АЛАТАУ БАТЫРДЫҢ РУХЫ АСҚАҚТАДЫ

Alatau-55-55  

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түркі университетінің Мәдениет орталығында ХҚТУ, Түркістан қаласының әкімдігі және «Алатау батыр» республикалық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Алатау батыр Бесайдарұлы – Тәуекел мен Есім ханның бас сардары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Мәслихатқа еліміздің көрнекті тарихшылары, жазушылар, көршілес Өзбекстан республикасынан ғалымдар шақырылды.

 Мәнді мәслихат 

 Ғылыми басқосуды ХҚТУ Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды. Конференцияның ашылу салтанатында ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өмірзақ Айтбайұлы, «Жалын» баспасының директоры, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков құттықтау сөз сөйледі. 1 

Конфренцияның пленарлық мәжілісінде он бестей баяндама тыңдалды. Ғылыми басқосуға қатысқан жұртшылық Алатау батырдың ерлігі мен ерен тұлғасын дәріптеген, оның өмірі мен саяси карьерасына байланысты тың пікірлер мен тұщымды ойларға қанықты. 

Әсіресе, тарих ғылымдарының докторы Хазіретәлі Тұрсынның «Алатау батыр Бесайдарұлы – Тәуекел мен Есім ханның бас сардары», республикалық «Мәдени мұра» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты Жарылқап Бейсенбайұлының «Нағанай бек және оның заманы», Қазақ Қыздар педагогикалық университтеінің профессоры Сейілбек Сәкеновтің «Қазанғап Байболұлының жырларындағы тарихи бейнелер», Еуразия Ұлттық университетінің доценті Б.Қорғанбековтің «Шора батыр» жыры нұсқаларындағы Есім ханға қатысты тарихи шындық бейнесі», «Хабар» телеарнасының редакторы, PhD докторы Асқар Дүйсенбінің «Тарихи жыр аңыздардағы Алатау батыр тұлғасы» тақырыбындағы баяндамаларды жиналған жұртшылық зейін қоя тыңдады. 2 

Қонақтар «Алатау батыр Бесайдарұлы – Тәуекел мен Есім ханның бас сардары» тақырыбындағы кітап көрмесімен, қазақ хандары мен батыр, билерінің бейнелері галереясымен танысты. Түркістан төріндегі ескерткіш Қазақ тарихындағы мем­лекет­шілдігімен танылған тұлғалардың қатарын толық­тырған Алатау батыр Бесай­дар­ұлынна арналған алып ескерт­кіш Түркістан төрінде бой көтерді. Ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің сан түкпірінен келген ғалымдар, ақын-жазу­шылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

  0 

Ескерткішті жазушылар Дулат Исабеков пен Бексұлтан Нұржекеұлы, академик Өмірзақ Айтбаевтар ашты. Салтанатты жиында Еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері, облыстың және Арыс қаласының «Құрметті азаматы» Әуесхан Салықбаев, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашалығына еңбек сіңірген қайраткер, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының дербес зейнеткері, облыстың «Құрметті азаматы», Еңбек ері Боранбек Шүкірбеков сөз сөйледі. Сонымен қатар әйгілі сатира сардары Көпен Әмірбек, аты Алашқа мәшһүр ақындар Исраил Сапарбай, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса сөз сөйлеп, Алатау батырға арнаған жырларын оқыды. Халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова да батыр бабаға арнау өлеңін оқып, өзінің жігерлі де отты жырларымен жиыналған қауымды бір серпілітіп тастады. Түркістан қаласы Ақсақалдар алқасының төрағасы, «Түркістан қаласының құрметті азаматы» Жарылқасын Әзіретбергенұлы құттықтау сөз сөйледі. Ақсақал өз сөзінде осы игілікті істің басы-қасында жүрген жанашыр азаматтарға алғысын білдірді. «Алпамыс» батыр қоғамдық қорының төрағасы Бауыржан Оңғарбаев та өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Осы игі баста­маның жанашыры болған ел ағасы, полковник Әлімхан Әбжанов бастаған ұйымдасты­рушыларды, кәсіпкерлерді, осы шараға шақырылыған зиялы қауым өкілдерін, скульптуралық нысан авторлары мүсіншілер Әлімжан Абылаев пен Құралбек Қосуақовты арнайы мерекелік медальмен марапаттады. Иә, алаштың Алатау батырына айбынды, оның ерлігі мен ерен тұлғасын паш етерлік зәулім ескерткіштің Тұранның төрі Түркістанда бой көтеруінде үлкен мән бар. 

