Министр берген уәделер неге орындалмайды?

2111
1
Бөлісу:

zhas

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов өз қызметіне тағайындалысымен-ақ: «3-4 жыл көлемінде қазақстандық білім және ғылым жүйесін құрылымды әрі мазмұнды түрде өзгертіп, оны озық дамушы елдер деңгейіне жеткізуге тырысатын боламын» деген еді.
Бұл министрдің – бірінші уәдесі. Бас ұстаздың алғашқы, уәдесі орындалып жатыр дей алмаймыз. Керісінше, Аслан Сәрінжіпов білім саласын басқарғалы бері у-шу одан әрі ұлғая түскен сыңайлы. Дамушы елдердің қатарынан көріну былай тұрсын, мектепті «Алтын белгіге» бітірген үздік түлектерімізді мемлекеттік білім грантынан қағып, сан соқтырып қойдық. Кеудесіне «Алтын белгі» тағып, жұлдыздары жарқырауы тиіс түлектеріміз өздерінің дабыл қағуының арқасында ғана жоғары оқу орындарының ректорлық гранттарына қол жеткізді. Ал, ешбір байқауда бақ сынамастан, мемлекеттік білім грантын иеленуі тиіс халықаралық олимпиада жеңімпаздары да құралақан қалды. 11 жыл бойы төккен тер далаға кеткендей.
Екінші уәде жыры бітпейтін оқулық мәселесіне қатысты. Білім министрі ағымдағы жылдың мамыр айында өткен Үкімет сағатында республикамыздың түкпір-түкпіріндегі мектептердің барлығы 10-тамызға дейін мектеп оқулықтарымен түгел қамтамасыз етілетіндігін мәлімдеген. Бірақ, кітап тапшылығының салдарынан сарылып кезек күткен оқырмандарымыз министрге деген назын «Қазақ үні» порталында «Білім министрінің арқасында «Қожа» болдым» (http://www.qazaquni.kz/?p=40106) атты тақырыптағы мақалаларымен білдіріп жатты. Кітап тапшылығы турасында әңгіме қозғала қалса, қаржы тапшылығын алға тартатын министріміз Қазақ хандығы туралы компьютерлік ойын жасауға 72 млн. теңге бөлгенде, неге оқулыққа келгенде жоғары жаққа алақан жаяды? Осы жағы тағы түсініксіз…
Ал, үшінші уәдесі мемлекеттік білім гранттарының үлестірілуіне қатысты болды. Бұл жолғы уәдені бас ұстаздың өзі емес, Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев берген еді.
2015-2016 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі жайында сөз қозғаған вице-министр биылғы жылдың ерекшелігі тілдік үлестірілуінде екендігін атап өткен еді. Яғни, қазақ бөліміндегі конкурсты есепке алудың негізінде мемлекеттік білім грантының 75 пайызы қазақ бөліміне ал, 25 пайызы ғана орыс бөліміндегілерге беріледі деген еді.
Естеріңізде сала кетейік, мемлекеттік білім грантын бөлу барысында қазақтілді талапкерлерге басымдық берілу қажеттігі былтырғы жылы «Қазақ үні» газетінде «ҰБТ: Қазақтілді талапкерлердің құқығы қашанғы таптала береді?» (http://www.qazaquni.kz/?p=28125) деген тақырыпта мақала жарияланып, мәселе ретінде көтерілген-ді. Вице-министрдің осы мәлімдемесінен кейін ҰБТ-дағы ұлтымыздың ұпайы түгенделеді деп қатты қуанған едік. Өкінішке орай, білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланғанда жылдағы әдет бойынша қазақтілді және орыстілді талапкерлер арасында теңсіздіктің орын алғанына көз жеткіздік. Мәселен, «5B010100 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығына жалпы конкурс бойынша қазақ бөліміне 89 балмен оқуға түссе, ал дәл осы мамандықтың орыс бөліміне 68 балмен де білім грантын иеленгендер бар. Бір ғана педагогикалық мамандық бойынша емес, басқа да мамандықтарда қазақ және орыс тіліндегі грант иегерлерінің арасындағы балл көрсеткішінің айырмашылығы жер мен көктей екендігі қынжылтады.
Біздің мақсат – білім министрінің берген уәделерін жіпке тізу емес, ел болашағы үшін маңызды қадамдардың орындалмай жатқандығына ғана алаңдаулымыз. Білім саласында шешімін табуы тиіс өзекті мәселелер жетерлік. Оның барлығын бірдкендігі де түсінікті. Ол үшін біраз жылдар жүйелі жұмыс жүргізілуі керек-ақ. Біз, бұл тұрғыда бас ұстазды қаралауды мақсат тұтып отырған жоқпыз, әрине. Әйтсе де, «Биыл оқулық тапшылығы болмайды», «Білім грантын бөлу барысында қазақтілділерге басымдық беріледі» т.б. осындай уәделерді үйіп-төгіп бермесе екен. Әйтпесе, жалпақ жұртқа жария етілген нәре орындалмағасын, елдің де бас ұстазға деген сеніміне селкеу түсері анық қой.
Айтпақшы, министр жақында ғана тағы да уәде берді. Бұл жолғысы ұстаздарды қуантатын сыңайлы. Яғни, 2016 жылдан бастап, мұғалімдердің жұмыс өтілі, категориясы, білім деңгейіне сәйкес олардың жалақысы 20-50 пайыз аралығында өспек. Бұл үшін бюджеттен 200 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп қойған көрінеді.

