Мереке Құлкенов: ТІЛ ТҮЗЕЛМЕЙ, ЕЛ ОҢАЛМАЙДЫ

IMG_7138 Тілдер мерекесі қарсаңында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен өткен ауқымды шарада сан алуан пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Әсіресе, онда жазушы Мереке Құлкеновтің: «Бүгінгі қазақ телевизиясындағы қазақ тілінің халі мәз емес. Телеарналарды жөнге салу үшін шұғыл түрде мәлімдеме жасауымыз керек» деген пікірі көпшілік көңілінен шыққаны анық. Осы төңіректегі сөзді қаузай түсу үшін қаламгерді әңгімеге тартқан едік. – Мереке Әбдешұлы, ел Тәуелсіздігін жариялағалы жиырма төрт жыл өтті десек те, мемлекеттік тілге қатысты мәселені әлі күнге дейін езіп, сөзбұйдаға салып келе жатқанымыз, расында, кімнің дәрменсіздігі деп ойлайсыз? – Бүгінгі таңда қоғамда екі түрлі қазақ өмір сүріп жатқаны мәлім. Біріншісі, өзінің ана тілінің уызына жарыған таза қазақтар десек, екіншісі, туған тілінде сөйлей алмай жүрген – «шалақазақтар». Өкініштісі сол, қазіргі кезде екеуінің арасына үлкен жіктің түсіп кеткендігі. Қазақты бұлай бөле-жарғың да келмейді, бірақ бүгінгі тілдің ахуалына қарап осылай деуге мәжбүрміз. Бізде сын айтуға келгенде «шеберлік» танытатындар көп. Тек, өкініштісі, көпшілігі біржақты сын шекарасынан шыға алмайды. Әрине, «шалақазақтарды» орысша сөйлегені үшін жазғырып, кеудеден итере бермегеніміз жөн. Керісінше, оларды жанымызға жақын тартып, қазақ тілінің қадірін сезіндіруге тырыссақ. – «Шалақазақтықтың» етек алуына елдегі аралас мектеп­тер­дің көптігі себеп болып тұр деп санамайсыз ба?.. – Иә, аралас мектеп мәселесі – жанды тұсымыз. Жапония мемлекеті сияқты біздің елде де мектептерде біртілділік жолға қойылғанда тіл жағдайы әлдеқашан түзеліп кетер ме еді, бәлкім. Аралас мектептерден арылу уақыт еншісіндегі дүние десек, дәл қазіргі уақытта еліміздегі білім беру мекемелерінің барлығында қазақ тілін тереңдетіп оқытуды жолға қойғанымыз жөн шығар. Яғни, мектептерде негізгі ретінде саналмайтын пәндердің орнына қазақ тілін тереңдетіп оқытуды қолға алу қажет. Бұл тұрғыда зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, білім басқармаларымен, оқу-ағарту саласының майталмандарымен тізе қосып, арнайы бағдарлама жасап, Үкіметтің және тікелей Білім және ғылым министрінің алдына қойылуға тиіс-ті. – Қазақ тілін дамыту жолында мемлекеттік мекемелер өз міндетін дұрыс атқарып отыр деуге бола ма? – Қазақ тілін дамыту жолында тиісті мемлекеттік мекемелер қол қусырып отыр деу қиын. Әйтсе де, олардың жұмыстары айтарлықтай көзге көрініп те тұрған жоқ. Осыдан жиырма жыл бұрын қоғамдық пікірдің күштілігінің арқасында Тілдер комитеті құрылған еді. Шынында, ұлт игілігіне қатысты істердің көпшілігін осы Тіл комитеті атқарды десек, артық емес. Әйтсе де, уақыт өте келе сол комитет өзінің тиісті тұғырынан түсіп қалғандығы қынжылтады. Бірте-бірте мекеме қызметкерлері қысқартыла бастады, кейін атқаратын функция аясы тарылды. Содан соң, қасына басқа да қосымша мекемелер қосылып, біріктірілген мекемеге айналды. Ақыр аяғында, өзінің ең негізгі міндетінен ажырап қалды. Қазір Мәдениет және спорт министрілігіне қарасты Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті деп аталады. Бір министрлікке бағынышты, әрі қосарланған міндеті болғандықтан, өзіндік үні жоқ, әлсіз мекеме күйіне түсті. Ендігі жерде осы комитеттің құзыреттілігін арттыру жолдарын қарастырсақ деймін. Яғни, қазақ тілінің көсегесін көгертеміз десек, Тілдерді дамыту министрлігін құруымыз қажет. Ал ол министрлік, өз кезегінде, ең алдымен, қазақ тілінің, одан соң еліміздегі өзге ұлт пен ұлыстар тілінің дамуына жағдай жасауға тиісті. Біз билікке осындай ұсыныстарымызды жеткізуіміз, әрі орындатуымыз қажет. – «Үш тұғырлы тіл» мәселесі қолға алынғалы бері ана тіліміздің тынысы тарыла түскені