Серік Ахметовке қатысты сот ісі жалғасуда

скачанные файлы Қарағанды облыстық сотында Серік Ахметов пен облыстық бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктеріне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасуда. Бүгін түске дейін сотқа жауап берген «Металлургия-Металл өңдеу» индустриалдық паркі» (бұдан әрі қысқартылған атауы - ММИП) ЖШС-нің бұрынғы қызметкері Демид Смагин аталған фирма басшыларының өзі қатыспаған жиналысқа «қатыстырып», «баяндамашы етіп», хаттамаға жалған қолын қойғанын ашық айтты. Қылмыстық істі тергеу кезінде ол канализациялық тазалау жүйесінің құрылысы бойынша су тазалаудағы чех технологиясын «Eco-treatment systems» ЖШС-нің технологиясына ауыстыруға қатысты 2011 жылдың 22 желтоқсанында жасалған «ММИП» ЖШС-і хаттамасының көшірмесімен танысып, жағасын ұстайды. «Ешқандай жиналысқа қатыспасам да, осы хаттамада мені баяндамашы деп көрсетіпті. Аталған мәселе бойынша жиналыс өткізілгенін маған О. Айменбетов, Р. Гузырь, Е. Асанов, А. Бәйтімбетов, Г. Беленький, Ж. Ахашев, А. Ессе және басқалар айтқан жоқ. Мен ол жерде ешқандай баяндама жасаған емеспін. Және хаттамаға да қолымды қойған жоқпын. Әлгі хаттамадағы менің қолымды белгісіз біреулер әдейі жасаған»,- деді ол соттағы жауабында. Канализациялық тазалау жүйесінің құрылысына орай ол мынадай түсінік берді: «Бұл жоба бойынша «ММИП» ЖШС-і тапсырыс беруші болып табылады. Оны салуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Шамамен алғанда 2010 жылдың жазында біздің фирмаға «ЦСК НС» ЖШС-інен Чехияда жасалған су тазалау технологиясын басқа өндірушілердің, соның ішінде «Eco-treatment systems» ЖШС-нің технологиясына ауыстыру мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынған хат келіп түсті. Неге екенін білмедім, сол кезде «ММИП» ЖШС-нің директорының орынбасары қызметін атқаратын О. Айменбетов бұл ұсынысты бірден құптады». О. Айменбетовке дейін «ММИП» ЖШС-нің директорының орынбасары болған Д. Смагин технологиялық жабдықтарды ауыстыруға қажеттіліктің жоғын байқағанын айтты. Оның үстіне Чехияда жасалған су тазалау технологиясы мемлекеттік сараптамадан өтіп қойыпты. Оны жобалаған «Сәулет» ЖШС-нің мамандары Чехияға барып, еуропалық тәжірибемен толық танысқан. Алайда Смагин «ММИП» ЖШС-нің бірінші басшысы А. Ессенің тапсырмасымен «ҚазГерҚұрылыс» ЖШС-нің жабдықтарды ауыстыру жөніндегі ұсынысын «Сәулетке» жолдайды. Сайып келгенде, «Сәулеттің» мамандары «ҚазГерҚұрылыс» пен «ЦСК НС» ЖШС-нің құжаттарына талдау жасап, бірқатар үйлесімсіздіктерді анықтайды. Соның нәтижесінде олар да чехиялық жабдықты басқасымен ауыстыруға ешқандай қажеттіліктің жоғын жазбаша жеткізеді. Алайда сол кездегі Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовтің қолы қойылған хат технологиялық жабдықтарды ауыстыру мәселесін қайтадан қарауға негіз болған. «2011 жылдың 1 қарашасында менің орныма «ММИП» ЖШС-нің директорының орынбасарлығына бұрын «ЦСК НС» ЖШС-інде жұмыс істеген О. Айменбетов тағайындалды. Меніңше, ол аталған нысандар бойынша атқарылған жұмыстар жөніндегі актілерге қол қою және ақша аударуды жүзеге асыру үшін әдейі тағайындалған болуы керек. А. Ессенің оған барлық құзыреттерді (соның ішінде ақша аудару қызметі де бар) беретін арнайы сенімхат жазып беруі осыған дәлел сияқты»,- деп түсіндірді істің ақ-қарасын куәгер. Ал облыс әкімінің қолы қойылған хаттың екі түрлі (бірі баспа әріптермен, екіншісі қолмен жазылған) нұсқасының табылғаны соттағыларды қатты таң қалдырды.

Әмина БӘКІР

qazaquni.kz