Балғынбек Имашев айтыспен қош айтысты

Былтырғы жылы «Алтын домбыраның» иесі атанған айтыскер ақын Балғынбек Имашев айтыстан кететінін мәлімдеді.

C9FC56B8-3B83-4AFD-A067-8E4D021DB400_mw1024_s_n

Фото: qazaquni.kz

21 қазанда Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында XIX ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі, айтыскер ақын Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ақындар айтысы өткен болатын. Сол айтысқа қатысқан танымал ақын Балғынбек Имашев осыдан кейін айтысқа шығуды доғаратынын айтты.

Айнұр Тұрсынбаевамен айтысы кезінде ақын әйгілі «Той жыры» әнінің мақамына салып, өз ойын былай аяқтады.

Талдықорғанда тәтті күндер, тәтті күндер! Бұл айтысқа шат күліндер, шат күліндер. Осымен мен кетемін пенсияға, Балғынбектің соңғы айтысы деп біліндер.

Ақынның өнерде бірге келе жатқан замандасы Айбек Қалиев досының мұндай мәлімдесін естіген кезде:

Неменеңе жетістің, бала батыр, Шал ақындар азайып бұл айтыста, Шала ақындар көбейіп бара жатыр. Балғын досым қоштасып айтыспенен,

Айбек келіп ендігі жағада тұр ,- деп Балғынбектің айтыстан кеткенін қимайтынын білдірді.

Айта кетейік, «Менің пірім – Сүйінбай» атты халықаралық айтыстың бас жүлдесін жергілікті ақын Жандарбек Бұлғақов жеңіп алды. Оған жеңіл автокөліктің кілті тапсырылды.

Ал бірінші орын астаналық Сырым Әуезханға (1 млн теңге), екінші орын Айнұр Тұрсынбаеваға (700 мың теңге), қос үшінші орын Аягөз Серікқызы мен Қытай елінен келген Арзыгүл Қайымбекқызына (әрқайсысына 500 мың теңгеден) бұйырды.