Алпамыстай айбынды Алатау батыр

Алатау-55-55

Қазақ хандығының 550 жылдық тойын дүбірлетіп атап өтіп жатқан тұста хандықтың негізін қалаған Керей мен Жәнібектен бастап, ел болып еңсе тіктеуімізге өлшеусіз үлес қосқан ерлеріміздің ерліктері ел жадында қайта жаңғыруда. Соның бір айғағы ретінде еңсегей бойлы ер Есім ханның бас қолбасшысы болып, қалың қазақты қорғаған, тек Қоңырат тайпасының ғана емес,  ормандай  орта жүздің ұранына айналған айбынды Алаш батыры – Алатау батырға қасиетті Түркістан қаласынан еңселі ескерткіш ашылмақ. Сондай-ақ, ескерткіштің ашылу рәсімінің аясында, хас батырға арналып Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізу де жоспарланып отыр.  Қазіргі таңда нақты тарихи мәліметтер болмаса да, аңыз-әпсанаға сүйеніп-ақ, әркім өзінің ата-бабасының абыройын асқақтатуға тырысып бағып жатқанын көзіміз көріп жүр. Ал, Алатау батырға қатысты нақты жазба деректер жетерлік. Яғни ол, 1590 жылдар шамасында Түркістан өңірінде дүниеге келіп, 1627 жылдары дүниеден өткендігі айтылады.

2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында Алатау батырдың 450 жылдығына арналып ас беріліп, республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Сонымен қатар, аудандағы ең ірі елдімекенге Алатау батыр аты беріліп, ескерткіш-бюст орнатылды.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері :

ЕРЛІГІМЕН ДЕ, ЕЛДІГІМЕН ДЕ ЕРЕКШЕЛЕНГЕН 

дулат – Елдік үшін шайқастарда ерекше танылған ерін елі Алатау деп атаған. Ал, Алатаудың шын есімі – Бесайдар Сабайдарұлы Әз-Ғараб. Тәуекел ханның Самарқан, Бұқараға жасаған жорығында бас қолбасшы болған Алатау батыр қырыққа жуық ұлы жорықтарға қатысып ешбірінде жеңіліп көрмеген. Еңсегей бойлы Есім ханның кезінде құба қалмақтармен шайқаста да белсенділік танытқан. Әрі осы жорықта қазақ жасақтарының қарт ағасы атанған. Алатау батырдың тек қазақ жұртына ғана емес, әзірбайжан, түрікмен, өзбек, қырғыз жасақтары арасында да аса беделді болған. Самарқан шаһарына «қала, мемлекет» статусын әперіп, әйгілі Жалаңтөс батырды әмір етуге Алатау батырдың абыройының ықпалы тиген. Сондай-ақ, Сайрам төңіре­гінде де атақты құба қалмақ­тармен болған соғыста ерекше ерлік көрсеткен. Аталмыш шай­қастарда рухани қолбасшы әрі стратег ретінде ақыл-кеңесін беріп отырған. Алатау ат үстіндегі жанкешті батыр ғана емес, Ресей, Мысыр, Араб, Парсы елдерінің арасында елшілермен қарым-қатынас жасап, халықаралық дипломат қызметін атқарған. Атап өтуге тиісті басты нәрсе – оның бейбітшілік жолды қол­даған­дығы. Алатау батырдың: «Бір-бірімізге қарсы келмейік, соғыстан бекерге жұрт қыры­лады» деп, елді ауызбірлікке шақыруының арқасында халық тыныш өмір сүруге мүмкіндік алған. Ел білуге тиісті тағы бір дерек – батыр өлімінің тарихтағы жұмбақ өлімдердің бірі екендігі. Алатау батыр өз өмірінің соңында пұшайман күйге түседі. Яғни, батырдың қос ұлы байлыққа таласып, екеуі екі жаққа кетеді. Өз балаларының арасындағы татулықтың жоқтығына қатты күйінген ол: «Қытайдың да, шүршіттің де тілін тапқанда екі баламның тілін таба алмадым ғой» деп өзіне-өзі кейіген екен. Сөйтіп өмірінің соңында қазіргі Отырар ауданына қарасты Байырқұм совхозындағы Мұ­рынқарақ тауы­ның басына жалғыз көтеріліп, таудан аман түспеген деседі. Бұл тұрғыда батырдың өз ажа­лымен өлді ме, жоқ әлде әлде­кімдер қастандық жасады ма ол жағы белгісіз. Қазіргі таңда Мұрын­қарақ тауында Алатау батырға арналған мемориал бар. Мұның өзі ер есімінің ел есінде қалуы үшін жасалған игі іс. Ал, қасиетті Түркістан қала­сынан Алатау батырға арналған ескерткіштің бой көтеруі тарихи тұлғаға деген тағзым.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:

