Қазақстанда қанша миллион кедей бар?

1705
2
Бөлісу:

Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрi Тамара Дүйсенова әлеуметтiк қолдауды қажет ететiн халықтың саны 1 миллионға дейiн артуы мүмкiн екенiн мәлiмдедi. Бұл – ресми мәлiмет. Ал шындап зерттеу жүргiзiл­се, жанбағысы тұралаған жұрттың саны бұдан бiрнеше есе асып түсетiнi анық деп жазады Жас Алаш газеті.

04

Алдымен Тамара Дүйсенованың үкiмет басшысына айтқан мәлiме­тi­­не назар аударыңыз.

“Бұл айда күнкөрiс деңгейiнiң ең төменгi мәнi 21 226 теңге болғанын немесе жыл басымен салыстырғанда 11,4 пайызға артқанын айтқан болар едiм. Негiзгi азық-түлiк түрлерiне бағаның көтерiлуi­нен келiп бiз осал топтағы адамдар саны артады деп күтемiз. Олардың саны 1 миллионға жетер деп ойлаймыз”.

Осыны айтқан министр Кәрiм Мәсiмовтен жергiлiктi атқару ор­гандары арқылы зерттеудi нақтылап, бюджетке өзгерiстер енгi­зудi сұрады.
Ал “осал топтағы адамдар” деген кiмдер? Әрине, кедейлер. Кедей болғанда да iшер ас, киер киiм­ге жарымаған, ендi үкiметтен қолдау жасалмаса, аштан қататын тұрғындар. Және мұндай жұрттың саны ендi көбеймесе, азаймайды.

Тамара Дүйсенованың тағы бiр дерегiне жүгiнсек, елiмiздегi 136 компания “жұмыстың икемдi режи­мiне” көшкен. “Икемдi режим” деп әдемiлегенi болмаса, ол – жұмысшыларды ақысыз демалысқа жiберу деген сөз. Осылайша көптеген кәсiп­орын­дардан “икемделiп шыққан” адамдар жұмыссыздар қатарын көбейтiп жатыр.

Жуырда ғана Энергетика ми­нистрi Владимир Школьник те 40 мыңға жуық мұнайшының жұмыстан қысқаруы мүмкiн екенiн ескерттi. Егер осы 40 мың жұмысшының отбасында кемi 3-4 адамнан бар деп есептесек, 120-160 мың адамның күнкөрiсi қиындайды. Бұл жалғыз мұнай өндiрiсi саласындағы ахуал ғана. Ал елiмiз­дiң түкпiр-түкпiрiнде жабылып жатқан кәсiпорындар қаншама? Теңгенiң құлдырауы керек-жарағы мен құрал-жабдығын шетелден сатып алатын кәсiпорын­дардың жұмысын тұралатты.

Ресей мен Белоруссиядан ағылған арзан азық-түлiк отандық тауар өндiру­шiлердi тығырыққа тiредi. Содан кейiн де олар импорт­тық өнiмнiң биркасын жұлып тастап, “Қазақстанда жасалған” тауарға “айналдыруға” мәжбүр. Бұл – арзан қулық. Бiрақ амал кем. Жуырда ғана Ұлттық кә­сiпкерлер палатасы 95 ­к­әсiп­орынды тексерiп, соның жартысынан көбi әлгiндей айлаға жүгiнгенiн анықтады. Демек, олардың да банкротқа ұшырайтын күнi алыс емес. Мұның бәрi жұмыссыздар санын арттырған үстiне арттыра бередi.

Бұл неден? Аграрлық саладағы жұмыстың жүйесiз­дiгiнен. Үкiмет осы уақытқа дейiн шаруаларды жаңа техникамен, озық технологиямен қамтамасыз етуге күш салудан гөрi шетелден сиыр тасуды дұрыс көрдi. Бұл мақсатқа миллиардтаған қаржы жұмсалды. Жоба бойынша Қазақстан 2016 жылдан бастап Ресейге 60 мың тонна ет экспорттауы қажет едi. 2015 жылдың 9 айы iшiнде елiмiз сырттан ет және ет өнiмдерiн сатып алуға 19 миллион доллар жұмсаған. Қазақстан Ресейге экспорттамақ түгiлi, еттi Болгария мен Польшадан, Канада мен Бразилиядан тасып жүр.

