Қазақ теңгесіне қарсы Қоңыров қазақтың бетіне қалай қарайды?!.

ЛЕНИННІҢ  ескерткішін орнатуды көздеген КОММУНИСТЕР  енді ОРТАҚ ВАЛЮТАНЫ ЖАҚТАУДА!..

 айқын қоңыров Осы қызыл коммунистерге сеніп жүргендерде де ес жоқ. Әйтпесе, төрт жыл бұрын  сайлауда дауыс берер ме еді?!.   Олар еліміз қызыл коммунистер басқарған қызыл империяның қанды шеңгелінен құтылып, Тәуелсіздік алғанымызға  ширек ғасыр өтсе де, орманға қарап ұлуын қояр емес... Өткенде ғана Қазақстан халықтық ​коммунистік партиясы (ҚХКП) большевиктер көсемі  Лениннің Астанадағы «Горкомхоз» мекемесінде жатқан ескерткішіне Астанадан орын беруді сұрап, қала әкіміне жылап-еңіреп хат жазды. ленин 3  ҚХКП Астана қалалық бөлімшесінің хатшысы Марат Әубәкіровтің бар қайғысы -  « коммунистер гүл шоғын қоятын жер жоқ» екен...  Ау, сонда, елордадағы ел үшін өмірін қиған ерлеріміздің ескерткіштері оларға бөтен бе? Кеше ғана 550 жылдығын бүкіл еліміз болып тойлаған Қазақ мемлекетінің  негізін салушы Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші  ше? Есілдің жағасында ерлігін паш етіп, қылышы жалтырап  тұрған қаһарлы Кенесарыны айтсақ, шошып кетер, ұлы Абайымыздың ескерткіші ше? Бұлар қызыл коммунистерге өгей тұлғалар ма?.. "Әндіжанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы"-дегендей, бұлардың қарсыластары,  тағы бір коммунистер, үш ай бұрын жабылып қалған оппозициялық Қазақстанның Коммунистік партиясының да (ҚКП), оңып тұрғаны шамалы екен. Азаттық радиосына берген жауабында ҚКП Астана бөлімшесінің төрағасы Нұрлан Әуесбаев та өздерінің  Лениннің ескерткішін Астанаға орнату үшін әкімдікке талай рет хат жазғанын айтады.  Бірақ  оның бәріне теріс жауап алғасын, "теріс қарап жатып алғанын" айтып зарлап отыр. Кеңсесінде Лениннің бір емес... үш бюстін құшақтап, тәу етіп жүрген оппозициялық коммунист Нұрлан Әуесбаев та,  Ленинге елордадан орын іздеп жүрген "халықтық" коммунист  Марат Әубәкіров те,  Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан туралы біле ме екен?!. 2012 жылы  қазан айында Алаштың 95 жылдығын еліміз бойынша атап өткен  “Ақ жол” партиясы   alihan2 Парламентте Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарына ескерткіш орнату туралы бастама көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған еді.  Ал биылғы 14 қазанда   Үкіметке Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты деңгейде өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдағаны белгілі. Кеше ғана, 18 қарашада  Алты Алашқа  қуанышты хабар – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын әлем тойлайтыны  туралы ЮНЕСКО-ның  шешімі шықты! Ал осы бүкіл қазақ қуанып, бір-бірін құттықтап жатқан сүйінішті хабарға  Лениннен басқаны білмейтін біздің коммунистер  қуана қойды ма екен? Қазір  елдің бәрі "Ақжолдың" Астанада Әлихан Бөкейханның ескерткішін тұрғызу туралы  бастамасын қолдауда.   Лениннің ескерткішін емес!.. Бастауында Ленин тұрған  қызыл империя Кеңес  Одағының  өмір сүрген 70 жылындағы  қанды қасіреттер, 30 жылдардағы қазақтың жартысын әдейі қаскөйлікпен  ұйымдастырған ашаршылықта қырғынға ұшырату, 37-жылдардағы зұлматта қазақтың бар асылының атылуын тарих  қалай ұмытады!   20-жылдардағы қызыл қырғында қазақтың қынадай қырылуындағы  Лениннің басты рөлін басы барлар ұмытпайды, коммунистер ұмытқанмен...  Атамекенін тастап, жан сауғалап, Қытайға  жосыла көшкен қалың қазақты Қызыл Армия қызыл қанға бөктіргені белгілі. Өйткені, большевиктер көсемі Владимир Лениннің  "Шекарадан өткізбеңдер... бірақ  қайтармаңдар да" деген бұйрық берген хаты кезінде баспасөзде жарияланған. Сондықтан да, 2011 жылы "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев   отызыншы жылдардағы зобалаң аштық  пен зұлмат репрессияға  коммунистік партия жауап беруі керек деп мәлімдеме жасаған болатын... TENGE  Ал енді кеше коммунистерден сайланған Мәжіліс депутаты, Лениннің нағыз қызыл жалаулы қорғаушысы Айқын Ойратұлы Қоңыров Ресей Думасының депутаты Леонид Слуцкийдің "Ортақ валютаға көшу керек" дегеніне алақайлап қуанып,  қос қолын көтеріп косыла кетті.  “Экономикалық одақта болған соң ортақ валютаның болуы да жаман емес"-деп, былқ етпей, былш еткізді. Тіпті, әріптестері, Мәжіліс депутаттары, "Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Перуашевтың: “Теңге -Тәуелсіздігіміздің басты белгісі! Теңгеден айрылу - Тәуелсіздікке қатер! ” деп, бір-ақ кескені де, нұротандық Мәулен Әшімбаевтың: "Біздің билік бұл мәселені ешбір қарастырып отырған жоқ” - деп, ескертуі де,  коммунист Қоңыровты ойландыра қойған жоқ. Сонда Мәжілісте 4 жыл отырып,  не айтарын білмегесін "Нанды 300 теңгеге көтерейік" деп, атын шығарған коммунист Қоңыровтың ойы неде?  Бұл бүгінгідей дүрбелеңі күшейіп тұрған кезеңде кешегі Кеңес Одағын аңсаудан арылмағандардың отына май құю емес пе? 8 жыл бойы Астанада отырып, Мәскеудің газетін басып шығарған  коммунист депутаттың  санасы әлі ресейлік басылымдардың ықпалынан шыға алмай жүр ме? Әне, жат елдің баспасөзінің  жасап жатқан әсері... Тәуелсіздіктің басты тіректерінің бірі - төл теңгемізді тәрк етуге шақырып отырған Мәжіліс депутатының қауіпті әрекетіне құзіретті орындарымыз не демек? "Ортақ валюта  керек" деп, егемен ел еркіне қарсы шығып, теріс ойын  айқын білдіріп отырған Айқын Қоңыровты сөйлетіп отырған  қандай күш? Қазақ теңгесіне қарсы шыққан  Айқын Қоңыров қазақтың бетіне қалай қарайды?  Тәуелсіз Қазақстанның Парламентінде отырып, Ресей Думасы депутатынша ойлайтын Айқын Ойратұлының айқын  ойраттық  ойы жауапсыз қалмауы тиіс! Бізден басқа елде болса, бұндай Қоңыров сияқты ұлттық мүддеге қарсы шыққан депутаттарды есекке теріс мінгізіп, айдап шығар еді... Әлі күнге дейін түсінде Қызыл Алаңды көріп, Кремльдің қоңырауымен оянып, моншаға да қызыл галстукпен баратын  қызыл большевиктер біздің Тәуелсіздік алғанымызға 24 жыл болғанын біле ме екен?!. Қазыбек ИСА, "ҚАЗАҚ ҮНІ"  газеті qazaquni.kz