Ертегі айтар әже сериал көргіш кемпірге айналды

1150
0
Бөлісу:

Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабеков махаббатпен таң атырып, сезім жайлы сөздермен кеш батырып жатқан қазіргі қаракөз қыздардың жауапсыз жағдайы жайлы Facebook парақшасында сөз қозғады.

тазабек

Оның пікірінше, бүгінгі бойжеткендер жылы сөйлеген жігітті жақындарына сынатпай жатып, қолынан ұстап кете барады. Ағайынның батасын алып, ақ некесі қиылмай жатып, қойнына алады.

“Жүректеріміз суық ақылға емес, сезімге байланып тұрғанына мән бере бермейміз. Төңірегімізге қарайықшы. Ән тыңдасақ та, әңгіме тыңдасақ та маxаббат жайлы. Маxаббат тақырыбы мен таң атырып, сезім жайлы сөздермен кеш батырып жатқандар қаншама?”, – дейді Тазабеков өз жазбасында.

Үйлену жайлы үлкен ниет болмай жатып, тұрмыс құру жайлы нақты шешім қабылданбай тұрып, құр бекер  жұрттан қалмай, “қызбен жүру, жігітің болу” қаншама тағдырларды тығырыққа тіреуде. Мамандық таңдауға араласқан үлкендердің жар таңдауға араласа алмауы-жауапсыздықтың ең үлкен бастауы.

“Алла жастарымызды бақытсыздықтан сақтасын! Барар жер, басар тауы қалмағасын, жанашыр кәсіпкерлер тарапынан ашылған “аналар үйін” паналаған, бауырында баласы бар нәзік жандылардың тағдыры жаныңды ауыртады”, – дейді ақын Facebook парақшасында.

Айбынды қария айғайшы шалға, ертегі айтар әже сериал көргіш кемпірге айналды

Тазабековтің айтуынша, бұл қасіреттердің бірнеше себептері бар. Әсіресе, дәстүрлі отбасылық-құндылықтарымыздан ажыратқан кеңестік кесірлі идеология, табиғи заңдылықтарымыздан бұра тартып, әйелдер қауымын әуреге салған жасанды қағидалар – бірінші кезекте әсер етуші факторлар.

Қоғам қайраткері бүгінде әулеттердің іргесі шайқалып, текті тәрбиенің тігісі сөгіліп жатқанын баса айтты.

“Айбынды қария айғайшы шалға, ертегі айтар әже сериал көргіш кемпірге айналды. Сыртта жүргенде бөтен елмен “сіз-біз” десіп, үйге келгенде ет жақындарымен сырласпайтын шаңырақ көбейді.

Бұған қоса, қоғамда қызы мен қарындасын қамқорлыққа алып, қадағаламақ түгілі, өз басын әрең алып жүрген еркектер қауымының ұсақтығы мен намыссыздығы да белең алды. Жұмысына жүгіріп, үйге асықпайтын әке, көлігін сипалап, қарындасын қызғанбайтын аға аз емес.

Қыз көрсе, етектен жоғары ойлай алмайтын, оңашада кездескен келіншекті олжа көретін түсінік қаншама жілікті жігіттерді жігерсіз пендеге айналдыруда”, – деп жазады Тазабеков.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

екі × 5 =