МЫҢ ӨЛІП, МЫҢ ТІРІЛГЕН ҚАЙРАН ЕЛІМ

каз хан665 Тәуелсіздікке ие болғанға дейін әңгіме-тарихымыз Қазан төңкерісінен басталатын. Ар жағы бұлдыр-күмәнсіз еді. Кеңестік идеология халқымызды осылай үйретіп келді. Ал негізінде шындық басқаша болатын. Жер бетіндегі қай халық та аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Әр халықтың шыққан тегі, өз тарихы бар. Қазақ халқы да дәл солай. Мәселен кешегі кеңестік заманында қазақ хандарын халықты тек қанаушылар ғана етіп көрсету, бұл – бұлжымас заңдылық болғандығы айдай ақиқат. Сөйтіп олардың өзінің атақонысынан ұлтарақтай да жерді ешқайда да шашау шығармастан территориялық біртұтастықты қанымен қорғап қалу, тәуелсіз елдіктің ерлігін нығайта түсу, жеңімпаз ұлттық көкбөрі қайсарлықты сақтап қалу жолындағы теңдесі жоқ жанқияр қызметтері, жанкешті қаһарман ерліктері мен ұлылықтарын мүлде ескерусіз қалдырған-ды. Сол себептен бұны кейбіреулер жеке бастың саяси ұпайын еселеуге... пайдалану үшін тарихи шын фактілерді қасақана бұрмалау мақсатында жекелеген саясаткерлер мен жікшіл қаскөйлердің қолындағы насихат қаруына айналғандығы да, бүркемелеудің ұтымдылығын қасақана күйде сұрқиялықпен жүргізіп келгендігі де белгілі. Тарих фактілерін бұрмалау, жекелеген тарихи тұлғаларды «әзәзілге теңеу» және «ақтау» – мұның барлығы да тек жеке бастың бір сәттік саяси мүддесін оздыра түсудің пайдасына күшпен жамалуды үйлестіріп отыруын, қоғамдағы алауыздықты тудыру мақсатында жасалатыны ақиқат. Бұндай тарихи ақиқатқа тексіз, опасыздықпен қиянат жасау, бұл – қылмыспен пара-пар дүние екені кімге болса да аян. Текті ер елі үшін жанын қияр болып туады. Айталық Әбілқайыр мен Абылайға қатысты өмірбаяндарынан бастап, саяси көзқарастарына дейін алып қарайтын болсақ, олар – көп жағдайда, бір-бірімен ұқсас тұлғалар. Абылай Орынбор губернаторы Иван Неплюевке жазған хатында: «Әбілқайыр – халқымыздың бағына біткен тұлға, біздің қамқор әкеміз еді», – деп тектен-тек жаза салған жоқ. Бұл бұлтартқысыз тарихи ақиқаттан туындаған. Расында да, бұл ұлттық, халықтық мүддені хандық дәуірде жеке бастың мүддесінен аса жоғары қоя білудегі көреген ұлылық пен кемел кемеңгерліктің, жанқияр халықшыл да мемлекетшіл құрылымның шын мәніндегі нәтижесі еді. Сол кездегі шынайы ақиқатқа жүгінер болсақ, ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ тарихында ең бір қиын, ең күрделі кезең болды. Міне, қазақтың тағдыры осынау алмағайыпты (қазақ жер бетінде қалу не қалмау кезеңі еді) аса айрықша сынға түскен сәтте Шыңғыс ұрпақтары арасынан жан-жақтан анталап, тұс-тұстан қанішерлігімен шабуылдаған аждаһалы қаскөй жауға қарсы ел-жұртын бір жұдырыққа жымдастырумен жұмылдыруды көреген кемеңгерлікпен ұйымдастырып, бір ту астына жинақтай білген аса айрықша күйдегі теңдесі жоқ ұлы тұлға осы Әбілқайыр хан екені хақ. 1675-1821 жылдардағы қазақтың басқарушы элитасы туралы, әсіресе, Әбілқайыр мен Абылай туралы жан-жақты терең зерттеуге қатысты фундаментальдық үлкен еңбектің арқасында қазақ тарихының бұрмалануына қарсы тұра білген, Әбілқайырға қатысты оның шын мәніндегі әділ де тура саяси жоғары бағасын анықтау, тау тұлғалық және эпистолярлық мұрасын айшықтай