Оңтүстік – қасиетті орындардың ордасы

01a44d Қазақ даласының  жауһарына айналған шырайлы Шымкент қаласы қазіргі таңда күн санап түрленуде. Қаншама гүлзарлар мен саябақтар, субұрқақтар бой түзеп, ел игілігіне қызмет етуде. Қала түрленген сайын тамашалауға қызығушылар саны да артуда. Бұл – оңтүстік жерінде ішкі туризмді дамытуға алып келер сара жолдың бастауы болып табылады. Біз туризм дегенде, елімізге тек шет елдік туристердің келуін ғана ой елегінен өткіземіз. Негізінде еліміздің туризм саласындағы әлеуетін арттыру үшін алдымен шет ел асып келген өзгелер емес, өз еліміздің тұрғындарына жете таныстырып, насихаттап, көрсетіуіміз керек сияқты. Еліміздің тұрғындары Оңтүстік жерінің жайлы климаты мен әсерлі табиғатына, киелі де құт мекендеріне ат басын бұрғанды қалайды. Енді, сол орындарды өзгелерге де көрсету үшін бүге-шігесіне дейін алдымен өзіміз білгеніміз абзал. Сонда ғана ішкі туризм саласының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосар едік. Осы мақсатта Алматылық туризм саласының майталмандарын өңіріміздің кереметтерін көрсетіп, насихаттау үшін қонаққа шақырған болатынбыз. Олардың ішінде «Тұмартранс», «Отырар травел», «Ориент экспресс», «Робинзон» туристік компаниялары мен  астаналық қонақтарымыз болды. Ғайып Ерен Қырық Шілтен шилтенн Алғаш табан тіреген жеріміз  қадірлі де қастерлі құт мекеннің бірі, Шымкент қаласынан 20 шақырымдай жердегі Сұлтан Рабат ауылындағы Ғайып Ерен Қырық Шілтен немесе Шілтер әулие. Келіп-кетіп жатқан адамдарда сан жоқ. Қаладан жырақ жерде болса да  зияратшы-туристерге барлық жағдай жасалған. Көлік қоятын орын, тамақтанар асхана, заманауи үлгідегі дәретхана, жасыл желекке айналған төңірек, бәрі-бәрі көздің жауын алады. Бұл жерде биіктігі 10 метрдей, ұзындығы 20 метр шамасында, қапталдас Ата мен Ана аталатын екі алып жалпақ тасқа жақындайсыз. Бас түйістіріп тұрғандай әсер беретін екі тастың арасынан зияратшылар өтеді. Тастың арасынан дене бітімі толық адам өтіп, арық адам өте алмай қалып жатқанын көргенде, тылсым дүниеге таңдай қағасыз. Тасқа айналған жануарлар. Алланың кереметіне қалай таң қалмасқа. Біздің топ та аман-есен өтіп шықты. Барлығының жүзіне қуаныш күлкісі үйірілді. Көз ата Мұнан кейінгі сапар Көз ата әулиеге жол тартумен жалғасты. Таулы аймақтың салқын саф ауасы. Бұл жерде бізден де бөлек зияратшылар көптеп келіп жатыр екен.  Осыншама зияратшы-туристердің осындай қаладан шалғай жерде жатқан Көз атаға келулеріне не себеп болды екен? Қарапайым екі бөлмелі қоржын там болса да, әулиенің шарапатынан болуы керек, кең сарайдан кем түспейді. "Көз атаның" шырақшысы Тағай  ағамыз жылы шырай танытып қарсы алды. "Көзді атаның" кесенесі сайда орналасқан. Ол жерге бір аяқ жолмен төмен түсіп барасыз. Орта жолда кішігірім мешіті бар. Келушілер алдымен құран бағыштайды, сосын бұлақтың суына шомылады. Жаның жай тауып, рахаттанып қаласыз. Бұл орынға соңғы 3-4 жылда зияратшылар көптеп келе бастады. Әлі де болса насихатталу жағынан кемшін тұстары бар. Қасқасу [caption id="attachment_40878" align="alignleft" width="400"]OLYMPUS DIGITAL CAMERA OLYMPUS DIGITAL CAMERA[/caption] Қасқасу –  Швейцарияның табиғатына пара-пар келмесе, кем түспейтін мекен. Ауыл төбесінен төніп тұрған Сайрам шыңы да бұл құтты мекеннің абыройын  аспандатарына дау жоқ. Сайрамсу өзенінің жағалауында  орын тепкен Мыңшейіт қорымы аса көлемді жер. Жұрт жұмылып, қорымның қасына бау-бақша егіп, мешіт, зияратхана салған. Бұл қорымның алғашқы шырақшысы, ұлты орыс Татьяна Павловна болған екен. Кейін мұсылмандықты қабылдап, қазақ келіні болған соң,  Дариха Ақынбек келіні болыпты. 