ҚҰРМАНҒАЗЫ КҮЙІНІҢ КЕЙІПКЕРІ

бек – Есім ханның тұсында Қоңы­рат деген тайпадан қазақ­тың Алатау деген батыры шықты. Алатаудың батырлығын айғақ­тайтын екі жазба дерек бар. Біріншісі, Қазыбек би Тауасарұлының – «Түп тұқияннан өзіме шейін» деген жазбасы, екіншісі, Оңтүстіктің данагөй шежіре-тарихшысы Қазанғап Байболұлының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты дастаны. Аталған осы екі еңбекте батырдың ерлігі кеңінен баяндалады. Бұған ешкімнің де таласы жоқ. Бізде «менің «пәлен» деген бабам ана жерде соғысқан» деген әңгімелер жиі тілге тиек етіледі. Әйтсе де олардың, қай жылы, қай жерде соғысқаны нақты айтылмайды. Ал, Алатау батырда осы екі дерек ашық айтылады. Біріншісі, Алатау батыр Есімханның тұсында Каспий теңізінің бойында кіші жүз халқына қалмақтар озбырлық көрсетіп, талан-таражға түсіріп жатқанда, Есімхан Қарасай, Ағынтай, Алатауларды басқартып қол жібереді. Кейін оларға жолдан Жиембет жыраудың қолы қосылады. Барлығы бірігіп, 83 күн бойы соғысып, қалмақтарды жеңеді. Жазба деректерде Алатау батырдың сол шайқаста 9 рет жекпе-жекке шығып, ақыры сол соғыстан соң мерт болғандығы айтылады. Екінші, Қазанғап Байболұлы­ның «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты дастанында Есім хан мен Тұрсынханның Ташкент үшін соғысы баяндалады. Бұл соғысқа да Алатау батыр қатысады. Сондай-ақ, Есім ханның Алатау батырмен ақылдасқандығы айтылады. Демек, ханның өзінің батырымен ақылдасқандығы – оған сенгендігі. Сонымен қатар, шығармада Алатаудың сардар әрі мыңбасы, үнемі ақылдасып отыратын Есімханның оң қолының бірі екендігі көрсетіледі. Міне, осы екі жазба дерекке қарағанда, Ала­таудың алып батыр болған­дығын аңғару қиын емес. Алатау батыр туралы сөз қозғағанда осы бір аңызды айтпай кетуге болмайды. Мұны тарихи дәлелді деп те, дәлелді емес деп те айта алмайсың. Құрманғазы Сағырбайұлының «Алатау» деген күйін бұрынырақта Алатау деген жерге байланысты шықты дей-тұғын. Кейін мен бұл күй­дің Алатау батырды жоқтап шы­ғар­ған күй екендігін естідім. Менің бұған бір иланатыным – «Алатау» күйін тыңдап отырсаң, мұнда қуаныш та, шаттық та жоқ. Керісінше, сағыныш пен мұң басым. Бұл жердегі айтылуға тиіс бір нәрсе – Алатау батырдың өзі сонау оңтүстіктің тумасы бола тұра, сонау батысқа арнайы барып, өзінің бауырларының жерін қорға­ғандығын Құрманғазының білмеуі мүмкін емес. Яғни, бұл Құр­ман­ғазының Алатауға күй арнауы әбден мүмкін екендігін көрсетеді. Туған елі үшін айқасқан осындай қазақтың хас батырлары мен ел билеген хандары болмаса, біздің бүгінгі Егемен еліміз де болмас еді. Сондықтан, Алаш үшін айқасқан айбынды азаматтарымызды ардақтау – біздің азаматтық борышымыз.   