Айтыскер ақын Ринат Зайытов өзін айтыстан шеттеткендер туралы мәлімдеді

Танымал айтыскер ақын Ринат Зайытов «Жұлдыздар отбасы» журналына сұхбат беріп, айтыстан не үшін шеттетілгенін және ешқашан жоғары шенділерге арнау айтпайтынын мәлімдеді.

ринат зайытов

Бұл туралы Baistars.kz хабарлайды.

«Мен ешқашан ұлттық мүддені саудалаған емеспін, саудаламаймын да! Бұл жағдай былай басталды. Ер Жәнібектің 300 жылдығына арналған айтысқа ұйымдастырушылардан шақырту алдым. Сол кезде Жүрсін Ерман мен Дәулеткерей Кәпұлына Астана қалалық мәдениет басқармасынан «Ринат Зайытов қатыспасын, жоғары жақтан солай бұйрық келді» деп тікелей қоңырау шалады. Қай жоғары жақ? Бұйрық кімнен? Бұл сұрақтар жауапсыз қалады. Содан Жеңістің 70 жылдығына ұйымдастырылған айтыста ұйымдастырушы қыздар телефон соқты. Бірден ішім сезді де, өздерінен бұрын: «Мені айтысқа қатыстырмайтын болдыңдар ма?» – деп едім, «Иә, әкімшілік рұқсат бермей отыр», – деді. Күлдім де қойдым. Жалпы, мені шеттеткендердің кім екенін ішім сезеді. Әлі көп ұзамай беті ашылады. Мұның бәрі – жекелеген адамдардың мансабынан айырылып қалудан, яғни жеке басының қамын ойлаған қорқақтығынан туындап отырған жағдайлар. Әйтпесе, президент Ринатты айтысқа қатыстырмаңдар деп айтпаған шығар», – дейді  өзінің айтыстан шеттетілуінің себебін түсіндірген ақын.

Жалпы, мені шеттеткендердің кім екенін ішім сезеді. Әлі көп ұзамай беті ашылады. Мұның бәрі – жекелеген адамдардың мансабынан айырылып қалудан, яғни жеке басының қамын ойлаған қорқақтығынан туындап отыр.

Сонымен қатар, ол көптеген әріптестері секілді партия қатарына өтпейтінін де айтқан.

«Бұған дейін ешқандай партияға кірмегенмін, кірмеймін де. Себебі кім қай партияға кірсе, сол партияның сөзін сөйлеуге міндетті. Кешегі өткен айтыста бір нәрсеге қуанып қайттым. «Нұр Отан» партиясының тікелей өкілі Бауыржан Байбек мырза (қазіргі Алматы қаласының әкімі – ред): «Ақындар қалай айтса да, біз ақиқатты ақиқат деп қабылдаймыз», – деді. Мен айтсам да, басқа біреу айтса да, бәріміздің ойлағанымыз – бір қазақтың мүддесі. Шындықты деңгейімнің жеткен жеріне дейін жеткізіп жүрмін. Билік пен халықтың ортасындағы көпір болу міндетім болған соң, осы жолда жексұрын болудан қорықпаймын. Егер орынды дәлел болса, өз қателігімді мойындаудан, тіпті кешірім сұраудан да арланбаймын. Мен үшін ең бірінші кезекте тыныштық пен ынтымақ тұрады. Өкінішке қарай, біздің шенеуніктер бәрін керісінше жасайды. Дәнекер болудың орнына мансабы үшін басын алып қашады. Бірін-бірі сатқанымен тұрмай, астындағы креслосы үшін халықты да сатады, бізді де жексұрын етіп тынады. Бұл таза айуандық дер едім» – дейді айтыскер ақын.

Ол сондай-ақ ешкімді мақтамайтынын, ешкімге арнау айтпайтынын да жеткізді.

«Ондай күмән болмай-ақ қойсын! Ешқашан!», – дейді Зайытов.

Қазіргі айтыскерлердің тең жартысынан көбі – білімсіз ақындар. Олар – сол интернетпен ғана шектеліп жүргендер. Басқасын айтпайын, Құрманғазының қай жерде туғанын білмейтіндері бар.

Ринат Зайытов айтыстан шет жүрген кездегі өзінің қынжылысын да жасырған жоқ.

