Нұрбигүл ЕГІЗОВА, әнші, актриса: Әркімнің бір басына жетерлік мұңы бар...

003 – Нұрбигүл, көрерменге әзіл-қалжыңның ортасында ғана жүргендей көрінесіз. Өмірде де экрандағыдай көңілді жүресіз бе? – Кез келген адамның бірқа­лыпты көңіл-күйде ғана жүруі мүмкін емес нәрсе. Әр адамның басында бір бойына жетерлік мұңы баршылық. Сондықтан шынайы өмірде көңіл-күйіміздің құбылып тұруы заңдылық. Ал өзіме келетін болсам, расымен де мен осы уақытқа дейін комедиялық жанрда кеңінен танылдым. Ал көгілдір экранның арғы жағында болып жатқан кез-келген телетуынды белгілі бір сценарийдің желісімен түсіріледі. Ол жерде берілген рөлді сомдау – актрисаның басты міндеті. – Телебағдарламаларды да жүргізесіз. Көбіне қай жанрдағы бағдарлама­лар­дан ұсыныс түседі? – Жалпы өз басым, тележурналистика саласында қатып қалған бір қағиданы ұстанбаймын. Мен ең алдымен мамандық бойынша актрисамын. Соны ұмытпауға тырысамын. Сол себепті де қандай бағдарлама жүргізуге ұсыныс түссе, оның бағытына қарамастан, ойдағыдай жүргізіп шығу – менің міндетім. Мысалы, қазіргі таңда «Жетінші арнада» жүргізіп жүрген «Күнбастар» таңғы бағдарламасының бағыты көңілашар, ойын-сауықтық болса, «Білім және мәдениет» арнасында жүргізген «Әлі есімде» туындысының бағыты керісінше салмақтылау болатын. Сол сияқты Ұлттық арнада тізгіндеген «Дала думан» бағдарламасының да өзіне тән табиғаты болды. – Қателеспесем, ән айта­тыныңыз тағы бар. Барлы­ғына үлгересіз бе? – Жаратушыдан берілген жиырма төрт сағат ұтымды пайдаланған адамға молынан жетеді. Тек қана қарап қалмай, еңбектене беру керек. Тынбай жұмыс істеген адамға тағдыр өз несібесін бұйыртады. Мен кішкентайымнан арманшыл болдым. Әлі күнге дейін армансыз күнім болған емес. Сол арманның жетегіне еріп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына түстім. Әлі шығар шыңдар алда екеніне сенімім мол. Бастысы, адам баласы жанына азық болатын дүниені молынан қабылдағаны дұрыс. Кез келген адам әрқашан рухани дамып отыруы керек. Рухани тұрғыдан бай адамның әр күн сайын мақсаты арта түспек. Ал мақсат болған жерде өмірдің мәні бар. – Өнердің қай саласы болса да, қыз баласына оңайға соқпайтыны анық. Сізге қолдау көрсететіндер бар ма? – Менің қолдаушым – бір Алла. Қалғанына еңбек пен білімнің, сабырдың арқасында жетуге де болады. Академия қабырғасында жүргенде ұстаздарымыз «адам баласы көздегеніне бір пайыз талант пен 99 пайыз еңбектің арқасында жетеді» дегенді үнемі айтып отыратын. Мен де сол пікірге қосыламын, әрі сол жолда еңбек етіп келемін. Жаратқаннан тек қана «таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деп сұраймын. Өзім отбасында жалғыз өстім. Әкемнің ұлы да, қызы да менмін. Әкесінің арқасында жүрген адам емеспін. Керісінше әкеме мен жәрдем беретін уақыт жетті деп ойлаймын. Ұлы Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен білімің екі жақтап» деген керемет ұлағатты өсиеті бар. Мен де осы қағиданы ұстануға тырысамын. Бастысы, кез келген қиындық атаулыға қарсы жүре білген жөн. – Сонда кино әлеміне де, телевизия саласына да кастинг арқылы келдіңіз ғой... – Иә. Кастингке ел қатарлы барып, бағымды сынаймын. Бағым жанса, шақырту аламын. – Сырыңызды кімге ақтарасыз? – Әдетте жаныма жылулық сыйлайтын – Алматының Алатауы. Сырымды да, мұңымды да ақ басты қарт тауға барып, жайып салғанды жөн көремін. Ондай сәттер жүрегіме қуаныш сыйлайды. Ал қазір Астанада тұратындықтан, маған бұл жақтың биік-биік үйлерінен гөрі, жаныма ерке Есілдің жағалауы жақынырақ. Сұлулыққа жаным құштар, өзеннің толқуы мен табиғаттың ерекше құбылыстарын тама­шалағанды жаным қалайды. Әдеміліктен көз алмай отырып, сұлулықпен сырласамын. Міне, осының барлығын қағаз бетіне түсіріп отырамын. Бүгінде қойын дәптерім менің айнымас жан досыма айналғандай... – Тәуліктің жиырма бе­сінші сағаты болса, қандай іспен шұғалданған болар едіңіз? – Жеке өміріме көңіл бөлген болар едім... – Әсерлі сұхбатыңызға көп рахмет, шығармашы­лық табыстар тілеймін!

Сұхбаттасқан Еркеназ ШОҚАН

"Қазақ үні" газеті