"Үштілділік" саясатының көкжиегі қандай?

til Бесаспаптық жақсы-ақ, десек те... Жақында Орталық коммуникациялар қызметінде 2015-2020 жылдарға арналған үштілді білім беруді дамытудың Жол картасын таныстыру өтті. Жиын барысында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Мариям Мұқатова: «Он жылдан кейін мектептердің жоғары сынып оқушылары күрделі пәндерді ағылшын тілінде оқитын болады. Жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқыту төрт пән бойынша жүргізіледі, яғни, информатика, физика, химия және билогия ағылшын тілінде өтеді» деді. Сондай-ақ, осы кісінің айтуынша, 2017-2018 оқу жылында бесінші сыныпқа ағылшын тілін бірінші сыныптан оқи бастаған балалар келетін көрінеді. Иә, бұл тұрғыда 2013 жылдан бастап, бірінші сыныптың бағдарла­масына ағылшын тілі енгізілгені белгілі. Он жыл ішінде жоғарыда атап өткен пәндерді оқушылар ағылшын тілінде игеруі үшін бұл тілді 1-сыныптан бастап күрделендіріп өтуге тура келеді. Бастауыш сынып оқушылары тек әріп танумен, я болмаса бірен-саран сөздерді білумен ғана шектелсе, Білім министрлігінің жоғарыдағы жоспары жүзеге аспасы анық. Оның үстіне Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов дәл қазіргі таңда республика көлемінде мектептердегі оқушылардың ағылшын тілінің оқытылуы әлі де қанағаттанарлық деңгейде еместігін айтқан еді. Ендігі жерде Білім және ғылым министрлігі ағылшын тілін оқытуды балабақшадан бастап қолға алатын көрінеді. Ал, өз ана тілінің уызына жарымаған бала шет тілін қалай меңгермек? Бізді алаңдататыны да осы. Бұл жөнінде ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім «Бір ел, бір мүдде, бір мектеп» атты бағдарламасында: «Бір ел бола тұра, ортақ мүддеміз бен ортақ мақсатымыз бола тұра қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр мектептері деп қалайша бөлеміз? Білім беру жүйесі бір стандартқа көшіп, барлық мектептерде бірінші мен бесінші сынып аралығында сабақ атаулының бәрі тек қана қазақ тілінде оқытылуы керек. Сол сияқты балабақшалар да қазақ тілінде тәрбие беруге тиісті. Қандай ұлт болмасын бір сыныпта бес жыл бойы қазақша оқып, одан әрі әркімнің өзінің қалауынша көп тілді оқуды жалғастыра берсін. Оған да шектеу қоймаймыз. Әлемдік қолданыстағы ағылшын тілі керек пе, оқысын. Ағылшын тіліне біз тосқауыл қойғаннан ештеңе өзгермейді. Ағынды судың алдын бөгесең басқа жерден бұзып шығатыны секілді. Біз тек соны белгілі бір арнаға бұрып отыруымыз қажет. Бес жылда бала мемлекеттік қазақ тілін меңгеріп, құндылықтарымызды бойына сіңіреді. Ортақ құндылықтармен тәрбиеленген кезде біздегі дау-дамайға айналған тіл мәселесі де өзінен-өзі шешіледі. Біз, барлық ұлттар өкілі, қазақстандықтар бір мақсатқа бірігіп жұмыс істеп отырып, мектепке келгенде неге ала қойды бөле қырқуға тиіспіз. Біле білсек, бұл барлық ұлт өкілдеріне жасалатын бірдей, ортақ мүмкіндік» деген еді. Өкінішке орай, «Бір ел, бір мүдде, бір мектеп» атты бағдарламадан Білім және ғылым министрлігі құлағдар болса да, бұл бағытта жұмыс істеуге ниетті емес. Мектептегі тіл мәселесіне келгенде жапон халқы іспетті бастауыш сыныпта тек қана ана тілінде оқытсақ, сөздік қоры молайып, танымы кеңейіп, екінші, үшінші тілді меңгеруге саналы түрде қадам басатын еді. Олай болса, «Үш тұғырлы тіл» саясатын білім саласына әкеліп тұтастай енгізе салуға аса асығыстық танытпағанымыз жөн сияқтанады. Ұлттық білім академиясының