Алматы әкімдігі төртем келген отбасыға ешқандай пәтер берілмейтінін айтты

Алматыда көптен күткен төртем дүниеге келген. Төртемнен екі апта бұрын үшем де дүниеге келді. Бір сәтте көп балалы атанған отбасын қала басшылары арнайы құттықтады, - деп хабарлайды 31 арна.

image

Баян Абдуллина. Фото: tengrinews.kz

Төртем, үшемдерді көріп, ата-анасын құттықтағысы келген әкімдік өкілдері де перзентханаға артынып-тартынып жетіпті. Құшақ-құшақ гүл мен қораптары бар.

Ата-ана атқамінерлерден салмақты сыйлық күткенмен, Алматы әкімінің орынбасары ешқандай пәтер берілмейтінін нақты айтты. Қажет болса, кезекке тұру керек екен.

«Бұлар тез арада очередьке тұрмаса, очередьке тұрады. Біз оны әрине, тездетіп қарастырамыз. Осының алдындағы үшемдердің барлығы пәтер алды деп айтпаймын. Себебі бұл көбірек болып тұратын жай болып отыр», — дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова.

Жалпы бұл сирек кездесетін құбылыс осыдан 5 жыл бұрын болған. Бірақ сәбилер ЭКО арқылы өмірге келген. Ал бұл жолы табиғи жолмен туылған нәрестелердің біреуі ұл, үшеуі қыз бала.

Бір сәтте жеті баланың анасы атанған Баян алғашында сенер-сенбесімізді білмедік деп күледі. Бұған дейін үш баланы өмірге әкелген ана білім алуға да көп тер төгіпті. Төртемнің туылуы оған «алтын алқа» сыйлады.

«Қазір магистратура бағдарламасы бойынша Кимепте оқимын. Өзім жеке компанияда жұмыс істеймін. Енді болашақта үйде отыратын болдым», — дейді төртемнің анасы Баян Абдуллина.

Бауыржан мен Толғанайдың отбасында да үлкен қуаныш. Бұған дейін бір қыздың ата-анасы болған олар енді төрт бірдей қызды әлпештейді. Жас отбасы, тіпті, мұнымен тоқталып қалғысы келмейді.

«Осыдан екі жыл бұрым қызым дүниеге келген Айша деген. Одан кейін, Інжу, Іңкәр, Ақнұр деген үш қызым дүниеге келді. Төрт қанатым тең деп білемін», — дейді үшемнің әкесі Бауыржан Сатыбалдиев.

Үшемнің анасы Толғанай Сламхан мұнымен тоқталмай, қазақтардың санын көбейтуге одан әрі үлесін қосатынын жеткізді.

Источник: 31 канал