ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 жылдығына - БАБАЛАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ

1 Ойлы оқырманның ойында болса керек, былтырғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында өнер адамдарының басын бiрiктiретiн “Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бiрлестiгi” құрылғандығын, сонымен қатар алдағы мақсаттары мен мiндеттерi туралы толықтай ақпарат жариялаған болатынбыз. Өткен бiр жылдың iшiнде аталған бiрлестiктiң ат салысуымен  бiрталай шаралар жүзеге асты. Таяуда бiрлестiк мүшелерi тағылымы мол тағы бiр шараны қолға алды. Ұйым мүшелерi бұл жолы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қасиеттi Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесiне  арнайы зиярат етiп қайтты. 0 -Мұндағы мақсатымыз – бабаларымыз жатқан аймақты аралай жүрiп, ел тарихымен тағы да етене танысу. Елдiң  егемендiгi үшiн, Алаштың азаттығы үшiн бастарын бәйгеге тiккен асылдарымыздың рухтарына  бас ие отырып, олардың өшпес ерлiктерiн жас  ұрпақ бойына сiңiру, - дейдi танымдық саяхатқа шыққан бiрлестiктiң белдi мүшесi, ақын, белгiлi жыршы-термешi Әбдiғаппар Айдаров. 2-1 Құрамында жасы 80-нiң сеңгiрiне шыққан қарт ақын Жақсылық Орынбасаров, Әбдiғаппар Айдаров, азулы ақын Қасқыр Серiкбаев, “Өскен өңiр” газетi бас редакторының орынбасары Сәбит Лаханов, ақын-жыршы Қанат Дауылбаев, жыршы Жақсыбай Тiлеубаев, сүткенттiк ақындар Оспан Смайылов пен Жанәдiл Сейдановтар, Қызылқұм ауылдық мәдениет үйiнiң меңгерушiсi Марат Бегалиев, А.Иманов атындағы жалпы орта мектептiң мұғалiмi, ақын Ғайболла Бектөреев пен өлең өлкесiне ендi ғана қанат жайып келе жатқан 9-сынып оқушысы Мақсат (Ғ.Бектөреевтiң ұлы) секiлдi ақындар мен шығармашылық адамдары болған топ өз сапарларын ауданымыздағы Ұзын ата кесенесiне зиярат етуден бастады. -Бұл сапарымыздың негiзгi ұйымдастырушысы О.Смайылов пен Ж.Сейданов десем қателеспеймiн. Iнiлерiнiң бастамаларына қолдау бiлдiрген ағаларға да алғыс айтамыз. Бiрлестiкке мүше болып табылатын жандардың барлығы да бiзбен сапарлас болғысы келiп едi. Түрлi себептерге байланысты қазiр ортамызда бола алмады. Алайда, барлығы да тiлектес екендiктерiн бiлдiруде. Барлықтарыңыздың атынан сол ағаларымызға және кесене басына арнайы дастарқан жайып отырған қызылқұмдық Марат бауырымызға алғыс бiлдiргiм келедi,– дедi кесене басында сөз алған С.Лаханов. 2 Мұнан соң Ұзын ата әулие мен кесене тарихы туралы әңгiме шерткен шырақшы ағамыз ата-баба аруақтарына құран бағыштап, дұға оқыды. Танымдық саяхатқа шыққандар Мұңлық-Зарлық кесенесiн  бетке алып, жолға шықты. - Кешегi кеңестiк дәуiрде атеизмнiң өршiп тұрғанына қарамастан Мұңлық-Зарлық туралы көп iзденген, бейiттерiн көтерген сүткенттiк Асылхан Достайұлы деген ағамыз болатын. Ол кiсiмен дидарласып, суыртпақтап сыр тартқаным бар. Мiне, сол кiсiнiң қайсарлығының арқасында ескi тарих жадымызда қайта жаңғырып жатыр. Аруақтары риза болсын, - дедi кесене басында ойға  шомған Әбдiғаппар ағамыз. Шынын айту керек, әйгiлi “Мұңлық-Зарлық” дастанын емiс-емiс  бiлгенiмiзбен кесене тарихын бiле  бермейдi екенбiз. Бұл да бiзге бiр сабақ болды. Кесененің іші тым суық көрінеді екен. Сонан соң ретсіз екендігі көзге түсті. Кесене төбесіндегі қос күмбез көлденең тасталған белтемірге байлана салыпты. Күмбездің жан-жағы еш бекітілмеген, ашық