Денсаулық мәселесі басты назарда

1332
0
Бөлісу:


ДЕНСАУЛЫКДенсаулық сақтау жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің  тұрғындардың денсаулығын сақтау мәселелеріне  арналған кезекті отырысына облыс әкімінің орынбасары  Б.Нұрғазиева мен облыстық мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов, қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары мен өңірдегі емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау министрлігі 2011-2015 жылдарға» арналған «Са­ламатты Қазақстан» мемлекет­тік бағдарламасының орындалысы мен 2015 жылдың алты айының  қо­рытындысына орай алқа мә­жі­лісін өткізген. Министрліктің са­раптамасы бойынша елімізде Ақ­мола, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақ­стан облыстарының денсаулық сақ­тау саласында кем­шіліктер көп бо­лып шықты.  Бұл тізімде біздің өңірдің аты жоқ екен. Бірақ бұл Маңғыстау медицинасында мәселе жоқ деген сөз емес. Өкінішке орай, сәби өлімі деректерінен облысымыз ел аймақтарының ал­дында тұр. 2015 жылдың қаңтар айынан бастап  дүние есігін шыр етіп ашқан 120 нәресте 1 жасқа жетпей шетінеп кеткен. Бұл жоғары көрсеткіштің артында 120 болашақ пен 120 тағ­дыр тұр…

Осы жағдайларды баян ете келіп, облыстық үйлестіру кеңесінің тө­рағасы, облыс әкімінің орын­ба­сары Бану Нұрғазиева: «Халықтың денсаулығы – бұл ең басты бай­лы­ғымыз болса, ана мен бала өмірін қорғау – міндетіміз. 7 айдың ішінде 120 сәбидің өмірден өтуі жанды ауыртатын статистика. Ақ халатты абзал жандар – дәрігерлердің жаны ашымаса, ана мен бала өміріне кім араша тұрады? Бұл – 9 жыл оқып, білім шыңына шыққан дәрі­герлеріміз өз қызметтерін дұрыс атқара алмайды деген сөз. Әрине, медицина қызметкерлері мүлдем жұ­­мыс жасамайды емес, жұмыс жү­ріп жатыр. Бірақ, ол өз деңгейінде емес болғаны. Медицина саласында менеджмент жетіспейді, қала, аудан әкімдерімен бірігіп жұмыс жасау керек»,-деді.

Об­лыстық денсаулық сақтау бас­қар­ма­сының басшысы Руслан Бек­тубаевтың айтуынша, биылғы жыл­­дың 7 айында 10721 сәби дү­ние­ге келген. Бұл өткен жылға қа­рағанда 123 балаға аз. Ал 2014 жылы 112 бала түрлі себептен қайтыс болса, биылғы көрсеткіш 120 болып отыр. Олардың 8-і облыстық перинаталдық орталықта, 6-ы об­лыстық балалар ауруханасында көз жұмған.

– Осыған орай, бұл емдеу  ме­кемелерінің басшыларына сәби өлі­­­мін азайтуға қатысты нақты ша­­­ралар қолға алу тапсырылып, Ал­маты қаласындағы акушерлік-гине­кология және перинатология Ұлт­тық орталығынан мамандар ша­қырылды. Шетінеген әрбір ба­ла­ның медициналық құжаттары зерт­теліп, нұсқаулар берілді. Бүгінде Астанадағы Ана мен бала ұлттық орталығында 25 маңғыстаулық дә­рі­гер білімін жетілдіруде болса, олардың 9-ы акушер-гинекологтар, 16-сы нео­натологтар. Ағымдағы жылдың 9 айы­нан соң,  қорытынды жасалып, нәти­желер сарапталатын болады. Сәби өліміне әкелетін ана мен баланың перинаталдық ке­зеңдегі жағдайы болса, 19 пайызы туа біткен, 7 пайызы тыныс алу орындарының аурулары болып отыр, – дейді облыстық ден­саулық сақ­тау басқармасының бас­шысы Р.Бектубаев.