АТЫҢА САЙ АЛАТАУДАЙ АЛЫПСЫҢ! Атыңа сай Алатаудай алыпсың, Затыңа сай Қаратаудай тарихсың! Бар қазаққа бас қолбасшы атанып, Алатаудай атақты елден алыпсың. Ұран салсам –шамырқанар шабыт шын!.. Тәуекел хан таңдаулысы – Сен едің, Есім ханға қуат берген Ер едің! Салқам Жәңгір салған алға Еренін. Сан қаланы бағындырды беделің, Самарқанды Жалаңтөске әперіп, Көрсеттің ғой хас батырдың көмегін! Кенен ойлап, кең толғаған кемелім? Жиембеттей жырау сені жыр еткен, Біртуарым, білікті һәм білекті ең… Ұлтыңды сен сүйдің ұлы жүрекпен. Батаңды алған батырларың аз емес – Қарасайды өзің едің түлеткен. Бас батырға айналдың сен, бақ беріп, Жекпе-жекте талай жауың жатты өліп… Қызылбастың қолбасшысы Шарахты, Қызыл қанға бояп кеттің қақ бөліп!.. Көктің ұлы – көк тіреген баһадүр, Алпамыстай айбыны зор аталы ұл! Қоңыраулы күміс күйме мінетін, Қоңыраттың Ұранына бата қыл! Алатаулап жауға шапса ерлерім, Аспан асты жаңғырғанын көрді елім. Байтақ жерді қорғап қалған батырдың Бағалайтын күн бола ма, еңбегін?!. Естілгенде тұлпарыңның дүбірі, Естілмей де қалған жаудың сыбыры, Шырқыраған кеуделерде шыбыны. Ат үстінде өткен бүкіл ғұмыры, Ер қазақтың бола білдің шын ұлы! Атына сай – ұран болған батырдың, Алатаудай асқақтасын тұғыры!.. Қазыбек ИСА 15.03.2010. "Қазақ үні" газеті  

АЛАТАУ  БАТЫР

Ғасырлардың қатпар-қатпар қалың астарларында қалған тарихи құндылықтарымыздың зерттелiп, зерделенiп халқымыздың рухани игiлiгiне айналып жатқаны да рас. Дей тұрғанмен, әлi де ашылмай жатқан, ашылса да толық игерiлмей жатқан тарихи мұрағаттарымыз бен тарихи тұлғаларымыз қаншама?! Солардың бiрi, сөз жоқ, туғанына биыл 450 жыл толып отырған Алатау батыр дер едiк. Алатау батырдың тарихи тұлғасы әлi күнге дейiн толық кескiнделген жоқ. Кескiнделгенiн былай қойғанда, тiптi нобайын да көз алдымызға келтiре алмаймыз. Ал Алатау батыр осындай елеусiз қалатындай тұлға ма едi?! Қарап отырсақ, қолымызда ұлт жанашырларының бiрi, ардақты академик Рахманқұл Бердiбаев бастаған бiрер ғалымдардың мақалалары мен Алатау батыр туралы әңгiме-аңыздарды ел аузынан жинап, аз ғана таралыммен жарыққа шыққан Асан Тұрабаев, Ақпантай Байғұтов, Темiрхан Әбдiковтердiң «Алаштың Алатау батыры» деген шағын көлемдi кiтабы ғана. Алатау батырдың қаншалықты iрi, ұлы тұлға болғанын «Қазақтың ұлттық энцоклопедиясындағы» мына бiр қасаң жолдардан-ақ бiлуге болады: «Алатау батыр (шамамен 1560- 1640) — қолбасшы, саяси қайраткер. Қоңырат руынан шыққан. Тәуекел ханның Самарқан, Бұқарға жасаған жорығында бас қолбасшы болған. Кейiн Есiм ханның құба қалмақпен шайқасқан жорықтарында қазақ жасақтарының құрметтi қарт ағасы атанған. Алатау батыр қырғыз, өзбек, түрiкмен жасақтарының арасында да кеңiнен танымал болды. Самарқан шаһарына «қала- мемлекет» мәртебесiн әперiп, оған Жалаңтөс баһадүрдi әмiр етiп қоюда Алатау батырдың Бұқара, Хиуа хандары алдындағы беделiнiң көмегi тиген. Алатау батыр есiмi қоңырат руының, бүкiл Орта жүздiң ұранына айналған». Мiне, осы жолдардың өзiнен- ақ , оның қазақ елiнiң бостандығы мен тұтастығына өлшеусiз үлес қосқанын бағамдау қиын емес. Бүгiн бiз ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, көрнектi ақынымыз Темiрхан Медетбектiң «Алатау батыр» атты топтама өлеңдерiн оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.