анық. Бесіктен белі шықпаған балаларымызға дейін ағылшын тілін үйренуді міндеттеудің ақыры қайда апарып соғары да белгісіз. Бір жағынан, ағылшын тілін білу – заман талабы. Одан айналып өту тағы мүмкін емес. Сондықтан да, осы мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» қалай шеше аламыз? – Негізінен, өмірдің заңды­лықтарына көз жұмып қарсы тұру – түсінбестік. «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру – заман талабы. Сол себепті, оған түбегейлі қарсылық танытуға тағы болмайды. Бірақ, біз көбіне баяғы әдеттегідей, асыра сілтеп, «шаш ал, десе, бас алдың» кебін киеміз. Мәселен, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Ағылшын тілін үйретуді міндетті түрде балабақшадан бастаңдар» деп қадап айтқан жоқ. Бірақ көрінген жерге ағылшын тілін негізсіз тықпалаудың салдарынан қазақ тілін үшінші сатыға түсіріп алдық. Сөйтіп, алдымен, ағылшын, екінші, орыс тілдерін үйренуге, үйретуге күш салуға кірістік. «Қазақ тілі өзіміздің тіл ғой, онсыз да үйреніп алады» деген түсінік кері кетіріп тұр. Осы мәселенің де «ешкісі мен қойын» нақты жіктеп, істі бір жағына шығаратын күн жетті. Қазақ елінде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде кез келген жерде бірінші сатыда тұруға тиісті. – Мереке Әбдешұлы, жиын барысында білдірген пікіріңізге қарап, отандық телеарналардың жұмысына көңіліңіз толмайтынын аңғардық. Сізді елдің телевизия саласындағы нақты қандай мәселелер алаңдатады? – Телевизияда хабардың талапқа сай шығуы бірінші кезекте бағдарламаны жүргізушіге тікелей байланысты. Осыны біле тұра, хабар тізгіні неліктен қазақ тіліне шорқақ жүргізушілерге тапсырылады? Мен осыны түсінбеймін. Бұл аз десеңіз, журналистиканың иісі мұрнына бармайтын әншілер мен әртістердің хабар жүргізуі сәнге айналды. Олар тек кәсіби журналистердің дайындап берген дүниесін ғана оқитынын да білеміз. Соның өзін жөнді жеткізе алмай жатқанын көргенде қынжылмасқа шараң қайсы! Сонда қазақ тілінің майын тамызып сөйлейтін, біздің кәсіби журналистеріміз қайда? Олар неге жұмыссыз жүреді? Осы жағы жаныма батады. Алдағы уақытта телеарналардың басшылығы беті жылтыраған әнші, әртістерден арылып, қызметке кәсіби мамандарды тартудың жолдарын қарастырғаны жөн-ау. – Телеарнадағы тіл тазалы­ғының сақталмауы мұнымен де бітпейді ғой. Қазақтілді хабарларда немесе шоуларда орыс тілінде сөйлейтіндердің әрекеті тіліміздің одан әрі шұбарлануына апарып соқтыруда. Мәселен «Хабар» арнасындағы «Жанды дауыс» шоуы осылардың бірі. Бұл туралы не дер едіңіз? – Осындайда біздің қазақ телевизиясы еліктеуден ғана тұра ма деген ой қылаңдайды. Ресейдің хабарлары мен шоулары да олардың өздерінің төл туындылары емес. Орыстардың өзі көп хабарын Америкадан, Еуропадан көшіріп алып жатады. Ал, біздің телеарнадағы продюсерлері мен хабар ұйымдастырушылары орыс хабарларын айна-қатесіз көшіріп алады. Отандық арналардан берілетін кез келген хабардан, шоудан біздің қазаққа тән менталитетіміз, қазақи мінез-құлқымыз көрініп тұрмаса, ондай «дәмсіз» дүниелердің қажеті қаншалықты? Байқап отырсақ, кейбір қазақша хабарларда әлдебір орыстілді мамандардың пікірін қазақшаға аударып беріп, әлекке түсеміз. Мұның қажеті не? Өз тілін білмейтін ондайлар ойларын орыс тіліндегі хабарларда айта берсін. Әрбірден соң, телевизия саласында аударманың өзіне де аз қаржы жұмсалмайды. Телеарналарға мемлекеттен бөлінетін қаражатты осындай ұсақ-түйекке шашқанша, мәні мен маңызы бар тың туындылар жасауға жұмсағанымыз жөн емес пе? Мәселен, газеттерде орысша мақала – орыс тілінде, қазақшасы – қазақ тілінде жарық көреді емес пе? Қазақ тілінде жазылуы тиіс мақалаға қандай да бір маман орысша пікір берді екен деп, қазақ журналистері орысша жазып қоймайды ғой! Барлығын да қазақша жеткізуге тырысып