Қасиетті Түркістан шақырады

0012-20x15mechet  Екі дүние есігі аталған қастерлі Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен күллі әлемге танымал. Сонау батысымен шығысын, оңтүстігімен солтүстігін байланыстырып жатқан тоғыз жолдың торабындағы Түркістан хақында  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Түркістан –күллі түркі әлемінің рухани астанасы» тегіннен тегін айтпаса керек-ті. Қаламыз арқылы сегіз бағытта туристерге мақтана көрсетер қойнауы тарихқа толы қаймағы бұзылмаған, көпшілік көріп білмеген орындар қаншама. Түркістан қаласынан он бес шақырым жердегі Үкаша ата жолындағы шариғат үкімдерін түркі тілдеріне аударушы Ахмет Югнаки дүниеге келген Жүйнек ауылындағы ескі Жүйнек қалашығы мен жиырма бес шақырым жердегі Кентау қаласына қарасты әйгілі Тайқазан құйылған Қарнақ ауылындағы Шәмет Ишан медресесі мен мұндалап тұр. HPIM1507.JPG Қаратау бөктеріне қарай Серт ауылын артқа тастап Үкаша ата бейіті мен құдығына жетпей өзеннің сол жағалауында «Көк қошқар» әулиесі бар. Үкаша ата бейітіне жетпей жолдың бойында Ер Қоян атаның бейіті жатыр. Бұл кісі Үкаша сахабаның үзеңгілес досы әрі оққағары болған деседі. Үкаша сахаба жау қолына қаза тапқанда мүрдесін жерлеген осы кісі екен дейді. Ал жиырма бес шақырым Оғызтауға қарай жүрсеңіз Қызыл ата бейітіне барасыз. Ол кісінің кесенесі қызыл қыштан қаланған соң солай аталса керек. Сәл ілгері жүрсеңіз Үйрек атаның бейітіне барасыз. Бұл жерде Үкаша атаның қазынашысы әрі мөрін ұстаған сахаба жатыр екен. Ел арасындағы әңгімеге сүйенсек Ислам дінін Қаратау бөктерінде өмір сүрген елдің арасында насихаттаушы болып келген жеті сахабаның бірі екен дейді. Енді Абай ауылы арқылы Жылаған ата үңгірі мен бұлағына қарай бет алсаңыз жолыңызда Көк тас әулие (Көк бұлақ әулие) бұлағы кездеседі. Сол көк тастың  арасынан ағып жатқан шипалы бірнеше ауруларға ем болатын керемет бұлақтың басында ел басына күн туған замандарда Теріскей елі мен Түркістан өңірінің бір топ игі жақсылары мен би шешендері жиырма шақты үй тігіп ат шаптырып, көкпар тартып бәйге тамашалап, екі ел арасындағы жесір дауы, барымта, қыз дауы, жер дауы дегендей мәселелерді шешкен екен. Түйіткілі мен түйіні шешілген соң жағадан алған жауға бірлесіп шабуға бел байласқан  екен дейді. Көк тас әулиені артқа тастап отыз шақырым тауға қарай жүрсеңіз Жылаған ата бұлағы мен үңгіріне кез боласыз.   Жылаған ата әулиеге жеткенше де «керемет көргің келсе тауға бар» дегендей Темір астау, Сәлде тау, Ақсерке таулары мен Қара Шора немесе Аташора аталатын ерекше кейіпте ағатын сарқырамадан өтесіз. Жылаған ата әулиеге соңғы кездері арысы Қытайдан,  берісі Ресейден тағы да басқа шет елдерденкеліп жатқан туристер қаншама?! Жылаган ата-IMG_7827 Қаламыздан Қызылорда бағытына қарай жолға шықсаңыз Шорнақ ауылындағы Сидақ ата қалашығы, Қаратөбе қалашығы,  талай қилы кезеңді басынан кешкен Сауран қамалы көз тартады. Қамалдың өзі қойнауы тарихқа толы тұнып тұрған  шежіре.Қамал ішіндегі ашық аспан астындағы мұражай медресе қаншама қызығы мен  шыжығы қаумалаған тарихи деректерге толып тұр. Сол қамалға қаламызға келіп-кетіп жатқан туристерді алып барып тарих тағылымдарымен таныстырып қайтуға да болады.  