вице-президенті Мариям Мұқа­то­ваның «Оқушыларға Қазақстан тарихы пәні қазақ тілінде оқытылады» деп жарияға жар салғанын да аса түсіне қоймадық. Қазақтың төл тарихы өзінің туған елінде ана тілінде оқытылмағанда қай тілде оқытылуы мүмкін? Мұны жаңалық деп айтудың өзі де ыңғайсыз. Қазақстан тарихының қазақ тілінде оқытылуы заңдылық емес пе. Ал, дүниежүзі тарихы барша білім беру ұйымдарында орыс тілінде жүргізілетін болды. Бұл да сол «үштілділікті» жүзеге асыру жолында атқарылып жатқан істің бір тармағы екені анық. Әйтпесе, орыс тілі пән ретінде барлық мектептерде оқытылып келе жатқан жоқ па? Демек, орыс тілін оқушылар онсыз да біледі. Бүгінгі күні мектептің кейбір бағдарламалары ауыр болғандықтан, оқушылар түсінбей жататын кездер жиі кездеседі. Ал, үш тілде оқу оқушы санасына салмақ түсіретіні айтпаса да түсінікті. Бірақ дәл осы үш тілде білім алған шәкірттен күні ертең бәсекеге қабілетті маман шыға ма? Ол жағы, әрине, уақыттың еншісіндегі дүние. Қазақ тілін Кембридж әдісімен оқыту қаншалықты тиімді? Үкімет «Zakon.kz» ақпараттық порталымен бірігіп «Министрге сұрақ қой» атты арнайы айдар ашқан-ды. Білім саласында шешімін табуы тиіс мәселелер шаш-етектен. Сондықтан болса керек, бұл тұрғыда сауалдардың көбі Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке қарата бағытталды. Сала басшысы «Министрге сұрақ қой» атты онлайн-конференциялар сериясында Кембридж әдістемесі негізінде 1-11 сыныптарға қазақ тілін деңгейлік оқыту бағдарламаларының жасал­ғандығын мәлімдеді. «Кембридж әдістемесі бойынша, жалпы білім беру мектептерінің 1-11 сыныптарына арналған қазақ тілін оқытудың деңгейлік білім беру бағдарламалары жасақталды. Биыл жаңа оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар кешені сынақтан өтуде. 2017 жылдың қыркүйегінен бастап елдегі мектептерде қазақ тілін деңгейлік оқыту енгізіледі» деді Аслан Сәрінжіпов. Осы тұста заңды бір сауал туындайтын сияқты. Неге біз өзіміздің мемлекеттік тілімізді Кембридж әдісімен оқытуымыз керек? Бұл «Біреудің қаңсығы біреудің таңсық» дегеннің кері емес пе екен?.. Осы мәселеге қатысты «Саты­лай кешенді оқыту» техноло­гиясының негізін қалаушы, филология ғылымда­рының докторы, профессор Нұрша Оразақынова: «Жалпы білім беру мектептерінің 1-11 сыныптарына арналған қазақ тілін оқытудың деңгейлік білім беру бағдарламасы негізінен ең бірінші кезекте, жаңа оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар кешенін шығармай тұрып, осы саладағы білікті мамандарға алын ала таныстырылуы керек. Әйтпесе, онсыз да шекесі қызбай тұрған мектеп оқуылықтарының қатарын тағы да толықтырмасына кім кепіл? Сондықтан да, қазақ тілін деңгейлік оқыту тұрғысында шикі оқулықтар шығарып, оны қайта түзеп, дағдарыс кезеңінде қыруар қаржыны желге ұшырмас үшін бағдарламаны алдын ала саралаған абзал. Сонымен қатар, қазақ тілін деңгейлік оқыту барысында министрлік айтқандай Кембридждік әдісті емес, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сынды ұлт ұстаздары ұстанған бағытпен оқытуды жолға қойғанымыз жөн. Қазақ халқының рухани көсемдері баланы оқытуға, тәрбие беруге бастауыш сыныпта аса жауапкершілікпен қараған. Әрі бұл тұрғыда қазақ тілін санасына сіңіріп өсуін ең бірінші кезекке қойған. Дәл бүгінгі күні де кез келген жаңа бағдарламаны Алаш арыстарының ұстанымы­мен сабақтастыра отырып жүзеге асырсақ, ұтпасақ, ұтылмай­тынымыз анық» деді. Қит етсе, шетелді алға тартып, көшірмемен жұмыс істеу білім саласын ұшпаққа шығармайтыны және белгілі. Сондықтан, бізге қолда бар жаңалыққа қолдау көрсетіп, қазақ тілін өскелең ұрпақтың бойына дарытудың жолдарын қарастырғанымыз жөн шығар... Қаржыға қатысты сауалдардың да шешімі табылмады Онлайн-конференция барысында туындаған сауалдардың дені Ұлттық бірыңғай тестілеудің аясында өрбіді. ҰБТ-ға жариялылықтың қажеттігі осы уақытқа дейін «Қазақ үні» газетінде бірнеше рет көтерілген-ді. