Маңғыстауда биылғы жылы 2600 пәтер пайдалануға беріледі

20140523100132 Жыл соңына дейін Маңғыстауда жалпы саны 2601 пәтері бар үш тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мүшелерінің кездесуінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық саласындағы табыстары мен жетістіктері туралы айтқан Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев еске салды. «Тұрғын үйлердің құрылысына облыстық бюджеттен биылғы жылы 15 млрд. 745 млн. теңге бағытталды. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша екі 60 пәтерлік үй тапсырылған. Жыл соңына дейін әрқайсысы 867 пәтері бар тағы үш үйдің құрылысы аяқталады. Облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 14 жоба іске асырылып жатыр, инвестициялар сомасы 156 млрд. теңгені құрады. Индустрияландырудың екінші бесжылдығының аясында жыл соңына дейін жалпы сомасы 105 млрд. теңгеге 17 нысанды тапсыру жоспарланған. Бұл 1504 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті әкім. Жалпы алғанда, кездесу қорытындыларын шығара отырып, жиналғандар партиялықтарға мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына және мембағдарламалардың іске асырылуына бақылауды күшейту, ал жастар саясатын жұмыстың басымдық бағыты ету қажет екенін атап өтті.