Қаң­тардан бастап еркiне жi­берiледi деген нан бағасы қазiрдiң өзiнде қымбаттай бастады. Қызығы, нан бағасын арзандатуға бөлiнетiн субсидияны аяған билік ендi Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретiнде 600 мың тонна астық жөнел­тедi. Бұл – бiр облыстың халқын 1 жыл асырауға еркiн жететiн бидай. Және бiр тонна бидайды 100 доллар деп есептегеннiң өзiнде бұл – 60 млн доллар ақша. Оған қоса Ауғанстан жастарын Қазақстанда тегiн оқыту үшiн 50 млн доллар қаржы бөлiнбек. Екеуiн қоссаңыз, 110 млн доллар. Осы қаржыны теңгеге шағып кө­рiңiзшi, доллардың бағамын 300-ден есептеген­нiң өзiнде 33 млрд теңге болады екен.

Күнi кеше Алматыға келген президент жаңа ашылған балабақшаға кiрiп, мынадай бiр қызық әңгiме айтты: “Әу дегенде түк көрмеген қазақтар 4-5 қабат үй салды. Оның iшiнде үйдi сыпыру үшiн 5-6 адам керек. Барлығына он шақты адам ұстау керек. Қазiр не қыларын бiлмей жүр. Ең үлкен машина мiнiп, танк сияқты машина болса, соны да алар едi ол кезде. Ал қазiр мiнеки, ықшамдап iстеуге келдiк. Үйдi де кiшiрек салу керек. Жағдай да солай, дүние де солай. Сондықтан олармен сөй­лесiңдер. Төрт қабатты үйдi не қылады? Балабақшаға берсiн”.

Ендi Назарбаевтың бұл сөзiнiң кедейшiлiкке қандай қатысы бар? Қатысы үлкен.

Қазақстанда бай мен кедейдiң арасы тым алшақтап кеткен. Оны бiреулер халықтың ең бай 10 пайызы мен ең кедей 10 пайызының арасалмағын өлшеп, 22:1 деңгейiмен шамалап жүр. Шын мәнiнде, мұның өзiне күмәнмен қарауға тура келедi. Өйткенi өлмес­тiң күнiн көрiп жүрген кедей-кепшiк пен жалғанды жалпағынан басқан дөкей­лер­дiң арасы жер мен көктей.

Мәселен, осыдан бiрер жыл бұрын тәуелсiз басылымдар Қазақстанның ең бай 50 адамының дәу­летi Жамбыл, Ақмола және Солтүстiк Қазақстан облыс­тарының жалпы iшкi өнi­мiнен асып түсетiнiн жариялағаны есiмiзде. Бұл мемлекеттiң жарты байлығы санаулы адамдардың қалтасында жүр деген сөз.

Жалпы, халық “түк көрмеген” деп кiмдердi атағаны дұрыс? Мiне, осы сұрақтың жауабы нақтыланғанда, “Қа­зақ­станда қанша миллион кедей бар?” деген сауалдың да жауабы табылады.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 2 пікір жазылған

  1. Сүгірбай 28 Қараша, 2015 00:34 Жауап

    Екі таптық жүие ертеден келе жатқан үрдіс қой, дəл бірақ біздің бай мен кедей арасындағы алшақтық еш жерде жоқ шығар.жарты миллионға көлік мінгендер бізді қайтсін.қысқартуды биліктен бастау керек.соғыс кезінде жалғыз бригадир бір елді басқарған.бір басшыда он қосшы .осы жағын неге ойламасқа.

  2. Мақсұт. 28 Қараша, 2015 02:19 Жауап

    Президентке жаным ашып отыр! Ол кісі Қазақстандағы хәлді алаңсыз білмейді екен -ау. Өзінің айналасына ғана қарап, қазақтың бәрі 4-5 қабат үй салып жатыр -деп ойлаған ғой?! Қазіргі Қазақстанға бір келіп қараса-шы, халықтың аса көп басым бөлігі бір бөлмелік баспана таппай босып жүргенін көрер еді.» Халық аш болса неге майға талқан былғап жемейді?»-деген хан баласының аңқау әңгімесі.

Пікір немесе жауап жазу

10 − 3 =