Еңселі ескерткіш болашақта қасиетті Түркістанның мәдени-рухани мәртебесін асқақтата түсетін үлкен этносаябақ іргесінен бой көтерген алғашқы скульптуралық нысан. Салтанатта жиында Алтын Орда тарихында өшпес із қалдырған үлкен мемлекетшіл тұлға, Нағанай бек атындағы этносаябақтың іргетасы қаланды. Оның құрылысын оңтүстіктің елжанды азаматтары, кәсіпкерлер жүргізіп, алдағы 2017 жылы толық пайдалануға беріледі. 

Бұл саябақта Нағанай биден тараған Қоңырат тайпасының ұпақтары жыл сайын бас қосып, бабалар рухына тағзым ететін болады. Әзірге зәулім ескерткіштің артында жайқалып жеміс бағы өсіп тұр. Нағанай бек атындағы болашақ этно саябақ үшін 3 гектар ( бау) жер телімін бөліп берген жергілікті кәсіпкер, облыстық саябақтың депутаты Базарбай Мұсабековке де ел ағалары ризашылығын білдірді. Саябақтың алғашқы кірпішін еңбек ардагерлері, қадірлі ақсақалдарымыз Әуесхан Салықбаев, Боранбай Шүкірбеков, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәліхан Шотаев және академик Өмірзақ Айтбайұлы қалады. Ата дәстүрімізге сай ауызы дуалы ақсақалдарымыз бата берді. Батыр бабаға арналып ас берілді, құран бағышталды.

  ...Ардақтаған анаң ағаш үй, киіз түндігін, 

Бөтен боп кеттік бөтен жұрт кескен кіндігін. 

Хандықты тойлап, қаһармандарды тірілткен 

Сан жылдар өтіп, сарғая күткен күн бүгін. 

Әзіреті сұлтан Түркістан анау ортаңда, 

Әз-Ғарап батыр Алатаулап тұр арқаңда.

Ей, Түркістаным, батаңды берме жалтаңға,

Мәңгілік елге мәңгілік өшпес жол таңда, – деп Әселхан ақын жырлағандай, елдің рухын көтеріп, бірлікке, елдікке бастаған бір игі шара болды. 

  Лебіз 

  АЛТЫ АЛАШТЫҢ АРДА ҰЛЫ 

  Аталмыш шараға арнайы шақырылған қонақтар, халқымыздың бүгінгі алаш жұртының ардақты тұлғаларын сөзге тартып, лебіздерін тыңдаған едік.

Омирзак Айтбай

Өмірзақ Айтбайұлы, академик:

– Алатау батыр Есімхан тұсындағы алты Алаштың алдаспандай жарқылдаған хас батырларының бірі де бірегейі. Алатау ханның бас сардары ғана емес, сенімді серігі кеңесшісі болған өз заманындағы ерен тұлға. Алатау батырды қазақтың елдігін, мемлекеттігін іргелендіруді көздеген ғажап стратег саясаткер десек те болады. Ол да Есім хан секілді Тәшкен,Самарқанды, Бұхараны қазаққа қаратып, Түркістанды, Сауранды гүлдендіріп. қала мәдениетін игеруді, отырықшылыққа өрістетуді көздеді. Қазақ хандығының шекарасын бекемдеді. Самарқанды бағындырып, оның әмірі етіп Жалаңтөс баһадүрді тағайындаған да осы Алатау батыр екенін тарихтан белгілі. Осындай батыр бабаларымызды дәріптеп, мынадай зәулім ескерткіш орнатып, оған тағзым етуіміз елдігіміздің белгісі.   

