"Еуропалық орыстар" Солтүстік Қазақстанды Ресейге қайтаруды талап етуге қандай құқығы бар?!.

«Еуропалық орыстар» Солтүстік Қазақстан облысын Ресейге қайтаруды талап етті, - деп жазады Total.kz сайты.

Мұндай пікірді белгілі орыс ұлтшылы Егор Просвирин өзінің «Спутник и Пограм» сайтының facebook-тегі парақшасында жариялаған. Осыдан кейін аталған азаматтан Total.kz сайты сұхбат алыпты. (қараңыз:http://total.kz/politics/2013/09/27/russkie_evropeycy_trebuyut_vernu )

Егор Просвирин Солтүстік Қазақстан географиялық және демографиялық тұрғыда Сібірдің жалғасы екенін айтып, бұл жер Қазақстанға "заңсыз берілгенін" тілге тиек еткен. Ол Путин тақтан тайғаннан кейін болашақта құрылатын демократиялы орыс өкіметі бұл жерді сөзсіз қайтарып алатынына сенімді. Егор Просвирин: «Павлодардың орыстары неге қазақша оқуы қажет? Қазақтардың бұл аймаққа қандай қатысы бар?» деген ой айтқан. Сондай-ақ ол бұл аймақты Ресей өзіне дипломатиялық жолмен, референдум өткізу арқылы қосып алу қажет екеніне тоқталған. «Себебі, бұл мәселеде Қытай мемлекетінің әсері болады» дейді орыс ұлтшылы. Қазақ мемлекетінің тұтастығына қауіп төндірер пікір айтқан Егор осымен тоқтап қана қоймай, «Бізге қарсылық көрсететін Қазақстан армиясы жоқ, ешқашан болған да емес» деген ойын ортаға салған.

Соңғы уақытта Қазақ мемлекеттілігіне, шекараның тұтастығына қауіп төндіретін мұндай пікірлер көбейіп барады. Неге? Біздің билік Егор Просвириндердің аузын қашан жабады?!. Біздің Сыртқы істер министрлігінің Ресейге наразылық нотасын жолдайтын уақыт баяғыда жеткен жоқ па?

Шәріпхан Қайсар

Abai kz