ЖАҢА РЕФОРМАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІН ҚАШАН КӨРЕМІЗ?

Өз қызметіне кірісімен-ақ, өзгерістер жасайтынын мәлімдеген министр білім саласына көптеген жаңашылдықты енгізгенді дұрыс санайды. Әрине, жаңа реформаның барлығы бірдей оң нәтиже беріп жатса, бөркімізді аспанға атып, қуанар едік.
Биылғы жылдың басты жаңалығы – 2016 жылдан бастап, Қазақстан мектептерінде 5 күндік оқыту жүйесіне көшетіндігі. Қазіргі таңда еліміз бойынша жаңа жүйе тәжірибе ретінде енгізілді. Ал, 2016 жылдан бастап, 1-сынып оқушыларының барлығы жаңа жүйеге көшетін болады. Бұл тұрғыда Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов оқушылардың оқу көлеміндегі ауыртпалықтың өзгермейтіндігін, әрі бағдарлама одан әрі ауырламайтындығын мәлімдеген еді. Сонда, осы уақытқа дейін 6 күндік жүйемен оқып келген оқушылар 5 күндік жаңа стандартқа ауысқанда мектеп бағдарламасындағы ауыртпалық сақталса, оларға олардың санасына салмақ түспей ме? Осы жағын міндетті түрде саралау қажет-ау. Сондай-ақ, оқушылардың 5 күн оқып, 2 күн демалатынын ескере отырып, оларды түрлі үйірмелерге баулу жағы қарастырылса деген ой бар. Әйтпесе, мектеп оқушылары арасындағы қылмыстың көпшілігі жазғы демалыс кезінде орын алатыны мәлім. Сондықтан да, бұл тұрғыда оқушылардың демалыс уақытын тиімді өткізудің жолдары алдын ала жоспарланғаны жөн.
Негізінен, қандай да бір жаңа жүйеге көшпес бұрын алдын ала жүйелі түрде дайындық жұмыстары жүргізілуі керек. Ал бізде барлығы керісінше секілденеті жоқ емес. Яғни, жаңа жүйені қолданысқа енгіземіз деп жұртқа жария етіп қойғаннан кейін барып, оған дайын еместі­гіміз еске түседі.
Мәселен, осы 5 күндік оқыту жүйесіне көшудің қажеттігін мәлімдеген білім министрі Аслан Сәрінжіпов: «Оқушылары тым көп және үш ауысымда оқытатын мектептерде 6 күндік оқыту әлі сақтала бермек» деген еді. Мұның өзі, жаңа жүйеге көшуге жүз пайыз дайын емес екендігімізді көрсетеді. Алдымен осы олқылықтардың орнын толтырып барып, 5 күндік жүйеге көшу мәселесін қолға алсақ мұнымыз әлдеқайда дұрыс қадам болар еді.
Біздің мектеп оқушылары көшкелі жатқан жаңа жүйе бір бұл емес. Биылғы 2015 жылы 1-сыныпқа қабылданған мектеп оқушылары бастауыш білім берудің жаңа мемлекеттік стандарты бойынша оқиды деп жоспарлады. Қазіргі таңда Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүзеге асып жатқан бұл тәжірибені жалпы білім беретін мектептерде кезең-кезеңімен іске асыру жағы көзделген еді. Бірақ, Білім министрі бұл жолы да ескі әдетімен жаңа оқу жылының бірінші күнінен бастап, жаңа оқу стандартын енгізуге мектептердің барлығы бірдей дайын еместігін айтты. Сөйтіп, аталмыш жүйені 2015 жылдың соңына дейін бекітетіндігін хабарлады.
Біздің елдің білім саласында жаңа реформаны ойлап табу жағы жақсы үрдіске айналғанымен, әзірге жаңашылдықтың сарыны байқала қоймайды. Керісінше, сол «ауру қалса да, әдет қалмайдының» керімен, «дайын емеспіздің» әуеніне басуға бейімделіп кеткендейміз. Әсіресе, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың «дайын емеспіз» дейтін кейпі құдды бір мұғалім сабақ сұраған кезде сабаққа дайын емес екендігін жеткізген оқушыға көбірек ұқсайтындығын жасыра алмаймыз.

БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ ҰСЫНЫСЫ НЕГЕ ҚОЛДАУ ТАППАДЫ?

Қоғамның назарын өзіне аударғысы келді ме, жоқ әлде, шынымен де бас қаламыз – Астанадағы кептеліс мәселесіне алаңдады ма, әйтеуір бас ұстаздың бұл жолғы ұсынысы өзгешелеу болды. Яғни, Білім министрі Астана қаласындағы мектептердегі сабақтың басталуын таңғы сағат 7.40-қа ауыстыру қажеттігін айтып мәлімдеме жасады.
«Сабақ кестесі жөніндегі мәселе жергілікті атқарушы билік органдарының құзырында. Сондықтан мұны Астана қаласының әкімдігі шешуі тиіс. Біз әкімдікке оқушылардың, олардың ата-аналарының және мұғалімдердің пікірін ескере отыра шешім қабылдауға ұсыныс жасадық», – деді А.Сәрінжіпов.
Көп ұзамай, бұқаралық ақпарат құралдарында елордалық 17 мектептің ағымдағы жылдың 14-қыркүйегінен бастап бірінші ауысымда оқитын оқушылар­дың сабақты сағат 07:40-та бас­тайтындығы туралы ақпар таратылып кетті.
Астана қаласындағы мектептер жаңа жұмыс режиміне көшіп кетер ме еді, кім білсін, бұл іске Астана қалалық прокуратурасы араласпағанда. Иә, бұл ақпарды естіген Астана қаласының прокуратурасы білім беру ұйымдарында оқу сабақтары сағат сегізден ерте басталмауы тиіс екендігін мәлімдеп, мектептердегі сабақ кестесінің бұлай өзгеруі қолданыстағы заңнамаға қайшы екендігін жеткізді. Бұл тұрғыда прокуратура органдары арнайы тексеріс те жүргізді. Нәтижесінде қалалық білім басқармасының нақты мұндай шешімді қабылдама­ғанын анықтап, заңды бұзуға болмайтыны туралы алдын ала ескерту енгізді.
Осыдан кейін ғана Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Эльмира Суxанбердиева: «Оқу уақытын өзгерту үшін заңға тиісті өзгертулер енгізілуі тиіс, типтік бағдарламаларға да соған сәйкес өзгертулер жасалады. Барлығы заң аясында іске асырылады» деп мәлімдеді. Сонда осы ұсынысты жасаған бас ұстаз заңды ескермегені ме деген заңды сұрақ туындайды.

P.S: Жаңашылдық деген жақсы-ақ. Бірақ, ең бірінші қандай да бір жаңа стандартқа көшпес бұрын, еліміздің білім беру жүйесі оған дайын ба, дайын емес пе соны саралап алғанымыз жөн шығар… Білім саласына өзгеріс керек екен деп беталды әр нәрсені тықпалағаннан ешнәрсе ұтпайтынымыз да анық. Сондықтан да, ең бірінші қандай да бір өзгерістің білім саласының ісін ілгерілетуге тигізер ықпалын бағамдап алғанымыз абзал-ау.