АЛАТАУ БАТЫРДЫҢ ҚАБIРI БАСЫНДА
Бұл жерге
Тiзеңдi бүгiп,
Бас ұрып келсең де
Тасынып келме!
Өйткенi
Талай сырды
Iшiне бүккен
Осы бiр жерде —
Жау келсе
Қашау батпайтын
Тұтас жартастай
Орнынан
Қопарылып тұрып
Тап беретiн;
Қарсы келгендi
Аспаннан
Зырқырап ұшып кеп
Жайтастай
Тас-талқан қып
Қақ бөлетiн;
Долданса —
Жолына тұрғандарды
Селтиген
Шөп құрлы көрмей
Қара дүлейлi
Дауылдай сыпыратын;
Табақтай-табақтай
Күс-күс табандарымен
Қара тастарды
 Қамырдай илеп,
Аузынан жын шашып
Келеге түсетiн
Бурадай құтыратын;
Сондай бiр кездерде
Қас дұшпанның —
Шiренгенде
Төрт қабат
Таралғысын
Үзiп жiберердей
Асып- тасатын —
Өгiздей батырын
Көзiн алақтатып,
Тiлiн салақтатып,
Тақымға бiр-ақ басатын;
Қара бұлттай
Қаптаған жауларды
Жарқ-жұрқ еткен
Қайқы қылышы
Найзағайдай
Тiлгiлейтiн;
Түнерсе —
Түндей қабарып,
Айқайласа—
Күндей күркiрейтiн—
Алатау батырдан
Жүздеген
Жылдар өтсе де
Қалай бiз алыстайық?!
... Дәл осы жерде
Қазақтың
Қамалындай болған
Бесайдар баласы
Алып Алатау
Дамылдап жатыр.
Тiземiздi бүгiп
Дұға бағыштайық!
АЛАТАУ БАТЫРҒА АНАСЫНЫҢ АЙТҚАНЫ
Ей, балам!
Әкең өлгенде
Iшiмде қалып ең.
Күйiктен өртенiп,
Күйiктен жанып ем.
... Әркiмдер
Көзiнiң сұғын
Қадай берген соң
Төркiнiме кеткенмiн.
Талай- талай
Табалаудан,
Талай- талай
Қаралаудан өткенмiн.
... Мен сенi
Әулиенiң басында
Қос шеңгелдiң қасында
Туып ем.
Кiндiгiңдi
Тiсiммен кесiп,
Арланын аңсаған
Қаншық қасқырдай
Көкке қарап ұлып ем...
Сенiң әкең
Бесайдар
Тәуекел ханның
Сардары болатын.
Солға жүрсе
Сол қолы,
Оңға жүрсе
Оң қолы болатын.
Әкең Бесайдар
Өзгелерден ерек,
Дара болған.
... Қанды шайқаста
Омыртқасынан оқ тиiп
Жараланған.
Сол кезде
Жорық туының
Жау қолында
Қалғанын бiлiп
Қайта шапқан.
Аруағын шақырып,
Ұранын айқайлап
Айта шапқан.
Ортасынан омырылған
Тудың түбiн алып,
Көйлегiн жыртып
Қанына малып
Сол түпке
Ту етiп байлаған.
Туынан айырылып,
Ұнжырғасы түсiп
Қамыққан елдiң —
Қайтадан! —
Намысын жанып,
Жiгерiн қайраған.
Әкең
Көзiнiң тiрiсiнде
Ешкiмнен қаймықпады.
