Мемлекетке тиесілі 60 ірі компания сатылымға шығарылмақ

Жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде тағы бір ауқымды сауда-саттықтар сериясы жүзеге аспақ. Бұған дейін мемлекетке тиесілі болып келген 60 ірі компания сатылымға шығарылады деп хабарлайды Астана арнасы.

cms-image-000005063 Осы арқылы қазына қаржысы толығады, алпауыт табыс иелері мүлкін арттыра түседі. Бұған дейін мемлекетке тиесілі болып келген, ендігі жерде сатылымға шығарылатын компанияларды 60 ірі нысан бастап тұр. Аукционға шығатын дүние-мүліктердің арасында тіпті әуежайға дейін бар. Жалпы 2020 жылға дейін ірілі-ұсақты мыңнан астам нысанды мемлекет меншігінен жекеменшікке өткізу жоспарланған. Жаппай жекешелендіру науқанынан соң кейбір компаниялар тарап кетуі де мүмкін. Вице-премьер бастаған топ экономикаға қатысты үкімет үйінде қабылданған кезекті маңызды шешімді ақпарат құралдары арқылы ел-жұртқа естіртуге асықты. Жекешелендіру тізіміне іліккен, 2020 жылға дейін мемлекет меншігінен шығарылуы тиіс 800-ге жуық компания қатарын биыл құны 5 млрд теңгеден асатын тағы 60 ірі компания толықтырды. “38-і «Самұрық-Қазына» ұлттық холдингіне, төрт төрттен «Қазагро» мен «Бәйтерекке» тиесілі, 14-і мемлекеттік меншіктегі ірі мекемелер, олардың ішінде аэропарттар да бар, фармация, «Казавтодор» деген сияқты ірі кәсіпорындар”, – дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Үкімет екі рет саудаланып, өтпеген нысандарды таратып жібермек
Жекешендірудің екінші толқыны аясында былтыр 379 нысан саудаға шығарылып, оның 205-і сатылған. 175-інің «әлі саудасы келмей» жатыр. Вице-премьердің айтуынша, оларды иеленуге құлшынып отырған адам жоқ көрінеді. Табыс әкелеріне күмәнданса керек. Немесе жүректері дауаламайды. Өйткені ол нысандар жұмыс бағытын өзгертпеуі тиіс. Былтырдан бері осындай компаниялар бірнеше айналыммен аукционға шығарылған. Енді үкімет екі рет саудаланып, өтпеген нысандарды таратып жібермек. “Концерт залдары, спорт алаңдары, болмаса ақпарат құраладары, бизнеске пайдасы жоқ, шығыннан басқа. Негізі қызығушылық танытатын нысандар сыртта қалып қойып жатты. Қазіргі айтып отырғанымыз осы бизнеске қажетті нысандар”, – деді премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.
Табысы мол 60 ірі компанияны қалталылар бірден қағып алады
Жеке қолға сату жайлы мәселе көтерілгенде, дау туғызған стратегиялық нысанның бірі – Қапшағай су электр станциясы-тын. Жекеменшік иесі тарифті өсіріп жібереді деп қауіптенген Алматының экс-әкімі үкіметке хат та жолдаған. Кейін ГЭС «Самұрық-Энерго» қарамағына өтеді деген ақпар тарады. Бірақ нысанның тағдыры әлі де қыл үстінде тұрғанға ұқсайды. Сондай-ақ,  құны 5 млрдқа жетпейтін тағы 161 нысан мемлекет меншігінен шығарылмақ. 74 мың адамды жұмыспен қамтып отырған бұл компаниялардың жалпы құны 290 млрд теңгені құрайды. 13 қазанға дейін нақты тізім белгілі болмақ. Үкіметтегілердің айтуынша, табысы мол 60 ірі компанияны қалталылар бірден қағып алады. Нарықтағы тербелістерді ескерсек, шет елдік инвесторлардың жетіп келуі екіталай. Сондықтан құйқалы компаниялар отандық бизнес бомондқа бұйыруы бек мүмкін. Есесіне, екі айналымда да сатылмай қалған ортаңғол компаниялар тарап тынбақ.