1930 жылы дүниеге келіп,  2011 жылы 81 жасында дүниеден өтіпті. Ол кісіні арулап, осы қорымның жиегіне жерлепті. Ақ жаулықты аналарын ұмытпай, артында қалған өскелең ұрпағы – немере-шөберелері құран бағыштап, келіп тұрады екен. Біз де мұнда мәңгі дамылдап жатқан ата-бабалар рухына құран бағыштаған соң, шырақшы Шымкентбай атамыздың  әңгімесіне құлақ түре отырып, қорымда жерленгендер туралы сұрадық. Бұл қорымда бір кездері Оңтүстік жеріне дін Исламды таратуға келген араб сарбаздары жерленген екен. Әскербасы Икрам бастаған жасақ Құрбан айт мерекесінің құрметіне намазға сап түзейді. Намазға тұрмас бұрын жүрегі бір олқылықтың боларын сезсе керек-ті, имамға құранды қысқа оқуды ескертіп, дұшпанның қаупін қаперге салыпты. Десе де құлшылыққа ұйыған имам ұзақ аятты оқыпты. Сол маңды торуылдап жүрген дұшпан әскері бұл мүмкіндікті қалт жібермей, қолбасы Ухшинның бастауымен араб сарбаздарын түгелдей қырып салған екен. Міне, сол себепті де дін жолында шейіт болған сарбаздардың жатқан жерін қазіргі кезде «Мыңшейіт» деп атаған екен. Табиғат сұлулығын тамашалай жүріп  шаршағанымызды ұмытып та кеттік. Бұл орынғада келіп-кетушілерге жақсы жағдай жасайтын болса зияратшылар саны арта түсері сөзсіз. Қаншама керемет жер болса да су алып ішер құдықтың жоқтығы қатты батты. Ол аз болғандай дәрет алатын әжетхананың орны да жоқ болып шықты. Сай сағалап, жыра жағалап жүргенің. Туризм саласындағы бірден-бір қажетті жағдайдың болмауы  қиынның қиыны екен. Осындайда аудан басшылары қайда қарап жүр деген сұрақ туындайды. Олар білмей көрмей жүрген жоқ, осындай рухани орын арқылы аудан бюджетіне қаншама қаржы түсіруге болатынын түсінбей жүр. Білген күнде де қолдан келер шара жоқ, оны істейтін маманы жоқтың күйін кешкендей. Келген қонақтардың төтесінен қойған осы бір сұрағына жауап таба алмай, жанарымызбен жер шұқыладық. «Жүре берсең, көре бересің»-деген, туған өлкемізде біз көрмеген кереметтер жетерлік екенін айтып, әңгіме төркінін басқа бағытқа бұрдық.   Құпия бүккен қамал Сауран – Қазақстандағы қорған-дуалдары неғұрлым толық қалпында сақталған, әлемді таңдандырары анық, ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастыруға лайықты ортағасырлық қалалардың бірі. Енді, Қазақстан тарапынан Сауранды Ұлы Жібек жолы бойындағы туризм инфрақұрылымына қосып, елімізге аса маңызды да керек тарихи-мәдени мұражайға айналдыру міндеті туып отыр. Сыр өңірі мен қазақ даласында болып жатқан оқиғалар жайында жазған ортағасырлық авторлардың бәрі де осыдан мың жыл бұрын бой көтерген Сауран шаһарының әскери-стратегиялық, сауда-экономикалық және тарихи-мәдени маңыздылығына байланысты оны назардан тыс қалдырмаған. Түркістан-Қызылорда трассасымен жол тартқан жолаушылардың көзі қаланың жауынға төтеп берген дуалдарына түспей қоймайды. Жолдың шетінде қазақ ауылының атауы жазылған тақтайшаны көргенімен, оның бір кездегі атақты Сауран қамалының орны екенін білетіндер бірен-саран. Ал, бұрындары Бұхарадан немесе  