білген бірден бір тарихшы-ғалым Ирина Ерофеева екені және оның алар орны ерекше екені анық. Сондай-ақ сол тұстағы тарихты зерттеген Левшин, Добросмыслов сынды орыс зерттеушілерінің еңбектерінен де Әбілқайырдың ел тәуелсіздігін, жер тұтастығын қайткен күнде де сақтап қалуды ғана көздегенін аңғарамыз. Бұлардың елге сіңірген ерліктері мен қызметтері жайында, әрине, өз алдына кеңірек айтуды қажет ететіндіктен, бұл әрі бөлек, әрі ұзақ әңгіме. Кейінге қалдыра тұралық. Қазақ қауымдастығында «жаман айтпай, жақсы жоқ», «бөрі жоқ деме – бөрік астында, жау жоқ деме – жар астында» деген ескертпе-өсиеттері арқылы кез келген қауіпті қасіреттердің алдын ала білу үшін алдымен күні бұрын ерекше дайындықты үнемі еселеп, бұрынғыдан да бетер күшейтіп отырмайтын ба еді, бұрынғының данагөй халықшыл қарияларымыз. Әрине, ол заманда қазақтар құрлықтың ортасында – қаскөй дұшпандардың қоршауында өмір сүрді. Кез келген сәтте бір тұстан жау шыға келуі мүмкін, міне, осыған тас-түйін күйде әзір отыру керек болатын. Сол себептен де қазақтың Ұлы даласында ақыл-парасаты, көреген кемелдігі... төмен кісінің хан болуы еш мүмкін болмаған! Содан да болар елде меритократия мен жалпы халықтық авторитет принципі ғана жүрген (әлеуметтік жағдайы, қаржылық мүмкіндігіне қарамастан, таққа тек лайықты тұлғаның отыруы ғана көзделген басқару принциптерін меритократия дейді). Хан тағынан үміткер адам аристократия (ақсүйек) өкілі болып қана қоймай, сонымен қатар, есті де тектілігі, ақыл-парасаты, білім-біліктілігі, жанқияр халықшылдығы, батыл қайраткерлігі... жағынан басқа жұрттан шоқтығы озық тұрған тұлға болуы тиіс. Күллі ел, ұлт алдында ерекше абырой-беделге ие болғанда ғана сені хан етіп сайлайды! Таққа лайықтыны таңдау мен сайлау таза күйде жүргізілгендіктен берген антына сай адал да таза, турашыл да әділ кемелдікпен байтақ елі мен жерін, халқын кез келген қаскүнем жаудан қасық қанын төге жүріп қорғай білген. Шын мәнінде халықтық хан болуға лайықты адал нағыз тұлғалы кісі өз халқынан алшақтап, жеке бастың қамын күйттеп байлық жинау дегенді, жемқорлыққа ыңғайлы сәті түскенде қарпып қалу дегенді білмегендігі тарихтан белгілі. Хан жеке басының саяси ұпайын еселей түсу үшін ақсақты дыңдай етуді, өтірікті шындай етуді үнемі ширату арқылы жалған абырой, жасанды беделді жасақтау мен оны күштеп өзіне жапсырудың үрдісі мүлде болмаған. Өйткені қазақ бір адамға табынушылық дегенді білмей өмір кешкен халық. Хан өзінің ішкі қызметінде де, сырт елмен қарым-қатынаста да саяси салмақты да сабырлылығы, салиқалы да сұңғылалығы, батыл да айбынды қайраткерлігі үстем күйде болғандықтан айналасына топтастырған шыншыл да ұлтшыл, мемлекетшіл нөкерлері, сұлтандары, билері мен сарбаздары да байтақ ел, жер дегенде, ұлттық, халықтық мүдде дегенде ерекше адал да таза, жанқияр халықшыл күйде мінсіз қызмет етті. Күллі ел, ұлт, халық алдын­дағы өлшеусіз де шексіз қарыз­дары мен парыздарын, аса айрықша жауапты қызметтерін озық та ұтқыр күйде қапысыз өтей білудің халыққа ең жағымды да ең ұтымды пайдалы коэффициенттерін еселей білді. Бұл жағдай өз кезегінде елде жетім-тастанды бала ұғымын туғызған жоқ, тіпті, жетім балалардың