бағады. Бұл талап барлық бұқаралық ақпарат құралдарына ортақ екендігі ескерілуі тиіс. Айта берсек, телевизия саласында бұдан да өзге олқылықтар жетерлік. Осының барлығын көрсетіп, қазақ телевизиясындағы қазақ тілінің жағдайын дұрыстау үшін шұғыл түрде мәлімдеме жасап, тиісті шаралар қолдануды талап етуіміз керек. – Қазақ тілінің дамуына аударманың тигізер ықпалы аз емес. Аудармамыз ақсап тұрғандықтан, кейбір мектеп оқулықтарын түсіну де оңайға соқпай тұр. Аударманы қайтсек дұрыс жолға қоя аламыз? – Совет үкіметінің кезінде біздің көптеген оқулықтарымыз аударма болғаны жасырын емес. Сондықтан да, бірден түсіну, шынында да, қиындық туғызатын. Енді ел Егемендігін алғанына ширек ғасырға жуықтаса да, әлі де аудармада алға жылжу байқалмайды. Әсіресе, математика, геометрия, физика, химия бағытындағы оқулықтарымызды оқушы тұрмақ, ғалымдардың өзі әрең ұғынатын сияқты. Сондықтан да, аталмыш саланың мамандары бас қосып, осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Бұл тұрғыда айта кетерлік басты нәрсе – қазіргі әлемдік ой-сананы дамытатын дүниелерді қазақ тіліне тікелей аударуға жағдай жасау. Орысшадан қазақшаға аударған кітаптың өзі құндылығын 20-30 пайыз жоятындығы белгілі. Ал, ағылшын тілінен орысшаға, одан кейін барып қазақшаға аударылған кітаптардың қандай күйге түсетінін бағамдай беріңіз. Қазір әлем бойынша ағыл­шын тілі сұранысқа ие. Бүгінгі ең қажетті дүниеміз де сол тілде жарық көруде. Оны өз кәдемізге жарату үшін, ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аудару жолға қойылуы керек. – Жалпы, қазақ тілінің қолданыс аясы қайтсек кеңиді? Бұл тұрғыда нақты қандай шаралар атқарылуы тиіс? – Қазақтың тілі қажеттілік тудырғанда ғана дамиды. Ол үшін ең алдымен мемлекеттік қызмет тетігін ұстап отырған азаматтар мемлекеттік тіл – қазақ тілін құрметтеуі және жетік білуі шарт. Президенттік сайлауға түскен азаматтарға мемлекеттік тілді білуді қалай міндеттесек, министр, депутат, әкім атанатын азаматтарға да осы талап қойылуы қажет. Мұндай қатаң талаптар болмаса, «балық басынан шіридінің» керімен тіліміз де даму жолына түсе алмайды. Мәселен, Алматы қаласында аттап бассаң, қатеге кезігесің. Көшелердің атауын қазақ тілінде дұрыс жазу әлі күнге дейін жолға қойылған жоқ. Орыс тілінде «улица Тлендиева» деп жазылған көше атауы қазақ тілінде «Тілендиева көшесі» деп жазылып, көпке дейін ілініп тұрды. Сонда Тілендиевтің кім екенін білмейміз бе? Айталық, Балтық жағалауы елдерінде арнайы «Тіл полициясы» жұмыс істейді. Аталмыш орын мемлекеттік тілден кетіп жатқан сорақылықты анықтап, оларға айыпақы төлетуді қолға алған. Бізге де осы бағытта жұмыс істейтін белгілі бір мекеме керек-ақ. – Манадан бері түрлі ұсы­ныстар айттыңыз. Мұны орын­датудың жолы қайсы? – Сауалыңыз орынды, әрине. Шындығы керек, қазақта не көп – жиналыс көп. Ұсыныстардың көбі сондай жиындарда айтылып жатыр. Сондықтан, бұл тұрғыда қоғамдық пікірлерді жинақтап, соның негізінде қандай да бір бағдарлама жасалуы керек-ақ. Және олар қағаз жүзінде қалып қалмауы тиіс. Тиімді ұсыныстарды жүзеге асыратын, олқылықтардың орнын толтыруға ықпал ететін қоғамдық ұйым қазаққа ауадай қажет. Мұндай қоғамдық ұйым құрылса міндетті түрде билікпен тығыз қарым қатынас жасай отырып жұмыс жүргізгені дұрыс. Сонда ғана әрбір басқосудан белгілі бір нәтиже шығады. Қазақ тілін дамыту жолында «Мемлекеттік тіл» халықаралық қоғамы, Жазушылар одағы, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы сияқты ірі-ірі ұйымдар бірі көтерген игі бастамаға екіншісі қолдау білдіруі қажет-ақ. «Бірлігі бекем елді жау алмайды» демекші, бұл тұрғыда ел болып бірігіп жүйелі жұмыс жүргізсек қана туған тілді өркендете аламыз. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ

"Қазақ үні" газеті