жатыр. Қар мен жаңбырдың суы ішіне жиналып қалатындығы айтпаса да түсінікті болып тұр. “Қолдан келсе қорым iшiндегi мешiт пен шырақшының үйiн және кесененің төбесін жауып, жөндеп қойса ғой” деген оймен бабтардың бабы әйгiлi Арыстан бабты бетке алдық. Ақындардың арнайы саяхаты жайлы шардаралықтар ғана бiледi ғой десек, бұл хабардан шәуiлдiрлiк ағайын-туыстар да құлағдар болып шықты. Арыстан бабтың басына баратынымызды бiлген Қасмырза қария шылауымызға оратылғандай болып бiздi аттан түсiрдi. Құдалардың құрметiне деп арнайы ас дайындатып қойыпты. Қасмырза қария бiздiң топтағы Әбдiғаппар ағамыздың туған құдасы болып шықты. Әбекеңнiң iнiсi  Әбжаппардың қызы  Ақторғынды келiн етiп түсiрген екен. Дастарқан басында құдалық барысындағы қызықты жәйттердi есiне түсiрiп, қауқылдасып жатыр. Қарияның жасы жетпiстiң жотасынан асқанымен әлi тың, жүрiсi ширақ, сөзi мiрдiң оғындай. Өзi “Шаншар” театрындағы Жүсiп Ақшораевтың туған жиенi екен. Әзiлдескенде бiздi  әудем жерге тастап кетедi. Жас шамасы өзi құралпы Жақсылық, Қасқыр ағалармен өмiр жайлы, бүгiн мен ертең туралы әдемi пiкiрлестi. Ақындар да өз кезектерiнде қарияның ықыласына ризалық бiлдiрiп, игi тiлектерiн жалынды жырларымен жеткiздi. Саяхатшылар күн түс ауа Арыстан бабтың кесенесiне ат басын тiредi. Жаңбыр  сiбiрлеп жауып тұрғанына қарамастан  кесене маңайын түгел аралап шықты. Бабаның басына құран оқып, құдықтан су iштi. Елдiң, жердiң амандығын тiлеп, дұға оқыды. Кесене маңындағы  мұражайларға кiрiп, тарихи танымдарын кеңейттi. Арыстан баб пен Түркiстанның ара қашықтығы 50 шақырым екен. Қожа Ахмет Яссауи  кесенесiнiң көк күмбезi сонадайдан көзге шалынады. Қанша дегенмен киелi топырақ емес пе, күмбезi көзге түскеннен өз-өзiңдi сабырға шақырып, тiлiңдi кәлимаға келтiргенiңдi бiлмей қаласың.Күн төбеден ауғанымен кесене басындағы адамдардың қарасы қалың екен. Ақындар легi осы топты тағы да толықтыра түстi. Кесенеге тәу етiп кiрген топ мүшелерi әуелi бабамыз жатқан жерге құран оқыды. Содан соң осындағы әрбiр жәдiгердi тамашалап, таныстырушылардың баяндаулары бойынша олардың тарихына қанықты. Осында жерленген Қазақ хандары мен игi жақсылары жайлы тереңiнен мағлұмат алды. Мұражайлардағы дулыға-сауыт, қылыш-найзаларды көрiп, бiр сәт ойша өткен замандарды көз алдарына елестеттi. Арба, диiрмен, құмыра секiлдi ескi тұрмыстық заттарды көрiп, бабалар тұрмысын қиялмен шолды. Сапар соңына қарай “Бабалар аруағы бiр аунап түскен шығар” деген ақындардың iшкi әлемдерi де тыныш еместей көрiндi. Бiзге осы сапардан соң қазақ халқы жайлы шып-шымыр шығармалар дүниеге келердей болып көрiндi. Кесене басын 2  сағаттан астам тамашалаған ақындар қайтар жолда үн-түнсiз қалған жоқ. Жолай бiрiнен соң бiрi жалынды жырларын оқып, мәре-сәре болды. Әсiресе, 9 сынып оқушысы Мақсат ерекше көзге түстi. Өлеңiнде айтар ойы бар балаға үлкен жолдың бойында Қасқырдай азулы, адуынды, арқалы ақын ақ батасын бердi.Бiз де тобымызға тағы бiр ақын бала қосылды деп көңiлiмiздi демдеп, ауылға қарай бет алдық. Нарықтың қатал заңын сылтау етіп базар жағаламай, ел мен жердің амандығын тілеп бабалар басына құран-дұға бағыштап жүрген ақындардың тілегін Алла өзі қабыл еткей!

                                                                                 С.Қоспанұлы

Шардара ауданы

Оңтүстік Қазақстан облысы