МАМЫТБЕКОВ МАЛ БАҒА АЛА МА?

Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жуырдан бері тағы да БАҚ-тың «батыры», яғни бас кейіпкерлерінің бірі болып жатыр. Өйткені, мұнайдың әлемдік нарықтағы құны кеміп, дағдарыс күшейген сайын Қазақстан өзінің аграрлық ел екендігін есіне түсіріп жанталасуда.

6f2c3b1ca789195f0a895d09fc558cbb-big

Шындықты бұра тартпайық, мемлекет осы күнге дейін ауылшаруашылығын субсидиялаудан бас тартқан емес. Соның нәтижесінде жылда пәленбей пұт астық бастырып, шетелдерге экспроттап келеміз. Төрт түлік мал да еселеп көбейді. Жылыжайлар салынуда. Бұның бәрі жақсы, әрине. Малдың тұқымын асылдандырамын деп Асылжан Сарыбайұлы Голлондиядан ала бас сиырлар мен бұқаларды да әкелді. Онысынан бірақ аусыл шығып 700 басын өртеп тындық. Қысқасы, 2011 жылдан бері Ауылшаруашылығы министрінің орынтағына мықынын мықтап  батырған Мамытбеков барға ие болып қана жүр десек жаңсақ кетпейміз. Өйткені, Сарыбайұлы сайланып жұмысқа  кіріскендей  сыңай танытқанымен бітіп жатқаны шамалы. Ауылшарушылығын мемлекет қазынасы асыру керек екендігін, тіпті, Президенттің өзі де мойындап  қалғанға ұқсайды. Қыркүйек айында астықты облыстарды аралаған сапарында Назарбаев: «Біз ауылшаруашылығына қаржы бөлуден тынбай келеміз, алайда қайтарым аз. Ауылшаруашылығын қаржыландырмаса және болмайды... Енді сіздер мынандай дағдарыс кезінде елге жәрдемдеріңізді тигізіңіздер», - дегенді айтты дихандарға қарап. Әнебір күні жиын өткізген Мамытбеков те Елбасының сөзін алға тарта отырып бір шындықтың басын ашқандай болды.

-         Біз, - деді ол, - егістік жерлері бар дихандарға өкіметтен алып қаржы береміз. Ал, олар жерді жыртып өңдеудің немесе ауылшаруашылығына қажетті техникаларды сатып алудың орнына Джип көлігін сатып алған. Сөйтіп зиян келтірген, қайтарымсыз берілген қаржыны желге ұшырған!

Министр осылай деп біраз кейіп сөйледі. Сөйтіп сөзінің соңында: «Енді субсидия тек жерден өнім ала алатын мүмкіндігі бар қожалықтарға ғана беріледі», - деп қортынды жасады.

Осындайда, «апыр-ау» дейсің еріксіз. Апыр-ау, сонда қаржы дағдарысы болмаса, мұнайдың құны әлемдік нарықта кемімесе, министр Джип мінгіштерді көрмейтін бе еді? Бұ қайткені? Бұл, анығына көшсек, ауылшаруашылығы саласында дұрыс есептің, бақылаудың жоқтығын білдіреді.  Мониторинг жоқ. Сұрыптау жоқ. Түптеп келгенде мұның ақыры тағы да жең ұшынан жалғасатын тірлікке барып тіреледі. Abai kz министрді «парақор», «коррупционер» атаудан аулақ. Алайда, басы дардай істің аяғы қылдай боп бітуіне себеп:  Ауылшаруашылығының «ауласынан» тыс ойындарда жатқан сияқты . Осыны баспасөздің сынынан қорықпайтын, әр сөзіне жауапты Асылжан Сарыбайұлы қаншалықты біледі екен? Енді білуі, жуық арада мемлекет қаржысына сұрау салып науқан бастауы әбден мүмкін. Өйткені бізде бүлінген бірдеңеге біреу кінәлі болуы тиіс. Ал, нақтысына жүгінсек, ширек ғасырдан бері ауылшаруашылығын жаңа сапаға көшіре алмаған Ауылшаруашылығы министрлігі (бұрынғы соңғы министрлерді қос алғанда) алдымен жауап беруі қажет.

Бұл тақырыпта әңгіме ұзақ. Сондықтан қысқа қайырайық. Мамытбеков мырза мал баға ала ма? Дұрыс ұғыңыз, Мамытбековке ешкім мал бақтырайын деп отырған жоқ. Бірақ Асекең бүгінгі малдың тұяғын қазақтың өз малының ұрқымен асылдандыра ала ма? Әй, қайдам? Өйткені Сарыбай баласы да өзге «балалар» секілді шетелшіл, қала берді ресейшіл. Содан ғой Нидерландыдан ала бас сиырлар әкеліп жүргені. Онысын баға алмай қырып салғанын жоғарыда айттық. Ал, егер министр қазақ малының табиғатын білетін жан болса, тіпті, білмей-ақ қойсыншы, білетіндердің тілін алатын кісі болса, алысқа емес, Алтайға баратын еді. Алтайда, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданымен шекаралас Шәуешек деген қала тұр (ҚХР ШҰАР). Сол қалада, сол өңірде аруағыңнан айналайын Башпай атамның арқармен будандасқан алты мүйізді қошқарлары жайылып жүр. Әрқайсысының салмағы 200-250 келе тартады. Етті, жүнді. Әрі қазақ даласының табиғатымен біте қайнап бірге туған төл. «Қошқардың басын аламыз десеңдер де, ұрығын аламыз десеңдер де, мейілдерің», - дейді Башпай бабамның қойын бағып жүрген арғы беттегі ағайындар. Башпай қойлары –  Қытайда ең бағалы қойлар. Қытай өкіметі оны брендтегелі жүр. Меншіктеп алмақ. Ал, мында біз отырмыз: елдің аусыл басқан ала бас сиырларын бағып, баға алмсақ өртеп, күлін шашып.

Малдың тұқымын асылдандыру дегеннен шығады. Сонау сұм заманда, Сталиннің «қызыл қырандары» қылышын жалаңдатып, жарты әлемді «халық жауларының» лагерлеріне айналдырған жылдарда, Қарағанды жеріндегі  Карлагта жазасын өтеген ғалымдар қорлық пен зорлықты көре жүріп, қазақ даласынан төмендегідей малдың тұқымын өргізіпті.

Бұл тақырыпқа алдағы күндері қайтып ораламыз. Әзірге айтпағымыз мынау: егер Мамытбеков «мал баға алатын» болса, осындай тұқымды осы күнге дейін тірілте алса керек еді. Жоқ, өкінішке қарай олай болмай тұр.

Дәурен Қуат

Abai kz