Гүлмира САДЫҚОВА

«Қазақ үні»

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. 2-сортты ұстаз 7 Қазан, 2015 10:55 Жауап

    «Қазіргі таңда Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүзеге асып жатқан бұл тәжірибені жалпы білім беретін мектептерде кезең-кезеңімен іске асыру жағы көзделген еді»…….
    НЗМ-да жүзеге асып жатқан тәжірибе керемет деп Сіздерге кім айтты? Ол мектепке кірдіңіз бе, сабақтарына қатыстыңыз ба? Оқушыларының білімін тексердіңіз бе? Ол жабық мектеп қой. Ешкімді кіргізбейді. Сіз тұрмақ Білім министрлігінің адамдары да кіре алмайды, тексеріс жасай алмайды. Өздерін өздері тексеріп жатқан оқу орны. Тіпті басқа оқушылар сияқты ҰБТ да тапсырмайды. Бірақ жағдайлары жақсы. Әр мектептен тексеріп, екшеп-екшеп, бірнеше сынақтан өткізіп үздік оқитындарды жинап алған. Сәл талабыңыз төмендей ме, мектеп заңгері қолыңыз қойылған шартты алдыңызға тартады да, бұрынғы мектебіңізге қайта беріңіз дейді. Басын қатырып , өзге мектептердегідей үлгермейтін оқушылармен жұмыс жүргізбейді. Ұстаздары шет елдерде іссапарда жүреді. Айлықтары орта білім беретін қарапайым мектептердегіден әлдеқайда жоғары. Осы жерде бір сұрақ: егер қарапайым мектептегі ұстаздарға осылай таңдалған шәкірттер беріп, айлықтарын жақсартып, НЗМ-дағыдай мектеп салмай -ақ оқыт десе, оқытар ма еді?Нәтиже шығарар ма еді? Әрине, 100 пайыз! Себебі қазіргі НЗМ шәкірттерінің жетістігі сол мектеп ұстаздарының толық еңбегі емес. Ол балаларды басқа мектептің ұстаздары дайындап берді ғой. Ол балалар онсыз да облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жетістікке жетіп жүрген ғой. Ал олардың өздері 1-ші сыныптан оқытқан оқушылары нәтиже беріп жатса, таңданбай-ақ қойыңыз. Себебі, таңдалғанның аты таңдалған. Ондай оқушымен біз де жұмыс істей аламыз. Олар үлгерімі төмендермен жұмыс істеп, нәтиже шығарып көрсінші. Сонда оларды керемет мектеп деп айтуға болар еді. Осы жерде екінші сұрақ: неге ол мектепке сондай жағдай жасап қойған? Басқа мектептегі ұстаздар 2-ші сортты ма? Ол мектепте оқып жүрген балалар да 2-ші сортты ма? Білімі терең, талабы зор қаншама бала, НЗМ-ға түсе алмай аһ ұрып жүр. Себебі,ата-анасының ақшасы жетпейді. 7-ші сыныпқа шейін жылына 360 000 теңгеден төлеп оқыту екінің бірінің қолынан келмейді. Егер шынымен дарындыларды оқытамыз десе, неге тегін оқытпайды? Олар елдің болашағы ғой. Үшінші сұрақ: тек қана НЗМ-да тәжірибеден өткізіп жатқан Кембридждік оқыту жүйесі үздік деп кім айтты? Олай дейтінім, қазір арнайы курстарда тек сол жүйені оқытып жатыр. Еңбек ақыңыздың өсуін сол курсқа тәуелді етіп қойған. Оқысаңыз өседі, оқымасаңыз өспейді. Еңбекақы емес, курсақы боп кетті. Осы арқылы өзге оқыту жүйелері/технологиялары үздік емес деген пікір қалыптастырып жатыр. Себебі өзге технологиямен еңбек етіп , жетістіктерге жетіп жатқан ұстаздардың еңбекақысы өспейді. Ал сол курсты оқып келген ұстаздар(мен білетіндері) сол баяғыша еңбек етіп жатыр. Керемет жетістіктерге жетіп жатқанын байқамадым. Тіпті сол әріптестерімнің ішінде, қарапайым 4-ші сынып математикасының тапсырмаларын шығара алмайтындар, біліктілік тесттарынан өте алмай қалғандар да кездеседі. Сонысы ма кереметі? Соларды оқыту үшін қаншама қаражат кетті, оларға курсақы төлеу үшін енді қаншама ақша кетеді. Сол ақшаны НЗМ-ға түсе алмай жүрген дарынды балаларға жұмсаса ғой. Ол ұстаздардың өзгерткені 1-ақ нәрсе. Оқушы партасын топтастырып қою ғана. Олай отырған балалардың белі қисаяды, көздері қыли болады деп ойлап жатқан ешкім де жоқ. Қазақстанның Санитарлық қалыптары мен ережелері олар үшін жұмыс істемейтін болды.