үйі, интернаты деген түсінік мүлде болған да емес. Есікке құлып салмай алаңсыз өмір сүрудің үлгілі өнегесін оздырды. Ол кездегі қазақ түрме дегеннің не екенін білмей кетті. Ел ішінде кездескен бірлі-екілі тентек, ұры-қарыны билер мен халықшыл ақсақалдардың қатаң тезіне салу, құн, айыппұл төлету, оларды бүткіл ел түгел жұмылып, ата-анасымен қоса әшкерелеу, елден аластату... қатал бақылау мен қадағалауға алынудың үрдісі ең ұтқыр да озық үрдістердің ең асылы болып, үнемі жетілумен дамыды. Сол уақытта қан төгістің түрін шектен тыс өрбіткен қырғынды соғыстардың жиі болғандығына қарамастан, елдегі жетім қалған балаларымызды өзінің жан бауырынан, рулас туысынан, ағайын-жекжаттарынан айырып, қан қақсата жылатудың қасіреттерін өрбіту деген мүлде болған емес. Жесірлерін ешқайда да қаңғытпастан, қан құстырумен зарлатпастан өмір сүргізе білудің ең ұтымды күйдегі ұтқыр жүйесін қалыптастыра білді... Бұндай ұлттық үрдістеріміз, сөз жоқ, әлемде теңдесі жоқ ұлы үрдістердің ең ұлысы екені сөзсіз. Міне, сол кезеңдегі елді басқара білудегі ең басты ұтқыр артықшылықтың сыры, ол уақыттағы көреген ұлылық пен асыл кісіліктің сыры – ұлттық бір қазанда халықпен бірге қайнай білуінде, елімен бірге у ішсе у, су ішсе су іше білуінде, ұлттық тәлім-тәрбие мен тәртіптің ұтымдылығын қатаң түрде үнемі жетілдіре отырып, теңдесі жоқ дәрежеде оздыра білуінде жатса керек. Сондықтан, қазақ билеушілері арасында лайықсыз адамдар болған жоқ. Өйткені халықтың ханнан да биік мәртебесін, ұлылығын төмендету бағытына ешқашанда жібермеген. Керісінше, үнемі рухын асқақтатып, ұтқырлығын оздыруды еселеп отырған. Ол кезде ханның елдікке қатысты, халық тағдырына қатысты Асан қайғы, Бұқар жырау сынды қайраткерлердің халықшылдығы мен мемлекетшілдігі, көреген де кемеңгерлігі, ірі кісілігі, ақыл-парасатының ұтқырлығы орасан зор болғаны аян. Билік атаулы міндетті түрде халықпен санасуға қатысты мүдделілігі аса жоғары болғандықтан, елдің, ұлттың ұлттық көкбөрілік рухы мен айнымас жымдасқан бірлігін самғата отырып, жеңімпаз күрескерлігі мен жанқияр қайсарлығын Көкбайраққа айналдырған. Егер хан халқымен санасудан айнып, адал да таза қызметін дұрыс атқара алмаған жағдайда, халық ханды ханталауға түсірудің ұтымдылығын да үнемі жетілдіріп, оздырып отырған. Қаһарлы ел жеңімпаз. Сөздің шынын айту керек, ол кезде ханның да, халықтың да рухы асқақ күйде самғауда болған. Сондықтан «Қаһарлы елде хан тұрмайды, құнарлы жерде қақ тұрмайды» дейтұғын идеологиялық ұлы қағиданың жеңісті жемістері теңдесі жоқ дәреже орасан зор болғаны анық. Айталық, осындай теңдесі жоқ асқақ рухты да көреген ұлылық пен кемел кемеңгерліктің арқасында ғана Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан кең байтақ Ұлы даланы басыбайлы еркін мекен еткен және оның ең негізгі иесі тек қана ата-бабаларымыздың бола білуі осының айшықты айғағы болса керек. Осылайша кешегі өткен хандық дәуірдегі мемлекеттік құрылым­ның теңдесі жоқ қадау-қадау ұлы құндылықтары мен ұтқыр асылдықтарын тізбектеп айта берсек таусыла қоятын түрі жоқ, мені айт деп жарыса түскендей күйді кештік. Алайда ұлылық пен асылдықтың бәрін түгендеп шығуды мақсат етпегендіктен