Қамал төңірегінде қаншама дуалы ауыз, ел қамын жеген, елі мен жерін қорғаған батыр аталырмыздың бейіттері жатыр. Тізбектеп айтар болсақ қамал маңына жерленген «Сарай ата», «Жалаулы ата», «Қарахан ата», «Сәдуақас сахаба»  жерленген болса темір жолдың жол жағында «Мамыт ата», Майдантал ауылына бара жатқан жолдың сол жағында «Әздер әулие», және Сауран қамалының айналасын бау-бақшаға айналдыруға зор үлес қосқан дін өкілі Мір Араб атымен аталатын Міртөбе тұр. Мір Арап жер асты суларын бір орынға жинау арқылы жер бетіне шығарып бау-бақша егіп жиналған сумен суарған екен. Бұл ең алғашқы субұрқақ (фонтан) деседе болады. Әлі де сол кәріз жүйелерінің орындары бар. Бабайқорған ауылы арқылы Жылаған ата аңызының басты кейіпкерлері Гүрзіхан ата мен Қаражондағы Шаш ана кесенелерінеде құран бағыштай кетуге болады. Осы аты аталған кісілер туралы азды-көпті деректер білетін адамдардан мағлұматтар жинақталуда.Сауранды артқа тастап Қызылорда шекарасын кесіп өткен соң Жаңақорған ауылынан батысқа қарай 100 шақырым жүрсеңіз оңтүстік өңіріне ислам дінін алып келуші үш бабтың бірі Әбдіжәлел (Қорасан ата) кесенесіне тап боласыз. Қобыланды батыр жырындағы «Әулиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып» деген өлең жолдары осы әулиеге арналған. Қобыланды батырдың ата-анасы осы әулиенің басына зиярат етіп Алладан тілек тілеген екен дейді. Қорасан әулиеден қайтар жолда Қылышты ата, Қара сопы, Үш  ата, Қ.А.Ясауидің ағасы Садыр Шайх, немере інісі Маулана Орын Қойлақы, Үсен Шайх, Айқожа Ишан, Сунақ ата кесенелеріне де зиярат етіп Сығанақ қалашығын тамашалап өтуге болады. Кентау бағытына  шықсаңыз Шобанақ ауылында орналасқан «Имам Марқозы» немес Көк тонды ата кесенесі бар. Бір кездері Ясауи бабамызбен ілім айтысына түспек болып келген Имам Марқозыға көкжөтелге шалдыққандар сенен келіп емін алады,  көкжөтел пірі бол деп бата берген екен дейді ел аузындағы аңыздар. Сол деректер бойынша қазіргі таңда көкжөтелге шалдыққан адамдар зиярат жасап, құран бағыштап топырағынан жалап қайтса дертіне шипа болады екен. Кентауға қарай жоғарыласаңыз жол бойында орналасқан Құсшы ата бейітіне кез боласыз. Бұл жерге де Қазақстанның түкпір-түкпірінен зиярат жасаушылар лек-легімен келуде. Ащысай елді мекенін бетке алып жолға шықсаңыз Қаратау бөктері жағында Кентау су қоймасының жанында қырда Зеңгі баба (Зеңгіш баба) бейіті бар. Зеңгі баба Тараздағы сәулет ескеркіштерінің бірегейі Айша Бибінің әкесі делінеді. Бейіттің етегінде сайда Қотырбұлақ деген киелі бұлақ бар. Тастай суық бұл бұлақтың суы да әр-түрлі дертке ем. Сол себепті де Қотырбұлақ деп қойса керек. Қаламыздың қақ ортасында Әл Қожа ата кесенесі көздің жауын алса, 500 метр қашықтықта  тұрғын үйлер жанында Бала би (Тамабай) бейіті орын тепкен. Түркістан-Шәуілдір бағытында құдығының суы мыңда бір шипа болатын Гауһар ананың бейіті тұр.  Шойтөбе станциясына жетпей бұрынғы Сталин бауының сол жағында ашық алаңқайда Меңдуана атаның бейіті бой көтерген. 1LYmLxBKf0gn4IDoyjaQDE0HLd67e2 Отырар ауданына қарай бет түзесеңіз Бабтардың бабы Арыстан баб кесенесі, Отырар төбе қалашығына барасыз.Міне бұл діни-рухани ескерткіштер  жайлы азды-көпті деректерді жинақтап, жолдарын ретке келтіріп, келіп кетіп жатқан қонақтар мен қала тұрғындарына туристік бағытта арнайы автокөліктер жүргізілсе ішкі туризм оңтүстік жерінде жанданып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2006 жыл 7 маусымдағы №2621 санды тапсырмасына орай «Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі рухани, мәдени туристік орталығы ретінде дамыту» атты бағдарламасын жүзеге асыруға қосылған үлкен үлес болар еді. отырар тобе-DSCN2060 Ия саяхатшылар келіп кетуде, бірақ ішкі рухани туризм бір жүйеге реттелмеуде. Бұл сала бір жолға қойылар болса  бюджет қоржыны да қомақты болары сөссіз. Бас аман болса елімізде рухани туризмнің дамығандығын көрер күн де алыс емес. Бұл салаға үлес қосу Қазақ елі деп жүрегі соғар әрбір азаматтың парызы деп білеміз.  

Ерлан СЫЗДЫҚ, өлкетанушы

Түркістан қаласы