Көпен Әмірбек, сықақшы, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:КӨПЕН ӘМІРБЕК– 

Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында бүкіл ел деңгейінде тағлымды шаралар өтуде. Хандарымыз бен батырларымыздың аты ардақталып жүргені сүйсінтеді. Қазақ халқын сырт жаулардан сақтап қалған біздің батыр бабаларымыз. Мемлекетімізді құрған Есім ханның оң қолы, сенімді болған Алатаудың ерлігі, оның мемлекетшілдігі, саясаткерлігі сөз болып, кешегі конференцияда небір құнды пікрілер айтылды. Тың деректер ортаға салынды. Қазақ хандығының 550 жылдығы дегеніміздің өзі тарихты тану, тегіңді тану. Бұл үлкен әңгіме. Бұл ұрпақтар сабақтастығы. Осынау құс қанатын талдырған, тұлпардың тұяғын тоздырған Ұлы даланы қорғап қалған Алатау батыр сынды біздің бабаларымыз ғой. Сол бабалар рухына бас иіп, тағзым етіп, иісі қазақ келіп отыр. Алаш үшін айқасып, қан төккен айбынды батырларымызды ардақтау азаматтық парызымыз деп ойлаймын.

  хазретәлі тұрсын

Хәзіретәлі Тұрсын, тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры: – 

Бұл конференцияда ұйымдастырудағы мақсатымыз Алатау батыр Бесайдарұлын тұлғаландыру, тарихи орынын зерделеу. Бұйыртса, конференцияға келіп түскен баяндамалар жинақ болып шығады. Яғни, ғылыми айналымға енеді. Ал, ескерткішке келсек. Түркістан қаласына: монументтік ескерткішін орнатудың негізділігі мынадай дәлелдермен дәйектеледі: Алатау батырдың ХҮІ ғасырдың соңы – ХҮІІ ғасырдың ортасында Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саясатында елеулі рөл атқарған қолбасшылық қызметі ғылыми зерттеулерде өз бағасын алған. Оның Түркістан қаласында туып өсуі және Түркістанның саяси орталық ретінде Қазақ хандығындағы мәртебесінің қалыптасуына үлес қосуы монументтік ескерткіштің осы қалада орнатылуына негіз болады. Қазақ хандығының 550 жылдығына аясында өтіп жатқан бұл шаралардың еліміздің жас ұрпақ санасында отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеуде тиімді құрал болады деп санаймын. 

       

 Қазыбек ИСА, ақын: 

  АТЫҢА САЙ АЛАТАУДАЙ АЛЫПСЫҢ! 

  Атыңа сай Алатаудай алыпсың, 

Затыңа сай Қаратаудай тарихсың! 

Бар қазаққа бас қолбасшы атанып, 

Алатаудай атақты елден алыпсың. 

Ұран салсам –шамырқанар шабыт шын!.. 

  Тәуекел хан таңдаулысы – Сен едің, 

Есім ханға қуат берген Ер едің! 

Салқам Жәңгір салған алға Еренін. 

Сан қаланы бағындырды беделің, 

Самарқанды Жалаңтөске әперіп, 

Көрсеттің ғой хас батырдың көмегін! 

Кенен ойлап, кең толғаған кемелім?

Жиембеттей жырау сені жыр еткен,

Біртуарым, білікті һәм білекті ең… 

Ұлтыңды сен сүйдің ұлы жүрекпен. 

Батаңды алған батырларың аз емес – 

Қарасайды өзің едің түлеткен. 

  Бас батырға айналдың сен, бақ беріп, 

Жекпе-жекте талай жауың жатты өліп…

Қызылбастың қолбасшысы Шарахты, 

Қызыл қанға бояп кеттің қақ бөліп!.. 

  Көктің ұлы – көк тіреген баһадүр,

Алпамыстай айбыны зор аталы ұл! 

Қоңыраулы күміс күйме мінетін, 

Қоңыраттың Ұранына бата қыл! 

  Алатаулап жауға шапса ерлерім, 

Аспан асты жаңғырғанын көрді елім.

Байтақ жерді қорғап қалған батырдың 

Бағалайтын күн бола ма, еңбегін?!. 

  Естілгенде тұлпарыңның дүбірі, 

Естілмей де қалған жаудың сыбыры,

Шырқыраған кеуделерде шыбыны.

Ат үстінде өткен бүкіл ғұмыры, 

Ер қазақтың бола білдің шын ұлы! 

Атына сай – ұран болған батырдың,

Алатаудай асқақтасын тұғыры!..

15.03.2010.  

Дайындаған: Әтіргүл ТӘШІМ,

Түркістан қаласы

"Қазақ үні" газеті