Самарқандтан солтүстікке немесе шығысқа бет алған керуеннің бірде-бірі бұл қамалға соқпай өтпейтін болған. Қазіргі таңда көне Сауран жұртының жұмбағына қызыққан саяхатшы-туристер де мұнда үздіксіз келіп-кетуде. Тек сол туристерден бұрын өзіміздің ел тұрғындары тарапынан қызығушылық артпауда. XV ғ. 80-ші жылдарында қазақтың тұңғыш хандарының бірі Жәнібектің баласы Иренші сұлтан осы Сауранды билеген. Демек, Сауран – қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын ортағасырлық қалалардың бірі болып табылады. Сауранда 1514-1515 жылдары өмір сүрген ақын әрі жазушы Васифи  өз естелігінде қаланың аса бір керемет құрылысы – екі шайқалмалы мұнарасы бар медресе туралы жазады. Сол  теңселмелі мұнаралар қалдығынан бұл күнде табаны қайта қалпына келтірілген. Асанқайғы бабамыз Жерұйықты іздеп, қазақтың кеңбайтақ даласын аралап жүргенінде қамалға көз тастап тұрып, «Әттеген-ай, қорғанды ай тақырдың бетіне, шөлстанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ – түбі тұрақты қала бола алмас», - деп толғаған екен  дана абыз...                                 Жоғарыда атап өткеніміздей, Сауранды ашық аспан астындағы мұражай етіп, мұнда тарихи-мәдени парк ашуға толық мүмкіндік бар. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен жүзеге асырылып жатқан Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламысында жария етілген міндеттірді одан әрі дамыту жолында «Ортағасырлық Сауран: зерттеу, консервация, мұражайландыру шаралары» Мемлекеттік кешенді бағдарламасын қабылдау қажет. Бұл өз кезегінде Самара-Ташкент автотрассасының және жақын маңайдағы теміржол бойында орналасқан Сауранды Ұлы Жібек жолы бойымен өтетін халықаралық Алматы-Тараз-Сайрам-Шымкент-Отырар-Түркістан-Сауран-Сығанақ-Қызылорда туристік маршрутының ірі ескерткішіне айналдыруға сөссіз мол мүмкіндік берер еді. Көршілес өзбек ағайындар Бұхара қаласындағы Арк қамалының өзінен бір жылда қаншама миллиондаған қаржыны мемлекет қоржынына салып отыр. Арк қамалын көруге жылына миллиондаған туристер келуде. Ал біздің Сауран қамалы  одан асып түспесе еш кем емес. Тек, жан-жақты насихаттап, қайта қалпына келтіріп, жұмыс барысын бір жүйеге салсақ болғаны. Бұл – туризм саласы ғана емес, сонымен қатар, өзге де саланың мамандарына қаншама жұмыс көзі болар еді. Туризмнің дөңгеленген шағы, міне, сол кезде болар еді. Тек, «Әттең тонның келтесі-ай...» болып тұрғаны. Көне Яссы шаһары Иасы атауы жазба деректерде тұңғыш рет XIII ғасырдың ортасында, армян патшасы Гетум І монғол хандары Батый мен Мөңкенің сарайларына сапар шегуімен байланысты пайда болады. Гетум елшілігінің жол жобасында Иасы қаласы «Асон» атауымен қатар жолда кездескен ірі қалалардың бірі ретінде аталады. «Иасы» – жазықтық, «Шауғар» – қара тас деген мағаналарды білдіреді. «Иасы» этнотопонимі ортағасырдағы түркілердің «Яссы» тайпасының атынан шығуы да мүмкін, бұл тайпа  IX-X ғғ. оғыз тайпаларының бірлестігі құрамында болған. Ортағасырдың бастапқы кезеңінде-ақ, Иасы орнында ірі елдімекен немесе кішігірім қалашық болған және Шауғар аймағына енгендіктен соған бағынышты болатын. Кейбір зерттеушілер Иасыны Шауғар қаласының бір бөлігі  деп те есептейді. XII ғасырдың басына дейін Иасы да Шауғардың басынан өткізген тарихи оқиғаларды бастан кешті, VI-VIII ғғ. Түркі, Түргеш қағанатының  құрамында болды. VIII ғасырда арабтар жорығын бастан кешті. IX-X ғасырларда Саманидтерге, қарлуқтарға, оғыздарға бағынышты болды.  