МУЗЕЙ ДЕ ЕСІМОВТІҢ МҮЛКІ МЕ ЕДІ?

Есімовтің Астанаға алып кете алмаған, бірақ қалтасына салып кете жаздаған дүниесі!  Есімов Алматыдан өзі кетсе де елесі кетпепті. Неге дейсіз ғой, Ахметжан Смағұлұлы Астанада жүргенмен Алматыдағы Орталық Музейге «қауіп» төндіріп жатыр. Иә, Орталық Музейдің статусы республикалық дәрежеден түсіп, Алматының коммуналдық меншігіне айналмақ екен. Анықтай айтсақ, Есімов соны қалаған. Сондай ниетпен жазған өзінің жиі сөйлейтін тіліндегі хаты да бар. Ол хатты осыдан үш жыл бұрын Үкімет басшысы Кәрім Қажымұқанұлына жазыпты. "Осылай да осылай" деп келетін сөз Abai kz порталына жетіп, Abai kz журналисін зерттеу жасауға жетеледі.

Бұл мәселе туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейіне хабарласқан тілшіге аты-жөнін айтқысы келмеген қызметкер «қазіргі уақытта осындай мәселе туындап отырғанын, Есімов музейді Алматының коммуналдық меншігіне айналдыруға көп күш салғанын, алдағы күндерде осыған байланысты баспасөз-конференциясы өтетінін» айтты. Алайда нақты қай уақытта, қай жерде екенін айта алмады.

Біздің сөз етіп отырғанымыз, Қазақ халқының даму тарихына қатысты жәдігерліктер мен мұраларды жүйелеп жинақтайтын, сақтайтын мәдени-ақпараттық, ғылыми зерттеу мекемесі. Оның тарихы 20 ғасырдың  30-жылдары Орынбор қаласындағы Неплюев әскери училищесінің жанынан ашылған өлкетану мүйісінен басталды. 1921 ж. ол Қазақ Халық ағарту комиссариатының қарамағына алынып, "Қазақ өлкесінің орталық өлкетану музейі" деп аталды, 1924 ж. Ресей, Қазақстан және Орта Азия аумағының шекараларын межелеу кезінде ондағы экспонаттардың 1/ 3 бөлігі Орынбор округтік музейінің, 2/3 бөлігі Қазақ өлкесінің орталық музейіне бөлініп берілді. 1929 ж. мамыр айында музей Орынбордан Қазақстанның жаңа астанасы — Алматы қаласына көшіріліп, жетісулық архитектура ауылы П. Зенковтың жобасымен салынған Кафедралды собор ғимаратына орналасты. Сол кезде оған Жетісу облыстық музейінің қоры, 1941 ж. Республика Атеизм музейінің қоры қосылып, 1944 жылдан бастап "Қазақстанның мемлекеттік орталық музейі" деп аталды.

Мәсімовке Есімовтің жазған хатын оқып күлкің келеді, Музейді Алматының меншігіне сұрап, Республикалық бюджеттен қаржыландырып отыруын да өтінеді. Астанада бой көтерген Ұлттық музейге жаны ашығансыған Есімов Алматыдағы Республикалық музейді мәдени орталық жасамақшы болыпты. Ал, білетіндер Алматының ең қымбат жерінде, ең еңселі ғимараттары арасында орналасқан музей ғимаратының мәні өзгеріп,  ойын-сауық кешені бой көтеруі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда.

Смағұлұлының Қажымұқанұлына жазған сұрамшақ хатын дер кезінде сынап, сол кездегі Мәдениет министрі Дархан Мыңбай қарсы тұрыпты. Кейіннен, 2014 жылы, 2 шілде Астанада ашылған Ұлттық музейге Дархан Қамзабекұлы өзі директор боп тағайындалды. Министрдің мақұлдауынан өтпей қалса да, Есімов із суытпай Дархан Мыңбайдың өзінен қолдау күтіп хат жазады. Бұл ретте Смағұлұлына  Қаржы министрлігі де Мәдениет министрлігінің осы мәселе бойынша құзыретті екенін тәптіштей түсіндіріп жауап жазып Республикалық мәртебесі бар музей Алматының меншігінде болғанда жасала қоятындай жоба-жоспар талап етеді. Арада хаттар борайды. Сөйтіп, Алматы әкімінің орынбасары болған Сейдуманов деген кісі Дархан Мыңбайға Алматыға музейді беретін Үкімет қаулысының жобасын дайындауды «міндеттеп» хат жазып жібереді.

Мәсімовке орысша хат жазатын Есімов көп өтпей, орынбасарының министрден талап еткен жобасын өзі дайындап, Д. Мыңбайға қазақшалап хат жібереді. Жоба бойынша Мәсімов музейді Алматының коммуналдық меншігіне бере салуы керек. Беріп қана қоймай 2016-2018 жылдары музейге жылына 350 млн. теңге қаржыны министрлік құйып отыруы керек. Бұндай соманы Алматы бюджеті іркіп отыруы керек. Сонымен бұл мәселе аяғына жетпеген. Баяғыда Есімовтің екпініне қарсы тұрған Мыңбай қазір Музей басқарып кетті. Ондай құзыретті орында Арыстанбек Мұхамедиұлы отыр.  Музейдің Алматының коммуналдық меншігіне өтетіні туралы сыбыстың басылмағанына қарағанда Есімов ойынан әлі айнымаса керек. Музей -  тарих, музей қазақ халқының ертеден келе жатқан болмысы. Музей әкімнің көзі түсетін шұрайлы, майлы жілік болғанымен саудаға салатын қазына емес...

Есімов мәдени орталық саламын, заманауи өнердің ошағын тұрғызамын десе, Алматыда басқа жер жоқ емес еді. Алматыдағы жүздеген сырахана мен ондаған гей клуб, жынойнақ пен желөкпе жандардың көңіл көтеруіне арналған, қожайындары белгісіз немесе аты айтылмайтын орындар бар. Министрмен жағаласатын Есімовтің соларға шамасы келмейді емес, келеді. Жеті жарым жыл отырғанда Алматының әр нүктесін жаттап та алған шығар. Сонша ұзақ билігінде музейден басқа бір тоқымдай жер көзіне түспеп пе екен? Бұл енді жауабын EXPO-да отырған Есімов қана білетін сұрақ. Бір анығы: мәдени тамырынан ажырамауды қапысыз ұққан бүгінгі қазақ Алматыдағы музейді сумаң қолға бере салып қарап отыра алмайды!

Нұрғали НҰРТАЙ

Abai kz