Асылы Осман: Қазақтың нанын жеген адам, тілін де үйренсін!

Белгілі қоғам қайраткері, ғалым, тіл жанашыры Асылы ОсманҚазақстанды Отаным деп білетін басқа ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге шақырды. Қазақстан халықтары ассамблеясының белсенді мүшесі қазақ халқының қиын күндерде көрсеткен көмегін, мейірім-қайырымын қайтарғысы келгендер қазақтың тілін үйренсін деп мәлімдеді.  

25527ae7dc95317855950875a51b45b4

Асылы Осман

Тәуелсіздікке жиырма жыл толды. Жиырма жасқа келген қазақ баласының барлығы ана тілін білуі керек еді. Өкінішке қарай олай емес. Көбі орысша сайраған қалпы балабақшадан мектепке, мектептен университетке жетті.

Тәуелсіздігі бола тұра өз тілін білмейтін балалардың бойына отаншылдық ұғымы не арқылы сіңіп жатқанын мен білмеймін… Менің білетінім – қазақ тілін білуді міндеттеген нақты талап жоқ. Талап жоқ жерде, қажеттілік те болмайды. Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба?! Олай емес, қазақтың нанын жеген адам, тілін де үйренсін!

Қазақстанда орыс тілін сыйламайтын, құрметтемейтін адам сирек. Қай кеңсеге кірсең де орыс тілінің әуезі айқын сезіліп тұрады. Орыс тілі тұғырынан әлі түскен жоқ. Тіпті түсетін де түрі байқалмайды.

Соның өзінде кері тартпа орыс ұйымдары  «орыс тілі құрып барады» деп неше түрлі жасырын, жымысқы әрекеттер жасауда. Оларға тілімен бірге санасы орыстанып кеткен орыс тілді қазақтар қосылды. Сөйтіп, барлығы бірігіп алып  жалғыз қазақ тілін бұрышқа тығып мүйіздеп жатыр. Бұларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ».

Жалған сөзге шенеуніктердің еті үйренгені соншалық, беті бүлк етпей «қазақ тілі даму үстінде» деп өтірік айтады

Өткен жиырма жылымыз негіздеп айтқанда, осы ауқымнан асып кетпеді. Іс жоқ, құр сөз. Жалған сөзге шенеуніктердің еті үйренгені соншалық, беті бүлк етпей «қазақ тілі даму үстінде» деп өтірік айтады.

Қазақстанның ертеңі – мемлекет құраушы қазақ ұлтының ертеңі. Ендеше, қазақ тілінің қазақ жерінде қажеттілігін арттыру мәселесін неге осынша соза береміз?

Қазақстанды Отаным деп білетін басқа ұлт өкілдері өздеріне қазақ халқының қиын күндерде көрсеткен көмегін, мейірім-қайырымын қайтарғысы келсе қазақтың тілін үйренсін!

Тіл-тіл деп, өндіршегі үзіліп жүрген  кейбір ұлты қазақ зиялылардың балалары мен немерелері орыс тілді мектептерде оқиды

Тіл-тіл деп, өндіршегі үзіліп жүрген  кейбір ұлты қазақ зиялылардың балалары мен немерелері орыс тілді мектептерде оқиды. Бұл не сонда?! Қаттырақ айтқанда, екіжүзділік. Мұндай пиғылдағы адамдар тұрғанда қазақ ұлтының көсегесі көгермейді.

Қазақтың тіліне құрмет – туған еліне, оның негізін құрайтын халыққа құрмет. Қадым замандардан бері жан баласын жатсынбайтын қасиетімен дараланған ел иесі қазақ, қандай құрметке де лайық. Өкінішке қарай сол қазақтың тілі әлі күнге қолдауға зәру.

Билік қай тілді қолданса, сол тілдің басымдылығы артып, ықпалды бола түсетіні анық. Қай тілде сөйлеп, қай тілді қолдансаң, сол тілге қызмет етесің. Қазақ тілі саясатына деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек.

Өзін-өзі сыйлайтын әрбір мемлекет өзінің мемлекеттік тіліне айрықша мән беріп, ерекше көңіл бөледі. Тіл білуді халқынан талап етеді. Оны білуге міндеттейді. Қазақ тілі – қазақ ұлтының ғана тілі деген пікірден арылуымыз керек. Қазақстан халқының тілі деген дұрыс. Сонда ғана Қазақстанда «қазақ тілі» деген ортақ бір мемлекеттік тіл болады деді Асылы Осман.

Дереккөз: NUR.KZ