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов: «2016 жылдың қаңтарынан бастап ҰБТ тестілерінің базасы Білім және ғылым министрлігінің және Ұлттық сынақ орталығының сайттарында жарияланады» деп көңіл қуантатын жаңалық айтты. Сонымен қатар, «Министр­лікте ҰБТ-ның форматын өзгерту бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Сіздер көтеріп жатқан барлық ескертпелер назарға алынуда. Аталмыш мәселелерді шешу жолында және псиxологиялық, әлеуметтік ауыртпалықты бәсеңдету үшін ҰБТ-ны бірнеше рет қайтара тапсыру мүмкіндігін қарастырудамыз. Жалпы ҰБТ-дағы барлық жаңа үдерістер қоғам пікірінің негізінде жасақталады» деді министр. Жариялылық жақсы-ақ, десек те ҰБТ-ны қайта-қайта тапсыру, психологиялық ауыртпалықты жеңілдеткеннен гөрі, у-шуды одан әрі ұлғайта түсетіндей көрінеді. Оның үстіне алғашқы сынақта жолы болмағандар келесі жолы бармақ басты, көз қысты әрекеттерді қолданудың амалын іздемесіне кім кепіл?! Ел арасында ҰБТ жақындаған тұста алаңдаушылық басым болады. Тіпті, тұрмыстық жағдайы орта деңгейде өмір сүретін отбасы үшін мектеп бітіргелі отырған ұл-қызын тестке дайындау қиынның қиыны. Мәселен, ҰБТ-дан бұрын өтетін дайындық кезінде оқушылар апта сайын құны 360 теңге тұратын кітапшаны сатып алуға тиіс. Бұған кез келген ата-ананың қалтасы көтермесі анық. Ал министр болса: «Алдын ала сынақтар ҰБТ-ға қарсаңында дайындықты шыңдау және аталған пәндер бойынша бала білімін анықтау үшін қажет. Түлектер бұл сынаққа өз еркімен қатысады. Мектеп әкімшілігі оларды күштеуге немесе әдістемелік құралдарды сатып алуға мәжбүрлеуге құқылы емес» деп қысқа қайырды. Министрдің жауабы аталған мәселені шешпейтіні анық. Яғни, тест кітапшасын алудың қажеттілігін мұғалімдер айтқаннан кейін оқушылардың барлығы бірдей алуға тырысады. Сондықтан да, бұған ұқсас сауалдар алдағы уақытта да министрдің мазасын тағы да ала беретіні сөзсіз. Мектептің жөндеу жұмысы, оқушыларға ақылы концерттерге баруға міндеттеу сияқты қаржыға қатысты қаншама сауалдардың басы ашық күйінде қалды. Министрдің жауабы: «Мұндай шараларға барудан бас тартуға толықтай құқыңыз бар» дегеннен әріге аспады. P.S: Иә, білім саласындағы қаржыға қатысты кикілжің көп. Мұғалімдер, оқушылардан жоғарыда аталған мәселелерді алға тартып, қаржы жинауын доғаратын түрі жоқ. Бұл елге белгілі бергі жағы. Ал, ауылды жерлерде мектепке мұғалім болып қызметке орналасу үшін директорға қомақты қаржы ұсынуға тиіссің. Олай болмаған жағдайда қанша жерден жоғары білімді болсаң да мектеп табалдырығын аттаудың өзі мұң. Осы тұста білім саласына жаңа реформа, жаңа оқулық шығарудан озық шыққан сала басшысы ендігі кезекте «Білім саласындағы жемқорлықты жоюдың жаңа бағдарламасын» ойлап тапса құба-құп болар еді. Әйтпесе, қаншама жастың сағы сынып, жоғары білім алғандығы жөніндегі дипломды сандық түбінде сақтайтын түрі бар...

Гүлмира САДЫҚ

"Қазақ үні" газеті