әңгімемізді әзірге қысқарта тұруға мәжбүрміз. Қысқасы, кешегі қазақтың Ұлы даласында хан сөзден сүрінсе де, халықшылдық салтынан, ұлттық ұтқыр қызметінен сүрінбеген алтын заманның өткені барша әлемге аян. Міне, сол себептен де қазақ қауымдастығында «Халық – қазы, пікір – таразы», «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген ұлағатты сөз бекерге айтылмаса керек. Сол сияқты қазақ қауымдастығында Ұлы даланың төсінде қой үстінде бозторғай жұмыртқа салғандығын, оның халыққа айрықша жағымды да және аса ұтымды шуағы мен нұры шарықтаған алтын заманның болғандығын аузының суы құрғанша жыр қылып айтып, сондай заманды үнемі аңсаумен, армандаумен отыруы да осыдан болса керек. Қорыта айтқанда, қазақтың Ұлы даласында хандық дәуірдегі көреген ұлылықтың, кемел кемеңгерліктің, сұңғыла саясаткерліктің, ірі кісілік пен жанқияр халықшыл қабілет-қасиеттің ең озық күйдегі ұтқыр өрісі мен ең пәрменді ықпалы теңдесі жоқ дәрежеде өрбігендігі және ұрпаққа үнемі үлгі-өнеге бола білгендігі тарихтан айдай айқын күйде көрініп тұр. Ендеше, биыл 2015 қой жылы қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау қарсаңында да, одан кейінгі уақыттардың бәрінде де қазақтың халық, ұлт ретінде бүгінгі қазақ елі «Ұлы дала елі» екендігімізді жаңа форматтағы ұтқыр да озық күймен үнемі күллі әлемге жаңаша паш ете білудің ұлы мақсатында бүткіл мектеп, жоғары оқу орындарында, сондай-ақ мемлекеттік құрылым атаулының барлық сатысындағы ұжымның бірін қалдырмай түгелдей қамти отырып, Отан тарихын, Отансүйгіштіктің, ұлтты жанындай сүйе білушіліктің үлгі-өнегесін жаңаша қаулата білудің мақсатында нағыз патриот азамат бола білуді оқытудың проблемасын кезек күттірмес ең өзекті де, өткір бірегей мәселе ретінде тезірек шешуіміз аса қажет. Айбатты да айбынды елдікті озық күйде қалыптастыру арқылы батыл да білікті, сұңғыла саясатты жүргізе білуді теңдесі жоқ дәрежеде ұтқырлықпен қабыстыра отырып, үнемі самғата түсуді оздырмайынша, тәуелсіз дербес елдігіміздің тұғырын құрыштай шыңдаудың да, оны баянды күйде сақтап қалудың да өзекті проблемасы түбегейлі шешілмейтіні хақ. Ұлттық рух пен тілді, ділді, дінді, ұтқыр тарихымыз бен рухани озық мәдениетімізді сары желімдей қабыстыра түсу арқылы ғана құрыштай үнемі ширатып отыру, бұл – біздің мызғымас рухани тірлігіміздің, ел бірлігі мен біртұтастығының ең негізгі алтын қазығы бола білгендігін бәріміз де өткен шежірелі ұлы тарихымыздан көріп отырмыз. Өйткені біз, кешегі текті қазақ мекен еткен Ұлы даланың ұрпақтарымыз. Осынау кең байтақ Ұлы даланың біртұтастығын біздің ата-бабаларымыз сұңғылалы саясатымен үнемі ат үстінде тек қанын төге жүріп, терін төге жүріп қорғаумен сақтап, бүгінгі бізге мәңгі елдікке мәңгілікке мұра етіп қалдырғаны да хақ. Сол үшін де біз, бүгінгі қазақ біріміз қалмай, бәріміз де ұлы көсемдеріміз бен арыстарымыздың алдында аса айрықша күйде қарыздар екенімізді естен шығармайық. Сол өлшеусіз қарызымызды мінсіз өтей білу үшін жанқияр дәрежеде күресе білейік, ағайын.

Молдағали МАТҚАН, Халықаралық Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы алтын медаль иегері, қоғам қайраткері, публицист-жазушы, академик