X-XII ғасырларда қараханидтер мемлекеті қарамағына өтті.  XII ғасырдың басында селжуқтар мен қарақытайлардың вассалына айналды, ал XII ғасырдың аяғы мен  XIII ғасырдың басында Хорезмшахтар мемлекетінің құрамында болды. Түркістан қаласының тарихы үш кезеңнен тұратындығы белгілі. Алғашқы кезеңі деп, Шауғар – Шөйтөбе қаласының тарихи өмірі қарастырылады, ол өзі  аттас аймақтың (қазіргі Түркістан ауданы территориясында орналасқан) саяси-экономикалық орталығы болғандығымен белгілі. Екінші – орта кезеңі деп, Иасы – Күлтөбе қаласының гүлдену кезеңі (XII-XV ғғ.) есептеледі, ол да өзі аттас аймақтың саяси-экономикалық және рухани орталығы болған. XIII ғасырдың басында Шауғар-Шойтөбе тарихи себептермен өмір сүруін тоқтатқан соң, тарих төріне ерте орта ғасырлардан бері (V-X ғғ.) онымен қатар өмір сүріп келе жатқан көршісі – Иасы шығады. Археологиялық деректер көрсеткендей, қала XIV ғ. басында Шағатай ұлысында өткен ішкі әскери қақтығыстың кесірінен қатты қирайды. Осы кезеңдегі қақтығыстар мен өрттің күшті болғаны сонша, қала бұрынғы жерде қайта қалпына келе алмай, XIV ғ. басында солтүстік және солтүстік-батысқа қарай 500 метрдей жерге қоныс аударады. XIV ғ. соңы мен XV ғ. басында қала мықты қорған қабырғаларымен қоршалады, бұл тұста оның көлемі де өсіп, 35 гектарға жеткен болатын. Осы кезеңде Әмір Темірдің бұйрығымен Ұлы бабамыз Қожа Ахмет Иасауидің зиратында теңдесі жоқ құрылыс салынады. Ал, бұл уақыт аралығында қаланың негізгі бөлігі оңтүстік-батысқа қарай жаңаша қоңыс аударып, тез арада өсе бастайды. Осы шамадан бастап қала «Хазрет-и-Түркістан» аталып өзінің гүлдену дәуіріне қадам басты. Әмір Темір мен оның әулеті өкілдері, Ақ Орда мен Моғолстан билеушілерінің арасында Сырдария бойындағы қалалар үшін ұзаққа созылған тартыс басталады. Бұл күреске XV ғ. екінші жартысынан бастап, жас Қазақ хандығы да араласты. XVI ғ. аяғында ғана Сыр бойының отыздан астам қаласы Қазақ хандығының қоластына өтті. XV-XVIII ғғ. аралығы Түркістан қаласы тарихының жарқын беттері болды. Ол бүкіл Қазақ хандығының саяси, экономикалық және рухани орталығына айналды. Мұнда Есім ханның «Ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті жарғы» – заңдар жинағы дүниеге келді. Көне Түркістан тарихы – қазақ хандығының гүлдену кезеңінің де тарихы. Түркістан – мемлекетіміздің тұңғыш ресми астанасы, кемеңгер хандарымыз, данагөй билеріміз, жаужүрек батырларымыз мәңгі мекенін тапқан қасиетті топырағымыз, ұлы шаңырағымыз! 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен облыстық бюджеттен қаржыландырылып, салынған Зияратшылар орталығы қазіргі кезде ел игілігіне қызмет етуде. 200 адамға арналған жатын орны, 200 адамдық намазханасы, 120 адамдық асханасы бар мұндай нысан бұрын соңды оңтүстік жерінде болмаған. Түркістан шаһарының шырайын аша түскен бұл ғимарат Қ.А.Ясауи бабамыздың кесенесіне қарама-қарсы бой түзеген. Осы сапар арқылы ішкі туризм саласын дамытуға баршамыз жұдырықтай жұмылып кірісетін кез келгендігін ұғына түстік. «Мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетіме не беремін?» қағидасын ұстанатын кез жеткендей.

Ерлан СЫЗДЫҚ өлкетанушы