Бала сүйіп, өмірге ел болашағы- ұрпақты әкелуді ізгі ниет еткен аналар арасында да өлім азаймай отырғаны ақиқат. 2008 жылы ай­мағымызда 11, 2009 жылы 7 ана арманына жетпей көз жұмса, 5 жыл ішінде бұл көрсеткіш 4 есеге ар­тып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылдың мамыр айында Мұнайлы ауданында тұратын 27 жастағы жүкті әйел облыстық перинаталдық орталықта қайтыс бол­ған. Арнайы жасалған сараптама бұл қайғылы жағдайға медицина қыз­меткерлерінің қатысы барын көр­сеткен. Учаскелік дәрігерлер өз қызметін дұрыс атқармаған. Ая­ғы ауыр анамен жүктіліктің ал­ғашқы айларында түсінік жұ­мыс­тары жүргізілмеген. Облыс әкімі орынбасарының ана өліміне қа­тысты сауалдарына Р.Бектубаев «Ана өлі­мінің басты себебі – әйелдер ден­саулығының төмендігі» деп жауап берді. Басқарма басшысының ай­туынша, әйелдер арасында қа­наздық кең таралған, бүйрек ау­рулары көп. Болашақ аналар өз ден­саулықтарына аса көңіл бөлмейді.

Тіпті бала көтеруге денсаулы­ғы жарамайтын әйелдер де тәуекелге бел буып, өмірге бала әкелуді ойлайды. Қазірде дәрігерлер бақы­лауында ауыр жағдайда жүкті болып жүрген ондаған нәзік жандылар тіркелген. Олардың арасында мүгедек әйел де бар. Осындай мәселелерді ашық талқылауға  тырысқан  ауқымды жиын барысында тұрғындардың Маң­ғыстау медицинасына қа­тыс­ты пі­кір­лері жинақталған бейне­сюжет көр­­сетілді. Қатысу­шы­лар көптеген ақ­тау­­­лықтардың дәрігерлер қызме­тіне қана­ғаттанбайтынына куә болды.
Бейнесюжетте ағынан жарылып, ашына сөйлеген тұрғындар облысымыздағы ем­деу мекемелерінің қызметіне көңіл­дері тол­майтындықтарын айтқан. Көп­­ші­лігі емха­налардағы сарылған кезектер туралы айтса, бірқатары дәрігер­лердің науқастармен қарым-қатынасы төмен деп санайды. Жоғары білімді мамандар арасында тәніне шипа іздеп келген тұрғындармен дөрекі сөйлесіп, дәрігерлік деонтологияны сақтамайтындары жиі кездеседі. Жедел жәрдем қызметіне де тағылар сын жетерлік.

– Жақында іссапармен Маңғыстау ауда­нының Сайөтес ауылында болып, дәрігерлік амбулаторияға бардым. Ауылдың басты емдеу мекемесінде қымбат құрал-жабдықтар бар, бірақ су жоқ. Су жоқ жерде науқасқа қандай ем көрсетуге болады? Дәрігер ауылдағы жүкті әйелдер мен сәбилердің саны түгілі, өз ұжымында қанша адамның барын білмейді. Бұл не деген масқара?-деді Бану Ғаниқызы.

Ал, дәрігерлер медицина қызметінің тө­мендігін материалдық жағдаймен байланыстырады. Басты себеп, облысымызда мамандар жетіспейді. Білікті мамандарды басқа жақтардан шақыру үшін оларды пәтермен қамтамасыз ету керек. Дәрігерлер жала­қы­сының төмендігі, өңірімізге әр жақтан келу­шілердің өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайтындығы да жағдайды ушықтырып отыр. Ал, жедел жәрдем қызметіне сынның айтылуы – облыс орталығы аумағының күн санап кеңеюінен. Ақтаудағы 30,31,32 және 33-ші шағынаудандардың орталықтан қашықтығы мен жолдардың нашарлығы да осыған себеп болуда. Облыс бойынша жедел жәрдем көліктері жетіспейді, аудандар мен Жаңаөзен қаласы үшін 16 санитарлық автокөлік қажет етілуде.

Бұдан кейін медицина ұйымдары мен фармацевтикалық қызметті бақылау комите­тінің Маңғыстау облыстық де­пар­таментінің басшысы Елдеш Қосмағанбетов пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі туралы айтты.