... Әттең, амал не,
Сол бiр дерттi
Жарақатынан
Айықпады.
Саған айтарым:
Елiңе қамқор бол,
Жесiрдi мұңайтып,
Жетiмдi жылатып алма.
Әкеңнiң
Жорық туын
Құлатып алма!
Әумин!
АЛАТАУ БАТЫРДЫҢ ШАЙҚАСҚА ТҮСЕР АЛДЫНДАҒЫ СӘТI
Алатау батыр
Кеше түнде
Түс көрiп едi.
Түсiнде
Бiр түрлi iс көрiп едi:
Бас жағы
Үрлеген шоқтай
Қып-қызыл
Ұзын сұр жылан
Ақ қалпағын
Орап алыпты...
Қыбырлаған
Құрт-құмырсқалар
Жан-жағынан
Қамап алыпты...
... Шошып оянған батыр
Бiр сұмдықтың
Келгенiн бiлiп,
Белiн буып
Бес қаруын асынды.
Аруақтарға сиынып,
Алла тағалаға
Бас ұрды.
Жер тарпып тұрған
Наршолағына ер салды.
Жан-жағына қарап
Жар салды:
«Ал Көктi!» дегенде
Сол жағы жеңiлдедi.
«Сүмбiле сыңарсыз
Қоңыр ата» дегенде
Оң жағы жеңiлдедi.
Наршолаққа мiнгенде
Қос иығы
Қунап сала бердi.
Жан-жағына
Қарап едi...
Қаптаған халықты
Жаңа көрдi...
Сонан кейiн
«Ұрқа Сабулай
Бiлектi Шыңғыс қаған» деп
Ұрандады.
Сол ұранды есiткен
Қалың жұрт
Толқып теңселiп
Орындарында
Тұра алмады...
Сол бiр кезде
Алапат
Құйын көтерiлiп
Кiлт басылды.
Көк дабыл семсерiн
Қаратаудың
Қара тасына
Жанып едi —
Алды ашылды.
«Ия, аруақ,»
Деген кезiнде
Қаптаған қалың жау
Аласарып бара жатты...
... Алатау батыр
Наршолақтың үстiнде —
Өз жолын! —
Елден ерекше
Дара салып бара жатты.
... Е, Алла тағала,
Жолын бере гөр!
АЛАТАУ БАТЫРДЫҢ ТҰТҚЫННАН ҚАШЫП ШЫҒУЫ
Алатау батыр
Шағын қолмен
Келе жатып —
Қапыда! —
Қызылбастардың
Қолына
Түсiп қалады.
Ашу мен ызадан
Жарылардай болып
Iсiп-қабады.
Батырды сонсоң
Қолдарын шандып,
Аяқтарына
Қойтастар байлап
Жардың қуысына
Қамап тастайды...
Алатау батыр
Ашуын басып
Жан-жағына
Зер салып
Қарай бастайды.
Қай жаққа қараса да,
Қуыс аузынан басқа —
Құлама құз бенен
Өрдi көредi.
Амалы бiтiп,
Айласы таусылып
Отырған кезiнде —
Өзiнiң Шолақ Жамбасы
Кiсiнеп белгi бередi.
Шөп жеп,
Тезек тастайтын
Төрт аяқты
Сол жануар
Неткен жетелi...
Алатау батыр
Қолы байлаулы,
Аяқтағы қойтастарымен
Қабыландай атылып
Қуыс аузына
Бiр-ақ келедi.
Бұл кезде
Шаршап-шалдыққан
Бiрер күзетшi
Қалғып тұр едi.
Алатау батыр
Көлденеңдеп кеп
Тұра қалған атына
Қарғып мiнедi.
Тектi жануар
Құйғытып
Тартып кетедi.
Абыр- сабырда
Жармасқан бiреулердi
Болат тұяқтарымен
Омыраулап
Тарпып кетедi.
Сол кезде алдынан
Апанды жыра
Шыға келедi.
Айдан анық болатын
Алатау батырдың
Мойыны үзiлiп
Құлап өлерi.
Апыр-ай,
Неткен қуат,
Неткен күш едi?! –
Қайран жануар
Керiле созылып
Апанды жыраның
Арғы бетiне
Топ ете түседi.