«Қиналыс болмады емес, болды. Бірақ айтысқа шықпағаным үшін қынжылғаным жоқ. Талай жыл бірге жүрген әріптестерімнің менің жай-күйіме немқұрайлы қарап, сұхбаттарда менің айтқандарымның бәрін бірдей жоққа шығарып, өздерін керемет, мені жексұрын етіп көрсеткендеріне қатты қынжылдым. Дәулеткерей Кәпұлы үнемі: «Ринат, сахнада жүргеннің бәрі бірдей дос емес. Бір-ақ күнде бет-пердесі ашылып, кімнің кім екеніне көзің жетеді», – дейтін. Тура солай екен. Оларға қарап отырып жылағым келеді. Өзінен-өзі қысылып, қызара бөртіп жүргендері де бар. Олармен әлі сахнада кездесермін. Міне, сонда «әңгімелесермін» деп жүрмін. «Әр нәрсенің өз уақыты келер» дейтін қазақпын. Адамдардың саған жасаған тырнақтай жақсылығы да, жамандығы да көкіректе қатталып, жазылып тұрады. Мен оны ешқашан ұмытпаймын», – дейді ақын.

«Қазіргі айтыскерлердің тең жартысынан көбі – білімсіз ақындар. Олар – сол интернетпен ғана шектеліп жүргендер. Басқасын айтпайын, Құрманғазының қай жерде туғанын білмейтіндері бар. Соған қарамай көлік мініп, керемет қошеметтеліп-ақ жүр. Осындай ақындар шындық былай тұрсын, халыққа не айта алады деп ойлайсыз?! Айтысқа құбылыс боп келіп, бетбұрыс жасаған, өз мектебін қалыптастырған санаулы ғана ақындар бар. Олар: Оразалы Досбосынов, Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаев, Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбеков. Осы буынның ізін ала бере өзіндік өрнегімен Балғынбек Имашев келді. Міне, осы ақындар – ішкі парасаты мен білімі теңескен ақындар. Ал біздің қазіргі айтыс соларды қайталау ғана. Ең сорақысы, сол баяғы келісіп алып айтысудан ары аса алмай жүрміз», – деп назын білдірген Ринат Зайытов еліміздегі шоу-бизнес саласын да сынап өтті.

«Сіз қандай крем жағасыз? Үстіңіздегі көйлекті қайдан алдыңыз?» – осы да сұрақ па?! Міне, осының бәрі – мәдениет саласының жүгенсіздігінен.

«Астана күні қарсаңында қызыл кілемге шақырылдым. Жыл сайын шақырту аламын, бірақ бармаймын. Біріншіден, уақытым, екіншіден, құлқым жоқ. Бұл да уақытша нәрсе. Өткенде халық қалаулысы Оразкүл Асанғазықызымен әңгімелесудің сәті түсті. Сонда ол кісі: «Ұсыныстарың болса айтыңдар, жеткізуге тырысайын», – деді. Сол-ақ екен, жалма-жан көкейде жүрген қыжылды айта салдым. «Сіздерден өтініш: қандай да бір қазаққа қатысты өтетін іс-шара ма, концерт пе, телевизиялық бағдарламалар ма, әйтеуір осылардың бас продюсерлерінен емтихан алы­ңыз­даршы», – дедім. Осы мәселені парламенттік деңгейде көтерсе екен деген өтініш айттым. Өз тілін, дінін, дәстүрін білмейтін адам елге қандай өнім ұсынбақ, айтыңызшы?! Олардың ойында бір ғана нәрсе – ақша табу. Бітті! «Сіз қандай крем жағасыз? Үстіңіздегі көйлекті қайдан алдыңыз?» – осы да сұрақ па?! Міне, осының бәрі – мәдениет саласының жүгенсіздігінен. Менің қытығыма тиетін тағы бір жаман қағида бар. Неге жақсы дүниенің бәрі Астана мен Алматыда өткізілуі керек?! Неге сол концертіңді, сол «қызыл кілеміңді» Шымкентке, Семейге, Қызылордаға немесе Оралға апарып жасамасқа?! Ол жақтағы ағайынның да жақсылық көруге хақысы бар. Астана күнін тек Астанада ғана тойлау шарт па?! Неге сол қызықтың бәрін Астана мен Алматының ғана халқы көруі керек?! Байдың үйіндегілерді қазы-қартамен таңғалдыра алмай­сың ғой! Бәрін әкеліп Астанаға тықпалайды. Мұның сыры да беп-белгілі. Ұйымдастырушылар ол жақтан діттеген ақшасын ала алмай қалады», – дейді ақын.

Дереккөз: NUR.KZ