    Балалардың ондай мектепте оқығысы келеді. Себебі, ол мектептің ішкі жағдайын айтпағанда, сыртын көріп-ақ сүйсінесің. Біздікі сияқты сүреңсіз, дәліздері тар, ұзынша емес. Жарық, кең. Техникалық мүмкіндігі мол. Бір сөзбен айтқанда, баланың білім алуына, тәрбие алуына, дамуына жақсы жағдай жасалған. 2-сортты ұстаздар мен оқушылар үшін ондай жағдай қайда? Тіпті жоғарыда айтқан әріптестерімнің бұл технология бойынша жұмыс істемей жүруін де түсінуге болады. Үздік оқушыларға арналған технология орта мектепте 100 пайыз нәтиже бере алмайды. Себебі 2-сортты мектептерде деңгейі әр түрлі балалар отыр. Біз оқушыларды таңдап ала алмаймыз. НЗМ-ның оқытып жатқан шәкірттері(таңдап алынғандары) керемет білім алып жатыр дегенге де күмәнім бар. Себебі олардың оқушылары қарапайым мектепке арналған математика оқулықтарындағы есептерді шығаруда қиналады. Оны өз тәжірибемнен білемін. Ол мектептен маған дайындыққа келіп жүргендер бар. Өңкей үздіктер мен екпінділер өздері. Сонда бұл не жүйе болды?Бұл қандай білім саласы болды? Меніңше бұл жүйеде ешкім тісі батпайтын бір батпан құйрық бизнес жасап жүр. Мемлекеттің бөлген миллиардтарын жымқырып, қайдағы бір оқыту жүйесін әкеліп тықпалап жатыр. Оған немесе оларға қазақ баласының болашағы маңызды емес. Оларға миллиардтар маңызды. Ал білім жүйесі( егер сол жүйе бар болса) быт-шыт болды. Қағаздан бас ала алмай біз жүрміз. Келген комиссияларға, аттестациядан өту үшін ақша жинаумен біз жүрміз. Аттестациялық комиссия деген бір бәле болды. Арнайы департамент. Мемлекеттен ақша алады. Сонымен қоймай әр мектептен 300 000-400 000 мыңнан (мектептің көлеміне байланысты) пара алып кетеді. Талап ететіндері- қағаз.Үш жылдық сабақ жоспары, тәрбие жоспары, журнал, портфолио, сөйтіп кете береді.Оларды жасау үшін өз қалтаңнан қаншама қаражат шығарасың. Мемлекеттің ісін істеу үшін өзіңнің маңдай теріңмен тапқан азын-аулақ ақшаңды шашасың. Білм Заңындағы жұмыс беруші жағдай жасауға міндетті екендігі ешкімге керек емес. Бермесең аттетациядан өте алмайсың. Сол қағаз кімге керк екен, а? Оқушыға оның не қажеті бар? Оған білім қана керек емес пе? Сондықтан 1-ақ нәрсе тексерілуі тиіс қой. Тек білімнің сапасы. Жылдың басында бір, соңында бір бақылау жұмысын алыңыз. Болды. Жоқ олай істемейді. Өйткені жоғарыда отырған білім саласының шенеуніксымақтары Президент, өкімет алдында жақсы болып көрінуі үшін жақсы қағаздарды талап етеді.Қағаз жүзінде бәрі керемет. Қағаз жүзінде ғана. Қарапайым мектептегі ұстаздардың жол бойында қоқыс теріп жүргені, толып жатқан шараларға сабақтарын тастап қатысып жүргені, тіпті өз еркінен тыс футболға барып жүргені ешкімді алаңдатпайды. Ал НЗМ-ның ұстаздарын мұндай шаралардан көрмейсің. Сонда бұл не? Жүйе ме, алалау ма?

Пікір немесе жауап жазу