Жаудың сарбаздары
Садақтарына жармасып
Атпақ болғанда,
Бас сардар
Оларға
«Атпаңдар» — дейдi, –
Жолынан
Қақпаңдар – дейдi —
Мұндай батыры бар
Бұл елдi бiз
Ала алмаймыз.
Ала алсақ та
Ұзаққа бара алмаймыз».
... Алатау батырдың
Жанкештiлiк көрсетiп
Қашқанының өзiнен
Бас сардардың
Бойына үрей кiрiп,
Жүрегi тайқыпты...
Атының басын бұрып
Елiне қайтыпты...
Алатаудың мәрттiгi
Алатау батыр
Күндердiң күнiнде
Мiнәйi бiр себептермен
Қалмақ қоңтайшысының
Қонағы болады.
Ел арасы
Қабақ шытысып
Аңдысып тұрса да
Бiр-бiрiне
Көңiлi толады.
... Қоңтайшының
Күнге қарап сыланып,
Айға қарап таранған
Гүлбаһрам деген
Қызы бар екен.
Бетiне жел тимей
Бұла боп өскендiктен
Айтатынын
Айта салатын
Бiр беткей жан екен.
Көркiне ақылы сай
Гүлбаһрам ару
Жамандық атаулыдан
Жерiп өседi.
... Нар тұлғалы
Алатау батырды
Бiр көргеннен
Ғашық боп
Өлiп-өшедi.
Күнiмен ойлап,
Түнiмен ойлап
Батырды
Көргiсi келедi...
Ғашық болғаны сонша
Соның жолында
Өзiн
Құрбандыққа шалып
Өлгiсi келедi.
... Батыр жатқан үйдi
Қалмақ жағынан да
Қазақ жағынан да
Сарбаздар шығып
Күзетiп жүредi.
... Гүлбаһрам ару
Бәрiбiр
Амалын тауып
Келесi түнi
Батырдың
Үйiне кiредi.
Алатау батыр —
Қапелiмде! —
Түкке де түсiнбей
Аң-таң боп тұрады...
Әлден соң
Есiн жиып
Бұл келiстiң
Мәнiн сұрады.
Гүлбаһрам батырға:
– Алатау батыр,
Сызылып тұратын
Уақыт жоқ.
Көңiлiң соқса
Менi осы түнде
Алып қашып кет,
Ия, болмаса,
Өзiңдей нар тұлғалы
Ұл туайын,
Менiмен бiрге боп
Мауқыңды басып кет!
Алатау батыр
Былай дедi:
– Гүлбаһрам ару,
Мен сенi
Алып қашсам
Елдiң арасы
Бiтiспес дау болады.
Ал егер
Нәпсiнiң құлы боп,
Оған қоса
Ұл қалсын деп
Сенiмен бiрге болсам,
Менен туған ол бала
Күнi ертең
Өзiме жау болады!..
... Алатау батыр
Сол түнi аттанып кеткен.
ГОЛОЩЕКИННIҢ АЛАТАУ БАТЫРҒА ЖАСАҒАН ҚАСТАНДЫҒЫ
Алатау батыр басына
Дәрменi құрып,
Кенезесi кеуiп
Шөлдеп келгендер
Ойларына —
Суат табатын.
Дiңкесi бiтiп,
Қалжырап келгендер
Бойларына –
Қуат табатын.
Голощекиннiң
Қатыгез заманы-ай! –
Бiреудiң бетiне
Тiктеп қарасаң,
Жусаң кетпейтiн
Жала жабатын.
Сонда да
Қалың жұрт
Алатау батырға
Мiнәжат етуге
Бара жататын.
Күндердiң күнiнде
Тұратын
Жанып жiгердi —
Сол бiр
Кесене-белгiнi
Қып-қызыл бiреулер —
Динамит қойып! —
Жарып жiбердi...
Алатау батырдың
Рух күшiнен
Қорыққан олар
Неткен үргелек едi?!
Бiрақ та олар
Батырға деген
Махаббаттың
Ешқашан
Жойылмайтынын
Бiлмеген едi...
Темiрхан МЕДЕТБЕК
16 наурыз 2010
zhasalash.kz