– Пациенттерді қолдау орталығы емдеу мекемелерінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен 2009 жылы құрылған болатын. Басты мақсат – науқастар мен дәрігерлер арасында байланыс орнату. Өкінішке орай, орталықтың жұмысы мен ішкі аудит қызметі жеткіліксіз жүруде. Онлайн жүйесіндегі сенім телефондары  жұмыс істемей тұр. Биылғы тексеріс кезінде 11 мекеменің жедел телефон желісінің жұмыс істемейтіндігі анықталды, көп мекемелер телефон қоңырауына жауап бермейді. Яғни осы қызметке жауапты дәрігер-эксперттің жұмысы жолға қойылмай отыр,-деді Елдеш Қосмағанбетов.

Денсаулық сақтау саласының бүгіні мен ертеңіне арналған отырыстың күн тәртібінде сөз алғандардың бірі облыстық тұтынушылар­дың құқық­тарын қорғау департаментінің басшысы Марал Қадыр болды. Ол келтірген статистикалық мәліметтер бойынша, облыста 2015 жылдың 6 айында туберкулезбен ауырғандар саны өткен жылмен салыстырған­да 7 пайызға өсіп, орта республикалық көрсеткіштен  11,4 пайыз жоғары болғанын көрсетіп отыр. Жұқпалы ауру  Бейнеу ауданында  – 1,6 есеге, Түпқараған ауданында – 2 есеге, Ақтау қаласында  26, Мұнайлы ауданында – 8,2 пайызға өскен. Өткен жылы 193 жан бұл әлеуметтік дертке ұшыраса, биыл олардың саны 214-ке жетті. Әсіресе, балалар арасында туберкулез көбейіп кеткен. Өкінішке орай, балалар арасында туберкулез дерті бойынша Маңғыстау облысы бірінші орында тұр. Жас өскіндерді осы бір жұқпалы сырқаттан қорғай алмай отырмыз. Жасөспірімдер арасында да өсу көрсеткіштері байқалады. Балалардың арасында аурушаңдықтың жоғары деңгейі Бейнеу мен Түпқараған аудандарында өсіп кеткен көрінеді.

Жасөспірімдердің арасында тубер­ку­лез­дің ыдырау сатысында, бациллярлық түрі­нің анықталуы, ем­деу-сауықтыру мекемелерінде есепте тұрған жасөспірімдерге медицина қызметкерлерінің тарапынан, про­филактикалық медициналық бақылаудың сапалы жүргізілмейтінін, жоспарға сәйкес флюорографиялық рентген тексеруі қолға алынбайтыны және балаларды дер кезінде категориясына өткізіліп, тиісті дәрігерге жүктелмей­тіні байқалады. Соның салдарынан, жас­өспірімдер арасында ауру көбейіп барады,-деді Марал Жұмабекқызы.

Туберкулезді түбегейлі құрықтай алмаудың себебі – медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуі, егудің дұрыс жүргізілмеуі,- деп атап өтті  ол. Ауруды ерте анықтауда жергілікті мамандар енжарлық танытып, микроскопия­лық әдісті кең қолданбайды. Науқастардың 60 пайызы ауырып, дәрігер көмегіне өздері жүгінген. Егу шарасы да төменгі деңгейде жүргізіліп отыр. Көптеген ата-аналар  ел ішінде болып жатқан жағдайлардан үрейленіп, балаларын егуден бас тартуда. Олармен түсінік жұмыстары тиісінше жүргізілмегендіктен, егілмей қалған сәбилер саны көбеюде. Ал, сырқатқа шалдыққан балаларды сауықтыру шаралары да көңіл көншітпейді. Осы жылдың алты айында науқас балғындардың тек 77 пайызы ғана сауықтырудан өткен. Оған са­наторлық балабақшалар мен орталықтардың жетіспеушілігі себеп болуда. Жаңаөзен қаласы, Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылына, Қарақия ауданына қарасты Жетібай кенті­не, Мұнайлы ауданының Атамекен елдімекені­не арнайы балабақша салу қажеттілігі туын­дап отыр.

Облысымызда 1394 дәрігер, 4902 орта бі­лімді медицина қызметкері бар. Бұл өңір тұрғындарын медициналық көмекпен толық­тай қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Негізгі мамандықтар бойынша 170 дәрігер, атап айтқанда  анестезиолог-реаниматологтар, инфекционистер, педиатрлар мен неонатологтар қажет.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева жиналғандарды тұрғындар денсаулығын қорғауға бар күш-жігерлерін салуға және адамдар өміріне жауапты болуға шақырды. Дені сау ұлттың ғана болашағы жарқын болмақ.

 

 Мangmedia.kz.

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

жеті − төрт =