі, Маңғыстау тарихы туралы залдарымен, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев залындағы экспонаттармен таныстым. Әбіш атамызға арнайы зал жазушының 70 жылдық мерейтойында жасақталыпты. Ол залда Әбіш Кекілбаев жазған мақалалар шыққан газеттер мен кітаптары, оған сыйға тартылған домбыра, жұмыс үстелі қойылған. Маңғыстау флорасы мен фаунасы, табиғаты деген залдан жабайы құстар мен жабайы жануарларды көрдім. Көлде жүретін жәндіктерді және акуланың тістерін көрсетті. Жер шары мен мұнай түрлерімен таныстым. Сонымен қатар, мұражайдан күмістен жасалған тіс шұқығышты және құлақ шұқығышты көрдім. Оны анам мәдениеттің бастауы – қазақтардан деп түсіндірді.

Ең қызығы, 1975 жылы ашылған кезінде мұражайға анамның көкесі өлкетанушы Есбол Өмірбаев ең бірінші мұражай экспонаты ретінде батырдың сауытын, қылышын сыйға тартқан екен. Дәл осы экспонат мұражайдың нөмірі бірінші жәдігері болып бүгінде қорда сақтаулы.

Әр сыныпқа өткен кезде жаздық демалысымда анам мені облыстық мұражайға әкеліп тұруды әдетке айналдыратынын айтып уәде берді. Мен мұражайдан ерекше әсер алдым. Барша достарыма да көп ақша құртып ойын алаңдарына барғанша азғантай ақшамен тарихпен танысу үшін өз өлкеңіздегі мұражайға баруға кеңес берер едім.

Альбина САЙЛАУБАЙ,

Жалау Мыңбаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы,

Түпқараған ауданы.

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

екі × 3 =