Қазақстанда қазақша атаулар қоюды қалайша қисынсыз дейсіз, Сәтжан ханым?!.

Жақында қазақстандықтар әлеуметтік желілерде танымал тележүргізуші Динара Сәтжанның Астанадағы “Монако” атты қонақүйінің қазақша емес атауына шүйліккен еді.

динара сатжан 1

Көрермендердің өткір сынына қатысты тележүргізуші де көп кешіктірмей өз пікірін білдірді, деп жазады NUR.KZ Comode.kz-ке сілтеме жасап.

“Жұрттың көбі менен қонақүйдің неге “Монако” деп аталатынын сұрайды. Себебі мейманхана астаналық “Милан” және “Париж” кварталдарының ортасында тұр. Егер ол “Бәйтерек”, “Көктөбе” немесе “Алматы” деп аталса, қисынсыз болар еді”, – дейді Динара Сәтжан.

Белгілі тұлғаның айтуынша, аталмыш кварталдар  Еуропаның әсем көшелерін еске түсіреді. Ал Монако мемлекеті – Франция мен Италияның төңірегіндегі көрікті князьдық.

“Біздің қонақүй әрі бутик қызметін де атқарады. Оның ішінде небәрі 46 жатын орын болмақ. Қонақтарға көрсететін қызмет түрлері де ерекше болмақ”, – дейді қонақүй иесі Сәтжан.

Сондай-ақ, “Монакоға” ат басын бұратын тұлғалар тәулігіне 21 мың теңге төлемек. Тележүргізушінің пікірінше, осындай жоғары деңгейлі мейманханалар үшін мұндай арзан бағаны елордада табу мүмкін емес. Динара Сәтжан қонақүйге эстрада жұлдыздары, саясаткерлер, қоғам қайраткерлерінің келгенін қалайтынын жасырмады. Қонақтар бір-бірімен емін-еркін әңгімелесіп, сұхбаттаса алады.

Тележүргізуші қонақүйдің ресми ашылу рәсіміне қазақстандық опера әншісі Сүндет Байғожин мен отандық балет бишісі Досжан Табылдыны шақырған.

Дереккөз: NUR.KZ